Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
7 дріс.docx
Скачиваний:
43
Добавлен:
11.02.2016
Размер:
45.98 Кб
Скачать

1. Тарихи материалдар.

1950 жылы жарияланған өмірбаянында автор былай деп айтады: «Абай жайында материалдар жинағанда, тарихи романдар авторларының талайы-ақ біле бермейтін өзгеше бір жайттарға тап болдым. Өйткені Абайдың өмірі мен еңбегі, түр-түсі мен сипаты жайында қағазға түскен немесе жарияланған бірде-бір дерек, өзінің жеке мұрағаты мен күнделігі, хаттары мен мемуарлары, тіпті замандастарының ақын жайында хатқа түскен естеліктері сақталмаған. Ақынның өміріне байланысты деректер мен романның бүкіл оқиғаларын Абайды көзімен көрген, жақын білген жандардан ұзақ уақыт бойында ауызба-ауыз сұрау, әңгімелесу арқылы жинауға тура келді. Материал жинай жүріп, мен Абайдың достарымен, сыйластарымен, бұрын қысастық жасаған жауларымен де әңгімелесіп көрдім».

М.Әуезов «Абай жолын» жазуға қажетті материалдарын өзінің суреткерлік нысанасына байланысты бірнеше идея, прблематика жүйесімен жинаған: а) Абай бастаған топ арқылы көрінетін жаңа мен Оразбай бастаған ескі арасындағы күрес; ә) қазақ даласы мен орыс мәдениетінің жарығы; б) Абай образының демократиялық өсуі; в) әйел басының бостандығы үшін күрес. Мазмұн ерекшелігі, тақырыптық сипатына қарай осы материалдарды жазушы мына төмендегіше даралаған болса керек: а) өмірбаяндық материалдар; ә) ел атына байланысты материалдар; б) жер атына байланысты материалдар; в) әдетке, салт-дәстүрге байланысты материалдар, т.б.

Абайдың жеке басына келгенде, автор өмірлік материалдардың тобын тағы да саралай түседі. Абайдың ойы мен сезімін, жанының шындығын терең ашу мақсатында болмыстағы оқиғаларды қаламгер оның өмірінің мынадай салаларымен сабақтастырады: а) жеке басы; ә) махаббат-сүйіспеншілік жайы; б) отбасы халі; в) қоғамдық беті. Эпопеяның поэтикалық құрылымындағы өмір шындығы осы аталған жүйелердің қай-қайсысы бойынша да көрініс табады. «Абай жолы» үшін жинаған материалдар шығарма қаһармандырының қарым-қатынасында, сюжеттік дамудың барша сатылары мен кезеңдерінде де маңызды көркемдік қызмет атқарады.

«Абай жолының» бірінші кітабындағы басты деген оқиғалар мыналар: Құнанбайдың Қодарды өлтіруі, Бөкенші-Борсақ жерін тартып алуы, өзінің істі болуы, документтерді өртеп құтылуы, Бөжейді сабауы, Бөжейге қызын беріп татуласуы, Бөжейдің қаралы көшіне шабуы, одан әрі «Мұсақұл соғысы» аталып кеткен соғыс, Жігітектің он жеті кісісін айдатқан жалалы зорлығы... Осы оқиғалардың бәрі де өмірде болған шындық еді. Шығармада бұлардан басқа шағын мазмұнды қысқа эпизодтар да өмір шындығына негізделген.

Мысалы, эпопеядағы Қодардың өлімі суреттелген эпизодқа назар аударайық. Жазушы болашақта жазылуға тиісті шығармасында білемін деушілердің аузынан Құнанбайдың Қодарды күнәсі үшін жазалағаны туралы әңгімені естиді. Жазушы Қодардың өліміне қатысты Құнанбай аулында айтылатын әңгіме бойынша: а) Құнанбай Қодарды жазалайды; ә) себебі ол келінімен жақын болған. Болған істің өзі де, себебі де айқын, анық. Соған қарамастан, жазушы Құнанбайдың Қодардың өлімінен кейінгі ісін анықтауға ерекше ден қояды. Соның нәтижесінде Қодардың өлімінен кейін оның қыстауын Құнанбайдың өзі алғаны белгілі болады. Болған істің соңғы нәтижесі осы еді. Жазушы осы тұжырмға келіп тоқтайды да, «бұл сұмдық жазаны Құнанбайдың Қодар жерін өзі иемденбек болған мақсатынан туған зұлымдық әрекет» деп біледі. Қодар өліміне қатысты өмірлік материалдардың тобын сұрыптап, екшей отырып, жазушы бұл оқиғаны роман құрылымындағы басты, негізгі тартыс жүйесінің эмоциялық сипаттағы ерекше өзегіне айналдырып суреттейді.

Қодардың өлімінен кейін болған оқиғаларды жазушы түгелдей өз тарапынан толғаған. Бұлардың ішіндегі ең елеулі әрекет қыстауынан зорлықпен ажыраған көпшіліктің ыдырамай, бас қосып, Бөжейдің алдына келуі дейтін болсақ, осы әрекеттің ұйтқысы, басы болып Дәркембай жүреді. Жазушы Дәркембайды да өз ойынан шығарған. А) Қодардың өлімі Бөкенші-Борсақтың қыстаудан айырылуына алып келеді; ә) Бөкенші-Борсақ бұған наразылық білдіріп, төрелікті ара ағайын Бөжейден күтеді; б) Құнанбай Бөкенші-Борсақпен бірге Бөжейді де жау көреді.

Аталған оқиғаларды жазушы әдейі өзара тығыз байланыста алып суреттеген. Бірімен бірі өзара сабақтасып жатқан осы оқиғалардың қай-қайсысының да түп негізінде Қодардың өлімі жатыр. Тоқпамбет қыстауында отырған Бөжей ауылын Құнанбайдың қалың қол боп келіп, қапыда басып қалуы, соққыға жығуы секілді жойқын жаулық істер де Қодардың өлімімен сабақтас таралады.

Құнанбайдың Бөжейді соққыға жығуының бір көрінісі өмірлік материалда былай суреттеледі:

«Бөжейді байлап алам деп келгенде, Әлжан оқтанып, атпақ болады. Бөжей ұстап әкеле жатқанда:

  • Мен сені оқтан аяп едім, сен мені отқа салдың ба! –дейді(№29 папка)

Берілген осы оқиға желісінің шығармадағы суреті мынадай:

«Дәл осы кезде қораның ішінде Дәркембай Бөжей мен Байдалының арасынан ентелеп кеп, сирақты мылтықты көтере берді.

Бөжей тұрып алып, анадай жерде сырттап бара жатқан Құнанбайға айғайлап:

  • Әй, Құнанбай! Мен сені оқтан аяп ем жаңа, сен мені отқа салдың ба? – деп қалды»

Өмірде болған оқиғанаң деректегі нақты желісі мен әдеби шығармадағы көркем түрге түсірілген желісін өзара салыстырғанда, мына жайлар анықталады: деректе оқиғаны нақты оқиғаны нақпа-нақ баяндау бар, ал әдеби шығармада суреттілік бар.

Белгілі оқиға туралы хабарды көркем суретке айналдырып, көзге көрсету үшін сол оқиғаның: а) мазмұны, ә) субъектісі, б) объектісі, в) мезгілі, г) мекені, д) себебі, е) амалы(жағдайы), ж) құралы тұтас көрініс табуы тиісті.

Мұндағы Дәркембай автордың ойдан шығарған кейіпкері, Дәрмен де солай. Жазушы «Абай жолы» романының төрт томдық кітабында Дәрменді кезінде жазықсыз жараланған Қодардың немере інісі етіп алады да, оны бірте-бірте Абайдың ең сүйікті шәкіртіне айналдырады. Дәрмен жазушының өз айтуына қарағанда, Абайды кейінгі күнмен, өсер өркенмен жалғастыруда басты әдеби тұлғаға дейін өсуге тиіс болатын.

Сөйтіп, Дәркембай бастаған топ эпопеяда Абайдың халықтық, бұқаралық ортасы ретінде алынады. Дәркембай, Дәрмен, Базаралы және т.б. осылар сияқты кейіпкерлермен пікірлес, мүдделес, мұраттас етіп суреттеу арқылы жазушы өзінің сүйікті кейіпкерінің, ұлы ақын Абайдың дүниетанымының, көзқарасының, сондай-ақ шығармашылығының халықтық сипатын неғұрлым терең, жан-жақты ашып көрсетуді мақсат тұтады. Жоғарыда берілген өмір материалындағы Бөжейдің қасындағы Әлжан жасады деген істі ойдан шығарылған кедей Дәркембайға тән етіп алғанда, М.Әуезов осы мақсатпен жүзеге асыруды көздесе керек. Құнанбай бастаған топқа мылтық кезеу Бөжейдің намысын жыртқан біреудің сотқарлығы емес. Жазушы бұл оқиғаны Құнанбай мен Бөжей арасындағы жаулықтың барша зардаптарын, ауыртпалығын жалаңаш иығымен көтеретін көпшіліктің, оның қалың ортасынан шыққан Дәркембайдың әділет іздеп аласұрған табиғатын, халықтық характерін танытуға бастайтын айрықша көркемдік шешім деңгейіне дейін көтеріп суреттеген.

Эпопеядағы пайдаланылған өмір шындығының мол деректерінің бірі – Оразбайдың Бейсембай старшынды тірідей көрге көмуі. Жазушының әдеби мұрағатында Оразбайдың Бейсембай старшынды тірідей уөрге көмуі туралы мәлімет сақталған: «...іс 1898 жылдың жазында болған. Тоғалақ руынан шыққан Ержігіттің Бейсембайы деген жас жігіт Оразбай айтқан бір бұйрықты орындамайды. Соған ашуы келген Оразбай көр қылып, қорламақ болып, көр қаздырып, Бейсембайды тірідей көмдірген...»

Өмірде болған осы шындық оқиғаның «Абай жолынды» қалай, қандай мақсатта пайдаланылғандығын айта отырып, Л.Әуезова мынаған назар аударады: Өмірде болған шындық оқиғада Оразбай тірідей көмген старшын Бейсембайдың орнына шығармада басқа адам, Семейден елдегі туыстарына келген жүкші Сейіт алынады. Мұндай шектен асқан зорлыққа Сейіттің Оразбай аулында Абайдың өлеңдерін айтуы себеп болады.

Яғни, көрсетілген өзгертулердің нәтижесінде жазушы эпопеяның басты, күрделі тақырыптық-идеялық желісін одан ары дамытып, ширата түседі. Оразбай жұмысшы Сейітті ғана жазалап қоймайды, әділет үні болып кісілікке шақыратын, зорлықшылардың абыройын ашатын шыншыл өлеңді, Абайдың ақындық өнерін көрге көмбекші. Соған орай Оразбайдың ауылын шауып, жылқысын тиіп алған қалың көптің әрекетінде өздері сияқты Сейітке іш тарту сезімі ғана емес, сонымен бірге Абай өлеңдерінің халықтың ойы мен сезімін баурап алатын қадір-қасиеті мен әлеуметтік қуат-күші де бар еді.

Енді Құнанбайдың Қодарды өлтіруі, Борсақтың жерін тартып алуы және Бөжейді сабағаны туралы оқиғалардың мезгілдік және мекендік аяларын Абай өміріне қатысты байымдап көрейік.

Тарих құжаттарында «Құнанбай Өскенбайұлының тергеу ісі» айналасында сақталған өмір шындығы Құнанбайдың Бөжейді сабауы 1846 жылдың күзінде болғандығын көрсетеді, шығармада Құнанбайдың Борсақ жерін тартып алуы, Қодарды өлтіруі осы оқиғаның алдында болғаны суреттеледі. Өмір шындығына сүйенгенде, Абайдың осы аталған оқиғалардың ешқайсысын өз көзімен көріп, білмегені анықталады. Жазушының Осы оқиғаларды іріктеп алып, олардың мезгілдік шекарасын Абайдың бозбала, жігіт шағына дейін жақындатып суреттейді. Осы арқылы автор Абайдың айналасында белгілі бір уақыт аралығында өтетін ерекше құбылыстар тобын молайтып, түйдекткп көрсетуді жөн деп біледі. Абайды бұл сұмдықтың(Қодарды өлтіруі) куәсі ету оның өміріндегі үлкен бетбұрыс болып табылатынын жазушы супеткерлік зерек зердемен дәл танып білген.

Роман-эпопеяның ұлы сүйегін ұстап тұрған негізгі арқау – осы Көркем уақыт. М.Әкезов «ақын Абайдың қалыптасуын... Ескі мен жаңаның диалектикалық қарама-қайшылығын, күрес нәтижесін, Ескінің Жаңаны жеңуі үшін» - әкесі мен баласының өмір сүрген уақытын алмастырды. Суреткер еріксізден-еріксіз Абайды 15 жасқа есейтуге, тарихи оқиғаларды бері жылжытуға мәжбүр болды. Өйткені заман қайшылығы мен көркемдік шындықтың өзі соны талап етті. Көркем уақытқа сәйкес көркем айғақ, көркем дерек қажет. Әйтпесе Абай бейнесі «етекбасты» күйінде қалатындай қауіп төнді. Сондықтан да жазушы еріксіз еркіндікке барды. Мысалы, 1. Қодар-Қамқа оқиғасы Абай дүниеге келмей тұрып, одан 10-15 жыл бұрын болған; 2. Әйгілі Мұсақұл соғысы тұсында Абай – бесіктен енді ғана шыққан, бір жаста ғана; 3. Құнанбай аға сұлтандыққа сайланған кезде Абай 4 жасқа енді ғана толған еді; 4. Ал Бөжейдің асында Абайдың кісі күтіп жүруі мүмкін емес еді. Өйткені Бөжей 1853 жылы дүниеден қайтты; 5. Базаралы «итжеккенге Құнанбай емес, Абай болыстық құрып тұрған кезде Зағипа қыз бен Нұрғанымның арасындағы махаббат машаһаты үшін айдалды.

Ж.Дәдебаев айтуы бойынша, «Абай жолының» 2 кітабы тұтастай алғанда, көркем қиялға құрылған. Мұнда жазушының еркіне шек қойылмайды. Уақыт та, тарихи оқиға да суреткердің көркемдік мақсатына қызмет етеді. «Абай» романындағы көкейкестілігі мен сыйымды мөлшерін анықтайтын «дәлелсіз дәлелдің», «жаңсақ деректің» бірі – Құнанбай мен Бөжей арасындағы қақтығыс. Бұлардың көркем уақыты сай келгенімен де, көркемдік мотивировка тұрғысынан алғанда екеуінің психологиялық шиеленісін тарихи дерек растамайды. Өйткені даланың қос көкжалын таразының екі басына екшеп қойған Қодар-Қамқа оқиғасының өзі бітіспес тартыстың желісі емес. «Ар ұялар іс қылған» қос бетбақты көшпелілер қоғамы да, Бөжей де, Құнанбай да өлім жазасына кесіп, отқа өртеткен. Бұл қанды оқиға тұсында жазушының Құнанбайды қаралап, Бөжейді ақтайтындай тарихи айғағы жоқ. Олар – заң мен дәстүрлі әдеттің орындаушылары. Оған қарсы тұруға екеуінің де шамасы келмейтін. Екеуінің ортасына елші болып Абайдың жүруі де қисынсыз. Сондай-ақ М.Әуезовтің «Абай романы туралы» деген атышулы басылымның арандату ықпалына еріп, М.Әуезовтің: «Мақалада бұдан кейін автор дала жыртқыштарының бірі, жігітек руының көсемі Бөжейді – халықтық кейіпкердің қатарына қосып, сый-сыяпат көрсеткен деп мені айыптайды. Бұл да өте жаңсақ, қате тұжырым. Бөжей – даладағы нағыз зұлымдықтың ордалы ұясы Құнанбайдың өзіне қарсы күрескен тұсында салыстырмалы түрде жағымды суреттелген, ал Кәмшат қызды...өлтірген...жас Абайдың көзіне жексұрын болып көрсетілді! – деп, екі тұлғаға теріс мінездеме беруі де өмірлік дерекке сәйкес емес.

Автор эпопеяның алғаш «Абай» деген атпен жарық көрген алғашқы екі романына бірқатар өзгертулер енгізген. Мысалы, бірінші романда Абайдың әдеби, ақындық танымының баюына, тереңдеуіне ықпал жасайтын бірнеше ақындар бар еді. Солардың ішінде Дулат, Жанақ, Түбек, Сабырбай секілді бірнеше ақын аттарын жазушы романның 1953 жылы шыққан үшінші басылымында өшіреді. Себебі, 1951 жылға дейінгі мектеп оқулықтарында шығармалары оқытылып келген бұлар 1951 жылы байшыл, феодалдық бағыттағы ақындар деп танылған еді. Соған орай романның соңғы авторлы, редакциясында Дулат – Барлас, Жанақ – Садақ, Сабырбай – Қадырбай, Түбек – Шүмек болып өзгертілген.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]