Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

Билер соты

.docx
Скачиваний:
28
Добавлен:
24.03.2015
Размер:
37.68 Кб
Скачать

Билер соты – әлемдік құндылық

2008 жылдың мамыр айының 22-23-де Алматы қаласында Жоғарғы Соттың және «Интелектуал-Парасат» заң компаниясының атсалысуымен «Қазақ билер соты – бірегей сот жүйесі» деген дүниежүзілік Халықаралық ғылыми конференция өткен еді. Мұндағы басты мақсат – Қазақ елінің қоғамдық құрлысына, мемлекетті билік ісіне әлімсақтан қызмет көрсеткен билер сотының тарихын, оның мәдени құндылығы тым тереңнен басталатынын, оған қоса, билер ежелгі заманнан бері ел басқаруда мемлекеттік биліктің барлық түрлерін атқаруға үздіксіз үлес қосқанын көрсету.

Қазақтың билер соты өзінің шынайылығымен халыққа ең жақын құқықтық орган болған. Құқықтық құрылымы және сот ісін жүргізуде өзіндік қалыптасқан бай тарихы бар, әлемдік үлгідегі классикалық соттарға қай жағынан да үйлесе алатын бірегей сот жүйесі екеніне дүниежүзіндегі ғалымдар нақты көз жеткізді.

Қазақ елінің мыңдаған жылдардан бері ғасырдан - ғасырға ұласып келе жатқан мемлекеттік билігінде билер сотының алар орны ерекше. Шынайы халықтық үлгіде құрылып, ежелден елдік әдет-ғұрыпқа негізделген дәстүрлі құқық нормаларын берік ұстанған бұл сот жүйесі ұлттық санамыздағы ұзақ жылғы даму эвалюциясында тек әділдік пен ақиқаттың айқын көрінісі ретінде мызғымай келді. Ұлтымыздың өзіне тән осындай құқықтық мәдениеті, оның халық алдындағы беделі мен рөлінің жоғары болуына билер сіңірген өлшеусіз еңбекті барлық қырынан танып білу қажет. Оның тарихи тұлғасын көне заманнан келе жатқан Рим, Эллада, Египет, Вавилон сынды елдер жеткендей құқықтық дәрежеге көтеруді осылай ғылыми тұрғыда тиянақтау өте орынды, әрі еліміздің құқық тарихы үшін өте қажетті нәрсе.

Бұл жолғы ұйымдастырылып жатқан дүниежүзілік конференцияның ой-мақсаты тарихы тереңнен тамыр тартатын билер сотының құрылымын, оның халық алдында атқарған міндеттері мен жаупкершілігін сараптауда, билер соты еліміздегі бүгінгі сот билігінің бастау көзі, оның айнымас бірегей жүйесі екеніне әлем ғалымдарының көзін жеткізу болмақ.

Би – бірінші кезекте халыққа сот төрелігін шынайы, әрі турашылдықпен жүзеге асыруда әділ билігімен танылған, соттық функцияны атқаратын мемлекеттік қызметші. Ол сот ісін жүргізгенде өзі қадағалайтын тәртіптілікті қатаң сақтай отырып, істің күрделілігі мен екі жақ тараптардың ықылас-мүдделеріне баса назар аударған. Сонымен бірге, іске қатысатын тараптардың өкілдері мен өзге де қатысушылардың мүмкіндігін шектемей, жариялықты қатаң сақтайтын әділ төреші болған. Би соттың дәлелдеу қорытындысында екі тараптың бірі жеңіп, бірі жеңіліп емес екі жаққа да шындықты мойындата білген. Халық алдында өзінің шынайы шешімімен тараптарды татуластырса ғана әділ ісімен даңқы артқан. Ондай билердің атақ-абыройы бүкіл елге тарап, мыңдаған шақырымдардан даушылар іздеп келіп, жүгініске отырған. Сондықтан, Қазақ елінің билер соты барша жұрт алдында кәсіби жағынан әбден шыңдалған, тәуелсіз сот билігі ретінде сақталып келді. «Адал би – әділ би» деген принцип содан қалған.

Бұл туралы академик Салық Зиманов өзінің төрт тілде шыққан «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» деген кітабында: «Қазақтың билер соты өзіне жүгінген тараптардың дауларын қарастыра отырып, тараптардың арасында, рудың арасындағы бітімгершілікке және бірлікке қол жеткізуге тырысатын. Билер сотының осы асқақ мұраттарының талабына жауап беру үшін билер дала даналарының мектебінен өтуге, алдыңғы ұлы билердің сынынан сүрінбеуге тиіс болған» дейді.

Хатқа түскен тарихи жылнамалар мен ауызша жеткен дерекнамаларға зер салып көрсек, мемлекеттік билікте, ел басқаруда халыққа етене жақыны, біліктілігімен сұңғыла шыққандары — билер ғана. Өйткені, саф таза шынайы өмір тіршілігін қалаған, соған лайықты көшпелі қоғамды мемлекет тірегі деп ұққан ата бабаларымыз табиғаттың өзі сыйға тартқан тазалықты, адалдықты — ар-ұжданның серті деп білген. Өресі биік данышпандар айтқан «Табиғатты — құдай жаратқан» деген қағиданы көшпелілердің мыңдаған жылдар бойы берік ұстауы, соның белгісі. Содан болар, ата-бабаларымыз құдай алдында жаманатты болмауы үшін ізгілікке шаң жұқтырмайтын имандылықты — беттің ары, жүректің сенімі деп ұққан.

Екіншіден, билер біртұтас мемлекеттік билік ісіне қосқан үлесі және ел басқаруда көшелі іс, көсем сөз, даналығымен танылған құрметті тұлға. Елбасына күн туған қиын сәтте халқына пана бола білген қорғаушы әрі қолдаушысы. Халық жадында «Елге бай құт емес, би – құт» немесе «Қабырғадан қар жауса – атан менен нарға күш, ел шетіне жау келсе – қабырғалы биге күш», «Хан біткеннің қазығы, бұқара жұрттың азығы» деген мұқым заманан келе жатқан даналық сөздер билердің мемлекет алдындағы беделінің тым жоғары бағаланғанын көрсетеді.

Хан тағына отырған сұлтандар мен бектердің бәрі бірдей сұңғыла, көреген болмаған. Оларға ұлыстың билік істерін үйлесімді жүргізуде елге кеңінен танылған билер қолға алып, ақыл-кеңес беріп отырған. Ал мемлекеттік дәрежедегі ел таныған би болу үшін терең ақыл, жүйрік ой, асқан біліктілік пен кемеңгерлік қажет. Бидің бойынан табылатын ондай асыл қасиеттерге алдымен: имандылық, әділдікке қылау түсірмейтін турашылдық, ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр-салтын, әдет-ғұрпын, шежірелі тарихын, елдің шарушылық ісін, жер-судың қадір-қасиетін, бітім-болмысын ерекше білетін ой-өрісі өзгеден жоғары, кісілік келбеті елден ерек, көкірек-көзі ояу, өмірден көргені көп білікті, майдан қыл суырғандай дәл, әділ сөйлейтін шешендігі жатады. Бойындағы мұндай асыл қасиетін халыққа таныта алған, дауға түскенде топ алдында алмастай жарқылдап, қабілет-дарынын көрсете білген адам ғана «би» деп танылған. Қызыл сөзді судай сапырғанның бәрі бірдей би атана бермеген.

Сонымен, би және билер соты көшпелі, жартылай көшпелі қоғамдағы мемлекеттік билік саласында қандай рөл атқарған деген ой туады. Олар билік дәрежесінде қандай сатыда отырып ел басқарды, мемлекеттің құрылым жүйесіндегі бедел-дәрежесі қалай бағаланған деген сауалдарға жан-жақты тоқталайық.

Көшпелі қоғамда өмір сүрген Қазақ елінің арғы тегінде мемлекет басқару, оны жүйелеу, құқықтық қарым-қатынасты реттеу, сот ісіне билік айту туралы заңнамалық жазба мұралары болғаны ежелгі Скиф, Сақ, Ғұн, Үйсін мемлекеттері туралы жазбаларда сақталған. Соларға бірден-бір мұрагері болып отырған бүгінгі Қазақ елі. Бізге тым әріден жақындығы бар көне елдердің бірі — ежелгі Шумерлер. Қадім заманнан-ақ қос өзен арасында мәдениеттің алтын бесігін тербеген Бабыл (Вавилон), оның ішінде Шумер мемлекетінің қалдырып кеткен мұралары ұшан-теңіз. Осы шумерліктер сақтармен, сақтар қазақтармен етене туыс екенін бүгінде тарихшылар, архиолог ғалымдар дәлелдеу үстінде. Зерттеуші А. Бахти өзінің «Шумерлер, Скифтер, Казақтар» деген танымдық еңбегінде біз сөз етіп отырған екі елдің арасында тілдік, дәстүрлік ұқсастық көп екенін ғылыми тұрғыдан нақты мысалдармен дәлелдеп берген. Осы орайда тағы бір қызықты дерекке назар аударайық.

Қазіргі жыл санауымызға дейінгі он жеті мыңыншы жылда пайда болған, сол Шумерлер өмір сүрген Бабыл мемлекетінің Ата заңы – «Хаммураби» деп аталған. Кейбір мемлекеттік құқық тарихында бұл заң «Хаммурапи» деп бұрмаланып жазылған. Бірақ түпнұсқада жоғарыдағыдай «Хаммураби» деп аталғаны, осы құқықтық құжаттың толық нұсқасы жарияланған «Шет елдердің мемлекет және құқық тарихы жөніндегі христоматиялық» оқулықта айна-қатесіз көрсетілген. Онда: «Вавилон патшасы Хаммурабидің заң жинақтары (сот ісін жүргізу кодексі) жыл санаудағы біздің дәуірге дейінгі 1792-1750 жылдарда елге билік етудегі «ғұмырлы бақыт және мейрімді басқаруда» өзіндік мерейге қол жеткізген және сонымен бірге, келешктегі ел басқаратындардың жаза тағайындаудағы құқық қолдану саясаты мен заң шығару шығармашылығындағы негізігі принциптердің ұғымы жинақталған» деп көрсетілген. (Хрестоматия по истории государство и права зарубежных стран. Том 1, Древний мир и Средние века, 12 стр. НОРМА, 2003 г.) Менімше, 282 баптан тұратын осы заңды шығарған Вавилон патшасы Хаммураға «БИ» атауы тектен текке қосылмаған тәрізді!?

Осындай тарихи фактілерді ескере отырып, Қазақ елінің мемлекеттік құрылым-жүйсіне ежелден қызмет еткен билік иелерінің қоғамдық рөлін, берілген лауазымға сай функционалдық міндеттерді атқарудағы билердің көп салалы мемлекеттік қызметтерін терең тұрғыдан талдап көрсету өте орынды болмақ.

Қазақтың дәстүрлі құқығындағы билер сотының және ел тұтастығы үшін билердің атқарған қызметі орасан зор. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы билер бүгінгі мемлекттік биліктің функционалдық қызметтерін толықтай атқарып келді десек, қателеспейміз. Олар атқарушылық, заң шығарушылық, билік айтып ел басқару қызметтерінің барлық түрлеріне араласты. Оған қоса мемлекеттің ұлттық идеологиясы мен ел бірлігі, әлеуметтік тұрмыс жағдайы туралы даналық ойлар айтып, ел болашағын күнілгері болжауда, оған қажет қандай келелі істерді ынтымақтасып істеудің сара жолын дидактикалық нақыл сөздерімен халыққа түзу бағыт беріп отырды.

Қазақ елінің әр салаға бөлінген мемлекеттік билік орындарына қызмет көрсеткен билердің және дәстүрлі құқықтағы билер сотының атқарған жұмыстары туралы жан-жақты зерттеу – өте қажет нәрсе. Өйткені, билер Қазақ елінің мемлекеттік билік ісіндегі барлық құқықтық жауапкершілікті көтерген. Яғни, мемлекеттік құқық нормаларының бірлігін, әлеуметтік-саяси, тұрмыстық-мәдени, әсіресе заң орнына жүрген әдет-ғұрып, салт-сана, жол-жора сынды халықтың болмыс-бітіміне қатысты тәртіп пен әдептілікті, кісілік пен имандылықты, ор-ұжданды сақтауда және оны жас ұландарға үйретуде биден артық билік тұтқасын ешкім ұстамаған. Және де қандай қиын жағдайда бидің алдын кесе-көлденеңдейтін басбұзарлар ешқашан болмаған.

Қазақ елі ұлт болып ұйысқан ерте дәуірден-ақ төрт құбыласы тең мемлекет құрып, қол астына қараған ұлыстар мен ру-тайпаларды басқаруда, оны билеуде билердің ақыл-парасатына жүгінген. Ел басқаруда қоғамда туындаған саяси шиеленістерді ақыл-парасатпен бүкпесіз шешіп, бұқара халықты сүттей ұйытып, бірлікте ұстай білді. Ғасырлар бойы қалыптасқан бай дәстүр-салт, жосықты заң ережелері мен даналық ой-толғамдар, қоғамдық қатынастағы құқықтық норманың айнымас қағидасы болды. Көшпелі қоғамның тұрмыс-тіршілігіне негізделген осы әдет-ғұрыптың алтын діңгегі, яғни ұстанымы — аталы сөз еді. Одан ешкім асып түспеген, ауа жайылмаған.

Әлімсақтан ұлт санасына дарыған, қазақтың болмыс-бітіміне әбден сіңісті болған, «Өнер алды қызыл тіл» деген ерекше қасиетке ие сөз қадірі — қазақы ұғым мен салт-санада орны бөлек, мәртебесі биік мемлекеттік қатынас құралы деп танылған. «Айтылған сөз — атылған оқ», «Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді», «Ердің құны — екі ауыз сөз» деген мақал-мәтелдер, жалпы, адам баласы меңгерген ақыл-ойдың ішінде сөз құдіретіне ерекше мәртебе бергенін аңғартады. Осы ретте ата-бабмыз ежелден қолданып келе жатқан мына бір тәмсіл сөздің астарына үңіле кетелік. Қазақтың шешен-билері көсіліп сөйлегенде «Ақыл, ойдан артық емес» деген сөз тіркесін тілге тиек етуді әр қашан дәстүрге айналдырған. Осы мәтелдің сыртқы құрылымында керемет ештеме жоқ сияқты көрінгенімен, ал оның астарына үңілсеңіз, тағлымы терең философиялық даналыққа кенелесіз.

Рас, адамға ақыл-парасат аяқ астынан дари қалмайды. Бүкіл болмыстағы адамға қажетті ақпаратты қас қағым сәтте санаға тез қондыратын, оның ішінен жақсы мен жаманды, кесір мен кесепатты, ізгілік пен қатыгездікті лезде сараптан өткізіп, нәтижесін ақыл таразысына өлшеп беретін, шалымы шапшаң ойдың жүйріктігі. Адамды жақсылыққа жетелейтін қандай да даналық сөзге зер салсаңыз, оның тапқырлықпен айтылған ақыл-ойдың жемісі екеніне шүбә келтіре алмайсыз. Дала философы атанған Асан Қайғының: «Аса мінсіз асыл сөз, ой түбінде жатады...» деуі содан. Сондықтан да мемлекеттік билік ісінде елдің тыныштығы мен бірлігін сақтауда, жас ұрпақты ата дәстүр мен патриоттыққа баулуда және халықты отаншылдық рухқта тәрбилеуде билердің алар орны ерекше болған. «Билердің сөзі — ақылдың көзі» деген халық даналығы осындай дәйекке сүйеніп айтылғаны шүбәсіз. Сондықтан да ел билеуде, әсіресе қоғамдағы тәлім-тәрбие мен тәртіп-низамдарды және құықтық дәстүр-салтты ел мүддесіне сай қалыптастырып, жетілдіруде билердің атқарған рөлі аса зор. Дәлелге мына бір ақылға толы сөзді келтірейік.

«Белгілі батыр, әрі шешен Шақшақ Жәнібек Төле биге сәлем бере келіп:

— Түзу мылтық, ұшқыр құс, жүйрік ит, мақтаншақ жігіт, ұрыншақ ат жидым. Бозбала болып ерлік қылайын ба, үлгі алып билік құрайын ба? Елде кәрің болса, жазулы хатың, жайлаған көліңнің алдында төбе болса, ерттеулі атың деуші еді, ақыл сұрай келдім, — депті. Сонда Төле би:

— Өгізді өрге салма, қанатың талар. Наданға көзіңді салма, сағың сынар. Досыңа өтірік айтпа, сенімің кетер, дұшпанға сырыңды айтпа, түбіңе жетер. Жал-құйрығы қаба деп жабыдан айғыр салма, жаугершілік болғанда, жағдағайлап мінер ат тумас. Жақыным деп жаманның малы үшін жақсының жағасынан алма, өрісің тарылар. Қару жисаң мылтық жи, жаяу жүрсең — таяқ, қарның ашса — тамақ. Ит жүгіртіп, құс салсаң, әуейі боларсың. Әйел алсаң, көріктіге қызықпа, тектіні ал, мақтаншақ жігіт жисаң — ұятқа қалдырар. Ұрыншақ ат жаз жарға жығар, қыс қарға жығар. Тұмау түбі құрт болар, тұман түбі құт болар. Елге бай құт емес, би құт. Қабырғадан қар жауса, атан менен нарға күш, ел шетіне жау келсе, батырлар мен биге күш. Қарап отырғанша бір нәрсеге жарап отыр, кәсіп болмай нәсіп болмас. Менен ақыл сұрасаң, айтарым осы», — деген екен. (Үш пайғамбар. А. Нысаналы. Төле би, 35 бет, 1992 ж.)

Алты алашқа әділ билігімен даңқы кеткен Саққұлақ би қалың елге даналықпен танылатын, халық қорғаны болып, әділ биліктің тізгінін ұстауға ұмтылатын, келешекте елдің тұтқасы, би атанатын жас өрендерге философиялық мағынасы терең және аса мәнді мынандай нақыл сөз қалдырған екен: «Адамның басшысы — ақыл, жетекшісі — талап, шолушысы — ой, жолдасы — кәсіп, қорғаны — сабыр, қорғаушысы — мінез, сыншысы — халық» деп бүкіл философияға арқау болған қағидаттарды жеті-ақ сөздің астарына сыйғызып айтқанына қайран қаласың. Осы айтылған даналық сөздерді жадында сақтап өскен жас өрен қай уақытта да бойын жаман қылықтарға алдырмай, ақыл-ойын әділдікпен шыңдап ержетері қақ. «Бала билердің» жас шағынан осындай даналық сөзге сусындауы, алқалы билікке кірпік қақапай, іркілмей кіруіне күш-жігер бергені ақиқи шындық.

Баланың ой-қиалын, зеректігін жас кезінен шыңдайтын талапшылдық қазақтың ежелден қалыптасқан тәрбие-тәлімінде мықтап орныққан. Балиғат жасқа іліккен тілі жүйрік, ісі оңды, тауып айтатын талғамды сөзімен үлкен кісілердің көңілінен шыға білген балаларды атақты билердің алдында ой зердесін зерттеп, сынан өткізу жақсы үрдіс тапқан. Мысалы, бүкіл шығармасы философиялық ойға тұнып тұрған, он үш жасынан сот билігіне араласқан Абайдай кемеңгер данышпан, бала кезінде-ақ мұндай сынның талайынан сүрінбей өткені баршаға мәлім. (1995 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан Абай Энциклопедиясының 240 бетін қараңыз.)

Билердің аузынан шыққан даналыққа толы дидактикалық ой тол- ғамдар елді жақсылыққа жеткізетін ұлылық — ар-намыстың алтын арқауы деп танылған. Білікті сөйлеп, кесімді пікірін айтқан, әділдікті аттамай, тек иманға ұйыған, жүрегін шындыққа бөлеп, тура сөйлейтін билердің ел алдында беделді болуы, оның бойына біз айтып отырған даналық өлшемдердің мейлінше молынан даруында.

Бір сөзбен айтқанда би кім болған?! Ол мемлекет басқаруда қандай маңызды қызметтерді атқарған. Бидің бойына нендей жақсы қасиеттер дарыған. Ел-жұртқа несімен қадірменді болған деген ой-сауалдарға жауап іздеп, оған ғылыми тұрғыдан жан-жақты талдау жасау – бүгінгі заңгерлерге өте қажет келелі мәселе. Осы тұрғыда академик Салық Зиманов ерекше белсенділік көрсетуде. Қазақ еліндегі билер сотының әлемдік құқық тарихынан алатын өзіндік орнын танып-білуде, оның мәдени құндылығын жан-жақты ашып беруде және мемлекеттік сот функциясын атқарудағы рөлін айқындауда «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» деген төрт тілде шыққан (қазақ, түрік, орыс, ағылшын) кітабының орны бөлек, тың туынды дер едім. Бұл – зор ізденістен туған сүбелі еңбек.

Мыңдаған жылдар бойы көшпелі және жартылай отырықшы қоғамда өмір сүрген Қазақ елінің әлеуметтік-саяси құрылысында, мемлекеттік билік ісінде билер атқарған қызмет түрлері өте көп. Тек қана мемлекеттік билік саласына қатысты қызмет саласын саралап шықсақ, төмендегідей болады.

Ең алдымен би — қай заманда да өзінің елден асқан ақыл-парасат, біліктілігімен қабырғалы қалың елге көшелі ісімен қызмет етуші ірі тұлға. Бұдан кейінгі лауазымдық дәрежеде би — ауыл-үй арасындағы ақсақалдық биліктен ең жоғарғы сатыдағы сот билігінің тізгінін ұстап, Хан кеңесінде төрелік айтқан аузы дуалы ұлылық иесі. Мемлекеттік аса жоғары дәрежеде би елі үшін осы тақылеттес тағы бір лауазымды атқарған. Ол — халықаралық дәрежеде мемлекет атын зор беделге жеткізетін, еліне береке-ырыс, жақсылық пен тыныштық әкелетін бітістіруші дипломат — елшілік қызметкері. Қазақтың «Елдестірмек — елшіден, жауластырмақ — жаушыдан» деген аталы сөзі соған куә. Билердің қалың бұқара халықтың арасындағы беделі мен атақ даңқын дүйім елге мәлім еткен тағы бір ерекше қасиеті — қара тілден май тамызған шешендік өнері. Елі мен жеріне бақ-береке, ынтымақ-ырыс бұйыртқан, ел қорғаны батыры мен бағланына Алладан тілеу тілеген даналық ойдың алтын кені — батагөй абыздығы.

Бұған халықтың келешегі мен елдің ертеңін болжай білетін, жаман қылығын жазбай танып, сын тезіне салатын көрегендік қасиетімен ұлт тағдырын темір қазықтай тура болжап беретін кемел ойлы білгірлігін, көрегендігін қосыңыз. Ел мүддесі мен бірлігі үшін атқарған бұл қызметтің ауқымы кең, мәні зор болған. Сонымен бірге, ел ішіндегі бүкіл қоғамдық қарым-қатынастағы құқықтық нормаларға, ұлттық мінез-құлыққа тән әдет-ғұрыптар мен салт-санаға қылау түсірмей сақтау, жетілдіру, қазіргі тілмен айтқанда құқықтық тұрғыдан тәлім-тәрбие беру, заң ретінде жүзеге асыру сынды ұлттық идеология мен патриоттыққа баулу да билерге жүктелген.

Билер – өз заманынының дәстүрлі құқықтары мен әдет-ғұрып ережелерін заңи тұрғыдан реттеп, заман ағымына қарай жаңартып отыратын білікті заңгерлер. «Заманына қарай – заңы, орманына қарай – аңы болады» деген қағида ізімен тозығы кетіп, озығы жеткен заңнама үлгілерін уақытына сай жаңғыртып, елді біртұтас білікті заң ережелерімен қамтамасыз етуді де өз мойнына алған. Мемлекеттік істерде заң саласын жетік білетін сұңғылалығымен ел мүддесіне қажет ереже-қағидаларды нормашығармашылық және заң талқылау қабілеттілігімен иін қандырып, құқықтық қолданысқа енгізетін білікті заң маманы бола білді.

Мәселен, Майқы бидің «түгел сөзі», Әз Жәнібек ханның «әдет-ғұрыптары», «Қасқа жолды Қасым ханның», «Тура жолды Тәуекел ханның», «Ескі жолды Есім ханның», одан кейінгі «Әз Тәукенің «Жеті Жарғысын» мемлекет атынан қолданылатын заң дәрежесіне жеткізіп, талқылаған, сөйтіп қоғамдық қарым-қатынасқа енуіне кепілдік берген сол заманның атақты билері болатын.

Тарихи тұрғыдан зер салып қарағанда, Қазақ еліндегі билер институты мемлекет мүддесі үшін ежелгі антикалық дәуірден ХХ ғасырдың басына дейін, қысқасы Ресей империясының әкімшілік билік жүйесі енгізген халық соты мызғымаған тұста және Кеңестік сот жүйесі үстемдік алғанға дейінгі аралықта өмір сүріпті. Бір сөзбен айтқанда, мыңдаған жылдар Қазақ елінің мемлекеттік құрылым жүйесіне, дәстүрлі құқығына өлшеусіз үлес қосқан билердің мемлекеттік билік саласында және әділ сот үшін атқарған қызметінің салмағын терең ұғыну – тарихтағы ажырамас бірегей танымдылық.

Біз осы ойымызды қорытындылай келе Қазақ елінің ежелгі заманынан берігі көшпелі және жартылай отырықшы тұрмыс-салты мен әлеуметтік-саяси дамуындағы ұзақ жылдарда әртүрлі қоғамға қызмет еткен мемлекет билігіндегі билердің рөлі мен билер соты және олардың әлеуметтік мәртебесі осындай дүниежүзілік үлкен ғылыми конференцияда жан-жақты талқыланып, аса құнды баға берілуі – билер сотының ұмытылуға айналған мәртебесін қайта жаңғыртуға мұрындық болады деп үлкен сенім артамыз.

Қазақтың дәстүрлі қоғамындағы билер билігі

02.08.2012, 16:14 6 пікір 4353

Раев Д.С. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің оқытушысы   Қазақ би-шешендерінің ел арасындағы саяси қызметін сөз еткен тұста, билік пен шешендік қазақ даласында ежелден бірге қалыптасқан дәстүрлі құблыс екендігін айту керек. Өйткені  би мен  шешен халық ұғымында бірінен-бірі ажырағасыз тел түсінік. Бисіз – тапқыр шешендікпен айтылатын көркем төрелік сөз болмақ емес, шешен сөйлей алмайтын адам – би болмақ емс. Екеуіне де бірдей  тән қасиет – белгілі бір үрдіс, дәстүрлі рухи принциптерге  бағынушылық. Сондықтан елдің бүкіл би-шешендері оны тек өнер деп қарамай, әлеуметтік –саяси феномен ретінде мойындап, дала демократиясын қалыптастырып, әлеуметтік-саяси тұтастықты барынша орнықтыруға ат салысқан.

«Би» ұғымының шығуы мен қоғамдық санада орнығу тарихына үңілетін болсақ та, би — дәстүрлі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік жүйесіндегі демократиялық биліктің иесі болатындығын көреміз. Зерттеуші ғалымдардың, әсіресе, В.В. Бартольдтың пікірінше, “би” сөзі шамамен 14 — 15 ғасырларда ежелгі түркі тіліндегі “бек” атауының бір нұсқасы ретінде пайда болып, басқарушы, ел билеуші мағынасын білдірген. Кейіннен бастапқы семантикалық-тілдік формасынан ажырап, көбінесе, дау-жанжалды шешіп, кесімді төрелік айтушы, әділ үкім шығарушы адамды бейнелеу үшін қолданылған. ХҮІІ ғасырда өмір сүрген Махмұд ибн Уәлидің «Бахр әл-асрар фи манақиб әл-ахйар» атты еңбегінде «жоғарғы мәртебелі әмірлер мен елге сыйлы, пендәуи тіршіліктен азат адамдардың» барлығы би аталғанын жазады. Ал қазақ халқының дәстүрлі түсінігінде бұл атау төрт түрлі мағынада қолданылады: 1) ел билеуші; 2) сот, төреші; 3) батагөй, шешен; 4) елші, дипломат. Оған дәлелді пікірді Ә.Бөкейхановтың: «Қазақтың би һәм билігін өзгертіп не керек...? Бұл биді, билікті жоғалтып, орыс судьясына қарату керек деп орыс айтады, шариғатқа қарату керек деп біздің молдалар айтады. Біз мұның екеуіне де қол қоймаймыз...», -деп айтқанынан табамыз.

Белгілі академик – С.З.Зимановтың сөзімен айтқанда, «...көне дәуірдің мұрасы ретінде ұрпақтар үшін қазақтар екі мәңгі құндылықты сақтап қалды – ол Сөз құдіреті мен Заң құдіреті» (Қазақтың ата заңдары, 2004). Билік пен шешендіктің арасындағы мұндай тұтастықты, біздің ойымызша, бірнеше факторлармен түсіндіруге болады. Біріншіден, биліктің қоғамдық жүйенің негізгі қажетті атрибуттарының бірі ретінде мойындалуы болса, екіншіден, дәстүрлі қазақ қоғамындағы саяси өмір әлеуметті дамудың біртекті айналымы және оның қауымдасқан формасына тәуелді болды. Үшіншіден, биліктің беделі мен саяси биліктегі діни түсініктерге байланысты болды. Төртіншіден, қоғамдық қатынастағы әлеуметтік тұтасуға  нұсқан келтіретін ауытқуларды реттей отырып, әлеуметтік ыдырауға тосқауыл қойып, халықты белгілі бір этникалық-саяси шеңберде ұстап тұру қажеттілігінің болуы. Бесіншіден, қазақтың дәстүрлі қоғамының саяси-әлеуметтік құрылымының өз ерекшелігінде деп айтар едік. Алтыншыдан, қазақ қоғамындағы «Дала заңының» үстем билігінде дер едік, оның рухани қорының сақтаушысы да. Реформаторы да, жүзеге асырушысы да – билер болды. Жетіншіден, дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер билігін, олардың қоғамдағы беделінің жоғары болуымен негіздеуге болады. Осыған байланысты, қазақтың көрнекті ғалым-зерттеушісі Ш.Уәлиханов былайша тұжырым жасайды: «Билердің беделі Европадағы ақындар, ғалымдар мен адвокаттар сияқты өздерінің жеке бастарының қасиеттеріне байланысты болған». Жалпы қазақ даласындағы «әділ билік», «ақыл мен ар  үйлесімділігі», «қоғамдағы әлеуметтік-саяси тәртіп» бидің беделді төрелігімен байланыстырылады. Демек, билер халықтық санада әділдіктің символы ретінде сақталады. Оған А.Байтұрсыновтың: «...Бұрынғы әділ билердің қолында билік қазақтың неше түрлі дертін жазатұғын жақсы дәрі еді...», -деп айтқаны дәлел. Оған билердің кәсіптік ұранына айналған: «Шындықтан өткен құдай жоқ», «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы», -деген шешендік нақылдары дәлел бола алады. Мысалы, С.З.Зиманов билер өздерінің «жеке қасиеттері мен әлеуметтік межелер биігінде ханнан да жоғары тұрды» дейтін тұжырым жасап, билер беделінің биік мәртебесін көрсетеді. Міне, сондықтан да халық арасында: «Ханда қырық кісінің ақылы бар, биде қырық кісінің ары, білімі бар» деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан би беделді, дәстүрлі билік төрінен орын алды деуге болады.  

Бидің қоғамдағы рөлін жан-жақты түсіну үшін қазақ халқының тарихи-әлеуметтік даму кезеңдерінің ерекшелігін жете ескеру шарт. Өйткені, ежелгі дәуірлерден 19 ғасырдың басына дейін қазақ қоғамы саяси потестарлы билік жүйесінің негізінде дамығаны белгілі. Ең төменгі бұқаралық билікті ауыл-аймаққа, ру-тайпа ішіне сыйлы, өмірлік тәжірибесі мол ақсақалдар атқарса, орта буындағы, яки, потестарлы билік тізгінін ру-тайпа басылары — билер уысына ұстады. Ал мемлекеттік және мемлекетаралық деңгейдегі мәселелерді қамтитын жоғары билікті төре тұқымы — хандар мен сұлтандар иеленген. Міне, бүкіл қазақ қоғамының елдік тұтастығы осы соңғы екі билік жүйесінің өзара тепе-теңдігі мен бір-біріне қарама-қарсылығы принциптеріне негізделді. Саяси-әлеуметтік құрылымға арқау болған рулық-тайпалық жүйенің өзі айқын қандас туыстардың ұйымы емес, саяси билік және саяси-әлеуметтік қауымдастық қызметін ғана атқарды. Сондықтан қоғам болмысындағы рулық негіз мемлекеттік әрі саяси институттардың нығайып, жеке-дара үстемдік құруына қай кезде де мүдделі болған емес. Халықтың қалың бұқарасына жақын әрі оның тікелей қолдауына арқа сүйеген потестарлы билік иелері, яки ру-тайпа басылары — билер хан-сұлтандардың билігін белгілі бір дәрежеде шектеп отырды. Сол арқылы олар өздерінің әлеуметтік-саяси статусын нығайтып, абырой-беделге кенелді. Әйтсе де, ерекше әлеуметтік-саяси жік ретінде билерді тарих сахнасына шығарған рулық құрылым өзіне субэтникалық-әлеуметтік топтарды тарта отырып, қоғамды ұйымдастырушылық, мемлекеттілік нышандарын нығайтушылық қызметін атқарды. Хандық билік жүйесінде бидің ерекше беделді тұлға болғандығын айғақтайтын жазба деректер де, ауыз әдебиетінің нұсқалары да жетерлік. Қазақтың алғашқы заңгерлерінің бірі Д.Сұлтанғазин “Бұрынғы замандағы қазақтардың билік қылуы” атты мақаласында: “... бағзы билер болыпты, бек білімді, атақты һәм ақылды, әділетті, көпті көрген және іс бітіргенде әдет рәсімдерін тегіс біліп, әр жұмысты қара қылды қақ жарып орнына келтіреді екен..., һәм солардың бітірген жұмыстарын ұлы хандары да әрқашан бұзбайды екен... Сондай билер турасында қазақтың мақалы да бар. Батыр мен биді салыстырғанда, биді қатты артық көретінін білдіретін сол мақалы мынау: “Батыр деген бір барақ ит, екі қатынның бірі табатын, би деген бір ақсарағат, бүтін елден біреуі ғана табатын” дейді (“Дала уәлаятының газеті”, 1888, ғ51). Билердің батыр, бай, т.б. әлеуметтік жіктерден ерекше құрметтелуінің бірнеше тарихи себептері бар.

Біріншіден, би мемлекет басқару жүйесінде кейбір айрықша құқылар иеленді: «Жеті Жарғы» қағидаларына сай ол өзіне бағынышты ру-тайпа шегінде сот және әкімшілік билік (ханмен қатар) жүргізді. Мысалы, С.З.Зиманов: «Би, ең алдымен – сот (судья)», -деп көрсетеді. Сот төрелігін жүзеге асыратын болғандықтан, би халықтың әдет-ғұрпын, салт-рәсімін, жол-жосығын жатқа білуге, дауласқанға әділдікпен жөн сілтеп, адасқанға даналықпен жол көрсетуге, әсіресе, “тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” деген құқықтық-гуманистік принциптен айнымауға тиіс болды.