Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

Елім ай

.docx
Скачиваний:
19
Добавлен:
24.03.2015
Размер:
15.54 Кб
Скачать

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Ел-жұртынан айырылған жаман екен,

Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір жорға бос келеді.

Қарындастан айырылған жаман екен,

Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.

Қаратаудың басынан көш келеді,

Түнде көшіп қонаға кеш келеді.

Шұбырынды ақтабан жаман екен,

Тағы да алда қай заман тұс келеді.

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын әр үйден ас келеді.

Бір малтаны екі күн талшық еттік,

Майын алған малта құрт тас келеді.

Қаратаудың басынан көш келеді,

Әр көш сайын ат пен нар бос келеді.

Жұбын жазбай ауылдар бірге көшіп,

Қиын жолда бір-бірін ес көреді.

Адыра қалды Қаратау ата мүлкі,

Елмен екен, малменен жердің көркі.

Даңқы шыққан бірлікпен қазақ ұлы,

Боп кетеміз қай жұртқа мазақ күлкі.

Мынау заман қай заман қысқан заман,

Басымыздан бақ құсы ұшқан заман.

Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,

Қаңтардағы қақаған қыстан жаман.

Мына заман қай заман бағы заман,

Баяғыдай бола ма тағы заман.

Бауырыңнан айырылған жаман екен,

Күн бар ма екен көрісер есен-аман.

Хан заманы қай заман мынау заман,

Көздің жасы көп ағып бұлаулаған.

Қамыс қиып ел едік шөп шаппаған,

Бір пәлеге жолықтық ылаулаған.

Қабырғама қара жер батты, құдай,

Мұнша қысым қылдың ғой қатты құдай,

Жаяу жүрсем табаным ауырады,

Тым болмаса бермедің атты құдай.

Туған жердің қия алмай тау мен тасын,

Біз келеміз тия алмай көздің жасын.

Не жазып ек жасаған таптатардай,

Көрінгенге халқымның алтын басын.

Арман етіп жазылмас жан жарасын,

Атамекен тастадық кең даласын.

Өз жеріңе сия алмай барғаныңда,

Өгей елден қайран жұрт не табасың?

Шықпай жатып бесіктен қайғы торып,

Сарғалдақтай жаңбырсыз қалған солып.

Қайда барсаң алдыңда Қорқыт көрі,

Неге тудық бақытсыз халық болып.

Қош аман бол кең жайлау өскен жерім,

Қайтқан қаздай қалың ел көшкен жерім.

Есіл қазақ есейіп ел бола алмай,

Ит пен құсқа таланып өшкен жерім.

Қатын-бала, бауырың жауда кетті,

Қаратауды қатал жау ойран етті.

Қайдасыңдар қазақтың батырлары,

Жасақ бастап алсаңшы жаудан кекті.

Артта қалды ақ орда сарайлары,

Артын ойлап ағарар самайлары.

Жүргенінде қаңғырып көп қазақтың

Қалама алда көмусіз талайлары.

Жібек еді желектің жиектері,

Қалжыраса қалтырар иектері.

Қазынасындай хандардың болған қазақ,

Малға толған төрт түлік үйектері.

Жібегі еді желектің жігіттері,

Қалжыраса қалтырар иектері.

Аш-жалаңаш шұбырып тозған қазақ,

Қайсы жұртта қалады сүйектері.

Тағдырына төңірдің көнбеймізбе,

Дем сағатта дәм бітсе өлмеймізбе.

Үш момынның баласы қоныс ауды,

Көреміз бе қош енді көрмеймізбе.

Адыра қалғыр Саматай жері дала,

Көрсетті Алла Мәмбетті жүзі қара,

Қасармадан қасарып асқан күні,

Қойдай шулап жылайды қатын-бала.

Аққан жасқа көзімнен жүзеді үйрек,

Қызылқоға, Тайсойған қалды Бүйрек.

Бір қылмысты патшаға болып қаштым

Уезднойдың көзіне найза түйреп.

Көрер ме екем дариға-ай қайран елді,

Кіндік кесіп кірімді жуған жерді.

Көріп өлсем арманым болмас еді,

Жасыл жайлау, асқар тау, өзендерді.

Үлкен сынды Бөгейлі бұл – бір майдан,

Нашар ұлы жігерлен, жатпа, сайлан!

Қорғалайтын күн өтті бауырларым,

Арам құлқын, арам қан, патша байдан...

Бұлдыртының аяғы тұзды көлді,

Күдерімді қоныстан үздім енді.

Жарлығына патшаның көнбеген соң,

Патша қуды тентек деп біздің елді.

Қазақ еді руы, ұраны – Алаш,

Бастан болған патша мен ханға талас.

Алаш ұлы дегенге кім сенеді,

Тозып жүрсек қаңғырып аш-жалаңаш.

Меруертпен Қособа маржан еді,

Қонысынан ел бұрын ауған ба еді.

Өлімсіз жан, өткелсіз кешу болмас,

Өлгенге өз жұртында арман ба еді?!

Кеткен ерлер күн бар ма жиылатын,

Татқан суы атаның бұйыратын.

Паналаған талай ел халық едің,

Болдың енді қаңғырып қырылатын.

Мына сөзді ұғып ал миы барың,

Алла болсын жаратқан сиынарың.

Неше күндік қатшылық қонақ шығар,

Күйсізіңді көре жүр күйі барың.

Ауған құлан жерінен оңалмайды,

Қонысыңнан қозғалма дыйы барың.

Қазақ елдің Қаратау қазығы деп,

Жері болсын атаңның жиыларың.

Арманда боп айрылған бауырларым,

Қайтып келер күн бар ма дәуірлерің.

Жаңа өспірім жас желең боздақтарым,

Басылмастан айрылдың әуірлерің.

Сірә зінһар сенбеңдер бөтен елге,

Сөлтек жүріп сұлтандық өнер деме.

Адал жүрмек Алаштың ата жолы,

Нәпсі шайтан тіліне ере көрме.

Сақта өлімнен өзіңді ертелі кеш,

Діндеріңді еш уақта қолдан берме.

Үйір табу, үй табу қиын болар,

Сүйектамыр жат жұрттан бола көрме.

Өкініш боп жүрмесін пенделігің,

Бөтен ұлтқа болмасын ермелігің.

Саяқ жүріп жеп қалма сырттан таяқ,

Әсте естен шықпасын елдегі күн.

Алаш қазақ ұмытпа ұраныңды,

Ойыңнан үзбе халқым құраныңды.

Өлгендердің артына өсиет қыл,

Қаратауда халық боп құралуды.

Жылқы деген мал жақсы аман болса,

Жігіт неге бағады жаман болса.

Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап,

Ойнап-күліп жүретін заман болса.

Биік көкте қалықтар қара құмай,

Қаратаудан көш келер ұбай-шұбай.

Ата қоныс жайлауға жүк түсіріп,

Күліп ойнар күн қайда баяғыдай.

Қай заман? Бұл заман қан соқта заман,

Бір көрсетер қызығың жоқ па заман?

Бұдан басқа сыбығаң жоқ болса егер,

Қайтарғанша жаудан кек тоқта заман.