Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
PSK-13-2_kaz.doc
Скачиваний:
84
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
304.64 Кб
Скачать

Мәдени мұра – алтын адам

Бүкіл Еуразиялық байтақ даласын күн шуақты- алтынды «аң тәсілді» өнерімен көмкерген ата-бабаларымыз кейінгі ұрпағы мақтанарлықтай өлмес мұралар қалдырды. Соның бірі- әлемдегі өнер сүйер қауымды елең еткізген, бір тума ескерткіш. 1969-1970 жылдары Алматы қаласынан 50 шақырым жердегі Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» кейпі. Оны алғашқы ашып, әлемге танытқан ғалым- археолог Кемел Ақышев. Бұл обаға б.з.д. Ү-ІҮ ғасырда өмір сүрген 17-18 жас шамасындағы Сақ жауынгері, сол кездегі дәстүр бойынша, киімімен, тұрмыстық заттармен қоса жерленген.

Оның салтанатты биік бас киімі, бешпенті, шалбары мен етігіне дейін 200-ден астам аң, құс сипатты алтын әшекейлермен безендірілген. Қару-жарағы, сақинасы да алтын. Оның «Алтын адам» аталуы да сондықтан.

Сонымен қатар, ағаш ыдыс-аяқтар т.б. заттар қойылған. Соның бірі- 26 таңбадан тұратын жазуы бар күміс тостаған. Оны ғалымда «Есік жазуы» деп атайды.

«Алтын адам» киімі- сирек кездесетін ғажайып өнер туындысы.

Бұл тек құнды архелогиялық олжа ғана емес, ата-бабамыздың жоғары мәдениеті, тарихы, біздің тарихымыз, мәдениетіміздің алтын тұғыры.

Осы ескерткіштер қазақ жерін мекендеген бабаларымыздың осыдан 2500 жыл бұрын өзіндік жазу-сызуы мен өркендеген мәдениетінің болғандығын дәлелдейді.

Тапсырмалар.

1. Мәтінді оқып, орыс тіліне аударыңыз.

2. Сұрақтарға жауап беріңіздер.

  • «Алтын адам»- кейпі қай қаланың маңынан табылды?

  • Алтын адамды ол жерден қай жылы қазып алған?

  • Алтын адам жанынан тағы қандай заттар табылды?

  • Бұл қандай өнер туындысы?

  • Ескерткіштер нені дәлелдейді?

3. Өзіңізді тексеріп, дұрыс жауабын мәтін бойынша тауып айтыңыз.

Үлгі: Ата-бабаларымыз кейінгі ұрпаққа аз мұра қалдырды. – Жоқ, мақтанарлықтай өлмес, үлкен мұра қалдырды.

    1. Алтын адам Жамбыл облысының Шу өзенінің маңынан табылды.

    2. Есік қорғанынан түрік жауынгері барлық заттарымен табылды.

    3. Алтын адам киімі қарапайым, күнделікті жауынгер киімінде.

    4. Қазақ халқының мәдениеті мен өнерінің дамуын сипаттамайды.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Сүлейменова Э., Қадашева Қ., Аханова Д. Қазақ тілі. Учебный комплекс. Алматы, 1996.

2. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.

3. Түймебаев Ж. Қазақ тілі (Грамматикалық анықтағыш). Алматы, 1991.

СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары:

1. «Жер тұрғындары» тақырыбына сұхбат құрастырыңыз.

2. Әңгіме «Қазақстан халқы».

10-тақырып. Ғалам және ғасыр. ХХІ ғасырдың жетістіктері. Қазақстан және ғарыш (Т. Әубәкіров). Етістік. (дара, күрделі, негізгі, көмекші, болымсыз, тұйық етістіктер)

Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары

1. Грамматикалық тақырыптарға мысалдарды мәтіндерден табу.

2. Тапсырмаларды орындау.

3. Мәтіндерден жаңа сөздерді сөздікпен аударту.

4. Өтілген тақырыптар бойынша студенттерге сұрақтар қою.

ҒАЛАМ ЖӘНЕ ҒАСЫР

XXI ғасыр да айқара есігін ашты. XXI ғасыр ғылым мен техниканың ақпараттық-технологиялардың дамыған, әрі өркендеген заманы. Бұл ғасырда әр түрлі механикалық, электроникалық, нанотехнологиялар пайда болды. Ғаламда көптеген ғылымы мен технологиясы дамыған мемлекеттер бар. Атап айтатын болсақ, Жапония, Германия, Қытай, АҚШ, Франция, Ресей т.б. мемлекеттер. Адамзат мәдениетінде тарихи тұрғыдан алып қарағанда үзілмес байланыс, сабақтастық бар. Мәдениеттің бір бөлігі есептелетін ғылымның даму жолы мұның айқын айғағы болса керек. Ғылымның, білімнің зәулім сарайы салынып салтанат құру ісіне көп халықтың озық ойлы, ұшқыр қиялды ардагер азаматтары ат салысқан: бірі іргетасын қаласа, екіншісі қабырғасын тұрғызды, үшіншісі басқа бір кем-кетігін толтырды.

Қазіргі таңда бүкіл ғалам идеясы жаратылыстанушы ғалымдардың арасында қарсылық тудырмай, қабылдануда. Бірақ, бұл жағдай бірден пайда бола салған жоқ. Кез келген ұлы ғылыми идея секілді, ол да ғылымда басты орынға ие болуының алдында ұзақ та күрделі сынақтардан өтті.

Ғалам эволюциясы - физика ғылымының теориялық базисіне және көптеген астрофизикалық бақылауларға негізделіп дәлелденген ғылыми факт. Ғалам эволюциясы жайлы қазіргі заман ғылымының негізін 1916 жылы салыстырмалылық теориясын ойлап тапқан Альберт Эйнштейн салып кеткен. Ол жұлдыздармен толтырылған әлем үшін теңдеу құрып, кеңістіктің қисаюы ақырында өзіне өзі тірелетіндігін есептеп шығарды. Осындай “тұйық” ғаламның көлемі шектелген болып, оның шекаралары болған жоқ. Бірақ Эйнштейннің бұл теориясында бір кемшілік болды, яғни осы теория шынайы болған жағдайда жұлдыздар тартылыс күшінің әсерімен бір нүктеге жиналып қалуға тиіс болды. Сол себепті Эйнштейн ғаламды бір-біріне сығылуынан сақтайтын, әлдебір “антигравитациялық” өрісті ойлап табуға мәжбүр болып, теңдеуін осы өріспен толықтырды.

Қазіргі заманғы ғаламның өмір сүруінің үш түрлі вариантын көрсетуге болады:

1) Ғалам өткен уақытта да, болашақта да шексіз мәңгі тіршілік ете алады.

2) Ғаламның басы мен соңы бар.

3) Ғалам уақыт аралығында үнемі өзгеріп отырады.

Тапсырмалар:

1.Сөздікпен жұмыс жасаңыз.

2.Сөздерді оқып, аударыңыз. Айтылуына, жазылуына көңіл бөліңіз

3. Мәтіндегі тірек сөздерді жазыңыз. Сол бойынша жоспар құрыңыз.

ХХІ-ҒАСЫРДЫҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ

АСТАНА – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БАС ҚАЛАСЫ.

Қазақстан Республикасының астанасы – Астана. Ол – бұрынғы Ақмола қаласы. Қала 1824 жылы салынған. 1961 жылға дейін қала – Ақмол, 1961 жылдың 24 сәуірінен бастап Целиноград деп аталады. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1997 жылдың 16 желтоқсанынан бастап Ақмола қаласы Қазақстан республикасының жаңа астанасы болып жарияланды. Ал Президенттің 1998 жылдың 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып өзгертілді.

Қала Сарыарқада, Есіл өзенінің екі жағасында орналасқан. Ертеден Еуропа мен Азияны байланыстырып тұрған ірі тасымал торабы.

«Астананың өркендеуі - Қазақстанның өркендеуі» деп аталатын бағдарлама бойынша бой түзеген көрікті үйлер, «Океанариум», «Дарын орталығы», «Салтанат сарайы», «Бәйтерек», Астана әуежайы, Елбасының резиденциясы - Ақорда осының бәрі ғажайып ертегілерді еске салады.

Қазір Астанада С.Сейфуллин атындағы аграрлық университеті, Е.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана мемлекеттік медицина академиясы, педагогикалық, медициналық колледждер, бірнеше кәсіптік білім беретін оқу орындары бар.

Астана ХХ ғасырдың ең жас астанасы ретінде тарихқа енді.

Тапсырмалар:

1. Мәтінді оқып шығып, аударыңыз

2. Сұрақтарға жауап беріңіз:

  • Астана. бұрынғы қай қала?

  • Қай жылдан бастап Ақмола Астана қаласы болды?

3. Мәтіннен етістіктің түрлерін анықтаңыз.

ТОҚТАР ОҢҒАРБАЙҰЛЫ ӘУБӘКІРОВ

Сынаушы ұшқыш, СССР Қорғаныс министрлігі әскери-әуе күштерінің Микоян атындағы конструктор бюросының қызметкері, Совет Одағының Батыры атағын 1988 жылы алған.

Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 1946 жылы Қарқаралы ауданындағы «1 Май» совхозында туды. Ол ауыл мектебінен сегізжылдық білім алды, мектепте алғыр, пысық оқушы ретінде көзге түсті.

Тоқтар жас кезінен-ақ ұшқыш болуды армандаған еді. Тіпті оның балалық ойындарының өзі тәуекелге толы, қиын да күрделі жағдайлардан тайсақтамайтын болған. Ұшқыштар даярлайтын оқу орнына түсудің оңай емес екендігін білген арманшыл бала өзін осы кәсіпке жасынан дайындады. Бірақ тағдыр адамның айтқанымен жүрмейді ғой. Үйдегі бас көтерер жалғыз өзі болған соң он бес жасында еңбекке араласты. Тұрмыс тауқыметі қиындап, Теміртаудағы әпкесінің үйіне көшіп келді.

Теміртауда Тоқтар әуелі асханада жүкші болды. 1962 жылы құю механикалык заводқа шәкірт болып еніп, аз уақатта танымал шебер дәрежесіне көтерілді.

1963 жылы Тоқтар заводта жұмыс істей жүріп кешкі мектепте оқыды. Оның үстіне Қарағандыдағы Нұркен Әбдіров атындағы аэроклубта дәріс алды.

1965 жылы ол Теміртау қалалық эскери комиссариатына өтініш беріп, Армавирдегі әуе училищесіне окуға кетті. Оны 1969 жылы инженер-ұшқыш мамандығы бойынша лейтенант шенімен тәмамдады. Бұдан кейін Қиыр Шығыста әскери бөлімдерде қызмет етті.

Тапқыр да табанды, білімді әрі жүректі жігіт жолдастарының көзіне бірден түсті, 1976 жылы сынаушы-ұшқыш - мектебін бітіргеннен кейін Қорғаныс министрлігінің Микоян атындағы конструктор бюросына жұмысқа шақырылды. Қазір сонда істеп жүр.

1988 жылдың қараша айында «Правда» газетінде бүкіл облыс жұртшылығына қуаныш әкелген хабар шықты. Онда Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтың Кремльде Совет Одағы Батырының Алтын жұлдызы мен Ленин орденін алғаны жазылған.

Былтыр Тоқтар елге келіп қайтты. Оның жанында досы әрі ұстазы Совет Одағының Батыры П. М. Остапенко бар еді. Қарқаралының көрікті аймақтарын аралап, өскен Теміртауын қызықтады. Қарағандыдағы Нүркен ағасы атындағы авиа-мектепте болды.

Қазір сынаушы-ұшқыш, біздің жерлесіміз Әубәкіров тағы да талай маңызды тапсырмаларды орындау үстінде...

Тапсырмалар:

1.Сөздікпен жұмыс жасаңыз.

2.Сөздерді оқып, аударыңыз. Айтылуына, жазылуына көңіл бөліңіз

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Сүлейменова Э., Қадашева Қ., Аханова Д. Қазақ тілі. Учебный комплекс. Алматы, 1996.

2. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.

3. Түймебаев Ж. Қазақ тілі (Грамматикалық анықтағыш). Алматы, 1991.

СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары:

1. Әңгіме «Қазақ ғарышкерлері»

11-тақырып. Азаматтық қалай анықталады? ҚР-ның Конституциясы (Ата заңы). Мен Қазақстанның азаматымын. Етістіктің шақтары.

Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары

1. Грамматикалық тақырыптарға мысалдарды мәтіндерден табу.

2. Тапсырмаларды орындау.

3. Мәтіндерден жаңа сөздерді сөздікпен аударту.

4. Өтілген тақырыптар бойынша студенттерге сұрақтар қою.

АЗАМАТТЫҚ ҚАЛАЙ АНЫҚТАЛАДЫ?

Адам туғанан соң азамат болып қалыптасады. Өйткені оған мемлекеттің егемендігіне байланысты құқықтары мен міндеттері беріледі. Азамат – ұғымы публистикалық мағынасында жиі қолданылады, ол адам - өз Отанының ұлы (немесе қызы) деген ұғымды білдіреді.

Азаматтық проблемалардың мәні - жеке тұлға құзыреттілігінің қажеттіліктері мен маңызды конституцияның міндеттері тығыз байланыста болуымен анықталады. Ата Заңда «Адам, оның құқығы мен бостандығы жоғары құнды байлық. Адамның бостандығы мен құқығын қорғау және сақтау мемлекет міндетіне жатады», - деп айтылған.

Азаматтықтың түсінігі мен оның принциптері.

«Азаматтық» түсінігінің мазмұны туралы сұрақтар конституциялық құқықтардың күрделі проблемасы болып келеді. Қазіргі уақытқа дейін азаматтықтың онымен байланысты құқықтық әрекеттердің нақты берілген анықтамасы жоқ.

Азаматтық сөзіне алғашқылардың бірі болып, анықтама беруге әрекет жасаған орыстың белгілі заңгері С.С. Кишкин. Айтылған проблемаларды талдаудың нәтижесінде ол «азаматтық мемлекеттің саясат жүйесінің және барлық құқықтық элементтерін анықтау мүмкіндігіне негізделген мемлекетпен байланысқан жеке тұлға».

Азаматтық қалай анықталады? дегенде мемлекет азаматтарға толық құқықтары мен бостандықтарын белгілеп берсе, ал азаматтар заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдары және өзге де міндетті төлемдерді төлеу сияқты жүзеге асырады.

Тапсырмалар:

  1. Мәтін бойынша жаңа сөздерге сөздік жасаңыз.

  2. Мәтінді орыс тіліне аударыңыз.

  3. Азаматтық қалай анықталады? дегенге тақырыпқа сұқбат құрыңыз.

  4. Сіз өз еліңіздің азаматығыңыз туралы не айта аласыз?

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯСЫ

АЛТЫН ЗАҢ – АТА ЗАҢ

Әрбір мемлекет қоғам тіршілігінде тәртіп болуын қадағалайды. Тәртіп болу үшін заң шығарады. Біздің алғашқы Ата заңымыз 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. 1995 жылы 30 тамызда қазіргі Ата заңымыз қабылданды. Яғни ең негізі, ең басты заң – «Ата Заң» немесе «Конституция» (латын сөзі «constitutio»). Конституцияның 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостаңдықтары» делінген. Қазақстан Республикасында адам құқықтары мен бостандықтары әркімге туғанынан тиесілі. Республика азаматтарының құқықтары мен міндеттерін Конституция анықтайды.

Тапсырмалар:

        1. Сөздікпен жұмыс жасаңыз. Сөздерді оқып, аударыңыз. Айтылуына, жазылуына көңіл бөліңіз.

        2. Мына сөздермен сөз тіркесін, 3-4 сөйлем құрастырыңыз:

Мемлекет, құқық, ғұрыптар, әділеттілік, ережелер, заңдар, өкімет, қоғам, тәртіп, зайырлы, әлеуметтік, бостандық, міндеттер, өркениетті.Әрбір азаматтың қандай құқығы, бостандығы және міндеттері болады деп ойлайсыз?.

3. Мәтіндегі етістіктерді сөз құрамына талдаңыз.

4. Синоним сөздердің мағынасын түсініп, сөйлем құраңыз. Ата заң – конституция; пайда болу – туу- шығу –жарық көру; ыдырау – күйреу – жабылып қалу; әділеттілік - әділдік – шындық – ақиқат; билік – басқарушылық – иелік – қожалық; билеу – басқару – меңгеру – иелену – үстемдік жасау; ереже – қағида – тәртіп – жол – жоба.

5. Мәтін бойынша түсінгеніңізді әңгімелеңіз.

МЕН - ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫМЫН

Менің туып-өскен жерім – Қазақстан. Қазақстан – Еуразия құрлығындағы ең үлкен мемлекеттердің бірі. Қазақстан Республикасы - өз аумағында тұратын барлық азаматтардың ортақ Отаны. Отаншылдық өз үйіңнен басталады. Кімде-кім ата-анасын ардақтаса, бірге тұрған бауырларымен тату болса, өзінің өскен ауыл, қаласын, туған ұлтын сыйлап, қадірлесе, сол адам отаншыл болады.

Қазақстанның кең даласын, биік тауларын, ормандары мен көлдерін көрген адам оны еш уақытта ұмыта алмайды. Біз жер шарының осындай сұлу, бай өлкесінде тұрамыз. Ол – біздің Отанымыз.

Мен Қазақстанда тұратынымды мақтаныш етемін. Қазақстан азаматы ретінде туған Отанымды, халқымды құрмет тұтамын.

Әрбір Қазақстандық азамат атамекенін, ел намысын қорғайтын, ата салтын бұзбайтын, қайырымды болуы керек.

Қазақстандық азамат отанды сүйетіндігін сөзбен емес, іспен дәлелдеуі қажет.

Тапсырмалар:

1. Мәтіннен жаңа сөздерді көшіріп жазыңыз, аударыңыз, сөз тіркестерін, сөйлемдер құрастырыңыз.

2. Мәтінді мәнерлеп оқып, мазмұнын түсініңіз.

3. Мәтін бойынша мына сұрақтарға жауап беріңіз:

а) Қандай адам өз отанының патриоты бола алмайды?

ә) Отаншылдық қандай қасиет?

в) Қазақстан жері қандай?

г) Қазақстан азаматы қандай болуы керек?

4. Мәтіннен болымсыз етістіктерді теріп жазыңыз.

5. Бос орынды толтырыңыз.

Мен --------- тудым. Менің Отаным -----------. Біз туған Отанымызға ----------. Қазақстанның жері --------. Қазақ тілі --------- . Мен - Қазақстан ------------. Қазақстандық --------- Отанын қорғайды.

Керекті сөздер: қызмет етеміз, мемлекеттік тіл, азаматымын, Қазақстан, кең-байтақ, азамат, Қазақстанда.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Күзекова З. Қазақ тілі. Жоғары оқу орындарына арналған оқулық (тілдерді оқытып үйретудің ортаңғы кезеңі үшін). Астана: Таным, 2003.

2. Күзекова З., Қарақұсова Г. Қазақ тілі (ЖОО экономика факультеттеріне арналған). Алматы: Қаржы-қаражат, 1997.

3. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы). Алматы, 1998.

4. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.

СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары:

1. «Мен – елімнің ұланымын» Шығарма.

2. «ҚР Конституциясы» тақырыбына сұхбат құрастырыңыз.

12-тақырып. Біздің университет. Ә.С. Сағынов – академик, ғалым. Біздің институт. Етістіктің рай формалары.

Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары

1. Грамматикалық тақырыптарға мысалдарды мәтіндерден табу.

2. Тапсырмаларды орындау.

3. Мәтіндерден жаңа сөздерді сөздікпен аударту.

4. Өтілген тақырыптар бойынша студенттерге сұрақтар қою.

БІЗДІҢ УНИВЕРСИТЕТ ҚАРМТУ - БІЛІМ ОРДАСЫ

Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті (ҚарМТУ) Қазақстан Республикасының тарихымен және өмірімен тығыз байланысты жоғары оқу орны.

Университеттің құрылуы Қазақстанның көптеген өнеркәсіп салаларының қарқынды дамуымен, әсіресе көмір өнеркәсібі мен байланысты.

1953 жылы күзде Қарағанды қаласында тау-кен институты ашылды. ҚарМТУ ректоры болған адамдар: Нұрмұхамедов Юнас Қадырұлы, Сағынов Әбілқас Сағынұлы (1955-1987 ж.ж.),

Лазуткин Александр Григорьевич, Пивень Генадий Григорьевич (1994-2008 ж.ж.). ҚарМТУ-дың қазіргі ректоры Ғазалиев Арыстан Мәуленұлы – профессор, химия ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі.

Университетте 9 институт және 34 кафедра бар. Сонымен қоса Астана, Балқаш қалаларында университеттің филиалдары бар.

Дарынды балалар оқитын «Мұрагер» мектебі жұмыс істейді.

1996 жылдан бастап техникалық лицей, бизнес және ақпараттық технологиялар колледжі жұмыс істейді.

Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті –инженер кадрларды даярлайтын Қазақстан мен ТМД-дағы ірі жоғары оқу орындарының бірі.

Университетте әскери кафедра, Республикадағы ең ірі кітапхана бар. ҚарМТУ 1976 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен, 2005 жылы Швейцарияның Женева қаласында алтын медальмен марапатталды.

Тапсырмалар:

1. Мәтінді түсініп оқыңыз.

2. Жаңа сөздерді аударыңыз.

3. Мәтінге қатысты сөз тіркестерін жазыңыз.

4. Мәтінді аударыңыз, мазмұндаңыз.

5. Мәтін бойынша жаңа сөздермен сөз тіркестерін, сөйлем құрастырыңыз.

Ә.С. САҒЫНОВ – АКАДЕМИК, ҒАЛЫМ

Әбілқас Сағынұлы Сағынов 1915 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауылында туған. 1939 жылы Днепропетровск тау-кен институтын "Пайдалы кен орындарын қазу" мамандығы бойынша оқып, үздік бітіріп шығады.

Институтты бітірген соң, 1948 жылға дейін Қарағанды көмір бассейнінің шахталарында учаске бастығы, шахты директоры, техника бөлімінің көмір тресінің басшысы болды. 1948 жылдан 1951 жылға дейін басқарма бастығы, "Қарағанды көмір тілігі" тресінің бас инженері қызметтерін атқарды.

Сағынов Әбілқас Сағынұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы. Социалистік Еңбек Ері, Қарағанды тау-кен институтының (1953-1958 ж.ж.) ректоры, Қарағанды политехникалық институтының ректоры(1958-1987 ж.ж.) болды.

1955 жылы Ә.С.Сағынов 1958 жылы политехникалық болып ұйымдастырылған Қарағанды тау-кен институтының ректоры болып тағайындалды. Оның басшылығымен институт Қазақстанның өнеркәсіптік аймақтары үшін мамандар даярлайтын жоғарғы категориядағы Жоғарғы Оқу орнына айналды.

Оқу, ғылым саласындағы жоғарғы нәтижелері үшін Қарағанды политехникалық институты Жоғарғы үкіметтік наградаларға ие болды. 1976 жылы Еңбек Қызыл Ту Ордені, 1972 жылы Мерейтойлық Құрмет белгісі, Қазақстан Республикасы Алтын Құрмет кітабына екі рет жазылған, Ауыспалы Қызыл Ту Орденімен тоғыз рет және бірнеше Құрмет Грамоталарымен марапатталған.

Қазақстан Республикасы халық шаруашылығын, Жоғарғы білім беруді дамытудағы, білікті мамандар даярлаудағы еңбектері үшін Ә.С.Сағыновқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ә.С.Сағынов Мемлекеттік сыйлықтардың екі мәрте лауреаты, екі рет Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен, Халықтар достығы орденімен, медальдармен, грамоталармен марапатталған.

Біздің Республикамыздың жетекші ғалымы болғандықтан, Ә.С.Сағынов Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының толық мүшесі болып сайланды.

Ә.С.Сағынов - 200 ғылыми мақаланың, 18 монографияның авторы.

Ә.С.Сағынов 2006 жылы қыркүйек айында қайтыс болды.

Тапсырмалар:

1. Мәтінді оқыңыз, қысқаша мазмұнын айтыңыз.

2. Мәтінге сұрақ қойып, сұраққа жауап беріңіз.

3. Бос орындарды толтырыңыз.

4. Ә.С.Сағынов атындағы көрме туралы айтып беріңіз.

5. Мына сөздерге жіктік жалғауларын жалғап, жіктеңіз. доктор, бастық, ғалым.

Әскери-техникалық институты

Оқу кеңесінің негізінде (№5 хаттама, 2009 жыл, 30 қаңтар), ректордың 2009 жылдың ақпан № 118 айындағы бұйрығымен құрылды. Институт құрамына 2 кафедра кіреді. Олар: әскери кафедра және дене шынықтыру кафедрасы. Ректордың 22.06.2009 жылығы № 361 бұйрығымен институт құрамына жаңадан екі кафедра қосылды. Олар: кәсіби оқыту кафедрасы және алғашқы әскери дайындық кафедрасы. Институт деканы болып демалыстағы полковник Тюнин Игорь Дмитриевич тағайындалды. Игорь Дмитриевич 1952 жылы 3 наурызда Краснодар өңірінде туған. 1973 жылы Тюмендегі жоғары әскери-инженерлік училищені бітірген. 1986 жылдан бүгінгі күнге дейін университетте жұмыс істеп келеді.

2012-2013 оқу жылында институт директоры болып Сакауов С.К.

Институтта төмендегі мамандықтар бойынша бакалаврлар дайындалады.

5В012000 «Кәсіби оқыту».

Бұл кафедра негізінде келесі білім беру бағдарламалары бойынша мамандар дайындайды:

  • Машинажасау ондірісі;

  • Құрылыс;

  • Автокөлік техникасын пайдалану және жөндеу;

  • Информациялық технологиялар;

  • Экономика және менеджмент.

Бұл бағыттар бойынша білім берудің басты мақсаты: тұлғаның кәсіби – бағыттық білімін қалыптастыру.

Мамандандыруларына байланысты түлектерге «бакалавр» академиялық деңгейі және «кәсіптік оқыту және жалпы техникалық пәндер оқытушысы», кәсіптік және техникалық білім жүйесіндегі өндірістік оқыту шебері болып жұмыс істей алады.

Кафедра негізінде кәсіби білім беру ғылыми-зерттеу институты құрылған. Кафедра оқытушылары өз білімдерін жетілдіру үшін әрқашан «білімді жоғарлату» курстарынан өтіп отырады.  

5В010400 – «Алғашқы әскери дайындық». Тек қана біздің университетте осы мамандық бойынша «запастағы лейтенант» әскери атағы беріледі. Бұл бағыттар бойынша білім берудің басты мақсаты: әскери дайындық негіздері бойынша жоғары кәсіби, бәсекеге қабілетті мамандар дайындау; патриоттық тәрбие беру және Отан алдыңдағы борышын өтеуге деген құлшыныстарын ояту.

Алғашқы әскери дайындық бакалавриаты бойынша түлектерге «алғашқы әскери дайындық бакалавры» деген академиялық деңгей беріледі.

Әскери-патриоттық, спорттық, пішіндегі мекемелер мен ұйымдарда маман, ұйымдастырушы болып жұмыс істей алады.

Әскери кафедра – 1953 жылы 18 маусымда № 1274 бұйрығы негізінде Қарағанды тау-кен институты жанында құрылған. Қазіргі кезде кафедра 6 әскери-есептік мамандық бойынша дайындық жүргізеді. Әскери кафедрада оқу ұзақтығы – 2,5 жыл. Әскери кафедрада оқу тек мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асады.

Тапсырмалар:

1.Мәтінді оқып, аударыңыз.

2. Сөздік бойынша жұмыс жасаңыз.

3.Кафедраның ғылыми – зерттеу жұмыстары мынадай нұсқаулар арқылы жүргізіледі: Қазақстан экономикасының құрылыс өзгерісі, өнеркәсіптік кәсіпорынның адаптациялық басқармасы, минералдық шикізаттың кешендік қолданылуы, ЖКХ реформалау. Берілген сөйлемдердегі етістіктердің райларын ажыратыңыз.

4. Университеттің институттарын айтып шығыңыз. Өз институт жайлы әңгімелеңіз.

5. Институт ғимаратын, оның әр қабатын суреттеңіз.

6. Мәтін бойынша сұрақтарға жауап беріңіз.

  • Институтың тарихын әңгімелеңіз.

  • Институт қандай мамандықтар шығарады.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Күзекова З. Қазақ тілі. Жоғары оқу орындарына арналған оқулық (тілдерді оқытып үйретудің ортаңғы кезеңі үшін). Астана: Таным, 2003.

2. Күзекова З., Қарақұсова Г. Қазақ тілі (ЖОО экономика факультеттеріне арналған). Алматы: Қаржы-қаражат, 1997.

3. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы). Алматы, 1998.

4. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.

СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары:

  1. Ә.С.Сағыновтың өмірі мен шығармашылығы. Реферат.

  2. Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны туралы баяндама жасаңыз.

13-тақырып. Кәсіби бәсекелестік. Бәсекеге қабілетті азаматтар – Қазақстанның болашағы. Қазақстан – 2030 стратегиясы. Етіс категориясы.

Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары

1. Грамматикалық тақырыптарға мысалдарды мәтіндерден табу.

2. Тапсырмаларды орындау.

3. Мәтіндерден жаңа сөздерді сөздікпен аударту.

4. Өтілген тақырыптар бойынша студенттерге сұрақтар қою.

КӘСІБИ БӘСЕКЕЛЕСТІК

ХХІ ғасырда тәуелсіз Қазақстанның болашағы білім мен ғылымда. Елбасы өзінің Жолдауында білім беру мәселесіне айрықша мән берген. Мемлекетіміздің инновациялық стратегиясын жүзеге асыруды – болашақтың бағдарламасы деп атаған. Қазақстанның халықаралық бәсе­кеге қабілеттілігін арттырудың мақсатты міндеттері бұл әлемдік сапа стандарттарына сай бәсекеге қабілетті білімді қамтамасыз ету талаптары болып табылады.

Еліміз егемендік алып, қоғамдық өмірдің барлық салаларында, соның ішінде, білім беру саласында да, жаңа технологияларды енгізу, компьютерлендіру бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыруға жол ашуда. Жоғары білімді дамытудың негізгі мақсаты мамандар даярлау сапасын арттыру, инновациялық білімді дамыту, жоғары оқу орындары зерттеулерінің әлеуметтік сала мен экономиканың қажеттіліктерімен тығыз байланысы, білім беру және ақпараттық технологияларды жетілдіру болып табылады.

Ұлы Абайдың адамның үш қасиеті “нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек” деген пайымы осы замандағы басымдықтарды – ғылым және білімді /ақыл-парасаттылық аспект/, инновациялық жүйені /қызметтік аспект/, ұлттың рухани әлеуеті мен мәдениетін /құнды­лықты аспект/ дамытудың қажетті шарттары болып табылады.

Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі – бұл әрбір қазақстандықтың, барша қоғамның және мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі. Әрқайсымыз да бәсекелестікті үйренуіміз және бәсеке жағдайында жеңімпаз бола білуіміз керек.

Бәсекеге қабілетті интеллектуалдық күші жетік маман кадрлар болмай, әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай экономика дамымайды.

Тапсырмалар:

1. Мәтінді мәнерлеп оқыңыз.

2. Мына сөз тіркестерін есте сақтаңыз: халықаралық бәсе­кеге, ұлттық бәсекелестік, еліміз егемендік алып, нұр­лы ақыл, ыстық қайрат, жылы жү­рек

3. Мәтіннің мазмұнын әңгімелеп беріңіз.

4. Осы тақырыпта сұхбаттасыңыз.

5. Сіз кәсіби бәсекелестікке дайынсыз ба? Өз пікіріңізді айтыңыз.

6. Білім, еңбек, оқу туралы қандай мақал-мәтелдер білесіздер?

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ АЗАМАТТАР – ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ.

Әлемдік нарықта Қазақстанның қазіргі уақыт жағдайында басымдық негізгі бәсекесі жоғарғы білікті, шапшаң әрекет ететін адамдық капитал болуы қажет. Атап айтқанда, елдің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі көрсеткіші - халық өмірінің жоғары деңгейі мен сапасы болып табылады.

Сондықтан елді дамытудың жаңа кезеңінде халықтың әлеуметтік жағдайын ауқымды жақсартудан басталып отыр. Қоғамдағы барлық бөліктердің өмір деңгейін жақсарту арқылы одан әрі ілгерілеу жолына түсеміз.

«Нұр Отан» партиясы бәсекеге қабілетті адам капиталын дамытуға бюджеттік ресурстарды топтауды қамтамасыз етеді. Біздің мақсатымыз әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілетті ғылым, басқару, инженерлік-техникалық элиталық жаңа формацияларды құру болып табылады.

Қазақстандықтардың лайықты тұрғын үймен қамтамасыз етілуі, тұрақты кірісінің болуы, сапалы білім алуы, медициналық көмек алуы, демалысқа және туристік қызметтерге қаражат жұмсауы және лайықты қарттықпен қамтамасыз етілуі қажет.

Тапсырмалар:

  1. Мәтіннен жаңа сөздерді аударыңдар.

  2. Мәтінді оқып, аударыңдар.

  3. Сіз Қазақстанның болашағы үшін не істейсіз? Ситуативтік тапсырма.

  4. Мәтіннен сөз тіркестерін тауып, сөйлемдер кұрастырыңдар.

«ҚАЗАҚСТАН – 2030»

СТРАТЕГИЯСЫ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ КӨЗІ.

Біз бүгінгі кезеңнің міндеттерінен өзге біздің ұрпақтың келер ұрпақтар алдында орасан зор жауапкершілік жүгін арқалайтынын, әкелер мен аналардың, аталар мен әжелердің өз балалары мен немерелері алдындағы жауапкершілігін күнделікті есте ұстауға тиіспіз.

Бір данагөй: егер сіз қайда бет алып бара жатқаныңызды білмейтін болсаңыз, онда сізді ол жерге кез келген жол алып баруы мүмкін деген екен. Осыны естен шығармай, болашақтың моделін жалпыланған түрде және нақты қысқа мерзімді мақсаттар түрінде ұдайы көз алдымызда бір бағдар етіп ұстауға тиіспіз. Мұның өзі қандай да бір іс - әрекетке кірісе отырып – біз дұрыс бағытпен жүріп келеміз бе, әлде бағдардан ауытқыдық па, оқиғалардан ілгеріге оздық па, әлде шабандап қалып келеміз бе – ұдайы таразылап отыру қажет.

Бүгінгі күнде ертеңгі күнмен ойша салыстырған кезде, бұл процесті сан рет қайталай отырып, мәслелердің ауқымы мен олардың маңызын өзгеше қабылдайсың. Өзімізді әлем мен бүкіл планетаның бір бөлігі ретінде түйсіне отырып, біз жаңа дәуір мен жаңа уақыттың тынысын олардың жуықтай түскенін сезінеміз.

(Нұрсұлтан Назарбаев)

Тапсырмалар.

  1. Мәтін бойынша сөздерді теріп жазып, сөздік құрастырыңыз.

  2. Мәтінді оқып аударып, түсінгендеріңіз туралы әңгімелеңіз.

  3. Болашақ, мақсат, ұрпақ, жауапкершілік, маңызды сөздерімен сөйлем құрастырыңыз.

  4. «Қазақстан – 2030» стратегиясы» бойынша өз ойыңызды жазып әңгімелеңіз.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Сүлейменова Э., Қадашева Қ., Аханова Д. Қазақ тілі. Учебный комплекс. Алматы, 1996.

2. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.

3. Түймебаев Ж. Қазақ тілі (Грамматикалық анықтағыш). Алматы, 1991.

СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары:

1. Әңгіме «Кәсіби бәсекелестік»

2. «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан » тақырыбына сұхбат

14-тақырып. Аралық тест. Студент - болашақ басшы, істі ұйымдастырушы, мемлекет қайраткері. Жастар – еліміздің болашағы. Етістіктердің жіктелуі.

Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары

1. Грамматикалық тақырыптарға мысалдарды мәтіндерден табу.

2. Тест тапсырмаларды орындау.

3. Мәтіндерден жаңа сөздерді сөздікпен аударту.

4. Өтілген тақырыптар бойынша студенттерге сұрақтар қою.

АРАЛЫҚ ТЕСТ

СТУДЕНТ - БОЛАШАҚ БАСШЫ, ІСТІ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ

«Қоғам» ұғымы біздің ойымызға алдымен «Қызыл Крест-Қызыл Жарты Ай қоғамы», «Кітап сүюшілер қоғамы» сияқты адамдардың топтасып, белгілі бір пайдалы іс тындыруға бағытталған ұйымдарын еске түсіреді.

Қоғам сөзі бұдан ауқымды және күрделі мағынада да қолданылады. Мысалы, Қазақстан қоғамы дегенде, біз өзіміз азаматы болып табылатын мемлекетті, оның халқын ойға аламыз. Әр жеке адам қоғаммен ондаған, жүздеген арналар арқылы байланыс жасайды. Бір мезгілде адам бірнеше – отбасы, еңбек, кәсіподақ, саяси партия, балабақша, мектеп, университет, футбол командасы, тұрғын үй-құрылыс кооперативі сияқты бірлесумен байланыста болуы мүмкін. Қоғамдық қатынастар материалдық және рухани қатынастарға жіктеледі.

Қоғам тіршілігіне қажеттінің бәрін табиғаттан алады. Өйткені ол қоршаған ортамен тығыз байланыста өмір сүреді. Материалдық игіліктерді өндіруі, адам қоғамының өмір сүруі мен дамуы үш бағыттан тұрады: адам мен адамдар арасындағы; қоғам мен қоғам арасындағы; қоғам мен табиғат арасындағы.

Азаматтардың маңызды құқықтарының бірі – көркемдік, ғылыми және техникалық шығармашылық еңбекпен айналысу. Мемлекет студенттердің және азаматтардың рухани шығармашылыққа ұмтылуын қолдап отырады.

Жоғары оқу орындарын бітіргендер болашақта Қазақстан Республикасының өркендеуі мен гүлденуі үшін алған білімдерін әр түрлі салаларда, кәсіпорындар мен ұйымдарда тәжірибе жүзінде жүзеге асырады.

Студент болашақта жеке кәсіпкер, мемлекет қайраткері, ғалым, тәжірибелі маман, ұжымда үлгілі, Отанына жанашыр, қоғамға сыйлы азамат болады. Өйткені білім алған азаматтар ғана мемлекеттің басқару ұйымдарында, мекемелерінде жұмыс істей алады.

Тапсырмалар:

1. Мәтінді бөлімдерге бөліп оқыңыз, аударыңыз.

2. Мәтінді оқып, мазмұнын түсіндіріңіз.

3. Мәтін бойынша 10 зат есімді тауып, мағыналық түрлерін ажыратыңыз.

4. Студент жастардың Қазақстанның гүлденуіне қосар үлесі қандай? Сіздің пікіріңіз.

5. Мәтіндегі хабарлы сөйлемдерді сұраулы сөйлемдерге айналдырыңыз.

ЖАСТАР – ЕЛІМІЗДІҢ БОЛАШАҒЫ

«Нұр Отан» партиясы жастарға елімізді дамытудың маңызды стратегиялық ресурстарының бірі ретінде қарайды және олардың саяси өмірге белсенді қатысуына мүдделі. Партияның «Жас Отан» Жастар қанаты еліміздің өмірінде саяси және әлеуметтік-экономикалық негізгі бағыттары бойынша және жастар бастамаларын алға жылжыту орталығы болып табылады. Мыналарды іске асыру қажет деп есептейміз:

– бюджеттен қаржыландыру мен қамтамасыз етілетін «Жастар саясаты туралы» заңды жүзеге асыру бойынша мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу және қабылдау;

– әлеуметтік жастар инфрақұрылымдармен (аула клубтары, спорт залдары, стадиондар, фитнес-орталықтары және жастардың өзге де демалыс нысандары) қамтамасыз етудің мемлекеттік стандарттарын әзірлеп, қабылдау және соларға сәйкес инфрақұрылымдар құрылысы бойынша мемлекеттік және аймақтық инвестициялық бағдарламалар дайындау;

– жастардың кәсіпкерлігін қолдаудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу;

    • белсенді жас азаматтарды мемлекеттік қызметке іріктеу, оқыту және өсіру арқылы, үкіметтік емес жастар ұйымдарының қызметіне қолдау көрсету арқылы мемлекетті басқаруға жастардың қатысуы үшін қолайлы жағдайлар жасау;

    • мемлекеттік гранттар есебінен оқитындар үшін мемлекеттік үлестіру жүйесін енгізу және кепілденген әлеуметтік пакет (әлеуметтік немесе ипотекалық баспана, көтермелеу қаражаты т.б.) берілетін жас мамандардың мәртебесін заңнамалық тұрғыда айқындау;

– жас мамандардың бір немесе одан артық бала тууына байланысты тұрғын тұрғын үй несиелерін өтеу үшін оларға мемлекеттік дотациялар беру;

– жастар мен жасөспірімдер арасында есірткі мен алкогольді таратуды алдын алуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруды қатаң бақылауға алу.

Тапсырмалар:

1. Мәтіннен жаңа сөздерді аударыңдар.

2. Мәтінді оқып, аударыңдар.

3 .Сіз Қазақстанның болашағы үшін не істейсіз? Ситуативтік тапсырма.

4. Мәтіннен сөз тіркестерін тауып, сөйлемдер кұрастырыңдар.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Сүлейменова Э., Қадашева Қ., Аханова Д. Қазақ тілі. Учебный комплекс. Алматы, 1996.

2. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.

3. Түймебаев Ж. Қазақ тілі (Грамматикалық анықтағыш). Алматы, 1991.

СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары:

1. Әңгіме «Студенттің қоғамдағы рөлі»

2. Шығарма «Жастар еліміздің болашағы»

15-тақырып. Қайталау. Қорытынды. Емтиханға дайындық.

Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары

1. Грамматикадан өтілген тақырыптарды қайталау.

2. Лексикалық тақырыптарды қайталау.

3. Өтілген тақырыптар бойынша студенттерге сұрақтар қою.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]