Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

калалар

.doc
Скачиваний:
9
Добавлен:
18.02.2016
Размер:
181.25 Кб
Скачать

Түркістан – Орта Азия мен Қазақстандағы ең көне қалалардың бірі. Ол туралы алғашқы деректер араб жазбаларында ІҮ-ІХ ғғ. бастап Шавғар деген атпен кездесе бастайды. Араб тарихшы-географы Әл-Истахри ибн Кордаубех ат-Танрази өз жазбаларында: “Көне Шавғар ХІ ғасырға дейін өмір сүрген де, ХІғ. бастап қала орталығы Ясыға көшті”, - дейді. Бұл деректерді қазіргі біздің археолог ғалымдар да растайды.

Ал қорық ғылыми қызметкерлердің зерттеуі бойынша, Қытай санекрит жазбаларындағы деректерге қарағанда, Түркістан қаласы біздің дәуірге дейінгі ІІ-ІІІ ғғ. өмір сүргендігі және сол кездің өзінде ірі мәдени және рухани орталық болғандығы туралы болжамдар айтылып жүр. Мысал келтіретін болсақ, сол кездегі Қарахандық билеушілердің осында әкелініп жерлене бастауы, атап айтқанда, Отырар билеушісі Ілияс ханның жерленуі, тіптен Сайрамда туып-өскен Ахмет Ясауидің де Түркістан жерінде тұрып, осында жерленуі жайдан-жай емес екендігі анық..

ХІҮ ғасырда, яғни А.Ясауи кесенесі салынғаннан кейін, Түркістан бүкіл түрік тілдес халықтардың діни орталығына айналып, “Хазреті Түркістан” немесе “Кіші Мекке” атанды. Бұл болжамды шығыс зерттеушісі академик В.В.Бартольд да қолдайды.

ХҮ ғасырда Түркістан Сырдария өңірінің саяси және экономикалық орталығына айналып, 1598 жылы ол біржолата қазақ хандығының орталығы болады. Бұған дәлел – А.Ясауи кесенесі төңірегіне қазақ хандарының жерленуі.

Түркістан қаласы сонымен қатар орта ғасырдың өзінде ірі білім орталығы болғандығы белгілі. Оның мәдени өмірінде дәруіш ақындардың, ислам дінін уағыздаушылардың да шығармалары үлкен орын алады.

Олардың қатарына Ахмет Ясауи бастап, оның шәкірті Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Жүгнеки, Жүсіп Баласағұндар жатады.

Мың жарым жылдан аса өмірбаяны бар Түркістан – ер жүрек батыр қала. Моңғол-татар, жоңғар шапқыншылығын, қазіргі Орта Азия мен Қазақстанда сол кезде өмір сүрген мемлекеттер мен хандықтардың жаугершілігін көрген қала. Орта ғасырдағы Сыр бойындағы Сығанақ, Сунақ, Сауран сияқты үлкен шаһарлардан біздің ғасырға жеткені де осы қала.

ХҮІІ ғасырдың басынан Түркістан қазақ хандығының, яғни қазақ мемлекетінің астанасы болды. Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын реттеу үшін Түркістаннан Ресейге, Ресейден Түркістанға елшіліктер жүріп отырған.

Түркістанның бүкіл қазақ халқының байтақ астанасы болғандығын дәлелдеу үшін Шығай, Есім, Жәңгір, Тәуке, Абылай, Қазыбек, Әйтеке секілді қазақ халқының ұлдары мен Қанжығалы Бөгенбай, Тобықты, Мамай, Қоңырат Сырғақ, Нияз, Дулат сияқты батырларының құлыптастарының А.Ясауи сағанасында орналасқанын айтудың өзі жеткілікті емес пе?!

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Түркістан

Өткен дәуірлерде құрылыс саласында қол жеткен табыстардың көпшілігін өз бойына жинақтаған ғимараттардың бірі, Түркістан қаласындағы күні бүгінге дейін жақсы сақталып келген кесене. Бізге жеткен жазба мәліметтерге қарағанда, көне Ясыда, қазіргі кесене тұрған орнында мұсылманның атақты әулиелерінің бірі, дәруіштер шайқасы – Ахмет қабіріне ХІІ ғасырдың өзінде-ақ шағын кесене орнатылғаны белгілі. Кейін бұл кесене мұсылмандардың жаппай тәуеп ету орнына айналды. Ахмет Ясауи кесенесінің қасиетті орын ретінде атағының жайылуына ХІҮ ғасырдың 30-шы жылдарында моңғол шапқыншылығынан қатты күйреген Түркістан қаласының қайта гүлдене бастауы ерекше ықпал етті. Алтын Орданың өктемдігін жойып, астанасы Сарай Беркені өртеп жіберген Темір осы жеңістің құрметіне ескі мазар орнына жаңа, зор кешен орнатуды ұйғарды. Осы тұрғыда Темір тек діни мақсат-мүддені ғана көздеген еді деу қиын. Бұл оның жалпы жасампаздықты мұрат еткенін, беделін көтеруге, үстемдігінің мызғымас берік екендігін көрсетуге қажет еді. Құрылысты жүргізуді Темір Мәулен Садырға жүктеді. Көптеген жазба деректерге қарағанда, болашақ құрылыстың жобасын жасауға Темір тікелей қатысып, негізгі бөлмелерді өзі анықтаған көрінеді. 1991 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап Республикалық музей “Мемлекеттік тарихи-мәдени Әзірет Сұлтан қорық музейі” болып қайта құрылды. Қорықтың жалпы ауданы 88,7 гектар. Оған бірнеше ортағасырлық ескерткіштер кіреді:

Қазақ хандарының зираттары (Есім, Тәуке хандар);

Ұлы астроном, ғалым Ұлықбек қызы Рәбия Сұлтан Бегім мазары;

Ортағасырлық “Шығыс моншасы”;

Жер асты мешіті (Аңызға қарағанда, Ахмет 63 жасқа келген соң, Мұхаммедтен артық өмір сүру күнә деп, өмірінің қалған жылдарын осы жер астында өткізген көрінеді. Осында отырып бүкіл мұсылман әлеміне белгілі “Хикметтерін” жазады);

Шілдехана, белгісіз кесене, Гауһар ана, Әлқожа ата кесенелері, т.б. ескерткіштер. Сәулет-ғимарат – аса үлкен күмбезді құрылыс. Оның ені 46,5м, ұзындығы 65м. Орталық бөлмесінің төңірегіне түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған.Темірдің кезінде барлық құрылымы бітпеген, тек нұсқасы ғана барды. Оның құрылысын Бұқарды билеген Абдолла хан аяқтайды. (1583-1598). Қоқан билігі тұсында мұнаралар мен порталдар қам кесекпен қоршалып, кесене қамалға айналдырылған. Мұнан кейінгі ғасырларда Түркістан билеушілері өз кезеңіне сәйкес кесене құрылысын толық аяқтауға тырысқанмен, ешқайсысы да белгілі бір нәтижеге жете алмаған. Қазіргі кезде бұл алып құрылыс бізден 700-800 жыл бұрын өмір сүріп, кейіннен қазақ халқының негізін құраған көне түркі тайпаларының тілі, діні, мәдениеті мен тарихын зерттеуде өте құнды дерек болып табылады.

Қалада 1992 жылы құрылған Халықаралық Қазақ- Түрік университеті бар. Онда 22 мыңнан аса студенттер білім алады. Алматы, Тараз, Шымкент , Кентау және Анкара қалаларында филиалдары бар. Университетте 26 елден 500-ден астам студент білім алады. Оның ішінде: Түркия, Кипр, Қырғызстан, Түрікменстан, Башқұртстан, Дағыстан, Саха Республикасы, Моңғолия, Қытай және т.б. елдерден. Университетте 14 факультет, 63 кафедрада 74 мамандық бойынша білім беріледі. 92 ғылым докторы, 220 кандидат, 600-ден астам ұстаз білім береді. 1997 жылдан жылдан бастап Түркістан қаласы мен Анкара қаласын байланыстыратын спутниктік жүйе жұмыс істейді.

Сығанақ, Сунақ – ортағасырлық қала орны. Қызылорда облысы Төменарық тау жыныстары стансасының солтүстік-батыс жағында 10 км жерде орналасқан.

Қаланы 1867 ж. П.И. Лерх, 1906 – 07 ж. И.А. Кастанье, 1947 ж. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекші А.Н. Бернштам) зерттеген. Қала туралы алғашқы дерек X ғасырдағы парсы шығармасы “Худуд әл-Әлемде” кездеседі. Ертедегі Сығанақ қыпшақ мемлекетінің сауда және саяси орталығы болған. Сығанаққа көшпелі елдер мал, ет, тері, жүн, т.б. әкеліп, өздеріне қажетті заттарын алған. Сол кездегі тарихшылар Сығанақты “Қыпшақ даласының гаваны” деп атаған. Шыңғыс хан шапқыншылығынан бұрын Сығанақ Хорезмшах Текештің қол астында болған. 1219 – 20 ж. Сығанақты Жошы әскері басып алып, қарсылық көрсеткендерді қырғынға ұшыратты. Осы кезден бастап қала Жошы ұлысының (Алтын Орда) құрамында болды. XII ғасырдың 2-жартысында қала қайта жандана бастады. Жошы ұрпақтары кезінде Сығанақ Ақ Орданың орталығы болып, онда теңге соғылған. XV ғасырдың 80-жылдары қаланы қазақ ханы Бұрындық биледі, ал маңы қазақ тайпаларының қысқы қоныстарына айналды. Осы кезден бастап Сығанақ пен оның төңірегі біржола қазақ хандығынақарады және негізгі саяси, экономикалық орталықтардың бірі саналды. XV– XVIII ғасырларда қала бұрынғысынша сауда және қолөнер орталығы болды. XVII –XVIII ғасырларда бірнеше рет жоңғар шапқыншылығына ұшырады. Осы шапқыншылықтар және басқа да әр түрлі себептерден қала бірте-бірте өзінің өмір сүруін тоқтатты. 1801 жылғы “Сібірдің сызба кітабында” да Қазақстанның Сырдария алабындағы қалалардың бірі деп көрсетілген. Қаланың қазіргі орны 10 га жерді алып жатқан үлкен бес бұрышты төбе. Жан-жағында көптеген үйінділер, ертеде су жүргізілген құрылыс іздері сақталған. Археологиялық қазба барысында табылған заттарға қарағанда Сығанақ VI – XVIII ғасырларда өмір сүрген

Сауран – ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған. Түркістанның солтүстік-батыс жағындағы 30 шақырым жерде орналасқан орта ғасырдағы қалалардың бірі. Биіктігі 6 м қабырғамен қоршалған қалашықтың өлшемі солт-шығыстан оңт-батысқа қарай 800 м. солт.-батыстын оңт-шығысқа қарай 500 м мәдени қабатының биіктігі 2 м. Сауран туралы алғашқы деректер 10-ғасырдағы еңбектерде кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария алабындағы маңызды стратегиялық және сауда орталығы ретінде белгілі болған. Араб тарихшысы Мақдисидің шығармасында «Сауран жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар» деп жазған. Шыңғыс хан шапқыншылығына байланысты оқиғаларда Сауран туралы деректер кездеспейді. 13-ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болды. 14-ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Үлкен мешіті болып, ислам дінінің Қазақстанға тарауына ықпал еткен. 16-ғасырда Сауран мұнаралы биік дуалдармен қоршалған үлкен қала болған. Оның ірі-ірі құрылыстарының ішінен замандастары «шайқалмалы минаретті» және қала мен оның айналасын сумен қамтамасыз еткен кәріздерді – жердің астынан салынған каналды ерекше атаған. Сауран 17-ғасырдың аяғы мен 18-ғасырдың басында әлсіреп, 19-ғасырдың басында біржолата күйреген. Қазіргі кезде Сауран қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар, ауданы 550 – 800 м дөңгелек алаң. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Қаланы қоршаған дуалдың сырт жағында көптеген каналдардың іздері сақталған. Жүргізілген зерттеу жұмыстары қаланың 7 – 18 ғасырларға жататынын дәлелдейді.[1]

Ортағасырлар кезінде Сырдария өзенінің ортаңғы ағысындағы аймақты Түркістан өлкесі деп атаған. Сол өлкенің аса гүлденген қалаларының бірі Сауран еді. Ертеректегі деректерде Сауранның жеті қатар қорғаныс қабырғасы бар деп айтады. Дешті-Қыпшақ даласы мен егіншілікпен айналысқан өлкенің қақ ортасында орналасқан шаһар дала халқы мен қала тұрғындарын байланыстырған, сауда-саттық орталығы болған. Арабтың географы әл-Магдиси: «Сауран (Савран) – үлкен шаһар, ол бірінен соң бірі салынған жеті қабырғамен қоршалған. Рабаты бар, мешіті ішкі шаһарда орналасқан. Ол оғыздар мен қыпшақтардан қорғауға арналған шекаралық шаһар» деп жазған. Ұзақ уақыт аралығында шаһар Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда мен қолөнерінің ірі орталығы болып, мәдени дамудың бесігіне айналды.

Шыңғысханның шапқыншылығы жайлы жазылған деректерде Сауранның аты аталмайды. Бірақ ХІІІ ғасырда Сырдария арқылы өткен армян патшасы Гетум қаланы Савран деп, Сығанақ (Сгнах), Қарашық (Харачук), Иасы (Асон) қалаларымен бірге атап жазған. Ғалымдардың пайымдауынша, моңғол шапқыншылығынан кейін қала орнын ауыстырып, басқа жерден салынған. ХІІІ ғасырға дейінгі Сауранның орны қазіргі Қаратөбе қала жұрты. Онда жүргізілген зерттеу жұмыстары қалашық бірнеше қорғаныс қабырғасымен қоршалғанын анықтаған. Қазба материалдары қаланың тіршілігі моңғол шапқыншылығынан кейін тоқтағанын көрсетеді. Оның есесіне жаңа қаланың орны Қаратөбеден солтүстікке қарай үш шақырым жердегі кең жазықтан бой көтерген. Сауран қаласы ХІV ғасырда Ақ Орданың құрамына кіріп, бір кездері оның астанасы да болған. 1320 жылы қайтыс болған Ақ Орданың билеушісі Сасы Бұқа осы қалада жерленді. Оның ұлы Ерзен Сауран, Отырар, Жент және Баршынкент қалаларында медресе, мешіт, ханака секілді қайырымдылық мекемелерін салдырды. Шаһар саяси және экономикалық орталық ретінде өзінің маңызын кейінгі жүзжылдықта да жоғалтқан жоқ. Сауран үшін өзбектер мен Қазақ хандары арасында қаншама қанды шайқастар өткен. Қазақ хандығының құрамына шаһар толығымен ХVІ ғасырдың соңында өтіп, оның басты қалаларының біріне айналды. Дегенмен Сауран бұған дейін де белгілі бір уақыт аралығында қазақтардың билеуіне өтіп тұрды. Мысалы, қазақтың алғашқы хандарының бірі, Жәнібектің ұлы Жиренше хан ХV ғасырдың 80 жылдарында шаһарда бірнеше жыл билік құрған. Деректерде Сығанақ пен Сауранның маңында тонаушылықпен айналысып жүрген Мұхаммед Шайбанидің әскери тобын Сауранның билеушісі Жиренше ханның жасақтары талқандағаны жайлы айтылады. Ашық даладағы жазық жерге салынған осы шаһардың тамаша табиғаты мен жаныңды жадыратар тұнық ауасы, оны айнала қоршай салынған алып қорғаныс қабырғалары жайлы көптеген жылнамашылар жазған. Сол кездегі жаугершілік жағдайға лайықтап тұрғызылған қалың қорғаныс дуалдары осы күнге дейін жақсы сақталған. Шаһар Қазақ хандығының құрамына толықтай өткеннен кейін ерекше көркейіп, ірі рухани орталыққа айналады. Сол кезде қаншама мешіт, медреселер салынған. Сондай керемет құрылыстардың бірі қос мұнаралы медресе мен жұма мешіті жайлы ХVІ ғасырда бір жылға жуық Сауранда тұрған ақын-жазушы Уәсифи қызыға жазған. Шаһарды сумен қамтамасыз ету әлемде сирек кездесетін суландыру тәсілі «кәріздер» арқылы жүргізілген. Уәсифидің айтуынша осы суландыру жүйесін шаһарға мұсылман әулиелерінің бірі Мір Араб сыйға тартқан. Басын шаһардан 7 шақырым жерден алатын осы кәрізді каналды салуға 200 үнді құлдары пайдаланылған. Сол әулиенің есімі осы күнгі Саураннан солтүстікке қарай 6-7 шақырым жердегі Міртөбе бекінісінің қираған орнында қалған. Әлгі кәріздердің басы да сол маңнан басталады.

Шамамен ХІV ғасырда салынған екінші Сауранның орны Түркістан қаласынан Қызылордаға қарай өтетін теміржолдың бойымен 45 шақырым жерде сақталған. Археологиялық зерттеулер кезінде Уәсифи жазған медресе мен кәріз құбырларының орындары табылды. Сондай-ақ шаһарда болған жұма және айт мешіттерінің қалдықтары қазылып, олардың сақталған бөліктері қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазба кезінде шаһардың бас қақпасы мен оның сыртынан қазылған орға салынған аспалы көпірдің тұғырлары табылды. Қорғаныс қабырғасын қоршай қазылған терең ордың ішіне кезінде су жіберілген. Арнайы салынған қазба 48 қатар қаланған кірпішпен нығайтылған терең ордың тереңдігі үш метрден астам екендігін көрсетті. Қаланы қоршаған жаудың талай жауынгерлері осы ормен қабырғаны ала алмай жер құшқан. Қазба жұмыстары кезінде қабырғаға қадалған және ордың ішіне құлаған жебенің темір ұштары көп табылады. Қабырға бұзғыш қондырғылардың домалақ тас оқтары мен орға құлап өлген жау әскерінің қурап қалған қаңқалары да кездесіп жатады. Қазіргі кезде шаһардың орнындағы көне ғимараттарды қалпына келтіріп, туристер көретін музей жасау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Отырар (Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд, Фараб) – ортағасырлық қала орны. Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының Темір темір жол стансасынан солтүстік-батысқа қарай 7 км жерде орналасқан. Отырар 8 ғасырдың басынан Тарбанд (Трабан) деген атаумен белгілі. Бұл атау Күлтегін және Білге қаған құрметіне арналған көне түркі жазбаларда кездеседі. 8 ғ-дағы араб географы Якут “Тарбанд, Тұрар, Тұрарбанд пен Отырар – бір қала” деп жазады. Араб тарихшысы Табаридің Отырар патшасын әл-Мамун халифтың жауларының бірі деп атағанына қарағанда, Отырар 9 ғ-дың өзінде-ақ ірі қала болған. 10 ғ. жазбаларында Кедер деген орталық қаласы бар Фараб аймағы аталады. Ал Фараб Кедерден көне қала екені әл-Мақдисидің (10 ғ-дың аяғы) еңбегінде жазылған. Оның айтуынша, бас қала аймақ есімімен Фараб аталған. 10 ғ-дан кейін Кедер тарихи және географиялық жазбаларда аталмайды, оның орнына астана да, аймақ та Фараб делінген. Отырар 5 – 15 ғ-ларда Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Моңғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала болды. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, қалада сол кезде әлемдегі аса ірі кітапхана және көптеген мешіт-медреселер болған.

Мазмұны

1 Отырар апаты

2 Отырардың сипаты

3 Отырар ауданы

4 Отырар-Қаратау мәдениеті

4.1 Тарихы

5 Отырар медресесі

6 Отырар мемлекеттік археологиялық қорық музейі

7 Пайдаланған әдебиет

Отырар апаты

1218 жылы Хорезмшаһ Мұхаммедтің Отырардағы билеушісі Қайырханның әмірімен Шыңғыс хан керуенінің саудагерлері өлтіріледі. Бұл Шыңғыс ханның Орталық Азияға шапқыншылық жасауына сылтау болды. Тарихи әдебиеттерде бұл қырғын “Отырар апаты” деген атпен белгілі. 1219 жылы күзде моңғол әскерлері Отырарға жетті. Моңғол шапқыншылығы салдарынан Отырар қиратылып, қала тұрғындары қырғынға ұшырады. Бірақ 1219 жылғы апаттан кейін Отырар қайта жанданды.

1255 жылы армян саяхатшысы Отырарды Сырдария бойындағы ірі қалалар қатарында атайды. Отырар дүниежүзілік саудада бұрынғысынша делдалдық рөл атқарды.

Қала туралы 1320 жылы Флоренция көпесі Пеголоттидің Азов теңізінен Қиыр Шығысқа дейінгі сауда жолы туралы жазбаларында да баса айтылған.

14 ғасырда Ақ Орда хандары мұнда медреселер, ханакалар, мешіттер, кеңселер салдырды.

14 ғасырдың аяғында Отырар Әмір Темір мемлекетінің құрамына кірді. Әмір Темір мұнда бірнеше рет болып, Шығыс жорығына дайындығы қызған кезде (1405) осында қайтыс болды. Әмір Темір мирасқорлары мен Мұхаммед Шайбани әулетінің қазақ хандарымен күресі барысында Отырар тағдыры тағы да сынға түсті.

16 ғасырдың 2-жартысынан бастап қала қазақтардың билігіне біржолата көшіп, шамамен 18 ғасырдың басына дейін болған.

Отырарда археологиялық қазба жұмыстары кең көлемде 1969 жылы Қазақстан ҒА-ның К.Ақышев басқарған Отырар археологиялық экспедиция ұйымдастырылғаннан кейін басталды.

Отырардың сипаты

Қазіргі уақытта Отырар – бесбұрыш тәріздес төбе. Өлшемдері: оңт. жағы – 380 м, оңт.-батысы – 145 м, батысы – 400 м, солт.-шығысы – 380 м және шығысы – 350 м. Төбенің ең биік жері іргесінен 18 м. Жалпы аумағы 200 га. Қала дуалмен қоршалған. Оның солт.-шығыс және шығыс жақтағы құрылыстары жақсы сақталған. Негізгі төбені айналдыра қазған орлардың орны бар. Қаланың үш қақпасы болған. Орт. қақпа оңт. жағына орналасқан. Археологиялық қазба жұмыстары қала орнындағы мәдени қабаттарды анықтап, олардың қай уақытта болғанын, құрылыс орындарын кезеңге бөліп, талдау жасауға мүмкіндік берді. Қаланың мәдени қабаты 16 м. Ол 7 мәдени қабаттан тұрады.

1-қабаттан (б.з. 1-6 ғасырлары) зат (қолдан жасалған құмыра сынықтары) аз табылды;

2-қабаттың (7-8 ғасырлар) қалыңдығы 3 м-ге жуық;

3-қабаттан (қалыңдығы 1 м-дей, 9-10 ғасырлар) қабырғалары шикі кірпіштен (422210 см) қаланған тұрғын үйлердің орны, қола білезіктер мен алқалардың жұрнақтары, темір бұйымдардың сынықтары, шарап құятын ыдыстар табылды;

4-қабатқа (қалыңдығы 1,5 м, 11-13 ғасырдың басы) қайта жоспарланып салынған құрылыстар тән, сонымен бірге бұл қабаттан семсердің сынығы, қола сақина, шыны ыдыстардың сынықтары, әр түрлі шыныдан жасалған алқалар, т.б. заттар алынды;

5-қабаттан (қалыңдығы 1,5 м, 13-14 ғасырлар) қабырғасы күйдірілген кірпішпен (24244 см) қаланған құрылыстардың орны, іргесінен тандырдың, шаруашылыққа арналған шұңқырлардың, зат қоймасының (одан темір пышақ, ер-тұман әбзелінің қалдықтары, темір ине, қола алқалар, т.б. заттар табылды) қалдықтары ашылды;

6-қабаттан (қалыңдығы 1,5 м, 15-16 ғасырлар) қырлы темір пышақ, зергерлердің сүйектен жасалған балғасы, ат мүсіні, т.б. заттар іріктеп алынды;

7-қабатының қалыңдығы 0,7-0,8 м (17-18 ғасырлар). Бұл қабат қаланың құлдырап, төмендей бастаған кезеңіне жатады.

1971-74 жылы аралығында Отырар аумағының бестен бір бөлігі (4 га) аршылды. Бойлық және ендік бағытымен салынған көшелердің болғаны анықталды. Көшелердің ені 2-3,5 м. Көшелер аралығында салынып бітпеген алаңдар немесе аулалар бар. Мұндағы тұрғын үйлер біртектес, біріне-бірі өте жақын салынған бір, екі немесе үш бөлмелі, ал көп бөлмелі үйлер сирек кездеседі. Жалғыз немесе орталық бөлменің көлемі 20-35 м2. Қабырғалары шикі кірпіштен (30209 см, 27167 см) жалпағынан және еңістеу етіліп қырынан қаланған. Қысы қатаң жерлерде кірпішті бұлайша қырынан қалау төбесі қалың топырақпен жабылған үйлерге тән тәсіл. Мұндай тәсіл Қазақстанның оңтүстігіндегі тұрғын үйлер құрылысында қазір де кездеседі. Үй ішіне еден арасына биіктігі 20-30 см үй жылытатын тандыр салынған. Тандырдың от жағатын бөлігі күйдірілген кірпішпен жабылған және түтін шығатын мойны қабырғаға жапсырыла салынған. От жағатын бөлігінің асты шұңқыр. Оның едені мен қабырғалары күйдірілген кірпішпен немесе оның сынықтарымен қапталған. Осы жерден тас диірмен және оның сынықтары, әр түрлі тас келсаптар шықты, сондай-ақ бөлмелер ішінен қыштан жасалған астық сақтайтын хұмдар мен құмыралар, ұралар, шаруашылыққа арналған шұңқырлар кездеседі. Көп бөлмелі үйлерге қос тандыр салынған. Олар үйлердің әр бұрышына орналастырылған, түтін шығатын ортақ мұржасы бар. Аршылған құрылыс кешендері 16-18 ғасырларға жатады. Бұлардың осы кезеңге жататындығын нумизмат материалдар (120-ға жуық тиындар) дәлелдеп береді. Осы кезеңде өрт болғандығы байқалады, кейбір бөлмелерде өрт іздері сақталған. Ыдыстардың түбінде тамғалы белгілер салынған. Ыдыстарды күйдіргенге дейін салынған мұндай белгілер оның тек түбінде ғана емес, төменгі бөлігінде де кездеседі. Бұлар қазақтың керей және қыпшақ руларының таңбаларына сәйкес келеді. Отырарда археол. қазба жұмыстары әлі де жүріп жатыр. [1]

Отырар ауданы

Арыстанбаб

Отырар ауданы – Оңтүстік Қазақстан облысының батысында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлік. 1935 жылы құрылған. Жер аумағы 18,1 мың км2 (облыстың 15,4%-ын қамтиды).

Тұрғыны 55,2 мың адам (2004).

Аудандағы 43 елді мекен 11 ауылдық округке біріктірілген. Аудан орталығы – Шәуілдір ауылы. Аудан жері негізінен жазық. Оның басым бөлігін Қызылқұм құмды алқабы және Сыр өзенін бойлай жатқан Шардара даласы алып жатыр. Ауданның биік жері Қарақтау жотасында (Қарамола тауы, 388 м). Ол оңтүстіктен солтүстікке қарай доғаша иіліп 50 км-ге созылып жатыр. Қызылқұмда көптеген құдықтар (Қасымбет, Дүйсебай, Дәуренбек, т.б.) мен мал жайылымына қолайлы қоныстар (Алтынжал, Үрме, т.б.), қыстаулар (Есенгелді, Босаға, Орынбай, т.б.) көп. Қарақтаудың батысын және Қызылқұмның шығысын сексеуілді тоғай көмкерген. Отырар ауданының жер қыртысы Тұран плитасының эпигерциндік құрылымынан түзілген. Оның бетін төрттік жүйенің аллювийлі шөгінділері жапқан. Жер қойнауынан құрылыс материалдары барланған. Ауданның қысы жұмсақ, қысқа. Қантар айының жылдық орташа температурасы –3-5 С, шілдеде 27-29 С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 170 – 300 мм. Желдің басым бөлігі оңтүстіктен және оңтүстік-шығыстан соғады. Оның жылдық орташа жылдамдығы 4-6 м/с. Аудан арқылы Сырдария және оның оң саласы Арыс өзендері ағып өтеді. Солтүстігінде жазда құрғап қалатын шағын тұзды көлдер (Ұзынқұдық, Арыстанды, т.б.) мен батпақты (Шошқакөл) жерлер кездеседі. Арыс өзенінен Арыс каналы және бірнеше шағын тоғандар тартылған. Жер асты және грунт сулары 2-5 м тереңдікте (Сырдария, Арыс өзендері аңғарында), Қызылқұм өңірінде 5-8 м, кейде 8-12 м тереңдікте кездеседі. Артезиан сулары палеоген-неоген қабаттарында 30-50 м, кейде 80 м тереңдікте жатады. Ауданның топырақ жамылғысы негізінен сұр топырақты, Сыр және Арыс өзендері аңғарында шалғынды сұр, Қызылқұмда құмдауытты сұр топырақ қалыптасқан. Оларда шөлге тән баялыш, күйреуік, теріскен, көкпек, құмды өңірлерде сексеуілді тоғай, өзен аңғарларында шілікті-жиделі тоғай қалыптасқан. Құмтөбелер арасындағы грунт суы жақын жатқан жерлерде шұраттар кездеседі. Дәрілік өсімдіктерден дәрмене жусаны (Арыс өз. аңғарында) қара меңдуана, тұмаршөп өседі.

Аудан тұрғындарының негізін осы өңірдің байырғы халқы – қазақтар (99,7%) құрайды. Халық негізінен Сыр бойы және ауданның шығысындағы Арыс өзені аңғарында қоныстанған. Тұрғын халықтың орташа тығыздығы 1 км2-ге 3,0 адамнан келеді. Ірі елді мекендері: Шәуілдір (8,8 мың адам), Темір (4,3), Көксарай (4,2), Арыс (3,0), Балтакөл (2,9), Маяқұм (2,6) т.б. Аудан негізінен мал шаруашылығына маманданған. 1996 жылға дейін етті-сүтті бағыттағы 8 кеңшар, 1 асыл тұқымды мал зауыты болған. Бұрынғы кеңшарлар негізінде аудандағы барлық шаруашылық жүргізуші субъектілердің саны 3420-ға жетті (2003). Оның ішінде заңды тұлғалар саны 487, жеке тұлғалар 2933, шаруа қожалықтары 2569, жеке кәсіпкерлер 364. Ауданда ауыл шаруашылығына жарамды жердің аумағы 1692 мың га, оның ішінде жыртылатын жер 15,8 мың га, көп жылдық ағаштар 256 га, шабындық 15,5 мың га, жайылым 16,48 мың га болды (2003). Ауданда өнеркәсіп өндірісінде 13, ауыл шаруашылығында 590, құрылыста 1, көлік және байланыс саласында 3, саудада 180 және басқа кәсіпкерлікпен айналысатын 16 шаруашылық субъектілер тіркелген (2003). Шаруашылықтың барлық санаттары бойынша 2003 жылы егіс аумағы 15,8 мың га болды; оның басым бөлігін мақта (7905 га) мен жүгері (3269 га) құрайды. Ауданда 2004 жылдың 1-қаңтарында 19,1 мың бас ірі қара, 163,5 мың қой мен ешкі, 5,4 мың жылқы, 1264 түйе болды. Халыққа білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау салалары бойынша ауданда 1 кәсіптік-техникалық мектеп, жалпы білім беретін 45 мектеп, 11 клуб, 1 мәдениет сарайы, 1 музей, 1 мектеп-интернат, 15 кітапхана, 9 аурухана, 28 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 ауылдық амбулатория болды (2003). Аудан аумағында көне қалалар мен қорған орындары көптеп кездеседі. Әйгілі “Арыстанбаб” кешені осы Отырар ауданының аумағында орналасқан.

Отырар-Қаратау мәдениеті

Отырар-Қаратау мәдениеті – Оңтүстік Қазақстан өлкелерін мекендеген қаңлы тайпаларының көне мәдениеті (б.з.б. 1-мыңжылдықтың соңы). Ескерткіштердің негізгі тараған аумағы Сырдарияның орта ағысын қамтиды. Қалалар мен қоныстар, зираттар жақсы зерттелген. Олардың аса ірі шоғырлану орт. Отырар шұраты; Арыс өз-нің солт. жағасында Мардан, Мардан-Күйік, Қостөбе, Шаштөбе, Сейтмантөбе, Ақайтөбе, Шөлтөбе, т.б. ірі қалалары болған.

Тарихы

1940 ж. А.Н. Бернштам жетекшілік еткен археол. экспед. барысында алғашқы деректер алынып, ол кангюй-қаратау мәдениеті болып аталды. Кейінірек бұл өңірді Е.И. Аргеева, Г.И. Пацевич, К.Ақышев, К.Байпақов, Л.Б. Ерзакович, Л.М. Левина, А.Н. Подушкин зерттеді. Аса ірі ескерткіштерінің бірі – Көкмардан. О.-Қ. м. қалаларының үйлері ерте кезеңнен-ақ кварталдық жүйемен тұрғызылған. Әдетте 4 – 6 үй бір кварталды құрайды. Құнды ерекшеліктерге қыш ыдыстарға салынған 100-ге тарта таңба-белгілер жатады. Белгілердің негізгі тобы ру-тайпалық таңбалар. Зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша бұлар соңғы орта ғасырдағы таңбаларға өте жақын. Бір ерекшелігі, мұнда қазақтың үш жүзіне де кіретін ру-тайпалардың таңбалары бар. О.-Қ. м. тайпалары мал ш-мен бірге жоғары дамыған егіншілік бағытты ұстанған, ұсталық және зергерлік қолөнер жақсы дамыған. Тұрғындар ата-баба рухына, тәңірге табынған. Халқы Сыр бойына көршілес Жетіасар және Қауыншы мәдениеттерінің тайпаларымен бірге тарихи Қаңлы мемлекетінің құрамына кірген. Б.з. 3 – 4 ғ-ларында заттық мәдениет ерекшеліктері мен антропол. деректер О.-Қ. м-н қалдырған тайпаларға ғұндар келіп араласқандығын көрсетеді. Осы кезеңде түркі мәдениеті мен тілі қалыптасқан, түркі-соғды синтезі дамыған. Ғұн тайпалары келіп қосылған кезеңнен бастап О.-Қ. м. тайпаларының үлкен бөлігі жетіасарлықтармен бірге Сырдың жоғ. ағысына, Орта Азияға қарай жылжыды. 6 – 7 ғ-ларда О.-Қ. м-нің дамуы тоқтап, басқа тайпалармен бірге Сыр мен Әмударияның төм. ағысына топтасты да, Кедер мәдениетін құрады. Қалған тұрғындар Отырар шұратында құрылған Қаңғар бірлестігіне кірген.

Отырар медресесі

Отырар медресесі – Отырар қаласында болған ортағасырлық діни оқу орны. 8 ғ-дың аяғында құрылып, моңғол шапқыншылығына дейін жұмыс істеген. Медреседе жан-жақтан білім іздеп келген шәкірттер 10 жыл бойы тәрбиеленді. Оларға бесінге дейін сабақ берілсе, бесіннен кейін медресе жұмысына салынды (аула сыпыру, ас пісіру, бау-бақша суару, т.б.). Ал екіндіден кейін шәкірттер өз жұмыстарымен айналысты. О. м-нде алғашқы 5 жылда сол заманғы әлемдік үш тіл: түркі-қыпшақ, парсы, араб тілдері оқытылды. 5 жылдан кейін шәкірттерге діни сабақтармен қатар астрономия, геометрия, музыка, т.б. ілімдер бойынша жан-жақты білім берілді. Тіпті бұрнағы заманда жойылып кеткен әліппелер (мыс., Финикия әліппесі) үйретілді. О. м-нде ғұлама ғалым Әбу Наср әл-Фараби оқыған. [2]