Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

87

.pdf
Скачиваний:
12
Добавлен:
07.06.2023
Размер:
8.65 Mб
Скачать

Ғалымның қазақ тіліндегі тамыры терең мағыналас сөздердің, түбір мен қосымшалар арасындағы сабақтастық, түркі сөздерінің шығу төркіні мен мағынасын ашып түсіндіретін, дыбыстар сәйкестіктері арқылы танылатын сөз варианттары мен сөз жасаудағы сәйкестіктер туралы, сонымен қатар тек сәйкестіктер ғана емес, түрлі фонологиялық заңдылықтардың да көрініс табатындығы “Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері” деп аталатын еңбегінде жан-жақты баяндалады. Ал оның “Қазақ тілі лексикасы дамуының фононлогиялық заңдылықтары” деп аталатын зерттеу жұмысы қазіргі ғалымның өзі жалғастырып жүрген түбіртек теориясының бастамасы болатын.

Ғалым – аудармашы. Ғалымның аудармашылық қабілеті ескерткіштердің қазақ тілінде сөйлете білуімен өлшенеді. Ғалымның аударған Рабғузи қиссалары, әл-Хорезмидің шығармалары, С. Бақырғани хикметтері, Ж. Баласағұн бәйіттерін бүгінгі жас өскін, болашақ мамандар салыстыра, өзге аудармалармен жарыстыра оқып жүр.

Ғалым – фонетист. Профессордың “Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері” атты оқу құралы тек қазақ тіл білімі үшін ғана емес, түркітану ғылымына да қосылған сүбелі үлес еді. Себебі ғалымның силлабофонемалар теориясына қосқан өзіндік үлесі түбір мен қосымшалар арасындағы сабақтастық мәселесінде айқын көрініс тапты. Бұл тұрғыдан алғанда, әрбір қосымшаның жекелеген тіл бірліктері болғандығын дәлелдеу үшін ғалым –ур, -ар, аффикстері мен жекелеген септік жалғаулары, жіктік және тәуелдік жалғаулары туралы пайымдауларын ортаға салады. Зерттеуші осы еңбекте ғылымда басқаша танылған мәселелерді тың, жаңа қырынан көрсетеді. Қосымша болып сіңісіп кеткен аффикстерді түбір ретінда қайта жаңғырту, реставрациялау, орнықтыру ісі ғылыми-теориялық тұрғыдан жеңіл шаруа емес еді. Бұл еңбекте қазақ және түркі тілдеріне ортақ сөз тудыруға бейім дыбыстық сәйкестіктермен қатар форма өзгертетін сәйкестіктерді барынша мол қамтудың нәтижесінде тіліміздегі сөздік қор мен сөздік құрамды байытуға да өзіндік үлес қосты деп айтуға болады. Бұл жылдар бойы жинақтаған ғалымның білімі мен білігінің, көргені мен түйгенінің, өмірлік тәжірибесінің молдығынан байқатумен бірге ғылыми жаңалықтар ашу ісіндегі ғылыми әлеуетінің барынша мол мүмкіндіктерін байқатады.

Ғалым – лексиколог. Қазақ тілінің лексикологиясы мәселелері де ғалымды бей-жай қалдырмаған. 2003, 2008, 2018 жылдары “Қазақ университеті” баспасынан “Қазіргі қазақ тілі. Лексикология” деп аталатын оқу құралдары жарық көрді. Бұл оқу құралдары бірін-бірі толықтырған, соңғы ғылыми жаңалықтарға сүйене отырып жазылуымен ерекшеленеді. Ғалымның өз сөзімен айтсақ: “Бұл оқу құралдарының өзге оқу құралдарынан тағы бір ерекшелігі – әр тақырыптың ғылымға танылған мамандарын сөйлетуге тырыстық. Мұның өзі қоңырқай баяндаудан гөрі ұтымды шықты. Бір пікір мен екінші пікірді үйлестіріп, стиль жатықтығын қадағалау біздің үлесімізге тиді”, – дейді. Сонымен қатар ғалым кеңестік тіл білімінде табу мен эвфемизмге қатысты кейбір мәселелердің толыққанды басы ашылмағандығын айта келіп, этнографиялық табуларды – ділдік табу, ал лингвистикалық табуларды – тілдік табу деп атауды ұсынады. “Қолданыла келе бірте-бірте тұрақтанып кетеді деген үміті” ақталып жүргендігінің куәсі болып жүрміз.

Ғалым – теолог (дінтанушы). 1997 жылы қажылыққа барып келген сапарынан кейін ғалымның дүнияуи көзқарастарының өзгергенін байқататын “Ғаламның ғажайып сырлары” деп аталатын еңбегі – адамтану, дінтану, қоғамтану, ділтану, тілтаным сияқты күрделі ғылымдардың синтезінен туындаған терең пәлсәплық туынды. Кейін бұл еңбек толықтырылып 2018 жылы қайыра жарық көрді. Еңбектегі паралингвистикалық амалдар, түс көру мен жору мәселелері, Қазығұрт, Жидда, Арарат, т.б. тауларының атауының шығу төркіні туралы ойлары номинация теориясы тұрғысынан халықтық дүниетанымға жақын, шындыққа жанасымды ой-пікірлер деп тануға негіз бар. Көкірегі ояу, көзі ашық оқырман үшін тіл мен теологиялық ілімнің арасындағы байланыстың бар екендігі осы еңбектен де көрініс тапқан. Қажылыққа барып келгеннен кейінгі ғалыммен бір кездесуде «таңертең ерте тұрғанда Құдай нұрын төгеді» деген теология ілімінде қалыптасқан ойдың өмірдегі шындығын еңбекпен байланыстырып түсіндіріп берген болатын. Күнделікті ерте тұрған адамның физиологиялық, психологиялық мүмкіндігін қоса есептегенде, ғалымның бұл ойы – ғылымда дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомалар. Дінтанушылар мен ғалымдар, қарапайым қалың оқырмандар тарапынан зор ілтипатқа болған бұл дүние ғылым мен дін арасындағы, адамзат пен табиғат арасындағы күнделікті тұрмыста байқала бермейтін, көзге көрінбейтін нәзік пернені дөп баса сөйлетуімен құнды.

31

Ғалым-басшы. Ғалым Н.Сауранбаев, М.Балақаев, М.Томанов, Ы.Маманов сынды талай алыптар мен арыстардың табаны тиіп, маңдай тері сіңген орынтағында “Қазақ филологиясы” кафедрасының меңгерушісі қызметін диссерта-циялық кеңес төрағасының орынбасарлығымен ұштастыра абыроймен атқарды.

Ғалым-энциклопедист. Жазба ескерткіштерді тілдік, мағыналық ерекшеліктерін сақтай отырып, аударған аудармашының, лексиколог-ғалымның, түркі (қазақ) тілдерінің лексикасы дамуының фонологиялық заңдылығын зерттеген зерттеуші, дін мәселелерін де қозғаған ғалым, білікті басшы, энциклопедист-ғалым.

Осы жылдары ғалым ғылыммен айналыса жүріп, “жеті өнердің аз” қағидасына сүйеніп, “Ғылым” баспасында редакторлық қызметтің басы-қасында жүреді. Баспаға келмес бұрын, ғалым жазу, ғылымға келу стратегияларын жақсы меңгеру үшін қазіргі “Егемен Қазақстан” бұрынғы “Социалистік Қазақстан” газетінде әдеби қызметкер, әдеби стилист қызмет атқарғанын біреу біліп, біреу білмес. Бұл да ғалымның қай іске де кездейсоқ бармайтынынан хабардар етсе керек.

Ғалым – ұстаз. Ғылым кандидаты кезінен-ақ кандидаттық диссертациялық жұмысқа жетекшілік ете бастауы ғалымның өрелі өресі мен ғылым көкжиегіндегі орнын белгілеп береді. Осы тұмадан қанып ішкен бүгінгі ғылым көкжиегіндегі ғалымдар, жас ғалымдар мен ізденушілер еліміздің түкпір-түкпірінде Алматы, Астана, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Тараз, Талдықорған, Кереку және т.б. көптеген білім ордаларында қызмет атқарып жүр.

Бұл мектептің басында ғалым, профессор А.Б.Салқынбай, М.Сабыр, ғылым кандидаттары Ғ.Хасанұлы, А.Мамаева, т.б. сияқты ізін басып келе жатқан шәкірттері бар. Ал А. Салқынбай мен М. Сабыр сынды ғалымдардың жетекшілігімен, ғылыми кеңесшілік жасауымен ашылып жатқан қазақ ғылымындағы жаңалықтар мен жаңашыл идеялардың бастауы да ұстаздың берген білім нәрімен бойға дарып жатыр. Және ол шәкірттер өздерін «Профессор Б. Сағындықұлының немере шәкірттеріміз» деп мақтанышпен атайтыныны естіп жүрміз. Сол төл шәкірт пен немере шәкірттердің бірқатары (филология ғылымдарының кандидаттары Ғ.Шойбекова, Ж.Жанпейісова, Ж. Абитжанова және С. Оданова) біздің университетте абыройлы еңбек етіп жүр. Сырт қарағанда қазіргі таңда ғалым мектебінің үлкен ғылыми лабароториясы жұмыс істеп жатқандай көрінеді.

Қысқасы, профессор Б. Сағындықұлының 1979 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Қазақстан жоғары білім мектебінің көсбасшысы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі 40 жылдық қызмет жолы да үздіксіз ізденіс пен жемістің жылдары деп айтуға болады. Айтқаны да айтары да, бергені де, берері де мол ғалымның сексен жасқа толған мерейтойымен өзі әр жылдары дәріс оқып жүрген Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің қазақ тіл білімі кафедрасының ұжымы да шын жүректен құттықтап, отбасына амандық, шығармашылық табыстар тілейді.

Хасанов Ғабит Қайыржанұлы, ф.ғ.д., профессор.

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік Университеті.

Орал қ.

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ТУЫН ТІККЕН

Сөз ұстаз, ғалым, дарынды да иманды адам Берікбай Сағындықұлы туралы болмақ. Қазақ тіл білімі деп аталатын ғылымның басты корифейлерінің тағылымын алған ғалымдар елімізде бүгінде көп емес. Көпшілігі фәниден бақиға өтіп кеткен. Дегенмен де баяғы қарт гвардия қатары, құдайға шүкір, әлі де бар. Бүгінде кемтігімізді толтырып отырған, бұрысымызды дұрыстап отырған осылар. Бұларды кешегі абыздардың алдын көрген көргенді де ғылымға адал буын екенін тілші ағайындардың мойындағаны қашан. Әттең, бұндай адамдар ғылымда бүгінде азайып кеткені жасырын емес. Кешегі кеңестік илеуден өткен бұл буынның ғылымдағы ерекшелігі бірден белгілі. Бірдеңе қызықтырды ма бүге-шігесіне дейін қазып зерттейді. Жеңіл-желпі шола салып, өтіп кету бұларға жат қасиет. Ешқандай бүгінгідей жоба ұтпай-ақ, тіліміздің ақсап тұрған жерлерін терең зерттеу олардың қанына сіңген қасиет демеске амалың жоқ. Сондай тілші ғалымның бірі –

32

профессор Берікбай Сағындықұлы. Көненің көзі іспетті түркітанушы ғалымның қазақ тіл біліміне сіңірген еңбегі, құдайға шүкір, баршылық. Әрине, оны қазақ тіл білімінде еңбек етіп жүрген қалың көпшілік білмесе де, сол салада жүрген ғалымдар білері хақ. Бүгінде үстелге тапжылмай отыру деген қасиет жетіспейтіні белгілі, ал бұларда бір шешуі қиын мәселені жазып шыққанша ештеңеге алаңдамау жетіп артылады. Ұстазым Берікбай Сағындықұлы осындай қасиетке ие тұлғалардың бірі.

Ұстазымыздың толық келбетін таныту үшін шегіністер жасап, өткенді бір еске түсірейік. Сонау 1994 жыл. Орал қаласында педагогикалық институтта жас оқытушы болып қызмет істеймін. Бізге осының алдында ҚазМУ бітіріп, бір топ жас мамандар ұстаздық қызметке келген болатын. Солардың ішінде Мұрат Сабыр өзінің ұстаздарының ішінен Берікбай Сағындықұлының есімін жиі айтатын. Шын ғылымға берілген ұстаз деп бағалайтын. Бекең бізге лексикология пәнінен сабақ берді. Түркітанушы, тіл тарихының білгірі, қазіргі қазақ тілі лексикологиясының мықты маманы деп айтатын. Лексикологияға қызығып жүрген маған ондай ғалыммен дидарласу бір арман болды.

Білікті де өмір мектебінен өткен, шәкірттері жоғары бағалайтын ұстаз Болат Жексенғалиев 1994 қысында досы, Алматыда Тіл білімі институтында ғылымда жүрген Мұрат Сабырға бармақшы болды. Оған мен де ілестім. Мақсат екеумізде біреу: ғылыммен айналысу, ұстаз іздеу. Ол кезде де жұмыстан сұрану оңай емес, дегенмен де студенттердің қысқы демалысын пайдаланып бармақшы болдық. Пойыз Алматыға екі тәуліктің үстінде жүреді, қайтып келуің бар, сонда төрт тәулік кетеді. Ұшақ аптасына екі рет Алматыға қатынайды, сондықтан уақыт кетпес үшін соны пайдаланып, Алматыға таңда ұшып келдік. Ару Алматыны бірінші рет көргенім. Тауларды айтсаңшы, олардың сұлулығы мен тәкаппарлығын көріп, таң қалдым. Қыр баласы маған ерекше әсер етті. Тауларды көріп, орыстың ұлы ақыны В. Высоцкийдің «Таулардан артық таулар ғана болады» деген сөзін енді ғана түсіндім. Сол күні таңертең Мәкеңе ілесіп, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына барып, қазақ фонетикасының ақсақалы профессор Әлімхан Жүнісбекке барып, сәлем бердік. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Әлекеңнің сол кезде ана тіліміздің дыбыс жүйесінің бұзылғаны туралы, оны дұрыстауға байланысты қыруар жұмыстар атқарылуы керек екені туралы айтқандары күні бүгінге дейін жадымда. Одан соң профессор Берікбай Сағындықұлына барып жолығысудың реті түсті. Өз басыма Бекеңнің жайдары кейпі қатты ұнады. Мейірбан жүзді, бетінен иманы төгілген, асықпай ойланып сөйлейтін мінезі ерекше әсер етті. Сол кезде менің өз ішімде қазақ тілінің жазылмаған бір сұрағына жауап іздеу мақсаты тұрды. Ұстаздың маған қойған алғашқы сұрағы «өзің бір тақырыпты қаузап жүрсің бе» деді. Мен бір мәселені қарастырып жүргенімді айтып едім. «Иә, ол жақсы екен, босқа жүрмегенің, алайда, сенің қарастырып жүрген мәселең ауқымы тар, болашағы жоқ. Болашағы жоқ тақырып тақырып емес. Қазақ тілінің бір мәселесін қопарсаң ар жағында көптеген қарастырылмай жатқан сұрақтар шығып жатса бір адамның өмірі жетпейтін тақырып шығады. Міне, нағыз ғылым. Қазақ тілінің семантикасы зерттелмей отырғанына қанша уақыт өтті. Сондықтан қазақ тілінің сөз мағынасын зерттеу – абыройлы іс. Тілдің жаны болатын сөз мағынасында ұлттық мінез, салт-дәстүр, ұлтымыздың барлық қасиеті бар. Міне, осы мәселе – ұшы-қиыры жоқ ірі, ауқымды тақырып болады. Мен өз басым осы тақырыпқа көптеген жылдардың тәжірибесі арқылы жеттім. Ал өз басым оны қарастырып жазатын уақытым жоқ, себебі қазақ тілі тарихының ашылмаған беттері әлі деп көп. Соларды жазудан қолым тимеуде. Менің кеңесім: қазақ тілінің мағынасын зерттеуге тезірек ден қою керек. Осы сала бойынша зерттеу жүргізу – қазақ тілі ғылымының абыройын көтеретіні анық» деді. Осы кеңес бойынша қазақ тілінің семантикасы деп аталатын өте ауқымды ғылымға аяқ басуға бел байладым. Қоштасарда күзде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің күндізгі аспирантурасына түсуге кеңес берді. Мен де өз тарапымнан емтихандарға барымды салып, дайындалып, оқуға түсуге тырысатынымды айттым. Сол жылы күзде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ күндізгі аспирантурасына оқуға түстім. Қазақ тілінің қыр-сырын зерттеген қазақ ғалымдары М. Серғалиев, А. Айғабылұлы, Т. Сайрамбаев, Р. Әміров, Х. Кәрімов т.б. тәлім-тәрбиесін көрдік. Осы бір еліміз үшін қиын кездерде, стипендиямыз аз болса да, жұмыс істеп, ұстазымның қойған тапсырмаларын барынша орындап жүрдім. Осы салада еңбектеніп, ана тіліміздің дамуына өзіндік бір үлес қосуды ұстазымнан үйрендім. Қазақ семантикасы деген ғылым саласының бір парасын қарастырып, оқуымды ұстазымның жетекшілігімен абыроймен аяқтадым.

Ол кезде қазақ тілінің семантикасы ғылымынан ұстазымнан басқа есімі елге белгілі ғалымдар академик Рабиға Сыздық апамыз мен профессор Мейірбек Оразов еді. Осындай ғалымдардың шәкірті болғанымды мақтан етемін. Қазақ семантикасы бойынша Берікбай Сағындықұлы көптеген шәкірттерді дайындады. Қазақ семантикасының тарихы да ғалымның назарынан тыс қалған емес.

33

Бекеңнің кеңесшілігімен ол аумақта да қомақты зерттеулер жүргізілді. Атап айтқанда, меценат Б. Шырдабаевтың «Алдоңғар» қоғамдық қорының демеушілігімен «Қазақ тілінің тарихы» деген үлкен жобаны ұйымдастырды. Бұл жобаның теориялық мазмұнын бастан-аяқ дайындаған Б. Сағындықұлы болды. Ол үшін қазақ тілінің тарихын Б. Сағындықұлы фонетика, семантика, диалектология, морфология, ономастика, антропонимика, т.т. салаларға жіктеді. Бүгінде фонетика саласы жеке кітап болып жарық көрді, ол теориялық және практикалық жағынан екі кітапқа топтастырылған. Теориялық жағынан нақты тарихи ескерткіштердің деректері арқылы қазақ фонетикасы тарихын жазу үшін Б. Сағындықұлы өзі басты тараулары мен бөлімдерін жекелей бөліп, көптеген тілші-ғалымдарды жұмылдыра білді. Осы жұмыстардың басты мақсаты – сонау көне түркі кезеңінен келе жатқан көне қазақ тілінің тарихын тарихи деректер арқылы дәлелдеу. Ол үшін қазіргі қазақ тілімен толық сай келетін көне түркі тілінің сөздерін теріп, тауып, зерттеу керек болды. Осы абыройлы кеңесшілік істе Б. Сағындықұлы өз биігінде көріне білді. «Көне қазақ тілі» деген терминді де енгізген профессор Б. Сағындықұлы болатын. Бұл жұмыстар Б. Сағындықұлы жетекшілігімен әлі де жалғасуда.

Бекеңнің тағы бір қыры ислам дінінің қатпар-қатпар тылсымын терең білетіндігі. Оған басты себеп, ағамыз иманды әулиелердің сойынан, яғни текті тұқымнан шыққан. Бабалары Мүсірбай, Алтыбай әулие, әкесі Сағындық әулиелердің есімдері Сырдария өңіріне танымал. Мәселен, Сағындық әулиеге дертіне шипа іздеп келген адамдар бір күнде төрт жүз қой құрбандыққа шалған екен дейді. Молдалардың иман туралы әңгімелерін кішкентайынан құлағына құйып өскендіктен болар Бекең университет қабырғасында жүріп, студенттерді теріс діни ағымдардан сақтау үшін, дәстүрлі ислам ережелері мен қағидаларын түсіндіру үшін 1997 жылы «Ғаламның ғажайып сырлары» деген еңбегін жарыққа шығарды. Тәрбиелі мамандарды дайындау үшін университет студенттеріне тұрақты түрде имандылық сағаттарын өткізіп жүрді. Осының негізінде имандылық тәрбие туралы «Отбасы оқулығы» деген еңбегін жарыққа шығарды. Профессор Б. Сағындықұлының отандық қазақ тіл білімі ғылымына қосқан үлесі өте қомақты. Ол көптеген жылдарын сарп етіп,көне жәдігерлер «Ақиқат сыйы» және Рабғузидің «Қиссас-ул-анбийсын» қазақ тіліне аударып, бастырды. Ал түркологияда ашқан жаңалықтары өте ауқымды. Ол «Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері» атты монографиясында толықтай сөз болады. Оны түрколог ғалымдар жоғары деңгейде бағалады.Б. Сағындықұлы ұстазы Әмір Наджиптен де асып, тіл тарихында түбіртек туралы жеке ғылым саласын қалыптастырды. Әлемдегі барлық тілдер бір тілден шыққандығы ұстаздың осы саладағы еңбектерінде дәлелденеді.

Б. Сағындықұлының өмірбаянына қысқаша тоқталсақ, ұстаз 1939 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келген. 1957 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Бітіргеннен кейін «Социалистік Қазақстан» газетінде жұмыс істейді. 1972 жылы Тіл білімі институтының аспирантурасына оқуға түседі. 1977 Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Э.Н. Наджиптің жетекшілігімен «ХІV ғасырдағы түркі жазба ескерткіштерінің салыстырмалы лексикасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғайды. Ал 1994 жылы «Қазақ тілі лексикасы дамуының фонологиялық заңдылықтары» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Бүгінде Бекеңнің қаламынан көптеген ғылыми зерттеулер, оқу құралдары және 300-ден астам ғылыми мақалалар жарық көрген.

Қазақ ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Бекең өзінің 80 жылдығына тым жақсы табыстармен келді. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, ол өзінің ұстаздық қызметінде көптеген студенттерді тәрбиелеп ұшырды, ал ғылым саласында 6 ғылым докторын, 30-дан астам ғылым кандидаттары мен Ph докторларын дайындады. Ал магистратурада қаншама шәкірттерге ұстаздық етіп, ғылымға қосты. Б. Сағындықұлы еңбексүйгіш, иманды, қарапайым жан, қамқор әке. Жұбайы Б. Құлжанова филология ғылымдарының кандидаты, доцент, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де ұстаздық қызмет етеді. Балаларының алды елімізде абыройлы еңбек жатса, соңы шетелде және өз елімізде білім алуда. Сексеннің сеңгіріне шыққалы отырған профессор Б. Сағындықұлының осындай ана тіліміздің мерейі үшін төккен тері, абыройлы істері мемлекеттік «Құрмет», «Парасат» сияқты марапаттармен еленбеуі көңіл қынжылтады. Көптеген жылдар еңбек етіп келе жатқан өзінің сүйікті университеті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы бұл олқылықтың орнын толтырып, қадірлі Бекеңді мемлекеттік марапатқа ұсынар деп ойлаймыз. Қазақ тілінің туын тіккен ұстаз, ғалым Берікбай Сағындықұлының басты арманы – қазақ тілінің тарихы көне түркі дәуірлерінен басталатынын мол тілдік деректермен дәлелдеп шығу. Осы бір мақсат жолында ұстаздықпен қатар,

34

тынбай еңбек етіп жатқанын мақтанышпен айтамыз. Осы бір ғалымдық және ұстаздық жолда қажымас қайрат, мол табыс, биік абырой тілейміз.

Жусанбаева Сәуле,

Ф.ғ.к., қазақ тіл білімі кафедрасының доценті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

ТҮРКОЛОГИЯ МЕН ТЕОЛОГИЯНЫ ТЕҢ ТҰТҚАН

«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуге балаға”, - деп, ұлы Абай бұдан екі ғасырдай бұрын айтқан екен. Ұстаздық туралы бүгін де аз айтылып жүрген жоқ. Бірақ ұстаздық туралы Абай негіздеген ұғымның тереңіне бойлаған, ұстаздық еңбегін Абай ұстанымына лайықты деңгейде атқарып жүрген жандардың шоғыры көп емес. Балаға үйрететін білімнің мазмұнын анықтай алмай, балаға оқытатын оқулықты түзей алмай жүрген жағдайда ұстаздық етіп жүрген жандарға Абайдың ұстанымына сай талап қою артық болуы мүмкін. Соған қарамастан, мына жағдайды есте ұстау шарт: мұндай талапты ұстаздық етіп жүрген жан өзіне өзі қоюы шарт. Ұстаздық еткен жанның балаға үйретуге жалықпауы Абайдың, қоғамның талабы болып қалмай, ұстаздық етуші әр адамның өзінің өзіне қоятын талабына, өзінің өмірлік ұстанымына, тұлғалық тұрғысына, кісілік болмысына айналуы қажет. Олай болмаған жағдайда ұстаздықтан қасиет кетеді, ұстаздық істен қасиет кететін болса, адам баласы надан болып өседі, жұрттың бәрі аларман болады, ар ойламай, пайда ойлайды, құлқынның құлы болады. Бұдан сақтану керек. Сақтанғанда, алдымен, бүгінде көз алдымызда балаға үйретуден жалықпай ұстаздық етіп жүрген ұстаздардың жақсылығын айтуымыз парыз.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде тамаша ұстаздар қызмет етті. Солардың алдынан дәріс алдық. Бәрі болмаса да, сол ұстаздарымыздың көбі тағылымды, ғибратты, білімді, өнегелі, ұлағатты жандар еді. Студенттерге арналған оқулықтарды да өздері жазып, өздері оқытатын. Бүгінде сол көп сиреді. Олардың ізін басқан, ісін жалғастырған берендердің қатары да сиреді. Бүгінде көзімізге сол берендерден алдымызда келе жатқан екі тұлға ғана шалынады. Соларды ес көреміз. Солар алдымызда жүре берсе екен деп тілейміз. Кафедрасы тілеуін тілеп жүрген сондай екеудің бірі, егіздің сыңары - филология ғылымдарының докторы, профессор Берікбай Сағындықұлы.

Берікбай Сағындықұлы оқитын дәрістер қазақ тілінің, түркі тілдерінің тарихына қатысты болғандықтан да қиын, күрделі. Студенттердің араларынан ең білімділері, алғырлары ғана Берікбай Сағындықұлы оқитын пәндері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарына тақырыптар алып, диплом, диссертациялық жұмыстар жазады. Ұстаз кейде оларға ренжіп: „Жеңіл тақырып алып, жаза салсам деп ойлайды. Ғылым жолы қиын, инемен құдық қазғандай екенін біле тұрып, диссертация қорғап, ғылыми дәреже алсам болды, ғалым болып шығамын дейді. Дәреже дегеннің оның ғалымдығын дәлелдеп бермейтіндігін қайдан білсін”, - дейді. Профессордың баланың балалығына өкпелегендей күйге түскені кафедраны әжептеуір алаңдатады. Кафедраның оқытушылары үлкен кісінің көңілін жадыратуға күш салады. «Жақсының өкпесі шәй орамал кепкенше» дегендей, Бекең де жайдары қалпына келеді.

Берікбай Сағындықұлы түркологияда әлемге танымал ғалым Әмір Нәжіптің жетекшілігімен 1977 жылы „XIV ғасырдағы түркі жазба ескерткіштерінің салыстырмалы лексикасы” тақырыбында кандидаттық диссертациясын, одан кейін докторлық жұмысын қорғады. Елу жылға жуық тек бір ғана түркология саласында ғылыми зерттеулер жүргізумен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұстаздық қызмет атқарып келеді. Көне түркі ескерткіштерін зерттеу оңай емес. Оларды зерттеуді айтпағанда, оқып, түсінудің өзі қиын. Оған екінің бірі тәуекел ете алмайды. Сол себепті бұл салада іргелі зерттеу жүргізе алатын ғалымдар саусақпен санарлық. Біздің көз алдымызда көне түркі жазба ескерткіштерін түпнұсқада оқи алатын жалғыз ғалым - Берікбай Сағындықұлы. Берікбай ағайдың түркология саласында кез келген тақырыпта өзінің ғылыми көзқарасын айта білетін және оны дәйекті тұжырымдармен негіздей алатын дара ғалым екендігіне оның көптеген ғылыми зерттеулері, монографиялары дәлел болады.

35

Берікбай ағай барынша кішіпейіл, үлкенге де, кішіге де құрметі мен ізетін бірдей көрсетеді. Кафедрадағы әріптестеріне де сыйлы. Жаңа кітабы шыға қалса, оны жарнамаламай-ақ, мақтанбай-ақ, кафедраның кітап сөресіне әкеліп қояды.

Ғалымның зерттеу саласы есепсіз терең білімді, шығармашылық кемел ойлауды, ерен еңбекті талап етеді. Ғалым осындай қиындығы мол саланың өзінде ірі нәтижелерге қол жеткізді. Сондай нәтижелердің бірі түркі тіліндегі дыбыстардың түптегін анықтаумен байланысты. Мысалы, сөз басындағы й~дж~тü~дü~ч~дз~з~с сәйкестігінің тегі (архитипі) туралы түркологтар жүз жыл бойы әр түрлі болжамдар айтқанымен, олардың бірде-біреуі сәйкестіктің түптегін таба алмады. Берікбай Сағындықұлы осы мәселені зерттеумен ұзақ жылдар бойы арнайы шұғылданды. Ақыры ешкім сырын аша алмай келген қиын мәселенің мәнін ашты. „Жиырма екі жыл үздіксіз ізденгенде барып осы сәйкестіктің түптегі (архитипі) табылып, соңғы нүкте қойылды. Қазір түркі тіліндегі барлық дауыстылардың да, дауыссыздардың да түптегі айқындалып отыр. Тіпті тарихқа белгісіз ежелгі дәуірлерде жіңішке дауыстылар мен ұяң дауыссыздардың мүлдем болмағандығы мәлім болды”, - дейді ғалым.

Ғылымдағы жаңалыққа көлденең көз сияқты қарап отырғанмен, соның бәрін анықтаған да, ашқан да Берікбай Сағындықұлының өзі. Ғалымның түркологияда ашқан жаңалықтары тек осылармен шектелмейді, оларға қоса әлем тілдерінің түбі бір екендігін, түркі тілдері мен үндіеуропа тілдері арасындағы сабақтастықты математикалық жолмен дәл, нақты анықтап берді.

Профессор Берікбай Сағындықұлы тек түрколог-ғалым ғана емес, сонымен қатар терең білімді теолог-ғалым. Ағайдың „Ғаламның ғажайып сырлары” атты еңбегін оқыдым. Ол кез - 90-жылдар. Дін туралы, мұсылманшылық жайында көпшілік қауымға түсінікті тілмен жазылған, өзім қызығып оқыған ерекше мазмұнды кітап. Түркологиядан, қазақ филологиясынан хабары жоқ қазақ жұртшылығының көбінің діни сауатын, көкірек көзін ашуына Берікбай ағайдың осы еңбегі әсер етті десем, артық айтпаған шығармын. Ағайдың студенттермен факультетте, олардың жатақханаларында діни экстремизм мен мұсылман дінінің әр түрлі ағымдары жайлы өткізген дәрістерінің мазмұны да терең. Ол дәрістерді шәкірттер ықыласпен тыңдап, өздерін толғандырып жүрген мәселелері бойынша тиянақты мәліметтер алады.

Біздің халық әуелде оқушы балалар мен оқытушы ұстаздарға айрықша құрметпен қараған. Білім беруші ұстаздың еңбегі мен білім алушы шәкірттің еңбегіне бүгінде де сондай құрметпен қарайтын жандар бар. Көп болмаса да. Берікбай Сағындықұлының ғылыми жолын қуып, ұстаздық етіп жүрген, ғылыми шығармашылық жолға түскен шәкірттері аз емес.

Ұстаздың алдына қойған мақсаттарының бірі - көне түркі жазба ескерткіштерін түпнұсқада оқитын шәкірттер дайындау. Алдына мұндай үлкен мақсат қойған және сол мақсатына жету жолында ерінбей-жалықпай еңбек етіп келе жатқан, еңбегінің игілігін елі көріп келе жатқан Берікбай Сағындықұлы сияқты ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалымды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен басқа жоғары оқу орындарынан кездестіру қиын. Осыны білетін шәкірттері де, әріптестері де ғұлама ұстазды зор құрмет тұтады, ғылыми және ұстаздық қызметінде үлкен жетістікте жетуіне тілектестігін білдіреді.

Ғұлама-ұстаз сексенге зор табыспен келді. Үш жүзден астам ғылыми-зерттеу еңбектер жазып, отыздан астам ғылым кандидаттары мен докторларын даярлады, орта мектеп жүйесі үшін ұстазмұғалімдердің бірнеше буынын оқытып, тәрбиелеп шығарды. Еліміздің білім беру ісінің, қазақ тіл білімінің, түркологияның дамуына үлкен үлес қосты.

Қазақ тіл білімінің, түркология ғылымының дамуына, еліміздің білім беру ісінің жетілуіне зор үлес қосқан көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз Берікбай Сағындықұлын сексен жасқа толған мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, ғалым-ұстаздың өзіне, өзімен бірге ғылымипедагогикалық қызмет атқарып келе жатқан жары Бақыткүлге, отбасына, балаларына, туғандары мен жақындарына зор денсаулық, мол табыс, құт-береке тілеймін.

36

Әбдіқұлова Раушан

ф.ғ.к., қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының профессоры м.а.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

ҒАЛАМ СЫРЫН ҰҚҚАН ҒАЛЫМ

Бүгінгі әлемдік жаһандану үдерісіне үн қосып, модернизация сатысына аяқ басып, күрделі уақыт сынына іліккен елімізде тыныштық пен ынтымақтың, береке мен бірліктің кепілі отыз жылға жуық Ел Президенті тізгінін ұстаған Н.Ә.Назарбаевтың ішкі және сыртқы мемлекеттік саясатының тегеурінділігі деуге болады. Тәуелсіз елімізде өз үйім, өз отаным деп танитын өзге ұлт өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі де –Елбасы қалыптастырған толеранттылықтың белгісі. Ал, біз алдағы әңгімемізге қарай бұрар болсақ, ұлт көшбасшысының дін саласындағы мемлекеттік саясатының да игі екенін аңғарамыз. Зайырлы мемлекетіміздегі сан алуан этникалық (140) және конфессиялық (40) топтардың келісімі мен татулығын, діни фанатизм мен радикализмге, төзімсіздік пен алауыздыққа жол бермеу шарттарын орнықтыру оңай іс болмағаны аян. Сол негізде, 2003,2006, 2009, 2010, 2011, 20012 жылдарда Астана қаласында өткізілген әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съездері, саммиттері мен форумдарындадін көшбасшыларының халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы ролінің маңыздылығы, адамзаттың моральдық-адамгершілік құндылықтар дағдарысын тежеудің барлық діндерге ортақ міндеттері белгіленді. Сондай-ақ, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің құрылуы, «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасының» (2017) бекітілуі де заманауи өзгерістерге толы қоғамымыздадінісінің маңызы арта бастағанын айқындады.

Мемлекет пен діни бірлестіктердің ынтымақтастығы күшейді. Бұл, әрине, ел іші мен сыртындағы келеңсіз жағдайлардың, діни экстремизмнің, ұлтаралық қақтығыстардың, террорлық іс-әрекеттердің алдын алудың бірден-бір жолы екені белгілі. Дегенмен, бұрынғы мемлекет басшысы2017 жылы 19 сәуірде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездесуінде қазақ жастарының діни сауатсыздығын баса айтып, олардың ұлттық қалпымызға жат киім киісіне, сақал-мұрт қойысына сын көзбен қарап, бұндай құбылыстарға заңнамалық тұрғыда тыйым салу қажеттігін ескерткен еді. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында» білім беру ұйымдарында дінтану негіздерін оқыту жастардың діни ілім туралы ғылыми білімін қалыптастыруға негіз болатыны қарастырылғаны белгілі.

Десек те, жалпы халықтың діни сауатын ашуға бағытталған БАҚ құралдарынан, жекелеген ғалымдардың таза теологиялық ғылыми еңбектерінен басқа, діни ілімді, әсіресе Құран сөзін даладағы қарапайым шаруа адамына да, қаладағы ақпараттар тасқынынан қажыған халыққа жай, жатық тілмен түсіндіретін еңбектер бар ма деген түйткілді ой көкейге келеді.Осы орайда, қазіргі күрделі кезеңдегі рухани бос кеңістікті болдырмауға, әсіресе жастардың діни сауатсыздық салдарынан адасуларынан, түрлі секталардың жетегіне еріп кетпеуінен сақтандыратын, оларға адамгершілік, имандылық, әділеттілік жолы - шын мәніндегі ақиқат жолы қандай екенін түсіндіретін еңбектің бірі-әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Берікбай Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» (2016) атты еңбегі. Бұл - еңбектің үшінші басылымы. Жоғарыда Елбасы белгілеген міндетмежелерді ескерер болсақ, біз бұл еңбекті мемлекеттің дін саласындағы саясатын қолдауға қосылған үлестің бірі деуге болады.

1939 жылдың 22 қаңтарында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген Берікбай Сағындықұлы өзі айтқандай арнайы діни білім алмағанмен, жастайынан ең алдымен өз әкесі Сағындықтан (он жеті жыл Күжімді атанған әулиеге қызмет еткен кісі), Ленин орденді теміржолшы, зейнетке шыққаннан кейін тақуалығымен танылған қайын атасы Жылкелдіұлы Ілиястан, халық құрметтеген ғұлама Алдашбай ахуннан, әсіресе Бұқар қаласының әйгілі «Көкалташ» медресесін бітірген Нияз, Ешмағамбет секілді көптеген діндар оқымыстылардан тәлім-тәрбие алады, дінтану ілімінің негіздерін игереді. Жасынан құдай жолын ақиқат жолы, имандылық, кісілік, адалдық, әділет жолы деп танығанБерікбай Сағындықұлы 1957 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) филология факультетіне түсіп, оны 1962 жылы бітіреді. 1962-1972жж. «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет атқарады. 1972-1975 жылдарарасында Қазақ ССР Ғылым

37

академиясы Тіл білімі институтының аспирантурасында оқиды, 1975-1979жж. Қазақ ССР Ғылым академиясы «Ғылым» баспасының редакторы, редакция меңгерушісі болып істейді. Ал, 1979 жылдан бастап өзі түлеп ұшқан қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің филология және әлем тілдері факультетінің тіл білімі кафедрасының аға оқытушысы, доценті, профессоры міндеттерін атқарып, табан аудармай қырық жыл тынымсыз еңбек етіп келеді. 1977 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, ф.ғ.д. Э.Н.Наджиптің жетекшілігімен «XIV ғасырдағы түркі жазба ескерткіштерінің салыстырмалы лексикасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын, 1994 жылы «Түркі тілдері лексикасы дамуының фонологиялық заңдылықтары» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғайды.

Жоғарыда аталған Аллатану әліппесін жазған білімпаз ғалым Берікбай Сағындықұлы «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы», «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы», «Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері» атты пәндерден баклавриат, магистратура, докторантура сатыларында лекция оқи жүріп, 12 оқу құралын, 3 монография, 300-ге жуық ғылыми, дінитанымдық және публицистикалық мақалалар, бірнеше типтік оқу бағдарламаларын жазғанын, түркология мен тіл теориясына арналған 10-ға жуық элективтік курстардың авторы екенін айтуға тиіспіз.

Иә, тіл білімі мен дін ілімін қос қанатындай қатар игеріп, сексеннің сеңгіріне іліккен ұлағатты ұстаз-ғалымның еңбектерінен ғана емес, алдында күнбе-күн отырған толқын-толқын шәкірттерге оқитын дәрістерінен де ақыл-парасатының кемелдігі мен ділінің тазалығы қосыла нұр шашып тұратындай. Шәкірттер ұстазының әрбір сөзіне құлағын төсеп, ұмсына түсіп, ұмтыла тыңдап, үнсіз ұйиды. Не құдірет, не сыр бар деп таң қаласыз. Әрине, бұл Берікбай Сағындықұлының ғылыми білімінің тереңдігі мен ұстаздық тәжірибе-тағлымының ұштасқан тұсы, ұстаздың шәкірт алдындағы жұлдызды сәті болса керек. Иә, тіл білімімен де, дін ілімімен де қатар сусындаған білімпаз ұстаз ежелгі бабаларымыздың «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген өсиетін есте ұстағандай. Алайда, ол жоғары оқу орындарында өзі жете білетін ғылым пәндерінен сабақ берумен ғана шектеледі. Дін тарихы мен діни ілім негіздерін терең білгенмен, орынсыз жерде уағыз айтудан аулақ. Әлдекім діни сауатын ашу мақсатымен сауал беріп, әңгімеге тартпаса білімпаз ұстаз сөзге де сараң. Діни шаласауатты кейбіреулердің діни дүниетанымды, нанымсенімді зорлап таңғысы келіп, ділмарсуын әсте ұнатпайды. Ондайда әлгілердің жолын кесіп, жас ұрпаққа таза имандылылық жолын нұсқап, сурыла сөйлеп кететін шешендігін де байқатады. Бұл ғалымның бекзаттығы ғана емес, имандылық шарттарын ұстанғандығы болса керек. Мақсаты қай білім саласында болмасын – жас ұрпаққа дұрыс жол сілтеу, жалпы қоғамды ізгілендіруге үлес қосу.

Түркітанушы ғалым Берікбай Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» атты еңбегі кезекті басылымында едеуір өңделіп, толықтырылғанын аңғаруға болады. Әлбетте, автор Құран сөзінен бастау алатын ислам ілімінің негіздері мен тарихынан өз бетінше оқып-үйренген тұжырымдардың дәлелділігін жер басып жүрген адам баласының шынайы тіршілігінен алынған нақты мысалдармен, аңыз-әңгіме, қиссалармен көмкере отырып, түсіндіреді. Иә, қасиетті діни мәтіндерді түсіндіруді ежелде – «герменевтика» (түсіндіру) деп атаған. Содан герменевтика ілімі қалыптасқандығы белгілі. Мәтіннің түпкі мәнін түсіндіру кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Ал, Құран сөзін, ислам ілімін көпшілікке түсіндіру - интерпретаторға үлкен сын. Міне, біз сөз етіп отырған кітап авторының қандай іске бел шешкенін, парасаты мен шығармашылық әлеуетінің қаншалықты биік, зор екенін осыдан-ақ аңғаруға болмай ма? Демек, кітап авторы өз ой-толғамдарын оқырманға жеткізу барысында ежелгі діни мәтіндерді, ел аузынан жинаған деректерді ойына қазық, сөзіне тірек ету мақсатында келтіреді. Сондықтан, кез келген туындыда бар интермәтіндер аталмыш еңбекте де молынан кездеседі.

Автор кіріспе сөзінде жаратушының күш-қуаты өлшеусіз екенін, жақсылық пен жамандық атаулының салыстырылмалы екенін айта келіп: «Адамзат баласы сыналу үшін ғалам осылай құрылған» деп ой түйеді. Себебі, біз кейде пәндеуи пиғылмен жаратушы соншама құдіретті болса, неге жамандық атаулыны жер бетінен жойып жібермейді деп абыржитынымыз бар. Міне, бұл діни ілімді терең зерделеген оқымысты адамның жауабы. Демек, жақсылыққа қарама-қарсы жамандықты танымасақ, жақсылықтың да мәнін білер ме едік? Автор кеңес идеологтарының гуманизмді барынша насихаттағанын жоққа шығармайды. Бірақ, «Елдің үміті неге ақталмады?» деп сұрақ қойып, оған өзі қызықты мысалмен, сауалмен жауап береді. «Мұның бар себебі, бар сыры сыпайылап айтқанда мынада: атеизм заманында санамызға себілген имандылық ұрығы қардың үстіне себілген дәнге ұқсайтын еді. Осындай жағдайда дән өсе ала ма?». Ғалым түрлі

38

сорақылықтардың, азғындықтың бастауы болған атеизмді, дінсіздікті айыптайды. «Халық қашанғы қан қақсайды. Құдай қарасып, жаңа заман орнады. Бұқараның сана-сезімі оянды. Адамгершілікке, ізгілікке, жақсы істерге бетбұрыс жасалуда. Дінге деген ынта-ықылас күшейді. Баспасөз имандылыққа шақыра бастады. Бірақ, әр адамнан «құдайдан қорқып, ұялуы үшін» ең алдымен сауатымызды ашып алуымыз керек емес пе? Осыларды ескере келе қалың көпшілікке арналған «Ғаламның ғажайып сырлары» атты еңбекті жазуымызға тура келді» деп жазады.

Ғалым «адам баласы дүниеге келгеннен кейін өз еркімен екі айрық жолдың біріне түсетінін» айта келіп, құдай жолын – ақиқат жолы, адамгершілік, ізгілік, имандылық, жоғары мораль деп танытады, халықты осы жолға нұсқайды. «Өмір бойы адал жүріп, адал тұруың керек» дейді. «Кейде жолдан таймаймын деп жүріп азап, ахирет те көресің» дейді. Расында, ғалым сөзінде дәлелді шындық жатқанын байыптаймыз. Қарғыс атқан «шайтани жол» мен «Бастаушысы Жаратушы иенің өзі болған «құдай жолын» туралы сөз қозғай келіп: «Осы екі жолды айырып ажыратып беретін ғылымның, діннің аты – ислам. Ислам - әрі ғылым, әрі дін. Ғылым болатын себебі, оның негізін қалаған ғұламалардың ғұламасы - Алла тағала. Алла тағаланың бір есімі - Ғылым» деп жазады. Исламның қазіргі мағынасы «бейбітшілік» екенін ұқтырады. «Адам ата, Хауа анадан басталатын, кейінгі замандарда Мұса, Дәуіт, Иса, Мұхаммед пайғамбарлар қалпына келтірген кең мағынасындағы ислам діні адамзат баласын игілікке кенелткен асыл дін болғанын» пайымдайды. Ғалымның діннің «тәнге дәрі, жанға шипа», тазалық кепілі екенін, жалпы қоғамның саулығын құнттайтын қасиеттерін дәріптеген ойларының көкейге қонымдылығы даусыз. Осылайша, кітаптың беташар сөзіндегі ой-пікірлерінің өзі-ақ, оқырман көңілін көктем шуағындай жылыта бастайды.

Жалпы, аталмыш діни - танымдық зерттеу үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «Ғаламның ғажайып сырлары» деп аталады. Осы бөлімде «Құдай бар ма?», «Алла тағала ғаламды не үшін жаратты?», «Ақырзаман бола ма?» деген адамзатты бағзы заманнан толғандырып келе жатқан тартысты сауалдарға дін ғылымы негізінде болжалды тұжырымдар түюмен бірге, «адам тағдырына араласатын күштер, рухтар» туралы діни ұғымдарға түсінік беріледі, сондай-ақ, «діннің көбею себептері», «әулиенің кереметі» жайы адамзат өмір-тіршілігінен алынған мысал, ел аузындағы аңыз, әңгіме, қиссалар негізінде таратылып түсіндіріледі. Мәселен, «Құдай бар ма?» деген сұрақтың өзі «жаратушыға сенушілер мен сенбеушілер» бар екенін айғақтайтыны рас. Олардың, әдетте, дін ғылымында мұсылман және кәпір аталатыны көпшілікке мәлім. Ал, ғалым осы сұраққа мынадай уәж келтіреді: «Егер Алла тағала аспандағы күн сияқты адамдардың көзіне жарқырап көрініп тұрса, мәселенің басы ашық болар еді. Ешкім бар деп, жоқ деп таласпас еді. Ақиқаттың ақ жолымен мәжбүрлі түрде жүрер еді. Бірақ әуелден ақырға дейін бірде-бір пенде, тіпті періштелер де Жаратушыны көре алмайды. Өйткені, Алла тағаланың дидарын көруге бұл дүниенің бір заты төтеп бере алмайды. Еріп жоқ боп кетеді. Осы заңдылықты білмегендіктен, Мұса алайһи с-саламның өзі дидар асы (Алланың жүзін көремін деп күнә табушы) болған». Және осы оқиға жайлы аңызды баян етеді. Ғалым қасиетті құран сөзін ғана емес, өзі қасында «үш күн, үш түн болып» өсиет-уағызын тыңдаған әулие-әнбиелердің, ата-бабаларының әңгімелерін өзінше интерпретациялап жеткізеді. Тілі жатық, көпке түсінікті, тыңдаушысын баурайды. Мұның себебі, біздіңше өзі сенген ақиқат жайын ағынан жарыла күмәнсыз баяндауында. Діни шешендік пен ғылыми шешендік кілті де осында.

Діни сауаты аз адамдарға ислам ілімі терминдерінің түсініксіз болуы заңды. Зерттеуші ғалым Берікбай Сағындықұлы мұны да ескеріп, оларға түсініктеме беріп қана қоймай, нақты мысалдар келтіреді. Сол қатарда «құдірет, мұғзижа, керемет, ілһам, сиқыр, түс» деген ұғымдарды қарастырады. Әсіресе, осының ішінде «мұғзижа» ұғымын көпшілік біле бермейтін болуы керек. «Мұғзижа-құдайдың құдіреті. Бірақ ол пенделердің қалауы бойынша орындалады. Мұғзижа дегеніміз-оқымыстылардың да, қарапайым адамдардың да ақылына сыймайтын, сенімнің (иманның) нәтижесінде ғана байымдауға, сезінуге болатын ғажап іс. Мұндай істер Аллатағаланың ғылымымен бола тұрса да, пайғамбар жасаған сияқты әсер қалдырады» деп, соның мысалы қатарында «Нұх алайһи с-саламның кеме жасап, топан судан бүкіл жанды мақұлқаттың ұрығын аман алып қалуын» баяндайды. Ал, «кереметтің кішісі-түс» деп түйіндейтін ғалым 1981 жылдың жаз айында өзі көрген түсін еңбегінің 29-бетінде қызықты баяндайды. Қайталауды жөн көрмедік. Дегенмен, қызықтысы - зиялы жанның түсінде «жауып тұрған аппақ сәуле-нұрды» таңсәріде оянған сәтте өңінде көргені. Оған өзі де таң қалады. «Бұл түс рауандап атып келе жатқан жаңа заманның қарсаңында көрінген екен.».

39

Аталмыш бөлімнің «Ой хикметі» тараушасында адамды жамандыққа итермелейтін шайтани ой мен «ізгілікке, имандылыққа сілтеп, рухани өсуіңе жағдай жасайтын» рахмани ой туралы, «адамның өз болмысынан туатын»-адами ой туралы пікірлерін ортаға салып, «Алла тағалла адамды тумысынан ғалым етіп жаратқан»деп түйіндейді. Шынында да, адамның әуелгі дүниеден білмекке құмарлығы зор екені анық. «Адами ой ғана рахмани ойлар мен шайтани ойларды ажырата алады, салмақтай біледі» деп тұжырым жасаған ғалым, өзі көне түркі тілінен аударған «Адам ата мен Хауа ана» қиссаларында баяндалатын исламдық дүниетаным негіздері тұрғысынан адамның топырақтан жаралғандығын аңыздай келіп: «Мысалға, Чарлъз Дарвин «адам маймылдан пайда болды» десе, сол ойды өзіне шайтан салғанын сезген де, білген де жоқ» деп дарвинизм ілімін бүгінгіше терістейді. Сондықтан, ғалым адамдарға «қисық ойласаң, -орға жығыласың, түзу ойласаң,-әліп ұлыққа жетесің» деген рауайат сөзін ұсынады.Адамның ойын, ұлық сипаттары мен кішік сипаттарын жас ұрпаққа үлгі ете әңгімелейді. Ислам дінінің ғана емес, христиан секілді басқа діндер тарихынан да мол хабары бар ғалым ислам дінінің христиан дінінен басты айырмашылықтарын да Құран сүрелеріне сүйене отырып нақты дәйектейді.

Ғалым еңбегінің екінші бөліміне «Адам ата және Хауа ана» қиссасының аудармасы, «Жұмақ пен тозақ» жайындағы діни ілімнің аудармасы топтастырылған.

Б. Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» атты кітабының «Отбасы оқулығы» аталатын үшінші бөлімінде діни-танымдық мақалары жинақталған. «Ғылым мен ислам» атты мақаласында фәни дүние ғылымы, бақи дүние ғылымы, ислам діні ерекшеліктерін ажырата қарастырады. Ең алдымен, жаратушының бар екенін ақылмен тануға меңзейді. «Паруардігердің бүкіл ісіне ақылмен қарауды үйреткен» Абай атамыздың «Отыз сегізінші сөзін» тілге тиек етеді. Дін сөзін сөйлегенде Абай есімін де жиі ауызға алады. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас». Фәни дүние ғылымының иесі оқымысты, ғалымдар екенін, бақи дүние ғылымының иесі пайғамбарлар, машайықтар, әулиелер екенін атап өтеді. Ал, ислам діні туралы мынадай байлам келтіреді: «Сонымен ислам діні дегеніміз бақи дүние ғылымы мен фәни дүние ғылымының арасын байланыстыратын, қарапайым халыққа арналған, Алла тағала тарапынан келген дүниетаным ғана екен».

Зерделі ғалым аталмыш еңбегінің өн бойында «жер бетіндегі жамандық атаулылардың барлығы жалғаншылардан, қаһарға ұшырағандардан шығатынын», халық арасына іріткі салатын, жастарды нашақорлық секілді жаман ғадеттерге үгіттейтін, террорлық іс-әрекеттерге бастайтын әртүрлі секталардың жолын кесудің, алдын ала тосқауыл қоюдың бірден бір ұтымды жолы да – қоғамды ізгілендіру, имандылыққа тәрбиелеу, діни сауаттын арттыру екендігін мемлекеттік өзекті мәселелер қатарында қозғайды.

Бақи дүние ғылымы мен фәни дүние ғылымын жете ізерлеп, індете зерттеген иман жүзді, ізгі ниетті, абзал жанды оқымысты ұстаз Берікбай Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» атты кемел ойларға, әрдайым есте ұстап жүретіндей пайдалы тұжырымдарға толы деуге болады. Мысалы: «Кімде-кім құдайдың бар екендігіне көзі жетсе, сол сәттен бастап кемел ақылға ие болдым деп есептеуіне болады. Бұл ретте оқымаған надан құдайды жоққа шығарған оқымыстыдан артық» немесе «Кемелдену дегеніміз – ең алдымен өзін-өзі билеу деген сөз. Дүние жүзіндегі бүкіл адамдарды басқарғаннан гөрі адамның өзін-өзібилеуі қиын» дейтін өсиет іспетті толғамдар ғалым ойының да кемелдігін көрсетпей ме? Бұлардың кейбірі бабалар сөзін жаңғырта айту болғанымен, дүниетаным ұқсастығын аңғартпай ма? «Сөз қадірін, өз қадірім» деп білген ғалым тағы да Абайша ой толғайды: «Құдай сөзі-құран сөзінде иненің жасуындай жалғандық жоқ». Осы ақиқатты жер жүзіндегі адамдар мойындаса, планетамыз жұмаққа айналар еді».

Иә, Бекеңдей абзал жанның арманы биік, рухы таза, жаны пәк екені анық.Оның оқырмандары да өзіндей ақниет жандар ма деп қаласың. Осыдан біраз жылдар бұрын Жамбыл облысы, Шу ауданында тұратын М. Мұстапарұлы деген бір оқырман басылым бетінде: «Берікбай Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» атты еңбегін мемлекеттік сыйлыққа ұсынуға болады» деген ақжарма көңілінен шыққан адал пікірін де білдірген екен. Сондай-ақ, бұл еңбекті алғашқы басылымында-ақ жазушы, ақын М.Әлімбай, ақын С. Пірманұлы, исламтанушы Т. Елдесбай секілді азаматтар да жоғары бағалаған екен.Рас, аталмыш еңбектің құндылығына біз де шәк келтірмейміз.Ғалым еңбегінің біздің тарапымыздан, әлі де көз жеткенмен, сөз жетпейтіндей бағалы құбылыстары болса, сұңғыла оқырман әрі қарай өзі өрбітер. Ғаламның ғажап сырларын жүйелі әңгіме өзегіне айналдырған ғалымның табандылығына таң қалмасқа әддіміз жоқ.

40

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]