Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
осылан н салыы.docx
Скачиваний:
34
Добавлен:
24.03.2015
Размер:
163.97 Кб
Скачать

2. Мыналар:

1) осы тармақтың 2) - 4) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, қосылған құн салығы бөліп көрсетіліп, жазып берiлген шот-фактуралар бойынша өнім берушілерге төлеуге жататын;

2) осы Кодекстің 263-бабының 10-тармағына сәйкес, қаржы лизингі шарты бойынша (қайтарымды лизинг шартын қоспағанда) жазылған шот-фактуралар бойынша төлеуге жататын, бірақ осы Кодекстің 238-бабының 10-тармағына сәйкес айналым жасау күні айқындалатын лизинг берушінің салық салынатын айналым мөлшеріне келетін салық сомасынан аспайтын;

3) осы Кодекстің 263-бабының 10-тармағына сәйкес, қайтарымды лизинг шарттары бойынша жазылған шот-фактуралар бойынша төленуге жататын;

4) есепті салық кезеңінде алынған мерзімді баспа басылымдарының және өзге де бұқаралық ақпарат құралдары өнiмдерiнiң, оған қоса олардың жалпыға бірдей қолжетiмдi телекоммуникациялық желiлердiң интернет-ресурсында орналасқан өнiмдерiнiң құнына келетін бөлігінде осы Кодекстің 263-бабының 11-тармағына сәйкес жазылған шот-фактуралар бойынша төленуге жататын;

5) кеден одағының кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес ресімделіп, жүктің кедендік декларациясында көрсетілген, белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының бюджетіне төленген және кедендік рәсімінің шарттарына сәйкес қайтарылуға жатпайтын;

6) төлем құжатында немесе салық органы берген және осы Кодекстің 241-бабына сәйкес қосылған құн салығының төленгенін растайтын құжатта көрсетілген;

7) темір жол немесе әуе көлігінде тасымалдаушының - салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі көрсетіле отырып берілетін жол жүру билетінде бөлек жазып көрсетілген;

8) мынадай шарттар:

отырғызу талонының болуы;

электрондық билет құнының төлену фактісін растайтын құжаттың болуы шарттары бір мезгілде орындалған жағдайда әуе көлігінде тасымалдаушының - салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі және қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiне қойылғаны туралы куәлiктiң нөмiрi көрсетіле отырып берілетін электрондық билетте бөлек жазып көрсетілген;

9) есеп айырысуы банктер арқылы жүргізілетін коммуналдық қызмет көрсетуші қолданатын құжаттарда көрсетілген;

10) осы баптың 1-тармағының 5-тармақшасында көзделген жағдайларда, осы тармақтың тиісті тармақшаларына сәйкес расталған жағдайда, қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылған күнге жасалған тауарлар қалдықтарын түгендеу тізімдемесінде көрсетілген салық сомасы;

11) осы тармақшаның ережелерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысан бойынша мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі уәкілетті орган жазып берген мемлекеттік материалдық резервтен тауарларды шығаруға арналған құжатта көрсетілген салық сомасы;

Мұндай құжатта:

өткізілуі бойынша айналымдары салық салынбайтын айналымдарға жататын тауарлар бойынша «ҚҚС-сыз» деген белгі көрсетіледі;

қалған тауарлар бойынша мемлекеттік материалдық резервке осы тауарларды жеткізген кезде төленген салық сомасының шегінде және шығарылатын тауарлардың құнына оларды шығару күні қолданыста болған ставка бойынша қосылған құн салығының сомасы кіргені айқындалса, қосылған құн салығының сомасы көрсетіледі;

12) импортталатын тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларацияда көрсетілген және осы Кодекстің 276-20-бабының 7-тармағында көзделген салық органының белгісі бар тауарларды әкелу және жанама салықтардың төленгені туралы өтініште (өтініштерде) көрсетілген импортталатын тауарлар бойынша қосылған құн салығының сомасына сәйкес келетін, сондай-ақ белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының бюджетіне төленген салық сомасы осы баптың 1-тармағына сәйкес есепке жатқызылған қосылған құн салығының сомасы болып табылады.

3. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, қосылған құн салығы осы баптың 2-тармағында белгіленген тәртіппен тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетулер алынған салық кезеңінде есепке жатқызылады.

Осы Кодекстің 241 және 276-20-баптарына сәйкес қосылған құн салығы төленген жағдайда, төленген салық қосылған құн салығын төлеу жөніндегі салық міндеттемесі орындалған сол салық кезеңінде есепке жатқызылады.

3-1. Босатылған айналымның мақсаттары үшiн сатып алынған, бірақ салық салынатын айналымның мақсаттары үшiн пайдаланылған тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер бойынша өнiм берушiлер жазып берген шот-фактуралардағы қосылған құн салығының сомасы олар салық салынатын айналым мақсаттары үшiн пайдаланылған салық кезеңiнде осы тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер сатып алынған күнi қолданыста болған ставка бойынша есепке жатқызылуға жатады.

3-2. Аяқталмаған құрылыс объектiсiн өткiзген жағдайда бұрын осы Кодекстiң 249-бабына сәйкес қосылған құн салығынан босатылған айналым түрiнде өткізуге арналған осы объектiнiң құрылысы процесiнде пайдаланылған тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер бойынша қосылған құн салығы аяқталмаған құрылыс объектiсiн өткізу жүзеге асырылған салық кезеңiнде аталған тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi сатып алған күнi қолданыста болған ставка бойынша есепке жатқызылуға жатады.

4. Егер шот-фактураны жазып беру осы Кодекстiң 263-бабы 7-тармағының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайда тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi өткізу бойынша айналым жасау күнiнен кейiн жүзеге асырылса, қосылған құн салығы шот-фактураны жазып беру күнi тура келетiн салық кезеңiнде есепке жатқызылады.

Осы Кодекстiң 263-бабының 20-тармағында көрсетiлген жағдайларда лизинг алушы қосылған құн салығын лизинг берушiнiң осы Кодекстiң 237-бабының 6-тармағында көрсетiлген өткізу бойынша айналымды жасаған күнi тура келетiн салық кезеңiнде есепке жатқызады.

5. Қосылған құн салығын төлеушіде салық салынатын және салық салынбайтын, оның ішінде қосылған құн салығынан босатылған айналымдар болған кезде, қосылған құн салығы осы Кодекстің 260-бабында көзделген тәртіппен есепке жатқызылады.

 257-бап. Есепке жатқызылуға жатпайтын қосылған құн салығы

1. Қосылған құн салығы, егер:

1) осы тармақшада өзгеше көзделмесе, салық салынатын айналым мақсаттарында пайдаланылмайтын тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi.

Қосылған құн салығы, егер ол салық салынбайтын айналымның мақсаттары үшiн пайдалануға арналған (пайдаланылған), оның болуына байланысты салық төлеушi осы Кодекстiң 260 және 261-баптарына сәйкес барабарлық әдiстi қолданған (қолданатын) тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi алуға байланысты төленуге жататын болса, есепке жатқызылады;

2) негiзгi құралдар ретiнде сатып алынатын жеңiл автомобильдердi;

3) шот-фактуралары осы Кодексте белгiленген талаптар сақталмай жазып берiлген тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтерді;

4) төлемнің кезеңділігіне қарамастан, қосылған құн салығын ескере отырып, қолма-қол есеп айырысу төлемі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және шот-фактураны жазып берген күні қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінен асатын шот-фактурада көрсетілген тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi алуға байланысты төленуге жататын болса, есепке жазылмайды және осы Кодекстің 100-бабының 12-тармағында белгіленген тәртіппен ескеріледі.

2. Мүлiктi (тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өтеусiз негiзде алған кезде, осындай мүлiктi алған тұлға осындай мүлiктi өтеусiз берген тұлғаның төлеуiне жататын қосылған құн салығының сомасын есепке жатқызбайды.

3. Қосылған құн салығының сомасы мынадай жағдайларда:

1) сот жарамды деп таныған мәмілелер бойынша есепке жатқызылған қосылған құн салығы сомаларын қоспағанда, соттың заңды күшіне енген үкімінің немесе қаулысының негізінде жалған кәсіпорын деп танылған салық төлеушімен жасалған операциялар бойынша;

2) сот жеке кәсiпкерлiк субъектiсi кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру ниетiнсiз жасаған деп таныған мәмiле (мәмiлелер) бойынша есепке жатқызылмайды.

 258-бап. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын түзету

1. Мынадай жағдайларда:

1) салық салынбайтын айналымның мақсаты үшін пайдаланылғандарды қоспағанда, салық төлеуші салық салынатын айналым мақсатынсыз пайдаланған тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің болуына байланысты осы Кодекстің 260 және 261-баптарына сәйкес барабарлық әдісті қолданғанда, салық салынатын айналым мақсатынсыз пайдаланылған тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетулер бойынша;

2) тауарлар бүлінген, жоғалған жағдайда (төтенше жағдайлар салдарынан туындаған жағдайларды қоспағанда) олар бойынша;

3) табиғи монополия субъектісі нормативтен тыс шеккен шығыстар бойынша;

7) жарғылық капиталға үлес ретінде берілген мүлік бойынша;

8) осы Кодекстің 239-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда бұрын есепке жатқызылған қосылған құн салығы есепке жатқызылудан алып тастауға жатады.

2. Осы баптың мақсаттары үшін тауардың барлық немесе жекелеген сапасының (қасиеттерінің) нашарлауы, соның салдарынан осы тауардың салық салынатын айналым мақсатында пайдалануға келмей қалуы тауардың бүлінуін білдіреді.

Салдары тауардың жойылуына немесе ысырап болуына әкеп соққан оқиға тауардың жоғалуы деп түсініледі. Салық төлеуші табиғи залалдың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормалары шегінде шеккен тауарлар ысырабы жоғалту болып табылмайды.

3. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын түзету осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған жағдайлар басталған сол салық кезеңінде жүргізіледі.

4. Осы баптың 1-тармағының 1) - 7) тармақшаларында белгіленген жағдайларда, қосылған құн салығының сомасын түзету мынадай тәртіппен жүргізіледі:

1) тауар-материалдық қорлар бойынша түзету сомасы осы күні тауар-материалдық қорлардың баланстық құнына түзетуді жүзеге асыру күні қолданыстағы қосылған құн салығының ставкасын қолдану жолымен айқындалады;

2) негізгі қорлар, материалдық емес және биологиялық активтер, жылжымайтын мүлікке инвестициялар бойынша қосылған құн салығы қайта бағалау мен құнсыздануды есепке алмай олардың баланстық құнына келетін сомаға барабар активтерді сатып алу күні қолданыстағы ставка бойынша есептелген қосылған құн салығы сомасының бөлігінде есепке жатқызылудан алып тасталады.

5. Осы Кодекстің 231-бабы 3-тармағының 1) және 6) тармақшаларында көрсетілгендерді қоспағанда, осы Кодекстің 231-бабының 3-тармағында көрсетілген жағдайларда осы бапта көзделген түзету жүргізілмейді.

 259-бап. Міндеттемелерді есептен шығару кезінде күмәнді міндеттемелер бойынша есепке жатқызылған қосылған құн салығының сомасын түзету

1. Егер сатып алынған тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетулер бойынша міндеттемелер мөлшерінің бір бөлігі немесе бүкіл мөлшері осы Кодекстің ережелеріне сәйкес күмәнді болып танылса, осы Кодекстің 256-бабы 1-тармағының 3) және 4) тармақшалары негізінде есепке жатқызылған қосылған құн салығынан басқа, күмәнді міндеттемелер мөлшеріне сәйкес мөлшердегі тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетулер бойынша бұрын есепке жатқызылған қосылған құн салығының сомасы міндеттемелер туындаған күннен бастап үш жыл өткен соң есептен шығарылуға жатады.

2. Егер қосылған құн салығы есепке жатқызылудан алып тасталғаннан кейін қосылған құн салығын төлеуші тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетулер үшін ақы төлеген жағдайда, осы аталған тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетілген бойынша салық сомасы ақы төленген сол салық кезеңіндегі есепке жатқызылуда қалпына келтірілуге жатады.

3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес түзету жүргізілген міндеттемелерді қоспағанда, міндеттемелерді есептен шығару кезінде, тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетулер бойынша бұрын есепке жатқызылған қосылған құн салығы осы Кодекстің 88-бабының 1-тармағында көрсетілген жағдайлар басталған кезеңде есепке жатқызылудан алып тастауға жатады.

4. Қосылған құн салығын төлеуші-өнім беруші банкрот деп танылған жағдайда, осы баптың 1-тармағына сәйкес түзету жүргізілген қосылған құн салығын қоспағанда, бұрын есепке жатқызылған қосылған құн салығын есептен шығарып тастау банкрот деп танылған қосылған құн салығын төлеушіні-өнім берушіні Заңды тұлғалардың мемлекеттік тізілімінен шығару туралы әділет органдарының шешімі шығарылған салық кезеңінде жүргізіледі.

5. Осы бапта көзделген түзету тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу бойынша түзету жүргізілетін айналым жасау кезінде тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді беруші жазып беретін шот-фактурада көрсетілген қосылған құн салығының ставкасы бойынша жүргізіледі.

 260-бап. Қосылған құн салығы салынбайтын өткізу бойынша айналымдар болған кезде қосылған құн салығын есепке жатқызу тәртібі

1. Салық салынбайтын айналымдардың мақсаттары үшiн пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер бойынша өнiм берушiге төленуге жататын және импорт бойынша қосылған құн салығы, осы Кодекстiң 257-бабы 1-тармағының 1) тармақшасының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, есепке жатқызылмайды.

2. Салық салынатын және салық салынбайтын айналымдар болған кезде қосылған құн салығын төлеушiнiң таңдауы бойынша барабарлық немесе бөлек әдiспен есепке жатқызылады.

Есепке жатқызылған қосылған құн салығы сомасын анықтаудың таңдап алынған әдiсi күнтiзбелiк жыл iшiнде өзгертiлмеуге тиiс.

3. Осы Кодекстiң 249-бабының 1-тармағына сәйкес өткізу бойынша айналымдар салық салудан босатылатын объектiлер құрылысын жүзеге асыратын қосылған құн салығын төлеушi салық салынатын айналымдардың және осы Кодекстiң 249-бабының 1-тармағына сәйкес салықтан босатылатын айналымдардың мақсаттары үшiн пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер бойынша қосылған құн салығының сомаларын есепке жатқызудың бөлек әдiсiн қолдануға мiндеттi.

4. Қосылған құн салығын төлеушiде:

салық салынатын айналымдар;

осы Кодекстiң 249-бабының 1-тармағына сәйкес салық салудан босатылатын айналымдар;

басқа да салық салынбайтын айналымдар болған жағдайда, қосылған құн салығын төлеушi осы Кодекстiң 249-бабының 1-тармағына сәйкес қосылған құн салығынан босатылатын айналымдарды қоспағанда, салық салынатын айналымдар мен салық салынбайтын айналымдар бойынша есепке жатқызудың барабарлық әдiсiн қолдануға құқылы.

5. Егер осы тармақта өзгеше белгiленбесе, салық кезеңiнде есепке жатқызудың барабарлық және бөлек әдiстерiн бір мезгiлде пайдаланатын қосылған құн салығын төлеушiлер айналымның жалпы сомасындағы салық салынатын айналымның үлес салмағын айқындаған кезде есепке жатқызудың бөлек әдiсi қолданылатын айналымдарды ескермейдi.

Бір мезгiлде салық салынатын және салық салынбайтын айналымдардың мақсаттары үшiн пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер бойынша есепке жатқызудың барабарлық әдiсiн қолданған кезде айналымның жалпы сомасындағы салық салынатын айналымның үлес салмағын айқындау үшiн салық салынатын және салық салынбайтын айналымдардың жалпы сомасы ескерiледi.

6. Осы бапқа сәйкес есепке жатқызылуға жатпайтын қосылған құн салығы осы Кодекстiң 100-бабының 12-тармағында белгiленген тәртiппен ескерiледi.

 261-бап. Барабарлық әдіс

Барабарлық әдіс бойынша есепке жатқызылған қосылған құн салығы салық салынатын айналымның жалпы айналым сомасындағы үлес салмағына қарай айқындалады.

 262-бап. Бөлек есептеу әдісі

1. Бөлек есептеу әдісі бойынша есепке жатқызылған қосылған құн салығын анықтау кезінде, қосылған құн салығын төлеуші салық салынатын және салық салынбайтын айналымдар мақсаттарында пайдалану үшін алған тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетулер бойынша шығыстар мен қосылған құн салығының сомасы бойынша бөлек есеп жүргізеді.

2. Есепке жатқызудың пропорционалды әдiсiн пайдаланатын банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың, микроқаржы ұйымдарының кепілдегі мүлiктi (тауарларды) алуға және өткiзуге байланысты айналымдар бойынша қосылған құн салығының сомаларын есепке алу бойынша бөлек есептеу әдiсiн қолдануға құқығы бар.

2-1. Екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған, дауыс беретін акцияларының жүз пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі, есепке жатқызудың барабар әдiсiн пайдаланатын ұйымның:

мұндай банктен күмәнді және үмітсіз активтер бойынша сатып алынған талап ету құқықтары бойынша банктен алынған кепілдегі мүлікті (тауарды);

кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану нәтижесінде банктің меншігіне өткен және екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған, дауыс беретін акцияларының жүз пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі ұйым мұндай банктен күмәнді және үмітсіз активтер бойынша сатып алынған талап ету құқықтары бойынша банктен алған мүлікті (тауарды) сатып алумен, иеленумен және (немесе) өткізумен байланысты айналымдар бойынша қосылған құн салығы сомаларын есепке алудың бөлек әдiсiн қолдануға құқығы бар.

2-2. Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын, есепке жатқызудың барабар әдiсiн пайдаланатын банктің еншілес ұйымының:

күмәнді және үмітсіз активтер бойынша сатып алынған талап ету құқықтары бойынша бас банктен алынған кепілдегі мүлікті (тауарды);

кепілге салынған мүлікке өндіріп алуды қолдану нәтижесінде бас банктің меншігіне өткен және бас банктен күмәнді және үмітсіз активтер бойынша сатып алынған талап ету құқықтары бойынша банктің еншілес ұйымы алған мүлікті (тауарды) сатып алумен, иеленумен және (немесе) өткізумен байланысты айналымдар бойынша қосылған құн салығы сомаларын есепке алудың бөлек әдiсiн қолдануға құқығы бар.

3. Қаржы лизингіне мүлікті берген кезде, есепке жатқызудың барабарлық әдісін пайдаланатын лизинг берушінің мүлікті қаржы лизингіне беруге байланысты айналымдар бойынша қосылған құн салығының сомасын есепке алу бойынша бөлек есептеу әдісін қолдануға құқығы бар.

4. Лизинг берушінің қаржы лизингіне беруге жататын мүлікті сатып алуға байланысты шығыстары салық салынатын айналым мақсаттары үшін шеккен шығыстар ретінде қаралады.

5. Есепке жатқызудың барабар әдісін пайдаланатын ислам банктерінің Қазақстан Республикасының банк заңнамасына сәйкес коммерциялық кредит бере отырып, сауда делдалы ретінде сауда қызметін қаржыландыру шеңберінде мүлікті сатып алумен және берумен байланысты айналымдар бойынша қосылған құн салығы сомаларын есепке алудың бөлек әдісін қолдануға құқығы бар.

6. Есепке жатқызудың бөлек әдісін пайдаланатын қосылған құн салығын төлеушілердің бір мезгілде салық салынатын және салық салынбайтын айналымдар мақсаттарында пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша есепке жатқызуға жататын қосылған құн салығының сомасын айқындау кезінде жалпы айналымдағы салық салынатын айналымның үлес салмағын қолдануға құқығы бар.

 35-тарау. ШОТ-ФАКТУРА

 263-бап. Шот-фактура

1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, қосылған құн салығын төлейтін барлық төлеушілер үшін міндетті құжат шот-фактура болып табылады.

2. Қосылған құн салығын төлеуші тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу бойынша айналымдарды жүзеге асырған кезде, осы бапта өзгеше белгіленбесе, аталған тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді алушыға шот-фактураны жазып беруге міндетті.

3. Қосылған құн салығын төлеуші шот-фактурада:

1) қосылған құн салығы салынатын айналымдар бойынша - қосылған құн салығының сомасын;

2) қосылған құн салығынан босатылған айналымдар бойынша «ҚҚС-сыз» белгісін көрсетеді.

4. Егер өнім беруші осы Кодекстің 228-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес қосылған құн салығын төлеуші болып табылмаса, осы Кодекстің 256-бабының 2-тармағына сәйкес берілетін шот-фактура немесе басқа да құжат «ҚҚС-сыз» белгісімен жазылады.

5. Осы Кодекстің 256-бабына сәйкес қосылған құн салығын есепке жатқызу үшін негіздеме болып табылатын шот-фактурада:

1) шот-фактураның араб цифрларымен көрсетілетін реттік нөмірі;

2) шот-фактураның жазып берiлген күні;

2-1) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушi мен алушының тұрған жерінің почталық индексі көрсетілмеген мекенжайы;

3) тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді берушiлер немесе алушылар болып табылатын дара кәсіпкерлерге қатысты - қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлікте көрсетілген салық төлеушінің тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса) және (немесе) атауы;

тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді берушiлер немесе алушылар болып табылатын заңды тұлғаларға қатысты - заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлікте көрсетілген атауы. Бұл ретте, ұйымдық-құқықтық нысанын көрсету бойынша қалыптасқан, оның ішінде іскерлік айналымдағы қалыптасуына сәйкес аббревиатуралар қолданылуы мүмкін;

3-1) осы баптың 18-тармағында көзделген жағдайларда өнім берушінің комитент немесе комиссионер мәртебесі;

4) тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді беруші мен алушының сәйкестендіру нөмірі;

5) өнім беруші-қосылған құн салығын төлеушінің қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылғаны туралы куәлігінің нөмірі;

6) өткізілетін тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің атауы;

7) салық салынатын айналымның мөлшері;

8) қосылған құн салығының ставкасы;

9) қосылған құн салығының сомасы;

10) қосылған құн салығы ескеріле отырып, тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің құны көрсетілуге тиіс.

Тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді беруші немесе алушы болып табылатын заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі:

осы тармақтың 3), 3-1) және 4) тармақшаларының талаптарын орындау мақсатында заңды тұлғаның осындай құрылымдық бөлімшесінің немесе өзі құрылымдық бөлімшесі болып табылатын, қосылған құн салығын төлеуші - заңды тұлғаның деректемелерін көрсетеді;

осы тармақтың 5) тармақшасының талаптарын орындау мақсатында өзі құрылымдық бөлімшесі болып табылатын заңды тұлғаның - қосылған құн салығын төлеушінің қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылғаны туралы куәліктің нөмірін көрсетеді.

6. Акцизделетін тауарларды өткізген жағдайда шот-фактурада акциз сомасы қосымша көрсетіледі.

Комиссия шартының талаптарына сай келетін жағдайларда тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу кезінде оны ұсынушының:

комитент комиссионерге шот-фактураны жазған кезде - «комитент»;

комиссионер тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді сатып алушыға шот-фактураны жазған кезде - «комиссионер» мәртебесі көрсетіле отырып, шот-фактура жазылады.

Осы Кодекстiң 78-бабында белгiленген талаптар сақталмаған жағдайда лизинг берушi «Салық кодексiнiң 78-бабы сақталмаған» деген белгiсi бар шот-фактура немесе қосымша шот-фактура жазып бередi.

7. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, шот-фактура айналым жасалған күннен бұрын жазылмайды және өткізу бойынша айналым жасалған күннен кейiнгi бес күннен кешiктiрiлмей жазып берiледi.

Қосылған құн салығын төлеушi:

электр энергиясын, суды, газды, байланыс қызметiн көрсетудi, коммуналдық қызмет көрсетудi, темір жол тасымалдарын, көлiк-экспедиторлық қызмет көрсетудi, кредит (қарыз, микрокредит) беру бойынша қызмет көрсетудi, сондай-ақ қосылған құн салығы салынатын банк операцияларын өткізу кезiнде - оның қорытындысы бойынша шот-фактура жазып берiлетiн айдан кейiнгi айдың 20-күнiнен кешiктiрмей күнтiзбелiк айдың қорытындылары бойынша;

есептелген сыйақы сомасы бөлiгiнде мүлiктi қаржы лизингiне беру кезiнде оның қорытындысы бойынша шот-фактура жазып берiлетiн тоқсаннан кейiнгi айдың 20-шы күнiнен кешiктiрмей күнтiзбелiк тоқсанның қорытындылары бойынша;

осы Кодекстің 276-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдарға бір немесе бір жылдан астам мерзімге жасалған шарттар бойынша тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу кезінде - оның қорытындысы бойынша шот-фактура жазып берiлетiн айдан кейiнгi айдың 20-сынан кешiктiрмей күнтiзбелiк айдың қорытындылары бойынша шот-фактураны жазып беруге құқылы.

8. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, шот-фактура:

заңды тұлғалар үшін - заңды тұлғаның атауы жазылған және ұйымдық-құқықтық нысаны көрсетілген мөрімен, сондай-ақ басшысы мен бас бухгалтерінің қолтаңбаларымен;

дара кәсіпкерлер үшін - дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) және (немесе) атауы жазылған мөрімен (ол болған кезде), сондай-ақ дара кәсіпкердің қол таңбасымен куәландырылады.

Шот-фактура салық төлеушінің шешімімен оған уәкілеттік берілген қызметкердің қолтаңбасымен куәландырылуы мүмкін.

Заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі ол жазып берген шот-фактураны заңды тұлғаның атауы жазылған және ұйымдық-құқықтық нысаны көрсетілген, осындай құрылымдық бөлімшесінің мөрімен салық төлеушінің шешімі бойынша куәландыруға құқылы.

Жай серіктестікке (консорциумға) қатысушылардың уәкілетті өкілі жазып берген шот-фактура осы Кодекстің 308-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда, уәкілетті өкілдің атауы жазылған және ұйымдық-құқықтық нысаны көрсетілген мөрімен, сондай-ақ осындай уәкілетті өкіл басшысының және бас бухгалтерінің қолтаңбаларымен куәландырылады;

9. Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, шот-фактурада салық салынатын айналымның мөлшері тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің әрбір атауы бойынша жеке көрсетіледі.

Егер мұндай шот-фактураға осы баптың 5-тармағының 6) - 10) тармақшаларында көрсетілген деректер қамтылған құжат қоса берілсе, айналымның жалпы мөлшерін көрсетуге жол беріледі. Бұл ретте шот-фактурада құжаттың нөмірі мен күніне сілтеме, сондай-ақ оның атауы болуға тиіс.

10. Лизинг беруші өзі беретін лизинг нысанасына жазатын шот-фактурада салық салынатын айналым мөлшері, сыйақы және қосылған құн салығы сомалары енгізілместен, қаржы лизингінің шартына сәйкес барлық лизинг төлемдерінің жалпы сомасы негізінде көрсетіледі.

11. Интернет-ресурста орналастырылғандарды қоса алғанда, мерзімді баспа басылымдарын және бұқаралық ақпарат құралының өзге де өнімін өткізген жағдайда, шот-фактура өткізу бойынша айналым жасалған күннен кейін бес күннен кешіктірілмей жазылады.

12. Сыртқы сауда келісімшарттары бойынша тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу жағдайларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің құны және қосылған құн салығының сомасы шот-фактурада Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен көрсетіледі.

13. Шот-фактура екі дана етіп жазылады, олардың біреуі тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді алушыға беріледі.

14. Бұрын жазып берiлген шот-фактураға тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi берушiнi және (немесе) сатып алушыны ауыстыруға әкеп соқпайтын өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажет болған жағдайда, оларды берушi қателердi түзету мақсатында бұрын жазып берiлген шот-фактураның күшiн жояды және ол мынадай талаптарға:

1) бұрынғы нөмiрлерi мен жазып берiлген күнi көрсетiле отырып, осы Кодекстiң 263-бабы 5-тармағының талаптарына сәйкестiгiне;

2) шот-фактурада бұрын жазып берiлген шот-фактураны түзету күнiнiң көрсетiлуiне;

3) тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi алушының түзетiлген шот-фактураны алғаны туралы мынадай растаулардың бірiнiң болуына:

тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi алушының мұндай шот-фактураны осы баптың 8-тармағына сәйкес қол қоюымен және мөрiмен куәландырылуының болуына;

мұндай шот-фактураны тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi берушiнiң тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi алушының мекенжайына тапсырыс хатпен жiберуiне және оны алғаны туралы хабарламаның болуына сәйкес келуге тиiс түзетiлген шот-фактура жазып бередi.

Осы Кодекстiң 265-бабында көзделген жағдайларда, осы тармақтың ережесi қолданылмайды.

Осы тармақты қолдану мақсатында бұрын жазып берiлген шот-фактурадағы:

 тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi берушiнiң және (немесе) сатып алушының сәйкестендiру нөмiрiн;

берушiнiң қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiне қойылғаны туралы куәлiктiң нөмiрiн өзгерту және (немесе) толықтыру тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi берушiнi және (немесе) сатып алушыны ауыстыру болып танылмайды.

15. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, шот-фактура жазып беру мынадай жағдайларда:

1) есеп айырысу бухгалтерлік есеп жүргізген кезде негіз болып табылатын бастапқы есепке алу құжаттарын қолдана отырып, халыққа коммуналдық қызмет көрсетулер, байланыстық қызмет көрсетулер үшін банктер арқылы жүзеге асырылған;

2) жолаушы тасымалдау жол билетімен, оның ішінде әуе көлігінде берілетін электрондық билеттермен ресімделген;

3) осы Кодекстiң 276-бабының 1-тармағында аталған адамдарға тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi өткізу жағдайларын қоспағанда, халыққа тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi қолма-қол есеп айырысу арқылы өткiзген жағдайда сатып алушыға бақылау-кассалық машинаның чегi берiлген;

3-1) тауар дара кәсіпкер, жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат болып табылмайтын жеке тұлғаға сыйға тартылған немесе өтеусіз берілген;

4) осы Кодекстің 250-бабында көзделген қызмет көрсетулер кезінде талап етілмейді.

16. Осы баптың 15-тармағының 1)-3) тармақшаларында көзделген жағдайларда тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi алушы осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi берушiге шот-фактура жазып беру туралы талаппен өтiнiш бiлдiруге құқылы, ал оларды берушi осы баптың ережелерiн ескере отырып, бұл талапты орындауға мiндеттi.

Бұл ретте шот-фактура жазып беру:

1) осы баптың 15-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда - өткізу бойынша айналым жасалған күнi тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi өткiзген жерi бойынша;

2) осы баптың 15-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда - егер осы тармақшада өзгеше көзделмесе, айналым жасалған күннен ерте емес және өткізу бойынша айналым жасалған күннен кейiн бес күннен кешiктiрiлмей, көрсетiлетiн қызметтердi берушiнiң орналасқан жерi бойынша жүзеге асырылады. Егер көрсетiлетiн қызметтердi алушы осы тармақшада көрсетiлген мерзiмде шот-фактура жазып беру туралы талаппен өтiнiш бiлдiрмеген болса, онда ол көрсетiлген мерзiм аяқталғаннан кейiн көрсетiлетiн қызметтердi берушiге осы талаппен өтiнiш бiлдiруге құқылы. Бұл ретте, көрсетiлетiн қызметтердi берушi шот-фактураны жазып беру күнiмен бірге айналым жасалған күнi қолданыста болған ставка бойынша есептелген салықты көрсете отырып, өткізу бойынша айналымның жасалған күнiн көрсетедi.

Тауарларды экспорт режимiнде әкеткен жағдайда шот-фактура өткізу бойынша айналым жасалған күннен кешiктiрiлмей жазып берiледi.

17. Бірлескен қызмет туралы шарттардың шеңберінде өткізу (сатып алу) кезінде шот-фактураларды жазып беру ерекшеліктері осы Кодекстің 235-бабында белгіленген.

18. Комиссия шартына сәйкес келетін талаптармен өткізілетін тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді сатып алушыға шот-фактураларды жазып беруді комиссионер жүзеге асырады. Комиссионер жазып беретін шот-фактурадағы тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу бойынша айналым мөлшері комиссионер тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді сатып алушыға өткізуді жүзеге асыратын олардың құны негізінде көрсетіледі.

Комиссионер шот-фактураны мыналардың деректерін ескере отырып, жазып береді:

қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын комитент комиссионерге жазып берген шот-фактура. Бұл жағдайда комитент комиссионерге жазып берген шот-фактурада көрсетілген салық салынатын (салынбайтын) айналым сомасы комиссионер сатып алушыға жазып беретін шот-фактурадағы салық салынатын (салынбайтын) айналымға қосылады;

қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын комитент ұсынған тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің құнын растайтын құжат. Бұл жағдайда мұндай құжатта көрсетілген тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің құны комиссионер сатып алушыға жазып беретін шот-фактурадағы салық салынбайтын айналымға қосылады.

Комитент комиссионерге жазып беретін шот-фактурадағы салық салынатын айналым мөлшері өткізу мақсатында комиссионерге ұсынылған тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің құны негізінде көрсетіледі.

Комиссионер комитентке жазып беретін шот-фактурадағы салық салынатын айналым мөлшері комиссионердің комиссиялық сыйқасының сомасы негізінде көрсетіледі.

19. Тапсырма шартына сәйкес келетiн талаптармен өткiзiлетiн тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi сатып алушыға шот-фактураны жазып берудi сенім бiлдiрушi (осы Кодекстiң 233-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда - сенім бiлдiрiлген адам) осы бөлiмде көзделген тәртiппен жүзеге асырады.

20. Осы Кодекстiң 78-бабында белгiленген талаптар сақталмаған жағдайда лизинг берушi көрсетiлген сақталмаушылық болған күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей:

мүлiктi қаржы лизингiне беру бойынша - қосымша шот-фактура жазып беруге мiндеттi, онда қосылған құн салығы көрсетiле отырып, сыйақы сомасы қосылмаған босатылған айналымдардың терiс мәнi және салық салынатын айналымдардың оң мәнi қамтылуға тиiс;

мүлiктi қаржы лизингiне беру бойынша сыйақының есепке жазылған сомалары бөлiгiнде - қосымша шот-фактуралар жазып беруге мiндеттi, оларда қосылған құн салығы көрсетiле отырып, босатылған айналымдардың терiс мәнi және салық салынатын айналымдардың оң мәнi қамтылуға тиiс.

21. Оператор осы Кодекстің 271-1-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізген (сатып алған) кезде шот-фактура оператордың жеткізуші (сатып алушы) ретіндегі деректемелерін көрсете отырып, осы баптың талаптарына сәйкес жазып беріледі.

 264-бап. Экспедиторлардың шот-фактуралар жазып беру ерекшеліктері

1. Егер жөнелтушілер немесе алушылар үшін жүктерді тасымалдауға көлік экспедициясы шартына сәйкес жүргізілсе, аталған жүктерді тасымалдауға арналған шот-фактуралар жазып беруді экспедитор жүзеге асырады.

Экспедитор шот-фактураны экспедитор мен жүк жөнелтушінің немесе алушының арасында жасалған көлік экспедициясы шартының шеңберінде қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын тасымалдаушылар және басқа да жұмыстарды, қызмет көрсетулерді ұсынушылар жазып берген шот-фактуралардың негізінде жазып береді.

Егер тасымалдаушы (ұсынушы) қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын жағдайда, экспедитор шот-фактураны жұмыстардың, қызмет көрсетулердің құнын растайтын құжаттың негізінде жазып береді.

2. Экспедитор жазып беретін шот-фактурадағы салық салынатын айналымның мөлшері көлік экспедициясы шартының шеңберінде тасымалдаушылар және (немесе) ұсынушылар орындаған және көрсеткен жұмыстар мен қызметтердің құны ескеріле отырып көрсетіледі.

Шот-фактурада:

қосылған құн салығын төлеушілер болып табылатын;

қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайтын тасымалдаушылар және (немесе) ұсынушылар жүзеге асыратын жұмыстардың, қызмет көрсетулердің құнын қамтитын айналым көрсетіледі.

Экспедитордың салық салынатын айналымы мөлшеріне енгізілетін сыйақы сомасы шот-фактурада бөлек жазып көрсетілуге тиіс.

3. Экспедитор шот-фактураны екі дана етiп жазып бередi.

Шот-фактураның бірінші данасы жүк жөнелтушіге немесе жүкті алушыға беріледі.

Көлік экспедициясы шартының шеңберінде көрсетілетін жұмыстарды, қызметтерді тасымалдаушылар және (немесе) ұсынушылар, сондай-ақ олардың құны туралы ақпаратты ашып көрсететін құжат қоса берілетін шот-фактураның екінші данасы экспедиторда қалады.

Шот-фактураға қоса берілетін құжатта мынадай ақпараттық деректер:

1) тасымалдаушының және (немесе) жұмыстарды, қызмет көрсетулерді ұсынушының шот-фактурасының реттік нөмірі және жазып берiлген күні;

2) тасымалдаушының және (немесе) жұмыстарды, қызмет көрсетулерді ұсынушы салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі;

3) тасымалдаушының және (немесе) жұмыстарды, қызмет көрсетулерді ұсынушының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) немесе атауы;

4) егер тасымалдаушы және (немесе) ұсынушы қосылған құн салығын төлеушілер болып табылса, қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәліктің сериясы мен нөмірі;

5) жұмыстарды, қызмет көрсетулерді тасымалдаушы және (немесе) ұсынушы жүзеге асыратын, шот-фактурада көрсетілген салық салынатын айналым мөлшеріне қосылатын, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің құны көрсетілуге тиіс. Қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайтын тасымалдаушы және (немесе) ұсынушы жүзеге асыратын жұмыстардың, қызмет көрсетулердің құны бөлек көрсетіледі.

4. Аталған талаптарға сәйкес жазып берілген шот-фактура жүк жөнелтушілердің немесе оны алушылардың қосылған құн салығының сомасын есепке жатқызуы үшін негіз болып табылады.

 265-бап. Қосымша шот-фактураларды жазып беру

1. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi берушi осы баптың 2-тармағында белгiленген тәртiппен қосымша шот-фактураны мынадай:

1) осы Кодекстiң 239-бабына сәйкес салық салынатын айналым мөлшерi түзетiлген;

2) бір мезгiлде мынадай шарттарға сәйкес болған:

тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi берушi шот-фактураны осы Кодекстiң 263-бабында көзделген жағдайларда осындай шот-фактура жазып берiлген күнi қолданыста болған салық ставкасы бойынша есептелген қосылған құн салығы сомасын көрсете отырып, өткізу бойынша айналым жасалған күннен бұрын жазып берген;

шот-фактура жазып берiлген күнi қолданыста болған қосылған құн салығы ставкасы осындай шот-фактура бойынша өткізу бойынша айналым жасалған күнi қолданыста болған қосылған құн салығы ставкасынан өзгеше болған жағдайларда жазып бередi.

2. Қосымша шот-фактурада:

1) қосымша шот-фактураның араб цифрларымен көрсетiлетiн реттiк нөмiрi және оның жазып берiлген күнi;

2) қосымша шот-фактура жазып берiлетiн шот-фактураның араб цифрларымен көрсетiлетiн реттiк нөмiрi және жазып берiлген күнi;

3) тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi берушi мен алушының атауы, мекен-жайы және сәйкестендiру нөмiрi;

4) қосылған құн салығының ставкасы;

5) қосылған құн салығын есепке алмай, салық салынатын айналымды түзету мөлшерi;

6) қосылған құн салығының түзетiлген сомасы көрсетiледi.

3. Қосымша шот-фактураны тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi берушi жазып бередi және аталған тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi алушы растайды.

 36-тарау. САЛЫҚТЫ ЕСЕПТЕУ ЖӘНЕ ТӨЛЕУ ТӘРТІБІ

 266-бап. Салық салынатын айналым бойынша бюджетке жарна ретінде қосылған құн салығы

Салық салынатын айналым бойынша бюджетке жарна ретінде қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстің 268-бабына сәйкес салық салынатын айналым бойынша есептеп шығарылған қосылған құн салығының сомасы мен осы Кодекстің 256-бабына сәйкес есепке жатқызылған салық сомасы арасындағы айырма ретінде есептеледі.

 267-бап. Жекелеген жағдайларда қосылған құн салығын төлеу тәртібі

1. Ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді жүзеге асыратын заңды тұлғалар осы баптың 3-тармағында белгіленген тәртіппен қосылған құн салығын төлейді.

2. Осы баптың мақсатына орай ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді жүзеге асыратын ұйымдарға бір мезгілде мынадай шарттарға сай келетін:

1) қоғамдық тамақтандыру саласындағы қызметті қоспағанда, жылдық жиынтық табысының кемінде 90 процентін мына қызмет түрлерін:

ет және ет өнімін өндіруді;

жемістер мен көкөністерді қайта өңдеуді және консервілеуді;

өсімдіктер мен жануарлар майын өндіруді;

сүтті қайта өңдеу мен ірімшік өндіруді;

ұн-жарма өнеркәсібі өнімін өндіруді;

жануарлар үшін дайын жемшөп өндіруді;

нан өндіруді;

балалар тағамын және емдәмдік тағам өнімін өндіруді;

крахмал-cірне өнеркәсібі өнімін өндіруді жүзеге асыру нәтижесінде алынуға жататын (алынған) табыстар құрайтын;

Осы тармақтың 1) тармақшасын қолдану мақсатында қызмет түрлерiн айқындау техникалық реттеу саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган бекiткен Экономикалық қызмет түрлерiнiң жалпы сыныптауышына сәйкес жүзеге асырылады;

2) шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қоспағанда, арнаулы салық режимдерін қолданбайтын;

3) акцизделетін тауарларды өндіру, қайта өңдеу және өткізу бойынша қызметті жүзеге асырмайтын ұйымдар жатады.

3. Осы Кодекстің 266-бабына сәйкес есептелген қосылған құн салығына салық сомасы 70 процентке азайтылады.

4. Ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндіретін заңды тұлғалар мен селолық тұтыну кооперативтері үшін арнаулы салық режимін қолданатын қосылған құн салығын төлеушілер осы Кодекстің 451-бабында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, қосылған құн салығын есептейді.

5. Осы баптың мақсаттары үшін қолданылатын жылдық жиынтық табыс:

1) осы Кодекстің 4-бөліміне сәйкес осы Кодекстің 99-бабында көзделген жылдық жиынтық табысты түзету есепке алынбай;

2) осы Кодекстің 148-бабына сәйкес айқындалатын ағымдағы салық кезеңі үшін айқындалады.

6. Егер ағымдағы салық кезеңінің қорытындылары бойынша осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында белгіленген шарттар орындалмаған жағдайда, салық төлеуші:

1) осы баптың 3-тармағында белгіленген ережені қолданбай, осы Кодекстің 266-бабында белгіленген тәртіппен қосылған құн салығын есептеуге;

2) корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей осы баптың 3-тармағында белгіленген ережені қолданбай, қосылған құн салығы осы Кодекстің 266-бабына сәйкес есептеуге жататын салық кезеңдері үшін осы Кодекстің 70-бабына сәйкес қосылған құн салығы бойынша қосымша салық есептілігін табыс етуге міндетті.

 268-бап. Қосылған құн салығының ставкалары

1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, қосылған құн салығының ставкасы 12 процентті құрайды және салық салынатын айналым мен салық салынатын импорттың мөлшеріне қолданылады.

2. Осы Кодекстің 242 - 245-баптарында көрсетілген тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу бойынша айналымдарға қосылған құн салығы нөлдік ставка бойынша салынады.

Осы Кодекстің 243 - 245-баптарына сәйкес нөлдік ставка бойынша салық салынатын тауарлар мен қызмет көрсетулерді өткізу бойынша айналым расталмаған жағдайда, тауарлар мен қызмет көрсетулерді өткізу бойынша аталған айналым осы баптың 1-тармағында аталған ставка бойынша қосылған құн салығын салуға жатады.

3. Жеке тұлғалар кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда кеден одағының кедендік шекарасы арқылы алып өтетін жеке пайдалануға арналған тауарлардың Қазақстан Республикасының аумағына импорты кезінде қосылған құн салығын төлеу кедендік баждардың, салықтардың бірыңғай ставкасы бойынша кедендік баждарды, салықтарды төлеу арқылы немесе жиынтық кедендік төлем түрінде жүзеге асырылады.

Кедендік баждардың, салықтардың бірыңғай ставкаларының, сондай-ақ жиынтық кедендік төлемнің мөлшері мен оларды төлеу тәртібі кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленеді.

4. Тұлғаны қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарған кезде осы Кодекстiң 238-бабы 2-тармағына сәйкес айқындалатын салық салынатын айналым мөлшеріне қосылған құн салығының:

1) тауар-материалдық қорлар бойынша - тұлғаны қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарған күні қолданыста болған;

2) негізгі қорлар, материалдық емес және биологиялық активтер, жылжымайтын мүлікке инвестициялар бойынша - оларды сатып алған күні қолданыста болған ставкалары қолданылады.

 269-бап. Салық кезеңі

Күнтізбелік тоқсан қосылған құн салығы бойынша салық кезеңі болып табылады.

 270-бап. Салық декларациясы

1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, қосылған құн салығын төлеуші қосылған құн салығы жөніндегі декларацияны орналасқан жері бойынша салық органына есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-нен кешіктірмей әрбір салық кезеңі үшін табыс етуге міндетті.

Қосылған құн салығы бойынша декларацияны табыс ету жөніндегі міндеттеме осы Кодекстің 228-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген, қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою жүргізілмеген тұлғаларға қолданылмайды.

Осы Кодекстiң 271-1-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда, оператор жай серіктестіктің (консорциумның) барлық қатысушылары бойынша жиынтық түрде келісімшарт қызметі бойынша қосылған құн салығы жөніндегі декларацияны табыс етеді.

2. Осы Кодекстің 68-бабында өзгеше көзделмесе, декларациямен бір мезгілде декларацияға қосымша болып табылатын, салық кезеңі ішінде сатып алынған және өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілген қызметтер бойынша шот-фактуралар тізілімдері табыс етіледі. Сатып алынған және өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілген қызметтер бойынша шот-фактуралар тізілімдерінің нысанын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

Шот-фактураның нөмірін көрсетуге арналған ұялардың саны электронды түрде мыналарды:

1) есепті салық кезеңі ішінде сатып алынған тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетулер бойынша шот-фактуралардың тізілімін (мемлекеттік материалдық резервтен тауарлар шығару құжаттары);

2) есепті салық кезеңі ішінде өткізілген тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетулер бойынша шот-фактуралардың тізілімін табыс ету кезінде шектелмейді.

3. Осы Кодекстің 256-бабы 2-тармағының 11) тармақшасында көзделген жағдайларда, мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен, мерзімде және нысан бойынша оларға мемлекеттік материалдық резервтен тауарларды шығаруға жазылған құжаттардың тізілімін табыс етеді.

4. Осы Кодекстiң 571-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда салық органының шешімі бойынша тіркеу есебінен шығарылған салық төлеуші, осындай есептен шығару жүргізілген есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей, қосылған құн салығы бойынша тарату декларациясын орналасқан жері бойынша салық органына табыс етуге міндетті. Тарату декларациясы салық төлеуші тіркеу есебінен шығарылған салық кезеңінің басынан бастап оны осындай есептен шығарған күнге дейінгі  кезең үшін толтырылады.

 271-бап. Қосылған құн салығын төлеу мерзімі

1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, қосылған құн салығын төлеуші бюджетке жататын жарнаға салықты орналасқан жері бойынша есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 25-нен кешіктірмей әрбір салық кезеңі үшін төлеуге міндетті.

1-1. Осы Кодекстің 571-бабының 1 және 4-тармақтарына сәйкес қосылған құн салығын төлеушіні қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарған жағдайда, қосылған құн салығы бойынша тарату декларациясында көрсетілген қосылған құн салығын төлеу қосылған құн салығын төлеушінің салық органына осындай декларацияны табыс еткен күнінен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей, оның орналасқан жері бойынша жүргізіледі.

Егер қосылған құн салығы бойынша тарату декларациясы табыс етілген салық кезеңінің алдындағы салық кезеңі үшін табыс етілген, қосылған құн салығы бойынша декларацияда көрсетілген осындай салықты төлеу мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталған жағдайда, салықты төлеу салық органына тарату декларациясы табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.

2. Импортталатын тауарлар бойынша қосылған құн салығы Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында кеден төлемдерін төлеу үшін айқындалатын күні төленеді.

 271-1-бап. Жай серіктестік (консорциум) құрамында өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) бойынша қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылардың қосылған құн салығы бойынша салық міндеттемесін орындауының ерекшеліктері

1. Өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) бойынша қызметтің шеңберінде қосылған құн салығы бойынша салық нысандарын жасау мен табыс ету жөніндегі салық міндеттемесін:

қосылған құн салығының жай серіктестіктің аталған қатысушысына келетін үлесі бөлігінде қатысушының әрқайсысы;

не өнімді бөлу туралы келісімнің (келісімшарттың) шеңберінде жүзеге асыратын қызметінің жиынтығы бойынша, егер өнімді бөлу туралы келісімнің (келісімшарттың) талаптарында оператор осындай салық міндеттемесін орындауға уәкілетті болса, оператор орындауға тиіс.

2. Жай серіктестіктің (консорциумға) әрбір қатысушысының қосылған құн салығы бойынша салық нысандарын жасау мен табыс ету жөніндегі салық міндеттемесін орындауы кезінде:

тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу (сатып алу) бойынша шот-фактуралар осы Кодекстің 235-бабының талаптарына сәйкес жазып беріледі;

қосылған құн салығы бойынша декларация мен декларацияға қосымша болып табылатын шот-фактуралардың тізілімін жай серіктестіктің (консорциумның) қатысушысының үлесіне келетін бөлігінде осындай қатысушының әрқайсысы тапсырады;

қосылған құн салығының есептелген, есепке жазылған (азайтылған), аударылған және төленген (есепке жатқызылғандары және қайтарылғандары ескеріле отырып) сомалары жай серіктестіктің аталған қатысушысының үлесіне келетін бөлігінде қатысушының әрқайсысының дербес шотында көрсетіледі;

қосылған құн салығының асып түскен бөлігін қайтару декларацияны табыс еткен жай серіктестіктің (консорциумның) қатысушысына жүргізіледі;

салықтық әкімшілік ету тәртібі, оның ішінде нұсқаманы, хабарламаны және салықтық тексеру актісін тапсыру осы Кодексте белгіленген тәртіппен жай серіктестіктің (консорциумның) қатысушысына әрқайсысына қатысты қолданылады.

3. Оператор өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жүзеге асыратын қызметінің жиынтығы бойынша қосылған құн салығы бойынша салық нысандарын жасау мен табыс ету жөніндегі салық міндеттемесін орындаған кезде:

тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу (сатып алу) бойынша шот-фактуралар осы Кодекстің 263-бабының талаптарына сәйкес жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен оператордың деректемелері көрсетіле отырып, жазып беріледі;

қосылған құн салығы бойынша декларация мен декларацияға қосымша болып табылатын шот-фактуралардың тізілімін өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жүзеге асыратын қызметінің жиынтығы бойынша оператор тапсырады;

қосылған құн салығының есептелген, есепке жазылған (азайтылған), аударылған және төленген (есепке жатқызылғандары және қайтарылғандары ескеріле отырып) сомалары оператордың дербес шотында көрсетіледі;

қосылған құн салығының асып түскен бөлігін қайтару операторға жүргізіледі;

салықтық әкімшілік ету тәртібі, оның ішінде нұсқаманы, хабарламаны және салықтық тексеру актісін тапсыру осы Кодексте салық төлеушілер (салық агенттері) үшін көзделген тәртіпке сәйкес операторға қатысты қолданылады және бұл ретте көрсетілген құжаттар өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) бойынша салық төлеуші ретінде жай серіктестіктің (консорциумның) әрбір қатысушысына тапсырылды деп есептеледі.

4. Осы бапқа сәйкес қосылған құн салығы бойынша салық нысандарын жасау мен табыс ету жөніндегі салық міндеттемесін орындаудың таңдап алынған әдісі салықтық есепке алу саясатында көрсетілуге және өнімді бөлу туралы келісімнің (келісімшарттың) қолданылу кезеңі аяқталғанға дейін өзгермеген күйінде қалуға тиіс.

 37-тарау. ҚОСЫЛҒАН ҚҰН САЛЫҒЫ БОЙЫНША БЮДЖЕТПЕН ӨЗАРА ҚАТЫНАС

 272-бап. Қосылған құн салығын қайтару

1. Егер осы тарауда өзгеше белгіленбесе, мыналар:

1) есепке жатқызылатын қосылған құн салығы сомасының осы Кодекстің 273, 274-баптарында белгіленген тәртіппен есепті салық кезеңінің аяғында декларация бойынша өсу қорытындысымен қалыптасқан есептелген салық сомасынан асып түсуі (бұдан әрі - қосылған құн салығы бойынша асып түсуі);

2) грант қаражаты есебінен сатып алынған тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді ұсынушыларға осы Кодекстің 275-бабында белгіленген тәртіппен төленген қосылған құн салығы;

3) Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық және оларға теңестірілген шет мемлекеттердің өкілдіктері, шет мемлекеттердің консулдық мекемелері, дипломатиялық және осы өкілдіктердің әкімшілік-техникалық персоналына жататын адамдар, олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, консулдық лауазымды адамдар, консулдық қызметшілер - олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының аумағында сатып алған тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді ұсынушыларға осы Кодекстің 276-бабында белгіленген тәртіппен төлеген қосылған құн салығы;

4) бюджетке артық төленген қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстің 599 және 602-баптарында белгіленген тәртіппен салық төлеушіге бюджеттен қайтарылуға жатады.

2. 2009 жылғы 1 қаңтарға дейін сатып алынған тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетулер бойынша қалыптасқан, осы баптың 1-тармағы 1) тармақшасының бірінші бөлігінде көрсетілген қосылған құн салығының асып кетуі, нөлдік ставка бойынша салық салынатын айналымдар мақсатында пайдаланылған немесе пайдаланылатын тауарларға, жұмыстарға, қызмет көрсетулерге байланысты қалыптасқан асып түсуді қоспағанда, бюджеттен қайтарылуға жатпайды.

Осы тармаққа сәйкес бюджеттен қайтарылуға жатпайтын қосылған құн салығының асып түсуі қосылған құн салығы бойынша алдағы төлем шотына есептеледі. Импорт кезінде төлеуге жататын, сондай-ақ осы Кодекстің 241-бабында көзделген қосылған құн салығын төлеу шотының есебіне жатқызу жүргізілмейді.

3. Есепті салық кезеңінің соңында өсетін қорытындылар декларациясы бойынша қалыптасқан, есептелген салық сомасынан есепке жатқызылатын қосылған құн салығы сомасының асып кетуі нөлдік ставка бойынша салынатын айналымдар бойынша, егер бір мезгілде мынадай талаптар орындалса:

1) қосылған құн салығын төлеуші нөлдік ставка бойынша салық салынатын тауарлар өткізуді, жұмыстар орындауды, қызмет көрсетулерді тұрақты жүзеге асырса;

2) нөлдік ставка бойынша салық салынатын айналымдар жасалған және декларацияда ол бойынша қосылған құн салығының асып кеткенін қайтару туралы талап көрсетілген салық кезеңі ішінде нөлдік ставка бойынша салық салынатын өткізу бойынша айналым өткізу бойынша жалпы салық салынатын айналымда кемінде 70 процент құрайтын болса, қайтарылуға жатады.

4. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген нөлдік ставка бойынша салық салынатын тауарлар өткізуді, жұмыстар орындауды, қызмет көрсетулерді тұрақты өткізуге жатқызу өлшемдерін белгілеуді және мынадай:

1) осы баптың 3-тармағында белгіленген талаптар орындалмаған жағдайда, нөлдік ставка бойынша салық салынатын айналымға байланысты;

2) осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасының екінші бөлігінде көзделген қайтарылуға жататын қосылған құн салығының асып кеткен сомасын айқындау тәртібін белгілейді.

 273-бап. Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару

1. Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын салық төлеушіге қайтару:

1) егер осы Кодектің 274-бабында өзгеше белгіленбесе, осы бапта белгіленген тәртіппен және мерзімде;

2) салық кезеңі ішінде қосылған құн салығы жөніндегі декларацияда аталған қайтару туралы оның талабының негізінде жүзеге асырылады.

2. Егер қосылған құн салығын төлеуші салық кезеңі ішінде қосылған құн салығы жөніндегі декларацияда қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару туралы талапты көрсетпесе, онда бұл асып кеткен сома алдағы қосылған құн салығы бойынша төлемдер есебіне жатқызылады немесе қайтарылуға ұсынылуы мүмкін.

Бұл ретте қосылған құн салығын төлеушінің осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі ішінде, 2009 жылдың 1 қаңтарынан кейін қалыптасқан қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтаруға құқығы бар.

3. Егер осы баптың 4-тармағында және осы Кодекстің 274-бабында өзгеше белгіленбесе, салықтық тексеру нәтижелерімен расталған қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару салық кезеңі ішінде қайтару туралы талап көрсетілген қосылған құн салығы жөніндегі декларация табыс етілген күннен бастап күнтізбелік жүз сексен күн ішінде жүргізіледі.

Осы тармақтың мақсатында:

1) қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығының асып кеткен сомасының дұрыстығын растайтын салықтық тексеру актісі;

2) осы Кодекстің 635-бабының 10-тармағында көзделген жағдайда, ресімделген салықтық тексеру актісіне қорытынды;

3) нөлдік ставка бойынша салық салынған айналым болған кезде, осы Кодекстің 243 - 245-баптарына, сондай-ақ 276-11 - 276-13-баптарына сәйкес нөлдік ставка бойынша салық салынатын айналымдарды растайтын құжаттар қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару үшін негіз болып табылады.

4. Осы Кодекстің 274-бабының 2-тармағында аталғандарды қоспағанда, салық кезеңі ішіндегі өткізу бойынша жалпы салық салынатын айналымда кемінде 70 процентті құрайтын нөлдік ставка бойынша салық салынатын айналымдарды жүзеге асыратын қосылған құн салығын төлеушіге, қайтару туралы талап көрсетілген қосылған құн салығы жөніндегі декларация табыс етілген кезден бастап алпыс жұмыс күні ішінде қайтару жүргізіледі.

Осы тармақтың мақсатында:

1) қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы сомасының дұрыстығын растайтын салықтық тексеру актісі;

2) осы Кодекстің 243-245-баптарына, сондай-ақ 276-11 - 276-13-баптарына сәйкес нөлдік ставка бойынша салық салынатын айналымдарды растайтын құжаттар;

3) осы Кодекстің 634-бабының 10-тармағында көзделген жағдайда, ресімделген салықтық тексеру актісіне қорытынды қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтару үшін негіз болып табылады.

5. Қосылған құн салығының асып кетуі: