Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ТОРАЙ ТАРИХЫ.docx
Скачиваний:
17
Добавлен:
18.02.2016
Размер:
73.02 Кб
Скачать

ТОРҒАЙ ТАРИХЫ

Қазақстан – қазақ елінің ата –мекені. Өскен жері, өзен-көлі, тау мен тасы, ну орманы бірігіп бір тұтас мекенді құрайды. Осы мекенді келер ұрпаққа аманат етіп кеткен біздің ата-бабаларымыздың өткен өмірі, кешкен тіршілігі бізге аңыз әңгімелер мен жырлар арқылы жазылып қалған. Байтақ елдің кешегі жаугершілік замандардан аман- есен қалуы перзенттерінің даналары мен дараларының ерен еңбегі мен көрегенділігі мен білімділігінің арқасы. Атамекен ата-баба мекені қазақ тарихынан кішкентайда болса өзіндік орын алған Қарт Торғай елінің тарихымен оны мекендеген ата-бабалары жайлы болмақ. Торғай қаласы – ұлы даланың төсіне таққан алқасы, тарихтың алтын сандық іспеттес. Онда халқымыздың сұлу тарихы сақтаулы. Бұл дала ықылым дәуір даласы қарт Торғай даласымен жалғасып жатыр. Ұлы даланың көне тарихи шығуы ежелгі замандарға бастайды. Бұл жерден кімдер өтті екен, кімдердің табанының ізі қалды ? Құс ұшып құлан жортқан далаға Торғай атын кім тастап кеткен. Кең даланы еркін жайлаған түріктер ме ? Ежелгі бабаларымыз сақтар ма екен? Болжам көп. Қалай болғанда да даланың аты көктен түспегені , жердің сипатына қарай қалыптасқаны аян. Торғай деген жағрапия ғылымында -бұл мынау Тайга мен Тұран өлкесінің ортасында жатқан кең де көлемді қазалы кең байтақ жер. Яғни, Үй өзенінің бергі беті оңтүстігі Торғай өзенінің солтүстік жағы, батысында Орал, Жайық, шығысында Есіл. Осы төрт шекараның ортасы Торғай елі, Торғай ойпаты, Торғай қыраты, Торғай қақпасы. Тайга мен Тұран арасындағы алып аймаққа Торғай даласына қызықпаған кім бар. Ата-бабамыз ұлан байтақ өлкені қысық көз, қиғаш қас жаудан білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғады. Ал, жерімізге көз сұғын қадаған орыс отаршылары қазақты жоңғар мен қалмақтан, одан қалса қытайдан бас сауғалатпақ боп ХҮІІІ-ғасырдың ортасында жерін бодандыққа ала бастады. Бұл отарлаудың басы болды. Қазақ даласын отарлауды тездету жолында 1824 жылы Орынбор генерал-губернаторы П.К.Эссеннің басшылығымен жасалған Орынбор қазақтарын басқару туралы Ереже қабылданды. Ол ереже бойынша хандық билік таратылды. Орынбор қазақтары Шығыс, Орта, Батыс бөлік болып үшке бөлінді. Торғай осы үш бөліктің шығысына қарады. Сөйтіп, 1845 жылы Торғай өзенінің оң жағасына бекіністің іргесі қаланды да, Орынбор қазақтарының бірнеше отбасы көшіріліп әкелінді. Оларды жерсіндіріп, тұрақтандыру үшін әскери міндеттен, салықтан босатты. Шаруашылығын жөндеуге мемлекет тарапынан қаржы берді. Оларды жергілікті халықтың шабуылынан қорғау мақсатында екі рота солдат ұстады. Сөйтп, 1868 жылы 21-қазанда «Орынбор даласындағы және Сібір ведомствосына қарайтын қазақтарды, Орал мен Сібір қазақ әскерін басқару жөніндегі қиындықтар мен қолайсыздықтарды жою мақсатында» деген желеумен жаңа Ережені шығарды. Бұл Ереже бойынша Торғай, Орал, Ақмола облыстары құрылды. Осы Ереже негізінде бұрынғы Орынбор облыстық басқармасы таратылып, орнына Торғай облыстық басқармасы құрылды. Бірақ, оның әкімшілік орталығының мекенжайы Орынборда қалды. Торғай облысы солтүстігінде Орынбор губернесімен , батысында Орал, оңтүстігінде Сырдария , шығысында Ақмола облыстарымен шектесті. Торғай облысы Торғай , Ырғыз, Елек, Николаев деген төрт уезге бөлінді.

Торғай тарихы тым көне, атауы қалың елі тыныс- тіршілігімен әр кезең үндесіп жатқан. Ел тарихына қатынасты көптеген оқиғалар осы өңірде өткен.

Торғай қаласының іргетасы 1845 жылдың 22 шілдесінде қаланды. Торғай қашаннан қала атануы әскери губернатордың жоғарыдағы жарлық негізінде жатса керек.

Қалада бекініс негізі, алдымен казарма салынған. Кейінгі аласапыран ұрыстар салдарынан құлаған казарма кірпішінен 1931-32 жылы Торғайда халық «Қызыл бәлнес» атап кеткен үлкен аурухана салынады.

Алты көшелі қаланың терістігінде, алыстан көрінетін үлкен күмбезді шіркеуі болыпты.Үш көше тоғысатын қала орталығында алаң болған. Мұнда қала зиялыларымен татар саудагерлерінің үйлері орын тебеді. Губернияның әкімшілік үйі, қазыналық банк қаланың түскей беті,өзен жағасында орналасқан. Жәрмеңке алаңында осы бетте , қаладан оқшалау оңтүстігінде.Мешіт қаланың батыс беткейі, орталық тұсынан кейінірек салынады. Қаланың алғашқы тұрғындары «қарашекпенділер» орыс босқындары мен атты казактардан тұрған.Оларға ілесе саудагер татарлар көптеп келіп орналаса бастайды. 1855 жылы Торғайда бірінші гильдиялық көпес Жаушевтердің / Яушев/ сауда орындары ашылады.

1876 жылы қалада 570 тұрғын болса, 1902 жылы тұрғындардың саны 1180 жетеді. Торғайдың ресми түрде қала атануы 1868 жылы болса керек, оған дейін Торғай бекінісі немесе Орынбор бекінісі аталып келген.

Ы.Алтынсариннің мектеп ашуына орай оқу-ағарту ісі де дами бастайды. Халқымыздың аяулы ұлдарының бірі Ы.Алтынсарин 1864 жылы Торғайда тұңғыш рет мектеп ашады. Қаланың байырғы тұрғындары қатарында ағартушы ұстаз Алтынсариннің, губернатор Яковлевтың, дәрігер Гориннің, мал дәрігері Штангельдің, медбике Соколованың есімдері қатар аталады. Ы.Алтынсариннің басшылығымен кәсіптік училище, қыздар мектебі ашылады. Торғай кәсіптік училищесінде кезінде Ә.Жангелдин, қыздар мектебінде Н.Құлжанова мен А.Досжановалар оқыған.

Далалық өлке Торғай облысының көлемі патшалық кезеңде кең болған. Облыстың жер шегі онда Қостанай, Ақмола, Жезқазған, Ақтөбе, Орынбормен шектеседі. Торғай осы өлкенің орталығы саналғанмен, мұнда губернаторлар тұрмаған. Ол кіші Ресейге жақын шойын жол қатынасы бар қалада облысты басқарған. Бәрібір. Торғай сол кезде осындай кең де өлкенің, мәдени, байланыс, сауда орталығы болды.

Торғай жәрмеңкесі тұңғыш 1890 жылы 20 мамырда өтіпті. Жәрмеңке алаңы жоғарыда сөз болғандай, қаланың оңтүстігінде өзен иірімінде екен. Жәрмеңке Ресей Қазақ елімен қоныслас қалаларынан орыс көпестері мен татар саудагерлері тең-тең мата, қант, жәшік-жәшік шайлармен келген. Ине, жіпке дейін солар әкеп тұрған. Түстіктен қазақ байлары отар-отар қой, үйір-үйір жылқы айдап әкеліп, базар сәнін келтіреді екен. Ақын, жыршы, әнші сияқты ел өнерпаздары да осындайда көпке танылыпты. Палуандар да жәрмеңке думанында күш сынасады.

«Сәтбай салған сара жол» бойымен Торғайға ағылған керуен тізбегі ғана емес, қаланың барша әлеммен сол кездегі ғылым жаңалығы – телеграф жалғасы да жалғастырып тұрған. Торғай – Ырғыз - Ақтөбе телеграф байланысы жұмыс істеп тұрған. Мыңдаған шақырымдарға созылған бағандар басындағы сым арқылы морзе әріпімен керекті хабарлар Ресейдің барша қалаларына беріліп тұрған. Осынау телеграф арқылы кезеңде А.Байтұрсынұлы мен Ә.Жангелдиндер Петроградтағы Ленинмен де тура байланысқа шығады. Торғай тұрғындары жалғыз сымды телеграф байланысын алпысыншы жылдарға дейін көрді.

Ел тарихында Торғай атауымен қатар аталатын есім Ы.Алтынсариннің аты. Ұлы ағартушының барша творчестволық қызметі осы қаламен байланысты өтеді. Дала төсінде тұңғыш мектеп ашты. Екі сыныптық орыс-қазақ мектебі,кәсіби училище, қыздар мектебі. Қалады оқу-ағарту орындарының ашылуына Ы.Алтынсариннің нағашысы Шеген әулетінің көп көмегі тиді. Қазақ елінің бостандығы жолында күрескен Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынов пен М.Дулатов, Республиканың жер шаруашылығы халық комиссары Кәрім Тоқтабаевтар да Ыбырай мектебінен қанаттанады. Ыбырайдың «Кел, балалар, оқылық» уағызы, Ақаң мен Жақаңның «Оян,қазақ!» ұранымен осылайша сабақтастық тапты.

Елдегі көптеген тарихи оқиғалардың түпқазық, кіндігі де Торғай болған. Орыс патшалығының басқыншылық саясатына қарсы бас көтерудің, қарсылық білдірудің, құлдығына көнбейміз дегендей қыр көрсетудің де алғашқы белгілері Торғайда туындаған.

1916 жылы Торғайлықтар атқа қонып, үлкен бүлікті бастайды. Қазақтан қара жұмысқа адам алу туралы патша жарлығы ел ішінде толқу туғызады. Бұл кезде Ақаң мен Жақаңдар туған жерден тысқары Орынбор, Семей жағында жүрген болатын. «Солдатқа адам бермейміз» деген көтерілісшілердің басшылары Әбдіғапар, Оспан, Амангелді мен Кейкі болды. Көтерісшілер солдатқа шақырғандардың тізімін өртеді. Әбдіғапар мен Оспанды хан сайлап алды.

Кеңес өкіметі Торғайда қиын кезеңде орнады. Он алтыншы жылдан басталған дүрбелең елді қатты күйзелткен - ді. Елдің барша ері үш жыл бойы ат жалында болып, тыныштық іздеген ауыл тұрғындары түйе қомында көшіп жүрді. Атыс-шабыс «Ақтар келді», «Қызылдар орнады» дегендей жағалай көшу елді әбден аздырған еді.

Өзі де күйзелген шаруаға табиғат зауалы тағы да зардабын тигізді. Жаз жаңбыр таңбай құрғақщылық жайлады, қыс қызыл шұнақ аяз, боран болды. Мал жұттан қырылды. Жиырмасыншы жылдары қоян жылғы аштық осылайша басталды. Тігерге тұяғы қалмаған ел, жұттан кейін босып кетті.

Келер жылдары Торғай тұрғындарына жер-жерден көмек көрсетіле бастады. Жұтқа ұшыраған Торғай еліне Семей облысынан да көп мал жиналып, айдалып әкеліп, үлестірілді. Мал өсірумен қатар, ел егін салумен айналысады.Қазақстан кеңестерінің екінші съезінің шешімі бойынша 1922 жылы наурыз, сәуір айларында елді аралайтын «Қызыл керуен» отряды ұйымдастырылды. Керуеннің негізгі мақсаты - елді кеңестендіруді насихаттап, аштықтан күйзелген жұртшылыққа қолма-қол көмек көрсету болды. Халық комиссары Әліби Жангелдин басқарған «Қызыл керуеннің» құрамында Республиканың барлық халық комиссариатының өкілдері болған.

Кеңес кезінде әуелі облыстар ажыратылып, уездер тікелей өлкеге қарайтын болды.Осы кезең жері бүгінгіден де шексіз Торғай өңірін басқару, шаруашылықтарға жетекшілік жасау қиындап кетеді. 1932 жылы қайыра облыстар ашылып, Торғай ауданы Ақтөбе облысына қарайды. Елді ұжымдандыру басталды. Жекенің мал, құралы серіктікке өткізіліп жатты. Ұстаған ұран : «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» болды. Бәріде ортақшылдыққа көшірілді. Малы барлар тәркілеуге ілікті, байлары жер аударылып жатты. Голощекиннің Республикада жасаған «Кіші төңкеріс» елді қынадай қырды. Қазақстанды жаппай ашаршылық жайлады. Оның зардабы жері шалғай Торғай тұрғындарына тіпті де ауыр тиді.Ортақшылдық малы көрінгеннің қолында, белсенділердің жолында кетті.Малдан айрылған ел күндерін көре алмай босып кетті.

Мысалы, бұрын екінші ауылдық кеңес аталатын Торғайдың «Аққұм» ауылының тұрғындарынан сол жылдары із қалмады. 1932 жылғы аштық қоян жылғы аштықтан да ауыр болды.

Торғайлықтар Ұлы Отан соғысы жылдарында да төңкерісшіл ерлік дәстүрлерінен танған жоқ. Отты майдан ортасында жауынгерлерді астықпен, киіммен қамтамасыз етті. Шағын Торғай ауданынан ғана майданға аттанғандардан 2184 адам туған топырағына оралмаған. Жеңіс күнін жақындата түскен Торғайлық жауынгерлердің алғы сапында жерлесіміз Мырзағали Жангелов болды. 1940 жылы Москвадағы Фрунзе атындағы академияны бітіреді. Жауынгерлік жолын Москва үшін ұрыстардан бастаған. М.Жангелов соғысты Берлинде аяқтайды. Соғыстан кейін Торғайда тұрып, ұзақ жыл еңбек етті. Бүгінде қаланың бір көшесі полковник М.Жангеловтың атымен аталады.

Майдан үшін тылда еңбек еткен торғайлықтардың да үлесі ұшаң-теңіз болды. Торғай тылынан майданға 21227 астық, 8232 кило ақталған тары, 17760 келі ет, 2880 келі сары май жіберілді, жүннен тоқылған қолғап пен шұлық, 3700 центнер жүн, 5448 жылы киім салынды. Танк колоннасын жасауға 757802 сом қаржы жтналды.

Соғыстан кейінгі жылдары еңбектің тай қазанын тасытқан жылдар болды.Еңбекке деген құлшыныс күшті болды. 1949 жылы ауданның бір топ еңбек озаттарына құрметті атақтар беріліп, орден, медальдармен наградталды. Біздің ауданнан Социалистік Еңбек Ері атағына Әбжан Тұрманов, Хамза Нарынбаев, Жексенбай Қондышев, Едірес Нұрпеисов, Фатхолла Кірмандаевтар ие болды.

Жоғарыда сөз болғандай, Торғай өңірінің тарихи даңқына орай , мәдени мұрасы да баршылық. Ел тарихынан көрініс беріп, өткенді еске салар мұражайлар көптеп ашылды. Бүгінде көне Торғай қаласында сонау, ХҮІІІ-ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы кезіндегі ел қорғаған қазақ елінің бірлігі мен тұтастығы жолында күрескен халық батыры, тархан баһадүр бабамыз Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы тарихи мұражайы, қазақ даласына тұңғыш мектеп ашқан, елді сауаттылыққа шақырған Ыбырай Алтынсариннің мемориалды-педагогикалық мұражайы, ел перзенті Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби мұражайы, Кеңес дәуірі кезінде Қазақстан Республикасының Министрлер Советінің төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың өкімімен 1984 жылы күзде Торғай қаласында екі қатарлы сәулетті ғимаратта Әліби Жангелдиннің ерлік істері мен өмір жолы, азаттық жолындағы тұлғаның замандастары мен үзеңгілес серіктері, сарбаздары мен сол кездегі қоғамдық өмірдегі маңызды мәселелерді қамтыған деректер мен дәйектер қамтылып – осы Торғай өлкесіндегі төңкеріс тұсындағы ерлердің күресі, бостандық пен азаттық сүрлеуіндегі талмай жүргізілген күрестің негізгі жүйесі кеңінен қамтылған Ә.Т.Жангелдин әдеби мұражайлары жұмыс істейді. Ардагерлер үйі бар, Мешіт салынды.

Қала мұражайларының бастауы Амангелді Имановтың штаб-пәтерін қалпына келтіруден басталады. Көне Торғай қаласының бір орамын қалпына келтіріп, ескерткіш ретінде қалдыру қажеттігінен туындады. Бастама қолдау тауып, аудандық банктен арнайы қор ашылды. Амангелдінің штаб пәтеріне қатарлас, бұрынғы татар байының аумақты үйі де қайта қалпына келтірілді. Еліміздің қос арысы-Ахаң мен Жақаң есімдерінің ақталуына байланысты бұл үй – Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы атындағы әдеби мұражайға айналды. Мұражай алдынан Ахаң мен Жақаңның үлкен ескерткіші қойылды. Амангелдінің бұрынғы штаб – пәтері болған орын бүгінде – «Ардагерлер үйі» деп аталады. Онда халық батырының мұражай бөлмесі, ардагерлердің кеңес залында еңбек ардагерлері, елу шақты жерлестеріміздің суреттері ілінген. Қала қарттары «Ардагерлер үйінде» жиі бас қосып кеңесіп тұрады.

Халық батыры, 1916-1918 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі Амангелді Иманов пен Халық бостандығы жолында күрескер Әліби Жангелдиннің жарқын бейнелері арнайы мұражай төрінен орын алған.

... «Қаққан алғаш дабылды,

Қыр елінің ұланы

Торғай деген кәдімгі,

Қазақтың Ленинграды...»

деп кезінде Сырбай ақын Мәуленов жырлағанындай қаланың әр үйі Торғайлықтардың тәуелсіздік жолындағы күрес күндерінің белгісіндей. Осы орайда Торғайдағы Әліби Жангелдиннің тарихи-даңқ мұражайы елдің өткені, халқының этнографиялық мұра үлгілерінің қазына сарайы дерлік.

Әліби Жангелдин – төңкерісшіл қайраткер, қызыл комиссар танылған ел бостандығы жолындағы күрескер. Дүние жүзін жаяу аралаған жихангер. Өмірді шексіз сүйген ақкөңіл абзал парасатты ХХ ғасырдағы қазақ зиялысы.

Әліби Жангелдин 1884 жылы бұрынғы Торғай уезінің Қайдауыл деген жерінде туған. Торғайдағы қолөнер училищесінде оқиды.Орынбордың діни училищесін бітіреді.

1916-1917 жылдары Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісін басқарады. Амангелді Имановпен бірге көтеріліске басшылық жасайды.

1917 жылы Ә.Жангелдин Торғай облысының уақытша комиссары болып бекітіліп, В.Лениннің қолынан мандат алады. Қазақстанды советтендіру жұмыстарына қызу араласады.

1918 жылы Ақтөбе майданына Каспий теңізі –Маңғыстау құмдарымен қару-жарақ жеткізеді.

1922 жылы 20 мамыр мен 15 қыркүйек- «Қызыл керуен» отрядын басқарып Торғай, Ақмола, ПАвлодар, Семей... барлық халық комиссариаттарынан өкілдер болады. Ашыққан елге көмек, үгіт-насихат, советтендіру жұмыстарын Торғайда қолма-қол көмегін көрсетеді.

1984 жылы Қазақ ССР Министерлер комитетінің жарлығымен Ә.Т.Жангелдиннің 100 жылдық мерей тойы аталып, Торғай облысы, Жангелдин ауданына Жангелдинге арнап тарихи-мемориалды музейі ашылды.

Республиканың тәуелсіздік алуына орай халқымен қайыра табысқан ардақтыларымыздың бірі Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек тархан болды. Қазақ тарихындағы танымал тұлға даңқты қолбасшы, атақты би, дуалы ауыз шешен Шақшақ Жәнібек есімін жерлестері ерекше құрмет тұтып, батыр бабамызға арнайы күмбез салды. Ескерткіш орнатып, көрікті де үлкен алаңға атын берді.

Шақшақ Жәнібек алаңының нақ төрінде 17 Амангелді сарбаздарының Бейбіт белгісі бар. 1991 жылы мамыр-маусым айларында қайыра жерленген сарбаздар сапында:

Амангелді Иманов

Әбдрахманов Шарафиден

Бекжанов Жанділдә

Баймағанбетов Мағау

Бектасов Әубәкір

Бұзаубақов Дабай

Жарқынбаев Алпысбай

Кулаков И.Д.

Нарынбаев Сәкен

Нарынбаев Сейткерей

Нарынбаев Мәди

Никитин Н.В.

Сәбденов Б.

Токин Хакімбек

Тынымов Омар

Никандров Д.Ф. есімдері бар. 1919 жылы 22-мамырды ақ гвардияшылар азаптап, өлтірген бұл 17 адам арасында Амангелдінің сүйегі жоқ. Оның денесін әуелден-ақ «Аманат» деп жерлеп, келесі жылы алып кетеді. Қазіргі қабірі Амангелді селосында.

Ыбырай Алтынсарин есімі Торғай қаласы тарихымен астасып жатады. Қыр еліне білім нәрін әкелген Ыбырай болса, осынау рухани игілік Торғай қаласы арқылы тұс-тұсқа тарап жатқан ғой. Қала тұрғындары өз қаражаттарымен Ыбырай мектебін қайта жаңғыртқан-ды. Бүгінде осында халық ұстазы Ы.Алтынсариннің педагогикалық мұражайы бар.

Ақиық ақын Нұрхан Ахметбековтың мұражай-үйі жұмыс істейді. Торғай қаласынан тысқары, туған ауылдарында: Шиліде – Қайнекей Жармағанбетовтың, Жаркөлде – Шәміл Мұхамеджановтың, Көкалатта – Айса Нұрмановтың, Ақшығанақта- Кеңшілік Мырзабековтердің мұражайлары бар.

Торғай тарихының осынау көптеген мұражайларына лайықты көне мұрасы да, асыл адамдары есімі де баршылық. Ыбырай Алтынсариннің лайықты ізбасарлары қыр елінде рухани игіліктерді жасаушылар: Әбдіғали Балғынбаев, Қаражан Топаев, Николай Иванов, Ахмеджан Бұқарбаев... болып жалғаса береді. Ә.Балғынбаев – Кеңес өкіметінен бұрын-ақ елге танымал болған ағартушы ұстаз. Николай Гаврилович Иванов болса, Торғайдағы бүгінгі өз атындағы орыс орта мектебінің негізін қалаушы. Бүгінде Торғайдың бір көшесі Н.Иванов атында. Қ.Топаев пен А.Бұқарбаевтар – соғыстан бұрын-ақ омырауларына Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерін қадаған ұстаздар.

Торғайдан ХІХ ғасырдың, аяғы ХХ ғасырдың басында өмірге келген Нәзипа Сағызбайқызы Құлжанова, Аққағаз Сағындыққызы Досжановалар.

Нәзипа Құлжанова қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш мәдениет қайраткері, педагог, жазушы, журналист- публицист және аудармашы. Шығыс әйелдері съезін ұйымдастырушылардың бірі, Семейде әдебиет және мәдениет саласындағы істерге жетекші болды. 1920 жылдан бастап өмірінің соңғы жылдарына дейін Орынбор, Қызылорда, Алматы қалаларында тұрып, әйелдер теңдігі, «Қызыл Қазақстан» газет журналдарында С.Сейфуллин, Б. Майлин, С.Есова сияқты көрнекті қайраткерлермен бірге қызмет істеді, тұңғыш дәрігер Аққағаз Досжановалардың есімдері тарихтан өз орнын алды.

Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтардың есімін бүкіл республика біледі. Нұрғали оқу-ағарту ісіне белсене араласқан, Назипа болса жорналист, қоғам қайраткері. Нәзипа Құлжанова Абайды алғашқы уағыздаушылардың бірі. Талантты жерлестеріміз Құлжановтардың творчестволық қызметтері көбіне өздері жұмыс істеген Семей еліне қатысты болған. Олар көбірек Семей еліне сыйлы жандар.

Қазақтың тұңғыш дәрігер қызы Аққағаз Досжанова да кезінде Торғай қалалық училищесінде оқыған. Ағасы Сағындық Досжанов қалалық мектептерде ұстаз болып, төңкерісшіл жұмыстарға қатысады.

Жоғары білімді дәрігер Н.Г.Горин Торғайға төңкеріс қарсаңында келіп, ұзақ жылдар жұмыс істеген. Елдің қоғамдық істеріне де белсене араласты.

Халқымыздың рухани көсемі болған Ахмет Байтұрсынұлы мен Алашшыл азамат Міржақып Дулатұлының қаламгерлік үнін жалғастырушы ізбасарлары көп болды. Торғайда ақын, ғалым, қоғам қайраткері Қайнекей Жармағанбетов атындағы көше бар. Қатар сабақтасқан қос көше Сырбай Мәуленов пен Ғафу Қайырбеков атында. Жазушы Мұхамбетжан Дүзенов пен ақын Шәміл Мұхамеджанов, қыршын жастар Марат Нұрқалиев пен Кеңшілік Мырзабеков өмірден ертерек кетті. Республика жазушылары сапында жемісті еңбек етіп жүрген Қоғабай Сәрсекеев, Қойшығара Салғарин, Сейіт Кенжеахметов, Сабыржан Шүкіров, Төлен Әбдіков бар. Талантты ақындар Серік Тұрғынбеков, Серікбай Оспанов, Қонысбай Әбілов есімдерін деорынды мақтан етеміз. Жерлес ақындар жүрегі әрқашан туған жерге дегенде жалын атып тұрады.

Әбілбек Нұрмағанбетов,Фазылхан Бәйімбетов, Серікбай Айсағалиев, Сайлау мен Сәбит Байзақов, Әбдіғапар Сейтқасымов, Ибрагим Мұратов, Кенжеғали Сағадиев сынды ғылым докторлары мен ондаған жерлес ғылым кандидаттары бар.

Кеңестік жүйенің Коммунистік партиясы «бір уақытта өзі даттаған ұлын, 1988 жылдың қараша айының 4-і күні ресми ақтады ». Ақ түйенің қарны жарылып қазақтың бес арысы ақталған тұста Торғай жұрты Ахмет Байтұрсынұлы пен Міржақып Дулатұлын мәңгі есте қалдыру мақсатында өз қаржысымен 1991 жылы Республика көлемінде той жасап Ахмет Байтұрсынұлы пен Міржақып Дулатұлының әдеби мұражайын ашқан. Тәуелсіздігімізбен түйедей құрдас осы мұражай халыққа қызмет етіп, Ахаң мен Жақаңның өмір жолы, еңбегі, адамгершіліктерін, парасаттылықтарын, отансүйгіштіктерін жас ұрпаққа насихаттауда.

Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан Коммунистік партиясының ХҮІІ-съезінде жасаған баяндамасында « ... Халыққа Шәкәрім Құдайбердиевтің, Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Жүсіпбек Аймаутовтың, Міржақып Дулатовтың творчествосы қайтарылды. Қазақ ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің мұрасын зерттеп-үйрену басталды» деген болатын.

Торғайдағы Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы тарихи мұражайына тоқталатын болсақ

Сонау ертеден қазақ жерінің үлкен бір бөлігі Торғай атырабының тұтас әлемге танылуы Қошқарұлы Шақшақ Жәнібек тархан заманынан бері айбындана түсті. Торғай тарихында ғана емес – тұтас қазақ елінде бабамыз Шақшақ Жәнібек батырдың өшпес ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып жалғасып 300 жылдан – яғни, үш ғасырдан кейін бүгінгі ұрпақпен жалғасын табуда. Оған дәлел тәуелсіздіктің таңы атқан өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында – нақтылай айтсақ, 1993 бүгінгі Торғай қаласында батыр бабаның 300 жылдық мерейлі тойы республикалық деңгейде – аталып өтті. Батырға арналған ғылыми-практикалық конференцияға Республика ғылым академиясының сол кездегі президенті – марқұм Өмірзақ Сұлтанғазин бастаған ғалымдар қатысып – батыр, мәмілегер, дипломат, әрі шешен, әрі би – қарадан шықса да хандық дәрежеге атақ даңқын халқы жеткізген біртуар перзентіне елдің еңсесі көтерілер мерейтойы лайықты өтті.

Халықта «тойдың болғанынан боладысы қызық» деген қағида бар. Осы тұрғыдан келгенде осы мерейтой қарсаңында ауданның сол кездегі ел басқарған азаматтары Ресейдің Петербург, Мәскеу, Орынбор, Омбы қалаларындағы мемлекеттік мұражайлары мен мұрағаттарында болып құнды хаттамалар мен құжаттар, фотосуреттер көшірмесін түп нұсқадан алып игі шараның басталуына жол ашты. Сонымен қатар сол мерейтой қарсаңында Шақшақ Жәнібек мұражай ғимараты ұлттық өрнек пен үлгінің негізінде салынып күмбезді ғимарат бой көтерді. Осы мұражайды құнды деректермен толықтырып түзеуде, батырдың Абылайхан тұсындағы жоңғарлармен ұрыс кезіндегі қалмақ батыры жекпе-жегін бейнелеген үлкен зал жабдықталды. Оны тамашалаушылар сол үш ғасыр бұрынғы қазақ даласындағы ел мен жер үшін, Тәуелсіздік пен Егемендік үшін күрестің қандай дәрежеде өткендігін жүрек түкпірінен сезіне алатындай әсерде қабылдай бастады. Бұл әрине кейінгі ұрпақтың қазіргі тәуелсіздік таңы атқан тұста өз орнын, отанын ардақтап, ұлттық сезімімен ұштастыра алатындай деңгейге жеткізгендігін оған келушілер шынайы, жүрекжарды лебізімен білдіріп ондағы естелік киіз кітапқа қалдыруда.

Мұражайдағы құнды деректермен қатар батыр бабанын ұрпағы Әбдірашит Бектемисовтың жұбайы Ғалия жеңгеміз Шақшақ Жәнібек батыр туының қиындысын және осы батырдың туының негізі жөніндегі хатты ұсынды. Ел аузындағы, көнекөз қарттар аузындағы әпсаналар жинақталды. Бұл тек Торғайдың тарихы ғана емес, тұтас Қазақстан Республикасының тарихына қосылған алтын қор, өшпес – мәдени мұрасы.

Деректерге қарағанда Шақшақ Жәнібек 1752 жылы Тосын құмында жарық дүниемен қоштасты. Халқы құрметтеп оның мүрдесін қасиетті жер – Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне апарып жерлеген. Ол жөнінде Торғайлық дүлдүл ақын Сырбай Мәуленов:

Дүниеден өткенде қымбатты адам,

Ел егіліп, көз жасын құрғатпаған.

Шомылдырып Торғайдың толқынына,

Аршасымен Тосынның құндақтаған.

Жеткен хабар Сыр менен Жайық барып,

Ағытылған қүшағын жайып халық.

Алыстағы қоюға Түркістанға

Қара нарлар жөнелген шәйітті алып.

Баяғы тірісіндей көріп ерді,

Түркістан табытының соңына ерді.

Қожа Ахмет Яссауи күмбезінің

Құдығының қасынан орын берді, - деп талантты ұйымдастырушы, қолбасшыға деген халық құрметін әділ бағалаған.

Ә.Т.Жангелдин мұражайы - Кеңес дәуірі кезінде Қазақстан Республикасының Министрлер Советінің төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың өкімімен 1984 жылы күзде Торғай қаласында екі қатарлы сәулетті ғимаратта Әліби Жангелдиннің ерлік істері мен өмір жолы, азаттық жолындағы тұлғаның замандастары мен үзеңгілес серіктері, сарбаздары мен сол кездегі қоғамдық өмірдегі маңызды мәселелерді қамтыған деректер мен дәйектер қамтылып – осы Торғай өлкесіндегі төңкеріс тұсындағы ерлердің күресі, бостандық пен азаттық сүрлеуіндегі талмай жүргізілген күрестің негізгі жүйесі мұражайда кеңінен қамтылған. Әсіресе Торғай елінің басынан өткен қилы кезеңнің көріністері мұражайдағы жеті залды толық қамтыған әрі ол нақты құжаттармен сарытал болып сарғайған мұрағат қаттамаларымен мұнда келушілердің жүрегіне отаншылдық, ұлтын сүюшілік, туған ел мен жерін қастерлеу, өткенді бағамдеп бағалай білу, аталар дәстүрі мен ісіне адалдық – ең бастысы Қазақстан атты байтақта бақытты еліне деген шынай сезімге бөленеді.

Осы мұражайдың 7 залды қамтысақ: «Жол саяхаты», «Балалық шағы», «Этнографиялық бөлім», «Шалқар сапары және Ұлт - азаттық көтеріліс», «Қызыл керуен», «Коллективтендіру дәуірі», «Ұлы Отан соғысының отты жылдары», «Тың және тыңайған жерлерді игеру» тұсындағы нақты істер, «Ұлы Жеңіске – 65 жыл» деп аталатын бөлімен жалғаскан. Осы залдағы мәңгілік алау, басында мұражайды тамашалаушылар ерекше тебіреніске бөленеді.

Бұл мұражай тек аудан мен оның елді мекенін, халықтың дәстүрі мен салтын, заман ағымына сай өсіп өркендеуі, қилы да қиын кезеңдерден арқау тартумен шектелмей тұтас Қазақстан Республикасының 1916-1991 жылдар аралығындағы кезеңді тұтас қамтыған. Онда ер тағдыры мен ел тағдыры, ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапқан. Бір тұтас Торғай өлкесі, Қостанай аймағын өткенмен сабақтастырып, бүгінгі күнге араластырып, ертеңгі болашағына жалғастырар тіні – алтын арқауы.

Әліби Жангелдин Дала комиссары болып большевиктер көсемі В.И.Лениннің қолынан Мандат алған.

Ы.Алтынсарин педагогикалық - мемориалды мұражайы - Дарынды педагог,салиқалы ағартушы.ұстаз, аудармашы, ақын,өз тұсындағы қоғам қайраткері, елін сүйген ұлтжанды азамат 1864 жылдың 8 қаңтарында Торғай қазақ балаларына арналған 4-сыныптық орыс-қазақ мектебін салдырып, ашып – өзі дәріс беріп ұстаздық жолға түседі. Ал осындай өлкеде халқын, келер ұрпағын өнер мен білімге жетелеген ардақты атамызға арналған мұражай өткен ғасырдың сексенінші жылдарының алғашқы жартысында, ұстаз атындағы мектеп бітірушілер мен сол мектепте Ыбырай жолын қуған ұстаздардың қолдауымен пайдалануға берілді.

Ыбырай Алтынсарин мұражайының әр залынан өлкенің зиялы қауымы пір тұтқан Ыбырай бастаған ұстаздар тізбегінің екі ғасырға астасып жатқан өлшеусіз құнды ісіне куә боламыз. Осы мұражайдағы әр залдан өлкенің зиялы қауымы пір тұтқан Ыбырай бастаған ұстаздар тізбегінің екі ғасырға астасып жатқан өлшеусіз құнды ісіне куә боламыз. Осы жердің өзге өңірден өнер мен білімге, мәдениетке жоғары денгейге көтерілуіне Ыбырай жаққан білім шырағының маздағанына куә боласың. Нақтылай айтқанда Торғайдан мектепте білім алып, ғылым мен өнер әлеміне, әдебиет пен творчестволық үлкен деңгейге жеткен, қазақ деген халықтың даңқын асқақтатып, тұлғасын биіктеткен 100-ден астам ғылым докторлары мен кандидаттары, ондаған ақындар мен әнші жыршы, сазгерлері қанаттанғандығын осы мұражайдағы бай мұрағаттар мен құнды деректер толықтырады.

Мұражайдың әр залының өзіндік атауы бар.

  1. Мұражай тарихы

  2. Шығыс жұлдыздары. Далалық оқу мен мұсылманша сауаттану

  3. Ыбырайдың ата-тегі. Балалық шағы мен білім алған ордасы

  4. Ыбырай ағартушы –педагог, баспагер және оның достары

  5. Ыбырай ашқан мектептер тарихы, ізбасарлары мен шәкірттері

  6. Ыбырайға тағзым немесе құрмет

Мұражайда 6 экспозициялық залы, 3 әкімшілік бөлме, 1 акты залы бар.

Мұражайдың жалпы көлемі – 391,9 ш.м

Экспозициялық бөлме көлемі – 303 щ.м

А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының әдеби мұражайы.

Қос арыстың туған еліне оралу салтанатына орай Республикада тұңғыш рет Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың есімдері мен еңбектері елімен 50 жылдан астам уақыттан кейін қайта қауышуына орай мұражай кешені көрікті жерден салынып орын тапты. Оны жабдықтау тұтас мұражайды құнды деректермен, асыл азаматтардың тұтынған заттары мен мүліктері, олардың еңбектері жинастырылып ел кәдесіне ұсынылды.

Бұл мұражай өнер мен білімге ерте талпынған Торғай елі азаматтарының тұтас Қазақстанға кеңінен мәлім болған тұлғалар еңбектері мен бюстерімен толықтыра түсті.

Аталған мұражай алдында қос Арыстың қоладан құйылған биік тұғырдағы ескерткіш мұнда келушілерді еріксіз өзіне тартады. Мұражайдағы бай экспонаттар мен құжаттар, мұрағаттар араға 60 жыл салып халық игілігіне мәдени өміршең мұрасына айналды. Мұнда Ахаң мен Жақаңның балалық шағымен басталған дерек пен дәйек олардың сонау өткен ғасыр басындағы қоғамдық өмірдегі - тәуелсіздік пен бостандық жолындағы ұлы істерін көз алдыңа елестете алатын нақты құжаттар мен заттай айғақтармен қауышасың. Қос арыстың бірі ұйқыдағы елін өнер мен білімге, өркениетке үндей «Маса» боп ызылдап жар салып ілгері сүйресе, бірі «Оян қазақ» деп ұрандап- ХХ ғасыр басында –ақ елін езгіден, отаршылдықтан, бостандықтан шығуға шақырады. Міне, қос арыстың мұражайы осындай символдық ырғақпен бастау алып өздері өмір сүрген ортадағы қазақ зиялылары Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкәрім Кұдайбердиев сынды ұлылармен тізе қосып ел болашағы, халықтың келешегі, ұрпақ алдындағы борышты жете сезінуге үндейді.

Мұражай бөлмелері мынадай бөлімдермен аталады:

  1. Мұражай тарихы

  2. Қос арыс

  3. Ұрпақтары

  4. Ақындар

  5. Қоғам қайраткері

  6. Жазушылар

  7. Журналистер

  8. Сыйлықтар бөлмесі

Мұражайдың жалпы көлемі – 315,0 ш.м

Экспозициялық бөлме көлемі – 305 ш.м

Әкімшілік бөлмесі – 18 ш.м

Бүгінгі таңда айрықша тоқталатын алты алашқа аты мәлім ғұлама ғалым, қоғам қайраткері, елі үшін еңбек етіп кешегі жеке басқа табынушылардың құрбаны болып, халық жауы деген атаққа ие болған, жарты ғасырдан астам аты аталмай келген біртуар тұлға Ахмет Байтұрсынұлы жайлы болмақ.

Ахмет Байтұрсынұлы – аса көрнекті қазақ ақыны, журналисі және педагогі, ол қазақ тілі емлесінің реформаторы, грамматикасының және қазақ әдебиетінің теориясының негізін салушы. Оның есімі революциядан бұрын ағартушы, түрколог, аудармашы ретінде белгілі болған. Совет өкіметі жағына батыл өткен Ахаң қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитеттің жұмысына белсене араласып, қазақ халқының советтік социалистік мемлекеттігін әзірлеуге елеулі үлес қосты. Ол бар болмысымен қазақ халқының бостандығын, өз алдында тәуелсіз іргелі мемлекет болуын көкседі. Сол үшін күресті, осындай тамаша тұлға 1937 жылы Сталиндік және басқа табынушылықтың жазықсыз құрбандарының бірі болды.

Ахмет Байтұрсынұлы - 1872 жылы Қостанай облысы, Торғай уезі, Тосын болысы 5-ші ауылының Сарытүбек елді-мекенінде дүниеге келген. Балалық шағы Сарытүбекте өтіп ауыл молдасынан хат танып, 1882-84 жылдары ауылдағы сауатты адамдардан дәріс алған,

қазақтан шыққан алғашқы профессор, ғалым, ұстаз, тіл маманы, тюрколог ретінде айтсақ Ахаңның қазақ балаларына арнап жазған оқулықтары «Әліпбиі», «Тіл құралы», «Ересектерге арналған әліпбиі», «Баяншы», «Грамматика», «Синтаксисі», «Фонетика» Ташкент баспасынан шыққан кітаптары.

Ыбырай Алтынсарин «Бір, аллаға сиынып

Кел, балалар, оқылық

Оқығанды көңілге,

Ықыласпен тоқылық»- деп балаларды білімге шақырса,

Ахаң балаларды «Балалар, бұл жол басы даналыққа

Келіңдер, түсіп байқап қаралық та.

Даналық –өшпес жарық, кетпес байлық,

Жүріңдер, іздеп тауып алалық та !» -деп даналыққа, ізгілікке, білуге, үйренуге ғылыми-философиялық түрде оқуға шақырады.

Біздің мұражайдағы тағы бір ерекшелік сол халық жауының қызы бола жүрсе де, Гүлнар Міржақып қызы әкесінің дүниелерімен қоса, атасы Ахметтің еңбектері төрт кітабының түпнұсқасын бізге сыйға тартуы баға жетпес байлық. Атап айтсам «Тіл құралы -І», «Оқу құралы – қазақша әліпбиі », «Оқу құралы-2», «Оқу құралы -3»

Ахмет Байтұрсыновтың араб графикасындағы қазақ алфавиті сол кездегі қазақ балаларының білім алып, сауат ашуына септігін тигізді. Қазіргі таңда шетелдегі қандастарымыз Ахаң әліпбиімен сауатын ашып, білімін жетілдіреді.

1926 жылғы Баку қаласында өткен тюркологтар съезінде, төрағаға залдан түскен хатта «съезд неге басталмай жатыр ?» деген сұраққа Ұлы тюрколог келмейінше съезд басталмайды. Ол кім?-дегенде, ол –Ахмет Байтұрсынұлы деген екен.

Ахмет Байтұрсынұлы көзінің тірі кезінің өзінде де түркі халықтарының арасында ерекшеленіп « Ұлы» деген атаққа ие болған адам.

Ахаң өмірі тар жол тайғақ кешумен өтседе, қазақ елі мен келер ұрпақ үшін қалдырған мұралары ұшаң-теңіз. Темір тордың ар жағы қапаста жүрсе де, тыным таппай еңбек еткен жан. Өзіне тамақ әкеп, кірін жуған орыс қызы Александраға мұсылманша Бадрисафа деп атқойып 1897 жылы некесін қидырады.

1929 жылы Архангельск түрмесіне айдауға жіберіледі, Бадрисафа Томск, қызы Омск түрмесіне айдалады. Одан бірнеше темір тордың ар жағын көрген Ахаң 1937 жылы 8 тамызында тұтқындалып, Алматы түрмесінде атылады. Бадрисафа 1943 жылы Қостанайға келіп қайтыс болады. Ал, қызы Шолпан НКВД – ның капитаны Байсаловқа тұрмысқа шығады. Шолпан апамыздан Айман , қызы Гүлнар мен немересі Алматы қаласының тұрғындары. Мұражайдың тағы бір ерекшелігі Ахаңның тұтынған заттары туыс-туғандарынан алынып, бүгінгі таңда мұражайға көрік беріп тұр.

Ахаң мұражайы одан әрі ізбасарларымен толығып, өзінің інісі әрі шәкірті «Оян, қазақ» -деп ұрандатқан Міржақып Дулатұлының деректері мен тұтынған заттарымен жалғасын табады. Осы үрдіс одан ары Ахаңның үзеңгілестері, Алаш көсемдері - Алихан, Мағжан, Шәкәрім, Жүсіпбек , Кәрім Тоқтабаев, Назипа Құлжанова, Нұрғали Құлжановтармен жалғасады. Ал, Ахмет Байтұрсынұлы өз өмір жолын өлең жолы ақындықтан бастады десек, оны ары қарай жалғастарушыларымыз ел перзенттері Сырбай Мауленов, Ғафу Қайырбеков, Нұрхан Ахметбеков, Шәміл Мұхамеджанов, Серік Тұрғынбеков, Серікбай Оспанов, Кеңшілік Мырзабеков, Назарбек Бектемісов, Таңатқан Сәтбаев, Нағашыбай Мұқатов, Қонысбай Әбіл, Айбек Қалиевтермен жалғасады. Ал, Аханның жазушылығын жалғастырушылар Мұхамеджан Дүзенов, Әбдрашит Бектемісов, Қойшығара Салғарин, Сейіт Кенжеахметов, Төлен Әбдік, Қоғабай Сәрсекеев, Ілияс Байтұрсын, Қайсар Әлім.

Ахаңның ғалымдық- қоғам қайраткерлігін жолын жалғастырушылар Едрес Сейілов,

Батырбек Бірімжанов, Асқар Закарин, Сайлау, Сәбит Байзақовтар, Кенжеғали Сағадиев, Фазылхан Бәйімбетов, Серікбай Айсағалиев, Хадиша Қасымова,Мақпуза Бүтімбаева, Бәтжан Жұмағалиева, Нариман Қыпшақбаев, Шаймерден Нақыповтармен жалғасады.

Ахаңның сазгерлігін жалғастырушыларымыз Бақытжан Байқадамов, Болат Хамзин, Бақытжан Сәуекеновтермен толығады. Мұражайда Ахаңа құрмет залында облыстардан келген сый-сияпаттар, құттықтау хаттар, көрерменнің лебізі, әсіресе мұражайдағы құнды құжаттар арасында Ұлттық Академияның 1991 жылы мұражай ашылғандағы қос арыстың бүкіл еңбектері мен екі үлкен альбомды сыйға тартуы, бірінші альбом Алматы қаласындағы Тіл білімі институтының ұжымына арналса, екіншісі Ахаң шығарған «Қазақ» газетінің тарихына арналады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1992 жылы 2-қыркүйекте Ахаң -Жақаң мұражайында болып өз қолтаңбасын қалдырған болатын:

«Торғай өңірінде өсіп, еліміздің қамын ойлаған ұлы ағаларымыз Ахаң мен Жақаңның ой-өрісіне, арманына сай болайық.

Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағын тік ұстап ел болу үшін, осы ағаларымыз армандаған қазақ елінің бірлігі керек. Бірлік болмай, тірлік болмас деген бабаларымыз.

Өлке тарихын, ел тарихын баяндайтын музей қызметкерлерінің жұмысы өте сайлы және табысты болсын.

Президент Н.Ә.Назарбаев

02.09.1992 Жыл

Ахмет Байтұрсыновты мәңгі есте қалдыру мақсатында Торғайлықтардың жасаған еңбегі Торғайда Ахаң –Жақаң мұражайының ашылуы, бір көшеге атының берілуі, өзі туып өскен ауылға есімінің берілуі, сондағы мектепте Ахаң есімімен аталады.

Ахаң Торғайдың ғана Ахаңы емес, қазақ елінің және алты алаштың азаматы.

Арқа өңірінің Құранқари ақыны Файзолла Сатыбалдыұлы заманынан оза туған жерлесінің басына сын-сағат түсіп, еңбегі еш болған қазақтың Ахметіне: «... Қайран аға - ғұламасы қазақтың, Тамызығы өлең –жалын, отымның , ... Алаштың қамын жеген азаматы ең , сүйреген алға қарай Қазақ көшін» деген риясыз жырларын арнайды.

Ал ғасырмен құрдас, көнекөз ақын Әбу Сәрсенбайұлының Ахаңдай ақиық ұстаздың алдын көріп , аз уақыт болсын тәлім алғанын, оның қаламынан шыққан «Рухани көсем - пайғамбар» атты толғанысындағы түйдек-түйдек теңеулер: «...Ұлтың үшін тартсаң да азап мың түрлі, Қайыспадың, «Қазақ» атты үн тілімен, Өзі ұйқыдан сен ояттың жұртыңды !» деп, оның ерен еңбегін паш етіп тұр.

Алаш ардақтысының аяулы есімі ақталған алғашқы күні-ақ, оның рухани қаламдас інілері – Сырбай Мауленов: «... Сөзінің ойы терең , оты күшті, Уақытты озған орап оқымысты», «қарыздар болмай кетті ол халқына, ал халқы қалды оған қарыздар боп» деп жырласа, Ғафу Қайырбеков : «Көз қиып Ахаңды ату неткен сұмдық, Қазақтың атқаны ол болашағын» деген ауыр сауалды бүгінгі қазақ қоғамына үлкен әрі өзекті мәселе етіп қойды.

Торғайлық Хамитбек Мұсабаевтың «Ахаңның ақтық сөзі» немесе «Қаншеңгел» атты толғау-назасындағы өрілген өзек өртер тіркестерді тіпті, автордың сөзі емес, Ахаң тіріліп келіп, дәл құлағыңның түбінде сыбырлап тұрғандай сезімде оқисыз. Бүгінгі ақынның: «... Отанға сенем, халқыма сенем, Айтыңдар менен ұрпаққа сәлем. Жеткізер түбі еліме байтақ, Атымды менің ақсұңқар өлең, ... Ауысар ұрпақ, алмасар жылдар. Уақытпен біздің жалғасар жылдар. Жояр ма құнын елге еткен еңбек, Егер де ұрпақ табылса құндар, ...Сенемін досым,өлгенмен өзім, Ұрпаққа жетіп өлмейді сөзім. Ақиқат таңы атады анық, Осыған менің жетеді көзім ! деген толғақты тіркестері түнекке тоғытылған тарих –таразысының үні емес пе ? !»

Ахаңның бүгінгі ізбасарларының бірі, тәуелсіздік таңындағы ақын інісі Серік Тұрғынбеков: «... Елін-жерін,Жамағат жұртын сүйген, Ұғымы мен ойы артық –Ұлы Адамды, Одан қалған өмірлік мұраларды, Өлтіре алмас, ешкім де, сірә мәңгі » деп, қазақ руханиятына өткен кезеңдегі кемшіліктерді «сабақ» етеді, Ахаңдай ақиықтың ұлы мұраттарының ұлықтығын жырлайды.

Ахмет Байтұрсынұлын ақын, аудармашы,публицист ретінде көретін болсақ, 13 жасынан қоршаған ортаның әділетсіздігін көре білген бала Ахметтің жүрегінде өмірге деген көзқарасының өзгеруі мен еліне деген сүйіспеншілігі, халқына деген қамқорлығы, қазақ елін мүлгіп жатқан қапастан қалай шығарамын деп, қолына қалам алып аяғы ұзын сары маса болып ызыңдап оятам ба деген мақсатпен кітабының атын «Маса» деп қоюы. Орыс мысалшысы Крыловтың «Қырық мысалын» аудара отырып, әр мысалдың соңында бір шумақ ойын түйіндеуі халқына деген махаббатының шексіз екендігін көрсетеді. Осы жерде айтып кететін жағдай Ахмет Байтұрсынұлын 1937 жылы халық жауы деп ұсталған тұста Торғайдағы НКВД-ның ұрда-жұқ шабармандары Ахаң ұрпақтарына зорлық-зомбылық көрсетіп, Ахаң шығармаларын тартып алып отқа жағып дүрбелең тұста сол кездегі бала Ерден Смағұлұлы 1990 жылы Ахаң ақталғаннан кейін Торғай мұражайлар кешенінің директоры Газиз Әмірханұлына келіп, Ерден ақсақал әкесі Смағұлдың - «Ахаң халық жауы болуы мүмкін емес, ол түбі ақталады. Оның 1909 жылғы«Қырық мысалы », 1911 жылғы «Маса» кітаптарын кигізге орап, жерге көмдірді.» Елу үш жыл уақыт өткеннен кейін Ахаң ақталып, кітаптарын мұражайға сыйға тартуы баға жетпес мұра.

1913-1918 жылдары Орынбордан шыққан «Қазақ» газеті, Ахаңның мақалаларын қай-қайсын алсақ та қазақтың мұңын, зарын, бостандығын, құндылығын жеткізе білген еңбегі. Елден тыс жырақта жүрседе, туған еліне деген сағынышы, хал-ахуалын үзбеген жан. 1916 жылғы патша үкіметінің 25 маусым жарлығы 19-43жас аралығындағы қазақ жастарын қара жұмысқа алуы, елдің наразылығы ұлт-азаттық көтеріліспен ұштасуы, әсіресе Торғайдағы көтеріліс оның мәні мен мазмұны халықтың хал-ахуалын баспасөз арқылы өзінің ой-тебіренісін білдіріп отырды. Ақ патшаның тақтан кетуі, кеңес өкіметінің орнауы, осы тұста қазақ зиялылары Ахаң бастаған Алаш азаматтары, қазақ елінің дербес автономиялы ел болуын қамдап Алашорда үкіметін құрды. Үкімет ғұмыры қысқа болды. Кеңес үкіметіне батыл өткен Ахаң 1921-22 жылдары Орталық Академияның төрағасы болып сайланады.

1922-24 жылдары Қазақтың Халық ағарту институтында қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс оқиды.

Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,

Ойлайтындар мен емес – бір күнгісін.

Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,

Ел бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін, деп кемеңгерлігін ерте-ақ танытты.

Ахмет Байтұрсынұлы пен Міржақып Дулатұлы – аса көрнекті қазақ ақыны , журналисі және педагогы. Ол қазақ тілі емлесінің реформаторы, грамматикасының және қазақ әдебиетінің теориясының негізін салушы. Оның есімі революциядан бұрын ағартушы, тюрколог, аудармашы ретінде белгілі болған. Совет өкіметі жағына батыл өткен Ахаң қазақ өлкесін басқару жұмысына белсене араласып, қазақ халқының Советтік Социалистік Мемлекетін әзірлеуге елеулі үлес қосты. Ол бар болмысымен қазақ халқының бостандығын, өз алдына Тәуелсіз іргелі мемлекет болуын көкседі, сол үшін күресті. Осындай тамаша тұлға 1937 жылы Сталиндік жеке басқа табынушылардың құрбаны болды. Бұл нәубет 1929 жылдан басталып 1932-1937 жылдармен жалғасын тапты. Елді Голощекин билеген тұста қазақ жерінде революция болмаған, қазақ зиялыларының бәрі ұлтшыл, 1929 жылы 29 қазақ зиялыларын темір тордың аржағына қамаған тұста номері бірінші халық жауы болып Архангельскі түрмесіне айдалған осы біздің Ахаң болды.

Міржақып Дулатов – Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің маңдайына бақ болып бітіп, бірақ өз маңдайына күн шалмай өткен арыстарымыздың бірі.

Ол – ақын, «Оян,қазақ» деп ұран салған азамат-жазушы, жалынды журналист, ағартушы –педагог, қоғам қайраткері, бір тума дарын иесі.

1928 жылдың аяғында тұтқындалып 10 жылға сотталып, 1935 жылы Соловецк лагерінде қайтыс болған.

Міржақып Дулатовтың тағдырымен алапат ғасырдың аласапыран тұсындағы өрескел озбырлы партократтардың әрбір, іс қимылымен халыққа көрсеткен қиянатына қарсы өршіл күресі- Жақаңның әдебиетші, ақын, алғашқы романшы, педагог, аудармашы әрі жорналшы ретінде сомдалып, оның тұлғасын биіктете түсетінін, біздің мұражайда болған әр адам айқын сезінеді. Тіпті қызы Гүлнәр апай ұсынған Жақаңның қолы тиген мүліктер мен айдаудағы, тұтынған заттары да қайсар жанның елін шын сүйгендігін шынайы аша түседі.

Міржақып 57-статьямен айыпталып, айдауда жүріп, 1935 жылы дүниеден өтеді. Оның өлімін естіген Торғайлық ақын Файзолла Сатыпалдыұлы өз жоқтауында:

Міржақып пен Ахмет,

Нақақтан-нақақ болды шет.

Бір уақыттар болғанда,

Ақталар орнап әділет ...

Қиянат кетпес тоқтаусыз,

Әділ сөз қалмас құптаусыз,

Күндердің күні болғанда,

Міржақып кетпес жоқтаусыз.., - деген екен.

Әлем тарихында Міржақып қазақ үшін өте үлкен үлкен еңбектер істеді. Мысалы, ең бірінші «Оян қазақ!» деген манифесін, қазақтың тұңғыш романы – «Бақытсыз Жамалды» жазды.

Сталиндік қуғын – сүргіннің құрбаны болған қазақ ақыны және ғалымы Міржақып Дулатовтың қайда жерленгені көптен бері белгісіз болып келген еді. Бұл құпия Қазақ ССР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкері М.Әпсембетовтың көп еңбектенуі арқасында жуырда ашылды. Оның өтініші бойынша Карель АССР – інің Сосновец поселкелік Советінің атқару комитеті бауырлас Қазақстанның көрнекті мәдениет қайраткері жерленген жерді анықтау үшін комиссия құрды. Байырғы тұрғындардың айтуынша, Сосновец поселкесіне жақын маңдағы ескі зиратта жерленген.

М.Дулатов 1930 жылы жазықсыз сотталған болатын, ату жазасы кейін он жыл түрмеде отырумен ауыстырылды. Ол жазасын Соловкиже және Ақ теңіз – Балтық каналының құрылысында өтеді, фельдшер міндетінатқарып, лазаретте жұмыс істеді. Ақын 1935 жылғы қазан айының 5 – інде қайтыс болды. Лазарет қызметкерлерінің және жергілікті тұрғындардың талап етуі бойынша лагерь басшылығы оны «Еріктілер» зиратына апарып жерлеуге рұқсат етті.

М.Дулатов Қазақ ССР Жоғарғы соты сот коллегиясының қаулысымен 1988 жылы толық ақталды, сот оның ісін мұқият қарап шығып, одан қылмыс құрамын таба алмады. 1922 жылы қыркүйектің алғашқы он сегіз күнінде он екі мың шақырымға еңку-еңку жер шалып дегендей, Алаш баласының алақанына салған асыл ұлы – Міржақыптың мәйітін сонау Карелиядан әкеп, кіндік – қаны тамған жер бесігіне қайта бөленген күн.

Халқының тағдыры таразыға түскен ауыр күндерде Торғайдың топжарған текті түлегі Міржақып Дулатов «Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі, Пайдалан шаруаңа жараса, алаш », деп жарияға жар салды. Халқының қайғысына қабырғасы қайысып, жоғын жоқтаушы болатындығына серт берді. Сөйтіп, 1909 жылы «Оян,қазақ» кітабын шығарып:

«Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты,

» деп қазақ зердесін оятуға ұран салды.

Саяси – әлеуметтік өмірдің ағынын ерте сезген М.Дулатов:

Қазағым көрмегенің әлі алдыңда,

Боларсың көнеберсең бұдан жаман.

Басында аяқ, қолың қимылдап қал,

Бір күні тыпырлауға келмес шамаң,- деп ертеңгі дауылды, аласапыран дүрбеленді, қанды шапқыншылықты батыл ескертті.

Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов ең алдымен қазақ деген арда халықтың біртуар азаматы ғана емес, тұтас халықтың көшбастар көсемі. Ахмет ең алдымен ұлттың ұйтқысы.Тұтас қазақ халқының рухани жетекшісі. Ол ең алдымен қазақ мемлекетінің тұтастығы мен дербестігін алға тартқан ұлтының жоқшысы. Білім дариясының реформаторы қазақ граматикасы мен марфологиясының іргесін қалап, керегесін керіп, уығын қадап, шаңырағын көтерген ғалым. Тіл білімінің негізін нық қалаған ұстаз. Сонымен қатар Ахаң теңдессіз тарихшы, ғұлама ғалым, ойы жүйрік ақын, қаламы ұшқыр жорналшы, елдің мұңын жырлаған публицист, аудармашы, ол әрі тарихшы, фольклоршы. Ахаң қоғам қайраткері, әрі сөзге ұста дипломат. Міне, осынау қасиеттерді өн бойына туған топырағынан ана сүтінен алып өрбіткен ғұлама- ең алдымен туған елінің тәуелсіздігі үшін жанын қиған есіл ері. Ал Ахаң өрнектеген өнегелі өмір жолымен халқына арнаған өлшеусіз қызметі қандай? Міне, біздің мұражайдан оған келушілер нақты жауап ала алады. Өйткені мұражайдағы әр зал кезең- кезеңімен Ахаңның өмір жолымен қызметін толықтырып салмақтандыра түседі.

Торғайға келген сапарыңда Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Торғай өңірінде өсіп, еліміздің қамын ойлаған ұлы ағаларымыз – Ахаң мен Жақаңның ой-өрісіне, арманына сай болайық, тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы тік ұстап, ел болу үшін осы ағаларымыз армандаған Қазақ елінің бірлігі екен. Бірлік болмай – тірлік болмас», - деген еді.

Әркімнің өзінің туған жері, жерұйығы демекші біздің Қостанай облысының еншісіне кірген қасиетті де қадірлі елі қарт Торғай жері қазба байлықтарымен аты шықпасада, осы елде туып өскен перзенттерімен танымал болған .

Міне, осы мұражайды аралағанда тұтас Торғайдың түлеп ұшып, бүкіл әлемге танылған, одаққа аты мәшһұр болған, ірі тұлғалы ғалымдар, ақындар мен жазушылар, өнердің қас шеберлері, музыка әлемінің көгінде көрінген жерлесіміз Бақытжан Байқадамов бастаған сазгерлер ілегі, әнші мен жыршы мемлекет және қоғам қайраткерлерімен жүздесеміз. Олардың елге сіңірген еңбегі кейінгі ұрпаққа қалдырған мол мұрасымен қауышамыз. Сонау Күдері, Досбол шендерден бастау алған ұлы көш тізбегі Есенжол, Нұртаз, Әбіқай болып, кейінгі топтың шоғырын молықтыра түседі. Айтыскер ақын Торғайдың топжарғаны Нұрхан Ахметбеков, бір өзі бір академиялық білім көшін көтерген Қайнекей Жармағанбетов, мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков болып жалғасын тапса, осы тобырдың өзі тұтас бір шоғырды құрайды. Яғни, өнерлі өркениетке ерте қол созған өлкенің зиялы тобының ілегі тіпті көп. Соның бәрісі рет-ретімен мұражайда орын тепкен. Міне, мұражайға келген Торғайдың әр азаматы елдің, жердің, өнердің қайнар көзіне айналған аймақтың өткеніне тамсанып, тағзым етсе, бүгінгі көзі тірі ел мақтанышына айналған ұл-қыздарының есімдерін ілтипатпен атайды. Олардың әрбір жақсы істері мен халқына ұсынған еңбектерінен мағлұмат алады.

Міне, мұражайға келген Торғайдың әр азаматы елдің, жердің өнердің қайнар көзіне айналған аймақтың өткеніне тамсанып, тағзым етсе, бүгінгі көзі тірі ел мақтанышына айналған ұл-қыздарының есімдерін ілтипатпен айтады. Олардың әрбір жақсы істерімен халқына ұсынған еңбектерінен мағлұмат алады.