Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УМКД_Халыыралы жеке ы 3.doc
Скачиваний:
113
Добавлен:
18.02.2016
Размер:
1.82 Mб
Скачать

Дәріс 13: халықаралық азаматтық процесс

1. ШЕТЕЛ ЭЛЕМЕНТІНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН АЗАМАТТЫҚ ПРОЦЕСТЕГІ СОТТЫЛЫҚ СҰРАҚТАРЫ

2. АЗАМАТТЫҚ ПРОЦЕСТЕГІ ШЕТЕЛ АЗАМАТТАРЫНЫҢ, ШЕТЕЛ МЕМЛЕКЕТІНІҢ ЖӘНЕ ОНЫҢ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ЖӘНЕ КОНСУЛДЫҚ ӨКІЛДЕРІНІҢ ЖАҒДАЙЫ

3. ШЕТЕЛ МЕМЛЕКЕТІНІҢ СОТ ТАПСЫРМАЛАРЫН ОРЫНДАУ

4. ШЕТЕЛДІК СОТТАР МЕН ТӨРЕЛІК СОТТАРДЫҢ ШЕШІМДЕРІН ТАНУ ЖӘНЕ ОРЫНДАУ

Дәріс мақсаты: Халықаралық азаматтық процесс сұрақтарын талдау.

Дәріс міндеттері: 1. Шетел элементінің қатысуымен азаматтық процестегі соттылық сұрақтарын талдау.

2. Азаматтық процестегі шетел азаматтарының, шетел мемлекетінің және оның дипломатиялық және консулдық өкілдерінің жағдайын қарастыру.

3. Шетел мемлекетінің сот тапсырмаларын орындау сұрағын сипаттау.

4. Шетелдік соттар мен төрелік соттардың шешімдерін тану және орындауды ашу.

Пайдаланылатын әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі. – Алматы: Юрист, 2006.

  2. Блищенко И.П., Дурденевский В.Н. Дипломатическое и консульское право. М., 1962.

  3. Международное частное право. Учебное пособие. Издание 2-е, переработанное, дополненное. Алматы: Ғылым, 1998.

  4. Розенберг М.Г. Международные договор и инностранное право в практике международного коммерческого арбитражного суда. М.: Статут, 1998.

  5. Хейфец Б.С. Подсудность споров в связи с морскими авариями. М.: Транспорт, 1973.

1. Ең алдымен «юрисдикция» және «халықаралық дербес құқықтағы соттылық» ұғымдарының мазмұнын ашып көрейік. «Юрисдикция» термині халықаралық жария құқыққа жатады және белгілі бір мемлекеттің егеменді билігін жүзеге асыру аясын білдіреді. Мәселен, 1958 жылдың «Ашық теңіз туралы» Женева Конвенциясының 5-бабына сәйкес мемлекет мемлекеттік ту астында жүзетін кемелерге техникалық, әкімшілік және әлеуметтік саласында өз юрисдикциясын және бақылауын тиімді жүзеге асыруға міндетті делінген. Осы конвенцияда ашық теңізде жүзетін кемелер қай мемлекеттің туы астында жүрсе, сол мемлекеттің юрисдикциясында болуға тиіс делінген.

Осыған қатысты, «юрисдикция» термині «мемлекеттік билік» терминіне ұқсас.

Ал егер «юрисдикция» терминін халықаралық дербес құқық және азаматтық процесс арқылы қарастырсақ, онда ол «халықаралық соттылық» терминіне ұқсас болады. Ал «халықаралық соттылық» термині ретінде шетел элементімен болатын, азаматтық істердің белгілі тобын қарастыру мен шешуге байланысты, белгілі бір мемлекет сот аппаратының өкілеттігі (құқықтар мен міндеттердің белгілі тобы) түсіндіріледі. Бірақ, бұл «юрисдикция» термині мен «халықаралық соттылық» терминдері бірдей деген мағынаны бермейді. Мағынасы жағынан «юрисдикция» термині кеңірек, себебі оның құрамына соттылықтан басқа органдардың өкілеттігі де кіреді.

Халықаралық жария құқыққа сәйкес мемлекет органдары өз юрисдикциясынан асатын әрекеттерді жүзеге асыруға, шетел мемлекеттерінің дипломатиялық қызметшілерінің қол сұқпаушылық қағидасын бұзуға құқылы емес. Халықаралық жария құқықта емес, ішкі заңнамада заңды және әкімшілік органдар арасында нақты азаматтық істер бойынша өкілеттіктер бөлінеді. Шетел элементі бар азаматтық істер бойынша органдардың өкілеттігін мемлекет өзі анықтауға құқылы.

Халықаралық дербес құқықта халықаралық соттылық жөнінде сұрақтар мемлекетаралық қатынастар есебінен емес, халықаралық азаматтық-құқықтық айналымда туындайтын қатынастар есебінен қарастырылу тиіс.

Практика көрсететіндей, әртүрлі мемлекеттерде бірдей істер әртүрлі мемлекеттік органдармен қарастырылады: сот, әкімшілік т.б. Басқа сөзбен айтқанда, ведомстволық әртүрлі болуы мүмкін, яғни істер әртүрлі ведомстволармен қарастырылуы мүмкін. Егер біз бір мемлекетте сотпен қарастырылатын істерді, басқа мемлекеттегі осындай істердің әкімшілік органдармен қарастырылуын салыстырсақ, онда бұл халықаралық соттылық болмайды, ол сот және әкімшілік юрисдикция арасындағы айырмашылықтар болады.

Ішкі заңдарда және халықаралық құжаттардағы халықаралық соттылықты анықтайтын қағидаларды қарастырайық.

Бірінші қағида – тараптардың азаматтығына жататындығы шетел элементі бар істер бойынша соттылықты анықтау қағидасы. Екінші қағида болып жауапкердің тұрғылықты жері бойынша соттылықты анықтау қағидасы табылады. Үшінші қағида – даулы мүлік, зат тұрған жер бойынша соттылықты анықтау қағидасы. Сонымен қатар, талапкердің тұрған жері, нұқсан келтірілген жері және шарттың орындалу жері бойынша соттылық анықталу мүмкін.

Халықаралық соттылықты анықтайтын қағидалар мен коллизиялық байланымдар мазмұны жағынан өзгеше келеді. Коллизиялық байланым қай елдің заңы қолданылатындығын көрсетсе, халықаралық соттылық істің қай сот органымен шешілетіндігін анықтайды.

Халықаралық дербес құқық ғылымы соттылықты ерекше және альтернативтік (таңдаулы) деп бөледі. Ерекше соттылық бойынша шетел элементі бар істердің барлығын мемлекет өзінің сот органдарымен қарастырылғанын ғана таниды. Альтернативтік соттылық бойынша шетел элементі бар істердің барлығы мемлекет өзінің және өзге мемлекеттің сот органдарымен шешілгендігін таниды. Халықаралық келісімдермен кез келген соттылық белгіленуі мүмкін. Шетел элементі бар істерді жергілікті соттардың қарамағынан алып тастау бойынша әрекеттер деррогация деп аталады.

Осындай келісім-шарттар тек халықаралық соттылық мәселесін ғана шешеді, ал ішкі сұрақтарды бұл келісімдер өзгерте алмайды. Мәселен, шетел элементі бар істерді бір мемлекетте бірінші сатыдағы сот қарастырса, екіншіде екінші сатыдағы сот қарастыруы мүмкін. Сондықтан, халықаралық келісім-шарттармен осы істер іште тек апелляциялық, қадағалау тәртібімен қарастырылады деген ережені бекітуге болмайды. Бұл жерде, ішкі заңнаманың артықшылығы болады.

Батыс мемлекеттерінің заң әдебиеттерінде халықаралық соттылықтың үш құқықтық жүйесі талданады. Біріншісіне – германдық жүйені жатқызуға болады, ол Еуропа мемлекеттерінің көпшілігіне және Жапонияға әсер еткен.

Екіншісіне – латындық жүйе жатады. 1804 жылғы Наполеон кодексі «Корпус юрис цивилистен» (Римдік азаматтық құқықтың жинағынан) алынған.

Үшінші болып common law, яғни ағылшын-американдық құқық жүйесі табылады.

Германдық жүйе халықаралық соттылықты жауапкердің тұрған жері бойынша анықтайды. Бұл ережеден ескерту ретінде германияның соттары некелесу істерін қарастырмайды, яғни екі азаматта германия азаматтығы болмаса, істерді өз өндірісіне қабылдай алмайды.

Латындық жүйеге негізделген Француздық құқық халықаралық соттылықты белгілі бір мемлекеттің азаматтығына жатушылығы бойынша анықтайды. Шетел азаматы Франция азаматымен контракт жасасып, Францияда болмаса, онда міндеттемелерді орындату үшін Франция соты ол азаматты шақыртып шешім шығаруға құқығы бар. Франция азаматын, ол шартты шетелде жасаса да, Франция соты міндеттемелерді орындату үшін жауапкершілікке тартуға құқылы.

Ұлыбритания соты шетел элементі бар істерді, егер сотқа шақыру туралы бұйрық жауапкерге берілсе (ол елге қысқа мерзімді келумен шектелсе де), қарауға өкілетті деп есептейді. Басқа сөзбен айтқанда, жауапкердің не үйі, не офисі не тұрақты тұрған жері болмауы мүмкін. Ағылшындық сот шетелдік заңды тұлғаға қатысты істерді де қарастыра алады. Ол үшін оның қызметі Ұлыбритания аумағында болу тиіс. Бұл елдің соты сонымен қатар, Ұлыбританияның территориялық суларында жүзіп жүрген шетелдік кемелерге қатысты талаптарды қарастыруға құқылы.

Американдық құқық негізінде ағылшындық құқық жатыр. Бұл мемлекетте соттылық сұрағының қиындығы 50-штаттың өзінің азаматтық іс жүргізу заңнамасының болуымен күрделенеді. Олар бір-бірінен өте өзгешеленеді. Сондықтан, АҚШ-тың жоғарғы оқу орындарында, штаттардың заңнамаларының арасындағы қарама-қайшылықтарды оқытатын «Қақтығысу құқығын» оқиды.

АҚШ-та соттылық тараптардың азаматтығына жатушылығы бойынша анықталады. Бұл елдің заңнамасы талап арыздың жауапкердің тұрған жері бойынша берілуіне де шектеу қоймайды.

Енді халықаралық конвенциялардағы халықаралық соттылық сұрақтарын қарастырып көрейік.

Халықаралық соттылық сұрақтары бойынша мемлекеттердің шарттық практикасы көрсеткендей, пророгациялық келісімдер көбінесе тар сұрақтар бойынша жасалады. 1952 жылдың 10 мамырындағы «Теңіз кемелерінің соғылысуы жөніндегі істері бойынша азаматтық юрисдикцияға жататын кейбір ережелерді унификациялау туралы» Конвенция осыған үлкен мысал болады. Конвенцияға сәйкес кемелердің соқтығысуына байланысты талаптар тұрғылықты жері бойынша немесе қызмет орны бойынша, не кеме қамауға алынған мемлекет сотына, не кемелердің соқтығысуы болған елдің сотына беріледі. Сонымен қатар, конвенция пророгациялық келісімдерге де қарсы шықпайды.

1956 жылдың 19 мамырындағы «Автокөлікпен жүктерді халықаралық тасымалдау келісім-шарттары туралы» Конвенцияда тасымалдаушыға талаптар жауапкердің тұрған жері бойынша немесе кәсіпорын тұрған жер бойынша не пророгациялық келісімде көзделгендей елдің сотына беріледі делінген.

1968 жылдың 27 қыркүйегіндегі «Халықаралық соттылық және сот шешімдерін орындау туралы» Батыс Еуропалық мемлекеттердің Конвенциясында соттылық анықтаудың негізгі критерийі ретінде тұрғылықты жер табылады. Кейбір істер бойынша Конвенция сот өкілеттігін бөледі. Талапкер жауапкердің тұрған жері бойынша талап арызын береді немесе Конвенцияның 5 және 6 баптарында көзделген соттарға береді. Шарттар мазмұнынан туындайтын талаптарды нұқсан келтірілген елдің сотына беруге болады деп көздейді Конвенция. Егер қылмыстық іске байланысты нұқсан орнын толтыру бойынша азаматтық талаптар қылмыстық іс қаралып жатқан елдің сотына беріледі. Заңды тұлғалар филиалдарының заңсыз қызметіне байланысты талаптар олар қызмет істейтін елдің сотына беріледі.

Конвенцияның 16-бабында ерекше халықаралық соттылыққа байланысты істердің тізбесі белгіленген. Тізбеге келесі істер кіргізілген: заңды тұлғалардың қызметі мен таратылуына қатысты талаптар бойынша істер – заңды тұлға-жауапкер тұрақты тұрған жері елінің сотына; қозғалмайтын мүлікке заттық құқықтар жөніндегі талаптар бойынша істер – қозғалмайтын мүлік орналасқан елдің сотымен қаралады.

Енді Қазақстан заңнамасындағы халықаралық соттылық сұрақтарын қарастырайық.

Қазақстан Республикасының Заңымен 1999 жылғы 13 шілдеде №411-I Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде соттылық сұрақтары «Халықаралық процесс» деп аталатын 5-Бөлімге енген. ҚР АІЖК-нің 418-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарымен Қазақстан Республикасы соттарының құзыретіне жатқызылған істердің соттылығы осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылық ережелері бойынша анықталады делінген, яғни территориялық соттылықтың ережелері халықаралық соттылыққа қолданылады.

ҚР АІЖК-нің 31 бабында былай делінген: «Талап жауапкердің тұрғылықты жері бойынша сотта қойылады. Заңды тұлғаға талап заңды тұлға органының орналасқан жері бойынша қойылады».

Сонымен қатар, ҚР АІЖК-сі талап қоюшының таңдауы соттылықты анықтауды көздейді. Тұрғылықты жері белгісіз не Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері жоқ жауапкерге талап оның мүлкі орналасқан жер бойынша немесе оның ең соңғы белгілі тұрған жері бойынша қойылуы мүмкін. Заңды тұлғаға да талап оның мүлкі орналасқан жер бойынша қойылуы мүмкін. Заңды тұлға филиалының немесе өкілдігінің қызметінен туындайтын талап та филиалдың немесе өкілдіктің орналасқан жері бойынша қойылуы мүмкін. Алименттер өндіріп алу туралы және әке болуды анықтау туралы талаптарды талап қоюшы өзінің тұрғылықты жері бойынша да қоя алады. Мертігуден немесе денсаулығының өзге де зақымдануынан, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуынан келген зиянды өтеу туралы талаптарды да талап қоюшы өзінің тұрғылықты жері бойынша немесе зиян келтірілген жер бойынша қоя алады. Орындалу орны көрсетілген шарттардан туындайтын талаптар да шарттың орындалатын жері бойынша қойылуы мүмкін. Некені бұзу туралы талаптар талап қоюшының кәмелетке толмаған балалары тұратын немесе денсаулық жағдайы бойынша талап қоюшының жауапкер тұратын жерге баруы ол үшін қиындық келтіретін жағдайларда да оның тұрғылықты жері бойынша қойылуы мүмкін. Жалақыны, зейнетақы және жәрдемақыны өндіріп алу туралы талаптар, сондай-ақ заңсыз соттаудан, қылмыстық жауапқа заңсыз тартудан, бұлтартпау шараларын заңсыз қолданудан не әкімшілік қамау түрінде әкімшілік жазаны заңсыз қолданудан азаматқа келтірілген зиянды өтеуге байланысты еңбек, зейнеткерлік және тұрғын үй құқықтарын қалпына келтіру туралы талаптар талап қоюшының тұратын жері бойынша қойылуы мүмкін. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыларға дау айту жөніндегі талаптар талап қоюшының тұрғылықты жері бойынша да қойылуы мүмкін. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы талаптар талап қоюшының тұрғылықты жері не шарттың жасалу немесе орындалу жері бойынша қойылуы мүмкін. Кемелердің соқтығысуынан келтірілген залалды өтеу туралы, сондай-ақ теңізде көмек көрсеткені және құтқарғаны үшін сыйақы алу туралы талаптар жауапкер тұрған немесе кеме тіркелген порттың орналасқан жері бойынша қойылуы мүмкін. Аталған бапқа сәйкес талап қоюшы іс соттауына жататын бірнеше соттың арасынан біреуін таңдап алады.

АІЖК-нің 33-бабында ерекше соттылық сұрақтары қаралған. Жер учаскелеріне, үйлерге, үй-жайларға, ғимараттарға, жерге тығыз байланысты басқа объектілерге (жылжымайтын мүлік) құқықтар туралы, мүлікті тыйым салудан босату туралы талаптар осы объектілер немесе тыйым салынған мүлік орналасқан жер бойынша қойылады. Мұра қалдырушыға кредит берушілердің мұраны мұрагерлердің қабылдап алуына дейін қойылған талаптары мұраға қалдырылған мүлік немесе оның негізгі бөлігі орналасқан жердегі соттың соттауына жатады. Тасымалдаушыларға жүктер, жолаушылар немесе теңдеме жүкті тасымалдау шарттарынан туындайтын талаптар көлік ұйымының тұрақты жұмыс істейтін органы орналасқан жер бойынша қойылады. Ерекше соттылық тараптардың таңдауы бойынша ешбір жағдайда өзгертілмейді. Осы норма ҚР АІЖК-нің 419-бабында сипатталған: «Шетелдік соттың құзыреті осы Кодекстің 33-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, тараптардың жазбаша келісіммен көзделуі мүмкін. Мұндай келісім болған жағдайда сот жауапкердің өтінімімен, егер мұндай өтінім істі мәні бойынша қарау басталғанға дейін мәлімделсе, арызды қарамай тастайды».

ҚР АІЖК-нің 417-бабында Қазақстан Республикасы соттарының айрықша құзыретіне жататын істер көзделген. Қазақстан Республикасы соттарының айрықша құзыретіне:

1) Қазақстан Республикасында орналасқан жылжымайтын мүлік құқығына байланысты істер; 2) тасымал шартынан туындайтын тасымалдаушыға талап қою жөніндегі істер; 3) егер ерлі-зайыптылардың екеуінің де Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болса, қазақстандық азаматтардың шетелдік азаматтарымен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некесін бұзу туралы істер; 4) ҚР АІЖК-нің 25-29-тарауларында көзделген істер жатады. Қазақстан Республикасының соттары ерекше іс жүргізу ісін: 1) фактілерді анықтау туралы іс бойынша арыз берушінің Қазақстан Республикасы аумағында тұрғылықты жері болған немесе анықталуы қажетті факт Қазақстан Республикасының аумағында орын алған немесе орын алатын; 2) әрекетке қабілеті шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тану туралы, психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызу туралы мәселе қойылатын азамат Қазақстан Республикасының азаматы болған не Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері болған; 3) хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы мәселе қойылған азамат Қазақстан Республикасының азаматы болған не Қазақстан Республикасының аумағында соңғы белгілі тұратын жері болған және бұл орайда Қазақстан Республикасының аумағында белгілі тұратын жері болса және мұнда Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері немесе орналасқан орны бар азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен міндеттерін анықтау осы мәселенің шешілуіне байланысты болған; 4) иесіз деп тану туралы арыз берілген зат Қазақстан Республикасы аумағында болған; 5) бағалы қағазды жоғалды деп тану туралы және оған тиісті құқықтарды (шақыртып іс жүргізу) қалпына келтіру туралы берілген арызды Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе орналасқан азамат немесе ұйым берген; 6) жаңсақтығын анықтау туралы арыз берілген азаматтық хал актілерін жазуды Қазақстан Республикасының азаматтық хал актілерін жазу органдары жасаған; 7) шағым жасалып отырған нотариаттық іс-әрекеттерді (оларды жасаудан бас тартуды) Қазақстан Республикасының нотариусы немесе басқа органы жасаған жағдайларда қарайды.

2. Қазақстан Республикасының азаматтық процесіндегі шетел азаматтарының жағдайы Қазақстан Республикасының Конституциясында ең алдымен белгіленген. Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабының 4-тармағында былай делінген: «Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Республикада азаматтар үшiн белгiленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ мiндеттер атқарады». Осындай тең құқықтарға ие бола отырып, шетелдік азаматтар және азаматтығы жоқ адамдар өздерінің бұзылған немесе дау айтылып отырған құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін Қазақстан Республикасының соттарына жүгінуге құқылы.

Шетелдік азаматтар және азаматтығы жоқ адамдардың құқықтық жағдайын белгілейтін негізгі акт болып 1995 жылдың 20 желтоқсанындағы «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңы табылады. Рсы Заңның 6-бабында былай деп жазылған: «Конституцияда, заңдарда жіне халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасында азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттерді мойнына алады».

Шетелдік тұлғалар Қазақстан Республикасының азаматтарымен және ұйымдарымен бірдей іс жүргізу құқықтарын пайдаланады және іс жүргізу міндеттерін орындайды. Іске қатысушы тұлғалардың іс материалдарымен танысуға, олардан үзінділер жазып алуға және көшірмелер түсіруге; қарсылықтарын мәлімдеуге; дәлелдеме табыс етуге және оларды зерттеуге қатысуға; іске қатысушы басқа адамдарға, куәлерге, сарапшылар мен мамандарға сұрақтар қоюға; өтінім жасауға, соның ішінде қосымша дәлелдеме талап ету туралы өтініш жасауға; сотқа ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге; сот процесі барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін келтіруге; іске қатысушы басқа тұлғалардың өтінімдері мен дәлелдеріне қарсылық білдіруге; сот жарыссөздеріне қатысуға; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған жазбаша ескертпелер беруге; соттың шешімі мен ұйғарымына шағымдануға; азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңдарда берілген басқа да іс жүргізу құқықтарын пайдалануға құқығы бар. Олар өздеріне берілген барлық іс жүргізу құқықтарын адал пайдалануға тиіс. Іске қатысушы адамдар, орындалмауы азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңдарда көзделген салдарларды туғызатын жағдайда, өздерінің іс жүргізу міндеттерін атқарады. Соттарда шетелдік тұлғалар қатысатын істер бойынша сот ісін жүргізу осы АІЖК және өзге де заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.

ҚР АІЖК-нің 414-бабына сәйкес шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың азаматтық іс жүргізуге әрекет қабілеттілігі олардың жеке заңы бойынша белгіленеді. Азаматтың жеке заңы өзі азаматы болып табылатын мемлекеттік құқығы болып табылады. Егер азаматта шет мемлекеттің азаматтығымен қатар Қазақстан Республикасының азаматтығы да болса, оның жеке заңы Қазақстан Республикасының заңы болып есептеледі. Мұндай адамда шет мемлекет азаматтығының болуын Қазақстан Республикасының соттары танымайды. Азаматта бірнеше шет мемлекеттің азаматтығы болса, бұл адам неғұрлым тығыз байланыстағы мемлекеттің құқығы оның жеке заңы болып табылады.

Азаматтығы жоқ адамның тұрғылықты тұратын жері бар мемлекеттің заңы сол адамның жеке заңы, ал мұндай болмаған жағдайда - оның әдетте тұрып жатқан мемлекетінің заңы болып табылады. Өзінің жеке заңы бойынша іс жүргізу әрекетіне қабілетті болып табылмайтын адам, егер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес іс жүргізу қабілетіне ие болса, ол Қазақстан Республикасының аумағында іс жүргізу әрекетіне қабілеті бар деп танылуы мүмкін.

Шетелдік халықаралық ұйымның іс жүргізу құқығына қабілеттілігі ҚР АІЖК-нің 415-бабында көзделген. Шетелдік ұйымның іс жүргізу құқығына қабілеттілігі ұйым соған сәйкес құрылған шет мемлекеттің заңы бойынша белгіленеді. Бұл заң бойынша іс жүргізу құқығына қабілеті жоқ шетелдік ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында құқық қабілеті бар деп танылуы мүмкін. Халықаралық ұйымның іс жүргізу құқығына қабілеті ұйым соған сәйкес құрылған халықаралық шарт, оның құрылтай құжаттары немесе Қазақстан Республикасының құзыретті мемлекеттік органымен келісім негізінде белгіленеді.

АІЖК-нің 413-бабының 4-тармағында Қазақстан Республикасы азаматтары мен ұйымдарының іс жүргізу құқықтарына арнайы шектеулер қойылатын мемлекеттердің шетелдік тұлғаларына қатысты Қазақстан Республикасы соған сәйкес шектеулер белгілеуі мүмкін делінген. Шетелдік тұлғалар қатысатын істер бойынша Қазақстан Республикасы соттарының құзыреті сұрақтары ҚР АІЖК-нің 416-бабында көзделген. Егер Қазақстан Республикасының аумағында жауапкер-ұйым орналасқан болса немесе жауапкер-азаматтың тұрғылықты жері болса, шетелдік тұлғалар қатысатын істі Қазақстан Республикасының соттары қарайды. Қазақстан Республикасының соттары, сондай-ақ шетелдік тұлғалар қатысатын істерді мына жағдайларда: 1) Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік тұлғаның басқару органы, филиалы немесе өкілдігі болғанда; 2) жауапкердің Қазақстан Республикасы аумағында мүлкі болғанда; 3) алиментті өндіріп алу туралы және әке екенін анықтау туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болғанда; 4) мертігу, денсаулыққа өзге де зақым келтіру немесе асыраушысының қайтыс болуы арқылы келтірілген зиянды өтеу туралы іс бойынша зиян Қазақстан Республикасы аумағында келтірілгенде немесе талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болғанда; 5) мүлікке келтірілген зиянды өтеу туралы іс бойынша зиянды өтеу туралы талап қоюға негіз болған іс-әрекет немесе өзге де мән-жайлар Қазақстан республикасының аумағында орын алғанда; 6) талап қою, оның толық немесе ішінара орындалуы Қазақстан Республикасы аумағында орын алуға тиіс болған немесе орын алған шарттан туындағанда; 7) талап қою Қазақстан Республикасы аумағында орын алған негізсіз баюдан туындағанда; 8) неке бұзу туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болғанда немесе ерлі-зайыптылардың ең болмағанда біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болғанда; 9) ар-ожданды, абыройды және іскерлік беделді қорғау туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болған жағдайларда қарайды. Қазақстан Республикасының соттары, егер Қазақстан Республикасының заңдарымен өз құзыретіне жатқызылса, басқа істерді де қарайды.

Жалпы ереже бойынша, халықаралық дербес құқықта шетелдік мемлекеттің соттық иммунитеті болады: Қазақстанда осы қағиданы ұстанады. ҚР АІЖК-нің 422-бабында соттық иммунитет туралы ереже көзделген. Шет мемлекетке талап қоюға, оны үшінші тұлға ретінде іске қатысуға тартуға, оның мүлкіне тыйым салу мен бұл мүлікті талапты қамтамасыз ету тәртібімен ұстап қалуға және бұл мүлікке өндіріп алуды қолдануға, егер Қазақстан Республикасының заңында немесе халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, тиісті мемлекеттің құзыретті органдарының келісімімен ғана жол беріледі. Халықаралық ұйымдардың соттық иммунитеті Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарында, сондай-ақ бұл ұйымдардың Қазақстан Республикасының құзыретті мемлекеттік органдарымен келісімдерінде белгіленеді.

Шет мемлекеттердің Қазақстан Республикасында тіркелген дипломатиялық өкілдері және Қазақстан Республикасының заңында немесе халықаралық шартында аталған басқа да адамдар Қазақстан Республикасының заңында, халықаралық құқық нормаларында немесе халықаралық шартында белгіленген шекте Қазақстан Республикасы сотының азаматтық істер жөніндегі юрисдикциясына жатады. Осындай халықаралық келісім-шарттар қатарына «Дипломатиялық қатынас туралы» 1961 жылдың 18 сәуіріндегі Вена Конвенциясы және «Консулдық қатынастар туралы» 1963 жылдың 24 сәіріндегі Вена Конвенциясы жатады. Вена Конвенциясына қол қойған тараптар ретінде БҰҰ-ның мүше-мемлекеттері табылады. Қазақстан Республикасы да БҰҰ-ның толық құқылы мүшесі және өзінің дипломатиялық және консулдық өкілдіктері арқылы өз функцияларын жүзеге асырады. Дипломатиялық функцияларды жүзеге асыру үшін шетел мемлекеттері Қазақстан Республикасында өз өкілдерін аккредеттейді. Оларға өкілдік басшылары, өкілдік персоналының мүшелері: дипломатиялық, әкімшілік-техникалық және қызмет көрсету жатады. Консулдық мекемелерде консулдық лауазымды адамдар, сондай-ақ консулдық қызметшілер мен қызмет көрсету персоналының жұмысшалары әрекет етеді. Дипломатиялық және консулдық өкілдіктердің ғимаратына ешкімнің қол сұғуға құқығы жоқ. Дипломатиялық қатынас туралы 1961ж. Вена Конвенциясының 1-бабының 1-тармағына орай, өкілдік ғимараты деп өкілдік мақсаттары үшін пайдаланылатын ғимаратты немесе оның бір бөлігін айтады, оған меншік құқығы кімге тиесілі екендігіне қарамастан, өкілдік басшысының резиденциясы, сондай-ақ осы ғимаратты немесе ғимараттың бір бөлігіне қызмет көрсететін жер учаскесі де жатқызылады. Дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ғимаратының қол сұғылмаушылығы іс жүзінде мынадай жолдармен жүзеге асырылады:

- Өкілдік ғимаратына оның басшысының рұқсатынсыз кіруге тыйым салу. Мұндай тыйым салу абсолютті сипатқа ие, және оны тіпті дипломатиялық өкілдікте өрт шықса да немесе оны террористер басып алса да сақтау керек;

- Тінту, қамауға алу, реквизиция және атқару әрекеттері сияқты мәжбүрлеу шараларын жүзеге асыру мүмкіндігін жоққа шығару;

- Дипломатиялық өкілдіктің тыныштығын бұзатын немесе ар-намысына тиетін, залал келтіретін жергілікті билік өкілдері әрекеттерінің алдын алу. Бұл жерде сөз жергілікті билік өкілдерінің дұшпандық ниеттері туралы болып отыр. Егер олардың әрекеттері дипломатиялық өкілдік мүдделеріне қатысты болғанымен, арнайы оларға бағытталмаған болса және әдеттегі қызметтік міндеттерінің нәтижесі болса (өкілдік ғимаратына тікелей жақын жердегі қоғамдық жұмыстар, өкілдік орналасқан ауданда техникалық себептерге байланысты электр энергиясының, телефон байланысының үзіліп қалуы), ондай жағдайда аталмыш әрекеттерді ғимараттың қол сұғылмаушылығын бұзды деп бағалауға болмайды;

- Дипломатиялық өкілдік ғимаратын күзетуді арнайы полицейлер немесе әскери бөлімшелер арқылы дипломатиялық мекеме орналасқан мемлекет жүзеге асырады;

- Мемлекет оларға қастандық жасау жағдайларына тергеу жүргізуге және қол сұғылмаушылық қағидасын бұзған кінәлы адамдарды жазалауға міндетті.

Өкілдіктердің мұрағаттары, құжаттары, хат-хабарлары да қол сұғылмайтындықпен қамтамасыз етілген.

Дипломатиялық агент Қазақстан Республикасының қылмыстық, әкімшілік және азаматтық юрисдикциясынан иммунитеті бар. Қандай жағдайларда Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық тұлғаларға талаптар берілуі мүмкін? 1961 жылдың Вена Конвенциясының 31-бабына сәйкес орналасу мемлекетіндегі жеке жылжымайтын мүліктеріне қатысты заттық талаптар берілгенде дипломатиялық агенттер азаматтық және әкімшілік юрисдикция иммунитетінен босатылмайды. Консулдық лауазымды адамдар және консулдық қызметшілер Қазақстан Республикасының сот немесе әкімшілік органдарының юрисдикциясына жатпайды. Консулдық функцияларды жүзеге асыру әрекеттеріне қатысты, консулдық лауазымды адамдарға ол өкілі болып табылатын мемлекеттің агенті ретінде өзіне міндеттемелер алмайтын, шарттар бойынша берілген талаптар үшін; немесе көлік құралымен, кемемен және ұшақпен келтірілген зиян орнын толтыру жөніндегі талаптар үшін жауапты болады. Консулдық конвенциялар мен ұлтгық заңдарда консулды аса ауыр қылмыс жасаған жағдайлардан басқа, алдын ала қамау тәртібінде ұстауға болмайды деп белгіленген. Консулды әкімшілік тәртіпте де ұстауға болмайды. Консулды аса ауыр қылмыс жасады деп ұстау оның экзекватурасынан айырумен байланысты болады.

Консулдық өкіл жеке артықшылықтар мен иммунитеттерге ие болғанымен, оларды асыра пайдаланбауы тиіс және консулдық орналасқан мемлекеттің барлық заңдары мен ережелерін қатаң орындауы қажет. Әдетте, консул сот органдары сот немесе әкімшілік іс жүргізу бойынша куә ретінде шақырғанда, баруға міндетті. Іс-тәжірибеде мұндай жағдайда консулға сыпайылық деп аталатын артықшылық беріледі. Мысалы, сотқа келу туралы шақырту консулға ерекше хатпен және келмеген жағдайда қандай да бір санкциялар қолданылады деп көрсетілмей жіберіледі. Егер, консул куәгерлік жауап беруден бас тартса, оған мәжбүрлеу шаралары қолданылмайды. Консулдық эмблемаларды дұшпандық қастандықтан қорғаудың зор маңызы бар. Консулдық орналасқан мемлекет консулдарға өзара келісу негізінде ерекше артықшылықтар береді, олар қол сұғушылықтан қорғалуға жатады. Мұндай артықшылықтарға консулдың өз мемлекетінің тәртібі негізінде консулдық тіршілігі мен тұрмысын ұйымдастыру құқығы, өз атына баспа басылымдарын, консулдық орналасқан елге әкелуге тыйым салынған басылымдарды қоса алғанда жаздыртып алу құқығы; консулдық орналасқан жерде түрлі сипаттағы ресми салтанаттарға шақырылу құқығы және консулдың өз өкілдігімен қатынасудағы артықшылықтарын жатқызуға болады.

Азаматтық процеске үшінші тарап ретінде консулдық және дипломатиялық қызметшілердің отбасы мүшелері де тартылуы мүмкін болады. Бұл жағдайда, олар орналасу мемлекетінің азаматы болмаса, оларға да аталған иммунитеттер қолданылады. Жалпы алғанда, бұл қағида барлық дипломатиялық өкілдіктің персоналының (әкімшілік-техникалық және қызмет көрсету) отбасыларына да қолданылады.

Дипломатиялық агент Қазақстан Республикасының азаматы бола алады немесе мұнда тұрақты тұра алады. Мұндай жағдайда, ол Конвенцияның 38-бабына сәйкес юрисдикциядан ғана иммунитеті пайдаланады және қол сұғушылмаушылықтың түрлерін әрекет еткенде ғана пайдаланды.

Ұсынылатын мемлекет дипломатиялық персонал мүшелерін және консулдық лауазымды адамдарды иммунитеттен айыра алады. Иммунитеттен бас тарту әкімшілік және азаматтық юрисдикциядан бас тартумен ғана шектеледі, ал сот органдарының шешімдерін орындаудан иммунитетке қатысты пайдаланылмайды. Бұл үшін ерекше бас тарту қажет. Дипломатиялық агенттерге немесе консулдық лауазымды адамдарға қатысты сот шешімдерін орындау кезінде олардың жеке басына және резиденциясына қол сұғылмайтындығы сақтылуы керек. Бұл жерде, шетел мемлекетіне және оның мүлкіне талаптар берілгендегідей талаптар сақталуы тиіс, Қазақстан Республикасы азаматтары мен ұйымдарының іс жүргізу құқықтарына арнайы шектеулер қойылатын мемлекеттердің шетелдік тұлғаларына қатысты Қазақстан Республикасы соған сәйкес шектеулер белгілеуі мүмкін.

3. Азаматтық істерді қарау кезінде соттар басқа мемлекеттегі азаматтарға хабарлармалар беруге, куәлардан түсініктеме алу қиыншылықтарымен кездеседі. Сот мұндай әрекеттерді шетелде жүзеге асыра алмайды, себебі оның құзыреті Қазақстан Республикасының аумағымен шектеледі. Бұл мәселені шешу үшін соттар сот тапсырмаларын беру арқылы шетел мемлекетінің сотынан көмек сұрайды. Көп жағдайда, мұндай тапсырмалар орындалады. Мұндай тапсырманы орындамау халықаралық достастық және қадірлеушілік қағидасын орындамау ретінде танылады.

Бір мемлекет соттарының екінші мемлекет соттарына қатынасу тәртібі әртүрлі реттеледі. Кейбір мемлекеттерде шетел мемлекетінің сотына тікелей қатынасу арқылы со тапсырмалары орындалады. Екіншілерде дипломатиялық байланыстар арқылы қатынасу тәртібі жүзеге асады. Көптеген Еуропа мемлекеттерінде осындай дипломатиялық тәртіп орнаған.

Осы саладағы халықаралық шарттар көбінесе халықаралық жария құқығымен қабылданған көпжақты конвенциялар. Оларға: 1954 жылдың 1 наурызындағы «Азаматтық процесс сұрақтары бойынша» Конвенция; 1965 жылдың 15 қарашасындағы «Азаматтық және сауда істері бойынша сот және соттан тыс құжаттарды шетелде тапсыру туралы» Конвенция; 1970 жылдың 18 наурызындағы «Азаматтық және сауда істері бойынша шетелде дәлелдемелерді жинау туралы» Конвенция жатады.

1954 жылғы «Азаматтық процесс сұрақтары бойынша» Конвенциямен азаматтық және сауда істері бойынша сот және соттан тыс құжаттарды шетелде тапсыру тәртібінің жалпы сұрақтары реттеледі. Конвенцияда жария тәртіп бойынша оны орындаудан бас тарту көзделген. Конвенция сонымен қатар, дәлелдемелерді жинау тәртібін де көздейді.

1965 жылғы «Азаматтық және сауда істері бойынша сот және соттан тыс құжаттарды шетелде тапсыру туралы» Конвенцияға Еуропалық мемлекеттер мен АҚШ қатынасады. Конвенцияда мүше-мемлекеттердің сот органдары арасында қарапайымдандырылған тәртіп көзделеді. Бұл Конвенция бойынша әрбір мемлекет тапсырманы орындайтын органдарды көздеу керек болды. Мемлекет шетел мемлекетінің аумағында тапсырманы орындау үшін бір нысанды парақтағы өтініш-хатын беру керек болатын. Ол не ағылшын не француз тілінде болуға міндетті.

1970 жылдың 18 наурызындағы «Азаматтық және сауда істері бойынша шетелде дәлелдемелерді жинау туралы» Конвенция 1972 жылдың 7 қазанында күшіне енді. Конвенцияның қатысушылары ретінде Батыс және Шығыс Еуропа, Азия және АҚШ мемлекеттері табылады. Қазақстан бұл Конвенцияның мүшесі емес, бірақ оны қабылдау көптеген мәселелерді шешуге көмек көрсетер еді.

Конвенцияның негізгі мақсаты - сауда және азаматтық істер бойынша шетелде дәлелдемелерді жинау жүйесін жақсарту табылады. Конвенцияның 1-бабында былай делінген: «кез келген келісуші-тарап екінші тарапқа оның өндірісіндегі азаматтық және сауда ісі бойынша дәлеледемелерді жинау жөнінде қолдаухатпен қатынасуға құқығы бар». Конвенцияның 3-бабында қолдаухатта қандай реквизиттер көзделуі тиістігі көрсетілген: дәлелдемелерді жинауға қатынасатын уәкілетті сот органы немесе өзге орган, мекен-жайы, қандай дәлелдемелер көрсетіледі. Қолдаухат хат жіберілетін мемлекет тілінде әзірленеді.

Дипломатиялық және консулдық өкілдер оларды агент ретінде тағайындаған мемлекеттің нақты анықталған келісімі болғанда дәлелдемелерді жинауға қатыса алады.

Латын Америка мемлекеттерінде өзінің құқықтық көмек көрсету жөнінде конвенциялары бар. Мұндай конвенцияларға: 1975 жылғы «Сот тапсырмалары және шетелде куәлардан түсініктемелер алу туралы» Панама Конвенциясы, 1972 жылғы «Құқықтық көмек туралы» Конвенция жатады.

Қазақстандық соттар және әділет органдарының мекемелері шетел мемлекеттерінінің осындай органдарымен белсенді құқықтық байланысты ұстанады.

Осыған қатысты, Қазақстанның құқықтық көмек көрсету шарттарында тапсырмаларды орындауға қатысты сұрақтар қаралған. Егер құжат қабылдаушыға түсініксіз тілде жазылса, онда ол оны қабылдамай оған түсінікті тілде жазып беруді талап етуге құқылы. Бірақ, қабылдаушы аталған талаптардың барлығы орындалса, оны қабылдап алудан бас тартуға құқығы жоқ.

Егер құжатта тапсыру мекен-жайы толық болмаса, онда Қазақстанның сот және өзге мекемелері бұл мекен-жайды анықтауға барлық шараларды қолдануға міндетті.

Егер жеке тапсырманы орындау жөнінде өтініш Қазақстанның сот мекемесіне немесе нотариатына түсіп ол оны орындауға өкілетсіз болса, онда ол оны қайтармай бұл тапсырманы орындауға өкілетті органға аударуға мііндетті.

Қазақстан Республикасында сот тапсырмаларын орындау тәртібі ішкі заңанамада көзделген. ҚР АІЖК-нің 423-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының соттары өздеріне Қазақстан Республикасының заңында немесе халықаралық шартында көзделген тәртіппен берілген жеке іс жүргізу іс-әрекеттерін жасау (хабарламалар мен басқа да құжаттар тапсыру, тараптардан, куәлардан түсініктемелер алу, жергілікті жерде сараптама және тексеріс жүргізу және т.б.) туралы шетелдік соттардың тапсырмаларын орындайды, бұған: тапсырманы орындау Қазақстан Республикасының егемендігіне қайшы келетін немесе Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне қатер төндіретін; тапсырманы орындау сот құзыретіне кірмейтін жағдайлар қосылмайды. Шетелдік соттардың жеке іс жүргізу іс-әрекеттерін орындау туралы тапсырмаларын атқару, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, заңда белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Қазақстан Республикасының соттары жекелеген іс жүргізу іс-әрекеттерін орындау туралы шетелдік соттарға тапсырмалар мен өтініш жасауы мүмкін.

Қазақстан Республикасы соттарының шетелдік соттарымен қарым-қатынас жасау тәртібі Қазақстан Республикасының заңында және халықаралық шарттарында белгіленеді. Мұндай екіжақты шартқа мысалы, Қазақстан мен Монғолия арасындағы 1993 жылдың 22 қазанындағы келісім-шартты жатқызуға болады.

Қазақстан мен Украина арасындағы 1994 жылдың 20 қаңтарындағы консулдық келісім-шарттың 22-бабында консулдық лауазымды адамның құқықтары көзделген, мәселен, оның сот және соттық емес құжаттарды өзінің заңды тұлғаларына және әділет органдарына беру құқығы.

Тапсырмалардың барлығы ол орындалатын мемлекеттің заңы негізінде орындалады. Қазақстанда ол Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу кодексі негізінде орындалады.

Сонымен, шетел мемлекеттерінің соттарына қарым-қатынас жасаудың келесі түрлері бар: а) шетел мемлекетінің сотына тікелей қарым-қатынас жасау; б) шетел мемлекетінің сотына дипломатиялық байланыс арқылы қарым-қатынас жасау; в) мемлекеттің келісімі негізінде кейбір іс жүргізу әрекеттерін басқа мемлекеттердің соттарымен арнайы тағайындалған уәкілдері арқылы жүзеге асыру (АҚШ пен Ұлыбританияда кеңінен тараған).

4. Қазақстан аумағында шетел мемлекеттерінің сот шешімдері танылады және орындалады. Бұл тәртіп ұлттық және халықаралық келісім-шарттармен реттеледі. Ұлттық заң қатарына - Қазақстан Республикасының 1999 жылдың 13 шілдесіндегі №411-I Заңымен қабылданған «Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі» жатады. ҚР АІЖК-нің 424-426 баптарымен бұл тәртіп белгіленген.

Егер Қазақстан Республикасының заңында немесе халықаралық шартында өзара түсіністік негізінде бұл көзделген болса, шетелдік соттар мен төрелік соттардың шешімдері Қазақстан Республикасында танылады және орындалады.

Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше белгіленбесе, шетелдік соттар мен төрелік соттардың шешімдерін танудың және орындаудың шарттары мен тәртібі заңда белгіленеді. Шетелдік соттың немесе төрелік соттың шешімі шешім заңды күшіне енген кезден бастап үш жыл ішінде мәжбүрлеп орындауға берілуі мүмкін. Дәлелді себептермен өткізіліп алынған мерзімді АІЖК-нің 128-бабында көзделген тәртіппен Қазақстан Республикасының соты қалпына келтіруі мүмкін.

Егер төрелiктiң шешiмi онда белгiленген мерзiмде ерiктi түрде орындалмаған жағдайда, төрелiктiң шешiмi пайдасына шығарылған тарап (өндiрiп алушы) осы бапта көзделген ережелер бойынша төреліктің шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы арызбен дауды төрелiк қарайтын жердегi сотқа жүгiнуге құқылы. Атқару парағын беру туралы арызға төрелiктiң тиiстi түрде расталған түпнұсқа шешiмi немесе соның тиiстi түрде расталған көшiрмесi, сондай-ақ төрелiктің түпнұсқа келiсiмi немесе оның тиiстi түрде расталған көшiрмесi қоса берiледi. Егер төрелiктің шешiмi немесе келiсiмi шетел тiлiнде жазылса, тарап осы құжаттың мемлекеттiк тiлдегi немесе орыс тiлiндегi тиiстi түрде расталған аудармасын табыс етуге тиiс. Атқару парағын беру туралы арыз төрелiктiң шешімiн ерiктi түрде атқаруға арналған мерзiм аяқталған күннен бастап үш жылдан кешіктiрiлмей берiлуi мүмкiн. Белгiленген мерзiмiн өткiзiп алған не оған қажеттi құжаттар қоса тiркелмей берiлген атқару парағын беру туралы арызды сот қарамай керi қайтарады, бұл туралы ұйғарым шығарылады.

Егер, сот аталған мерзiмдi өткiзiп алу себептерiн дәлелдi деп тапса, атқару парағын беру туралы арызды беру мерзiмiн қалпына келтiруге құқылы. Судья атқару парағын беру туралы арызды сотқа арыз түскен күннен бастап он бес күн iшiнде жеке-дара қарайды.

Өндiрiп алушының төрелiктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы түскен арызы, сондай-ақ оның соттың отырысында қаралу орны мен уақыты туралы сот борышкердi хабардар етедi. Оның арызын қарау орны мен уақыты туралы өндiрiп алушы да хабардар етiледi. Егер борышкерден сот отырысына келуi мүмкiн болмауының дәлелдi себептерi көрсетiлiп, арызды қарауды кейiнге қалдыру туралы ұсыныс түспесе, борышкердiң немесе өндiрiп алушының сот отырысына келмей қалуы арызды қарауға кедергi болмайды.

Сот төрелiктің шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арызды қараған кезде төрелiктiң шешiмiн мәнi бойынша қайта қарауға құқылы емес. Сот арызды қарау нәтижелерi бойынша атқару парағын беру туралы не оны беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Атқару парағын беру туралы соттың ұйғарымы дереу орындалуға тиiс.

Сот төрелiктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы ұйғарым шығарған кезде атқару парағы АІЖК-нің 236-бабының ережелерi бойынша берiледi. Төрелiктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арыз бойынша шығарылған соттың ұйғарымына АІЖК-де сот актiлерiне шағым жасау үшiн көзделген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн

Атқару парағын беруден бас тарту ҚР АІЖК-нің 425-3 бабында көзделген. Егер, сот: 1) бұл тарап: сот төрелiк келiсiм тараптарының бiрiн әрекетке қабiлетсiз не әрекетке қабiлетi шектеулi деп немесе төрелiк келiсiмдi тараптар оны бағындырған заң бойынша, ал мұндай нұсқау болмаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша жарамсыз деп тануының; оған төрешiнiң тағайындалғаны туралы немесе төрелiк iс қарау туралы тиiстi түрде хабардар етiлмегенiнiң немесе сот дәлелдi деп таныған басқа да себептер бойынша өз түсiндiрмелерiн бере алмағанының; төрелiктiң шешiмi төрелiк келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша шығарылғанының не төрелiк келiсiмнiң шегінен шығатын мәселелер жөнiндегi қаулылардан тұратындығының, сондай-ақ даудың төрелiк соттың ведомстволық қарауында еместiгiнiң дәлелдемелерiн сотқа табыс етсе, төрелiктің шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Егер төрелiк келiсiмде қамтылатын мәселелер жөнiндегi төрелiктiң шешiмiн осындай келiсiмде қамтылмайтын мәселелер жөнiндегi шешiмнен бөлiп шығаруға болатын болса, онда төрелiктің төрелiк келiсiмде қамтылмайтын мәселелер жөнiндегi шешiмi бар сол бөлігінiң ғана күшi жойылуы мүмкiн; төрелiк құрам немесе төрелiк iс қарау рәсiмi тараптардың келiсiмiне және төрелiктiң регламентiне сәйкес келмегенiнiң дәлелдемесiн сотқа табыс етсе; 2) сот төрелiктiң шешiмi Қазақстан Республикасының жариялылық тәртiбiне қайшы келетiнiн немесе төрелiктiң шешiмi шығарылған дау Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелiк iс қараудың нысанасы бола алмайтынын анықтаса, төрелiктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.

Шетелдік соттардың өз сипаты бойынша орындауды талап етпейтін мынадай шешімдері: 1) соты шешім шығарған мемлекет азаматтарының ғана жеке мәртебесін қозғайтын; 2) егер неке бұзу кезінде ерлі-зайыптылардың ең болмағанда біреуі Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрған болса, қазақстандық және шетелдік азаматтар арасындағы некені бұзу немесе жарамсыз деп тану туралы; 3) егер некенің бұзылуы кезінде ерлі-зайыптылардың екеуі де Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрған болса, қазақстандық азаматтар арасындағы некені бұзу немесе жарамсыз деп тану туралы шешімдері Қазақстан Республикасында танылады.

Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жасалған, Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарына немесе шетелдік азаматтарға қатысты шет мемлекеттердің заңдары бойынша шет мемлекеттердің құзыретті органдары белгіленген нысанмен берген, жасаған немесе куәландырған құжаттарды Қазақстан Республикасының соттары, егер Қазақстан Республикасының заңында немесе халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, консулдық жариялау болған жағдайда қабылдайды.

Шетелдік соттар мен төрелік соттардың шешімдерін реттейтін халықаралық құқықтық актілер саны да жеткілікті. Мәселен, 1954 жылдың 1 наурызындағы «Азаматтық процесс сұрақтары бойынша» Гаага Конвенциясының 18-бабында сот шығындарын төлеу бойынша келісуші-мемлекеттердің міндеті көзделген. Шетелдік соттардың шешімдері осы Гаага Конвенциясына қосылған жағдайда ғана осы актіде көзделген тәртіп бойынша орындалады. Көбінесе шешімдерді орындау жөнінде өтініш дипломатиялық тәртіп бойынша Сыртқы істер министрлігіне тапсырылады. Конвенцияның 19-бабында шетел сотының шешімін орындау кезінде ұлттық органдардың құзыреті басым болады делінген. Сот міндеттеріне шетел сотының шешімдерін маңызы бойынша қарау жатпайды, яғни ол оның күдіктілігін тудырмау керек. Бірақ, ол оның нақты дұрыстығын анықтауға міндетті, яғни оның көшірмесі тиісінше куәландырылды ма, тиісінше аударылды ма? – деген сұрақтарды тексеру керек. Құжатты куәландыруды өтініш берген мемлекеттің жоғарғы лауазымды адамы жүзеге асыру тиіс.

1958 жылдың 10 маусымындағы «Шетелдік төрелік соттардың шешімдерін тану мен орындау туралы» БҰҰ-ның Конвенциясының 3-бабына сәйкес әрбір келісуші-мемлекет төрелік сот шешімдерін орындағанда, шешім шығарылған елдің іс жүргізу нормаларына сәйкес жүзеге асыру тиіс делінген.

Конвенцияның 4-бабында арызданушы тарап тиісінше куәландырылған шешімнің тұпнұсқасын немесе көшірмесін және осылай куәландырылған екі тарап арасындағы келісімді жіберуге міндетті делінген. Осы құжаттарды ресми аударуды қолдаухатты жіберуші тарап жүзеге асырады.

Барлық аталған шешімге қатысты талаптар және ұлттық заңда көзделген талаптар орындалмаса, шешімді орындаушы мемлекеттің соты оны танып орындаудан бас тартуға құқылы. Мәселен, егер шешім шығарылған тарап арбитрдың тағайындалуы жөнінде тиісінше хабардар болмаса немесе төрелік келісімнің шарттарына жатпайтын дау бойынша шешім шығарылса т.б.

Шетелдік төрелік соттардың шешімдерін тану және орындау өзге де конвенциялармен реттеледі. Мәселен, 1966 жылғы «Азаматтық және сауда істері бойынша шетелдік шешімдерді тану және орындау туралы» Гаага Конвенциясы; 1968 жылғы «Азаматтық және сауда істері бойынша шешімдер юрисдикциясы және орындалуы туралы» Еуропалық Экономикалық Қоғамдастық елдерінің Конвенциясы.

ТМД көлемінде «Шаруашылық қызметті жүзеге асырумен байланысты дауларды шешу тәртібі туралы» Келісім қарауды талап етеді. Бұл келісімге қол қоя отырып, қатысушы-мемлекеттер өзара түсіністік негізінде сот органдарының күшіне енген шешімдерін танып орындауға міндеттеме алады. Сот шешімін орындау үшін мүдделі тарап қолдаухатқа келесі құжаттарды қосымша ретінде тіркеу тиіс: а) қолдаухат қозғалған шешімнің куәландырылған көшірмесі; б) егер шешімнің мазмұнынан оны күшіне енуі анық болмаса, шешім күшіне енген жөнінде құжат; в) процесс жөнінде екінші тарапты хабар ету құжаттары; г) атқару парағы.

Келісімде оны орындау тәртібімен қатар, одан бас тарту жағдайлары да көзделген. Мәселен, Келісімде шетелдік сот шешімін орындаудан бас тартудың негіздері көрсетілген: а) өкілетсіз сот шешім шығарса; б) екінші тарапты сот процесі жөнінде хабардар етпесе; в) талап мерзімі үш жыл өткеннен кейін, шешімді мәжбүрлеп орындауға ұсынбағанда.