Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

87

.pdf
Скачиваний:
12
Добавлен:
07.06.2023
Размер:
8.65 Mб
Скачать

анықталған. Мысалы, түбір сөздер: ат, ата, ана, ара, аз, атан -, ал -, күн, түн, мең, өз, бер -, сөз, көп, кең, тар, оқ, ол, от, он, де, мал, қол, қарын, т.б. Қосымшалы сөздер – алды, қалды, қалып,

қылды,қайтарылмас, малы, малсыз, малға, оқыса, байлық, болғай, толды, тоны, сынаған, соңы

т.б.1 Сондай-ақ, ескерткіште қазақ тілінің ерекшелігіне жатпайтын ш-с, й-ж, д-й, ч-ш, ғ-у, м-н т.б.

дыбыстардың сәйкестігі арқылы жасалған сөздер де молынан ұшырасады. Мұндай дыбыстық сәйкестіктерді тілдің даму үдерісіндегі табиғи даму деп түсіндірген абзал. Профессор Әмір Наджип еңбектеріне сүйенсек, дыбыстық әртүрлілікті ғалым сол кезде жазба тілде болған диалектілердің ізі ретінде немесе әр ғасырда көшірмешілердің қаламынан кеткен ерекшеліктер болуы мүмкін деген пікір айтады. Қалай болғанда да, ғылыми мұрат «Һибат-ул хақайиқ» ескеркішінің ғылыми сипаты мен ерекшелігін дұрыс анықтау, оның кімге, қай түркі халқына жақындығын емес, ескеркіштің болашаққа берерін, ұлттық кодқа негізделуін, түркілік танымды зерделеудегі орны мен маңызын көрсету.

3. Профессор Б. Сағындықұлының ғылымда маңдай терін төгіп, талмай алып келе жатқан үшінші бағыты – тілдің лексикологиялық саласы. Лексикология пәнінен университетке келгеннен бері дәріс оқиды, семинар және тәжірибелік сабақтарды жүргізеді. Көп жылғы ұстаздық тәжірибесіне сүйеніп, аудиторияның атмосферасын жіті түсінуі арқасында, жоғары оқу орындарының үш сатылы білім беру жүйесіне көшуіне орай, оқытудың жаңа құрылымына сәйкес, лексикологияның жаңа бағдарламасын жасады. Бағдарламаға сәйкес 2003 жылы «Қазіргі қазақ тілі. Лексикология» деген оқу құралын жазып шығады. Бұл оқу құралы студенттердің талаптілегіне орай 2008-2018 жылдары баспадан қайта шықты. Оқу құралы «Сөз», «Сөздік құрам» деп аталатын екі бөлімнен тұрады. Ғалым бұл сала бойынша да алты ғылым кандидатын, бір ғылым докторын даярлады.

4. Ғалымның жемісті еңбек етіп келе жатқан төртінші бағыты теология саласындағы еңбектерге байланысты қалыптасқан. Бойына қанмен сіңген, тәрбиемен келген имандылық тарихи еңбектермен танысу барысында жаңа ғылыми негіздермен байи түскен. Әсіресе, ғалымның жандүниесіне Рабғузидің «Қиссас-ул анбийа» еңбегі көп ой салғаны байқалады. Рабғузидің аталған еңбегін оқып, өз тарапынан зерделеп, жан-тәнімен түсініп барып жазған «Ғаламның ғажайып сырлары» атты діни-танымдық зерттеуі – оқырмандар өте жылы қабылдаған, көпшіліктің аузында жүрген еңбек. Осы кітапта Рабғузи еңбегіндегі идеялар, діни сенім мен пікірлердің түпкі сыры жан-жақты ашылған. Тілдің тарихын жете білуі ғалымға осы бағытта да жемісті еңбек етуге көмектескені байқалады. Б. Сағындықұлы бұл салада бір PHD докторын дайындады.

Профессор Б. Сағындықұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінде ұзақ жылдар бойы «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы», «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» сияқты іргелі курстардан дәріс оқиды. Магистратура бөлімінде «Түбіртек теориясы» арнаулы курсын жүргізеді. Ғалым-ұстаздың бұдан басқа да студенттердің ынтасын тудыратын түркология мен тіл теориясына арналған бірнеше арнаулы курстары бар.

2005 жылы Қызылорда облысы Қармақшы аудандық мәслихаты сессиясының шешімімен «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. 2007 жылы Қызылорда облысының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін «Қызылорда облысына – 70 жыл» медалімен, 2009 жылы әлФараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми кеңесінің шешімімен «ҚазҰУ-ға – 75 жыл» құрмет белгісімен, 2011 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі елеулі еңбегі үшін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. 2011 жылы ҚР БжҒМ Инновациялық Еуразия университетінің құрметті профессоры академиялық атағы берілді. 2014 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми кеңесінің шешімімен «ҚазҰУ-ға – 80 жыл» құрмет белгісімен марапатталды. Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

Б. Сағындықұлы жас ғалымдарды даярлау ісіне де елеулі үлес қосуда. Оның жетекшілігімен жиырма төрт ізденуші кандидаттық, алты ізденуші докторлық диссертация қорғады. Мұның сыртында бір PhD докторын, 30-дан аса магистрлерді дайындады. Профессор Б. Сағындықұлы оқыған дәрістерді студенттер қызыға тыңдайды, практикалық сабақтарына да ынтамен қатысады.

Ақсақалдық жасқа жеткен ғалым-ұстаздың ұлағаты – биік білік пен адал еңбек.

1 Һибат-ул хақайиқ нұсқаларының (ХІІ ғ.) қолданбалы мәтіні. Ескерткіштің лингвостатистикасы». –Астана, 2018. 31-бет.

11

Жанғара Дәдебаев

ф.ғ.д., профессор. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Абай институтының директоры

ТҮРКОЛОГИЯДАҒЫ ТҰРЛАУЛЫ ТҰЛҒА

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша бітіріп, әдебиеттану ғылымының асқан білімпазына айналған ғылым қайраткерлері бар, ақындық өнердің өріне шыққан өнерпаздар да аз емес. Ал енді университетті журналистика мамандағы бойынша бітіріп, түркология ғылымының түркі тілдері бойынша тұрлаулы тұлғаларының бірі болған ғұлама Қазақстан ғылымында, қателеспесем, жеке дара біреу ғана. Сол жеке дара саңлақ - Берікбай Сағындықұлы.

Берікбай Сағындықұлы 1957 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне (ол кезде – С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті) оқуға түсіп, өз заманының үздік ғұламаларынан білім, тәлім-тәрбие алды. Университетті бітірген соң, Қазақстанның бас газеті «Социалистік Қазақстанда» (қазіргі «Егемен Қазақстан») әдеби қызметкер болып қызмет етіп, үлкен шығармашылық тәжірибе жинақтады, маңдайалды стилист болып қалыптасты. Бекең ендігі тұста ғылымға көңіл қою керектігін ұқты. Соған байланысты іштей Ғылым академиясында қызмет істеу туралы шешімге келеді.

Берікбай Сағындықұлының журналистикадан тіл біліміне, түркология ғылымына келуінің ғибратты тарихы бар. Ғылым академиясында қызмет істеу туралы мақсатына сай Бекең 1971 жылы Академияның Тіл білімі ғылыми-зерттеу институтына келеді. Алдымен бөлім меңгерушісі, профессор Ахмеди Ысқақовқа жолығып, көздеп келген мақсатын айтады. Ол кісі: «Біздің бөлімде бос орын жоқ. Ал аспирантурада орын болып қалуы ықтимал. Институт директорының орынбасары Әбдуәли Қайдаровқа барыңыз», - деп кеңес береді.

Республиканың бас газетінде он жыл қызмет істеп, кісімен сөйлесудің, пікірлесудің, кеңесудің жөнін, ретін жете біліп, бұл бағытта жеткілікті тәжірибе жинақтап алған Бекең сөз ретіне қарай өз тілегін білдіреді:

-Аға, «танымасты сыйламас» деген, бастығыңыз бар орынды жоқ деп айтып қалса қайтем. Айып болмаса, өзіңіз ертіп барсаңыз.

Ахмеди Ысқақов Бекеңе:

-Ол жігіт бір кезде менің шәкіртім еді, - деп жымиып күліп, Берікбай Сағындықұлын институт директоры орынбасарының алдына алып барады.

Бекеңнің ғылымдағы жолы осылай ашылды. Көп ұзамай түрколог ғалым Әмір Нәжіпұлы Нәжіптің ғылыми жетекшілігімен зерттеу жұмысын бастады.

Берікбай Сағындықұлы Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі ғылыми-зерттеу институтының тапсырысымен КСРО ҒА Шығыстану институтының аспирантурасын ойдағыдай бітірді, 1977 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, атақты тюрколог ғалым Э.Н. Нәжіптің ғылыми жетекшілігімен филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін «ХІҮ ғасырдағы түркі жазба ескерткіштерінің салыстырмалы лексикасы» деген тақырыпта диссертация қорғады. Бұл Қазақстан тіл білімі саласында бұрын зерттелмеген, әлеуметтік мәні зор, өзекті тақырып еді. Жас ғалым «Махаббат-нама», «Хұсрау мен Шырын», «Гүлстан» ескерткіштерінің лексикалық бірліктерін өзара салыстыра зерттеу негізінде ғылыми маңызы жоғары, ірі мәселені шешіп, тюркологияның теориясы мен тарихы туралы ғылыми қағидалардың қорын жаңа ойлармен, жаңа тұжырымдармен байытты. Сөйтіп түркология ғылымының кеңбайтақ кеңістігіне шықты.

1975-1979 жылдары Берікбай Сағындықұлын ғалым әрі әдеби және ғылыми стильдің білгірі ретінде Ғылым академиясы арнайы қалап алып, «Ғылым» баспасына әуелі редактор, сонан кейін редакция меңгерушісі қызметіне тағайындады. Бекең «Ғылым» баспасының жұмысын өз редакциясы бойынша жаңа сапа деңгейіне көтерді, өзі де тәжірибесін байытып, ғылыми-зерттеу өрісін кеңейтті. 1979 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ тіл білімі кафедрасына ұстаздық қызметке келгенде, ол түркология, қазақ тіл білімі саласындағы зерттеулерін ғылыми қауым жете таныған белгілі ғалым еді. Университеттегі ұстаздық, ғылымипедагогикалық жұмыс барысында ғалым студенттерге арналған арнаулы пәндердің мазмұнын анықтады, лекцияларын дайындады, ғылми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1994 жылы «Қазақ тілі

12

лексикасы дамуының фонологиялық заңдылықтары» деген тақырыпта ғылым докторы ғылыми дәрежесін алу үшін докторлық диссертация қорғады. Түркология, қазақ тіл білімі үшін Берікбай Сағындықұлының бұл еңбегінің де ғылыми, әлеуметтік маңызы жоғары еді. Докторлық диссертацияда негізделген ғылыми пікірлер, ойлар, тұжырымдар, қағидалар қазақ тіл білімінің дамуына лайықты серпін берді, қазақ тілінің лесикологиясын зерттеу саласында бағалы жаңалық болды.

«Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері» деп аталатын монографиясында ғалым қазақ тілі лексикасының ішкі даму заңдылықтарын, түбірлердің ғасырлар бойы өзгеру, қалыптану, бір қалыптан екінші қалыпқа көшу эволюциясын орта ғасырлардағы жазба әдеби ескерткіштер негізінде қарастырды.

Берікбай Сағындықұлы қазақ тілінің лексикологиясы, тіл тарихы, тарихи фонетика, түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы лексикасы, түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы грамматикасы, көне жазба ескерткіштер, теология мәселелері бойынша үш жүзден аса еңбектер жазып, жариялады. Олардың ішінде он екі оқу құралы, үш монография - түркологиядағы, қазақ әдеби тілінің тарихы мен теориясындағы ғылыми және қолданбалы маңызы зор еңбектер.

Түрколог ғалымның тіл тарихы мен теориясы саласындағы іргелі зерттеулерінің айрықша сындарлы саласы – түбіртек теориясы. Зерттеуші силлабофонемалар, ежелгі түбіртектер, олардың тұқылдары туралы өзінің теориясын жасады. Сол теория көмегімен дыбыстар (дауысты, дауыссыз) деңгейінің өзінде тамыры терең құбылыстардың сыны мен сырына бойлады, й-дж-ж-т- д... дауыссыз дыбыстар сәйкестігінің түптегін, архетипін, байырғы фонемалар мен морфемалардың қалыптану кезеңдерін анықтады. Тілдегі аффрикаттардың тарихқа белгісіз ескі дәуірден қазіргі қалпына дейінгі даму үдерісінде бастан өткерген төрт кезеңін, ол кезеңдердің әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерін анықтады, сөз құрамындағы өзгеру механизмдерін айқындайтын басты заңдылықтарды ашты.

Түбіртектердің түркі халықтары тілдерінің даму тарихында тұлғалық, мағыналық жағынан жіктелуі мен бөлшектену жүйесі, өзге түбіртектермен бірігу және кірігу жолдары - күрделі, күрмеуі көп, қиын ғылыми мәселе. Тіл білімінің тарихы мен теориясындағы арғы-бергі кезеңдердің жетістіктерін, сан алуан амал-тәсілдерін басқа ғылым салаларының жетістіктерімен сабақтас пайымдай отырып, зерттеуші бұл салада да үлкен ғылыми нәтижелерге жетті. Бір дауысты мен бір дауыссыздың тіркесінен тұратын кейбір түбіртектер тарихи даму барысында тұлғасы жағынан өзгерістерге түскенімен, ілкідегі лексикалық немесе грамматикалық мағынасын сақтап қалатыны туралы маңызды ғылыми тұжырым жасады. Белгілі бір ұғым негізінде туған мағыналарды білдіретін түбіртектерді топтастырып, олардың даму тарихының кезеңдерін өрнектеді. Осы бағыттағы ізденістерінің бірінде автор АТ[С/Ш]~Т[С/Ш]А түбіртектерінің тарихын таразылайды, олардан пайда болған ац-ца, ач-ча, ат-та, ас-са, аш-ша түбіртектерін сараптайды, осы түбіртектердің қай-қайсысы да күн ұғымының негізінде туындаған мағыналарды білдіретіні туралы ғылыми пікірін дәйектеді.

Зерттеушінің белгілі бір нәтижеге жетуі - басты көрсеткіш. Оны айту маңызды. Сонымен қатар, әсіресе, көпшілік қауым үшін сол нәтижеге жету жолындағы ғылыми-зерттеу үдерісін, ол үдерістің мазмұнын, мәнін, тіпті кейбір нақты бөлшектердің, ұсақ тетіктердің қызметін білу де маңызды. Осы жайларды ескеріп, Берікбай Сағындықұлы жоғарыда көрсетілген АТ[С/Ш]~Т[С/Ш]А түбіртектерден таралған туынды түбіртектердің күн ұғымының негізінде пайда болған мағыналарды білдіруінің сырын тілдік фактілерді тарихи-салыстырмалы жүйеде талдау арқылы түсіндіреді. Күн сөзі фонетикасы, морфологиялық құрылымы, семантикасы жағынан жүйесі басқа-басқа тілдерде де бірдей формада, бірдей мәнде қолданылатынына көз жеткізеді.

Зерттеу жұмыстардың бір қырын ғалым лақ сөзі деңгейінде ашады: бастапқы түрі «оғуллақ» болып айтылған лақ сөзінің этимологиялық негізін мынадай иерархия бойынша пайымдайды:

оғул-лақ → оғу-лақ → оғы-лақ → о-лақ → ұ-лақ → ы-лақ → лақ. Осы үлгімен зерттеуші қазақ тіліндегі лексикалық бірліктердің этимологиялық тарихының тұтас бір жүйесін анықтайды, зерттеу нысанына алынған әр сөздің, түбіртектің түп-тұқиянынан қазіргі қалпына дейінгі қалыптану жолдарын, оларға тән заңдылықтарды ашады.

Қазақ тілінің Т[C/Ш], ТС(ц), ДЗ, ТШ(ч), ДЖ және басқа аффрикаттарын қазіргі қалпынан түптегіне дейін барлап, түптегінен бері қарайғы қалыптану кезеңдерін кезең-кезеңге бөліп саралау, түркі тілдерінің (отызға жуық тіл) тарихи даму кеңістігінде салыстырмалы талдау, оларды зерттеудің жолын, әдістері мен тәсілдерін табу, олардың туу, қалыптану, даму заңдылықтарын ашу

13

– зерттеушіден түркологияның тарихы мен теориясы бойынша терең білімді, іргелі ізденісті, ерен еңбекті талап еткен өте күрделі, көпқатпарлы, инемен құдық қазғандай қиын жұмыс. Еңбекқор ғалым осындай өте күрделі, қиын деген ғылыми-зерттеу жұмысында да елеулі табыстарға жетті. Талдау барысында түркологтар арасында ғасырдан астам уақыт бойы талас пікірге негіз болып келген өзекті теориялық мәселенің шешімін тапты, түркология ғылымының теориялық қорын маңызы зор жаңа ғылыми қағидалармен байытты.

Зертеуші байырғы түбірлер мен қосымшалардың арасындағы сабақтастықтарды қарастыра отырып, кейбір дербес сөздердің жұрнаққа немесе жалғауға айналу үдерісінің кезеңдерін анықтау мен көне түбірлер мен жаңа түбірлердің генетикалық ішкі байланыстарын салалап, саралаудағы еңбектері де жемісті болды.

Ғылымда заңдылық деңгейінде қалыптасқан күрделі де іргелі құбылыстың ақиқатын оның бөлімдері, бөлшектері деңгейінде анықтау мүмкін емес. Мұндай құбылысты түгел қамтып, оның заңдылығын құрамдас бөлімдері мен бөлшектерінің өзара байланыстары, қатынастары, тұтастығы жүйесінде зерттеу ғана ойдағыдай нәтижеге алып келеді. Берікбай Сағындықұлы түбіртектер туралы теориясын осындай методологиялық ұстанымға, пәнаралық зерттеу қағидаларына, математикалық логика, математикалық модельдеу қисындарына сүйене отырып жасады.

Зерттеуші түркология, қазақ тіл білімі саласында іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізумен қатар орта ғасырдағы жазба әдеби ескерткіштердің транскрипциясын, аудармасын, түсіндірмелі, алфавитті, кері алфавитті жиілік сөздіктерін жасап, баспадан шығарып, олардың кең ауқымдағы ғылыми айналымға түсуіне атсалысты. Орта ғасырдың жазбаша ескерткіштерін түпнұсқадан оқу, дәлме-дәл аудару, әр сөздің мағынасын ашып, сөздік құрастыру - ғалымның кәсіби құзіреттілігінің саралығын тағы бір қырынан танытты.

Ғалымның Ахмед Йүгінекидің «Һибат-ул хақайиқ» (Ақиқат сыйы) дастанының транскрипциясын, аудармасын жасауы, зерттелу тарихын зерделеуі, ғылыми сипаттамасын жазуы, лексика-грамматикалық ерекшеліктерін анықтауы, түрікше-орысша-қазақша, арабша-орысша- қазақша, парсыша-орысша-қазақша сөздіктерін беруі - өз алдына аса аумақты, жауапкершілігі мол және игілікті жұмыс.

Түрколог ғалымдардың арасында Ахмед Йүгінекидің «Һибат-ул хақайиқ» (Ақиқат сыйы), Махмұт Қашқаридың «Диван-у лұғат-ит турк», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармаларының қарлұқ-ұйғыр тілінде жазылғаны туралы пікірдің барын айта келіп, ғалым бұл пікірдің қателігін бұлтартпас тілдік фактілермен дәлелдеді. «Біздің ұзақ жылдар бойына жүргізген зерттеулеріміз бұл пікірдің қате екендігін көрсетіп отыр», - деді зерттеуші Ахмед Йүгінекидің «Һибат-ул хақайиқ» (Ақиқат сыйы) туралы еңбегінде. Ойын ары қарай сабақтай отырып, В.В. Бартольдтің тұжырымына сүйенеді: «Аты әлемге әйгілі академик-тарихшы В.В. Бартольд былай деп анық жазады: «...не подлежит сомнению, что подданные караханидов не называли себя уйгурами и что для Юсуфа Баласагунского язык, на котором он писал, не был уйгурским». Бұл сөз аталған үш жәдігерліктің үшеуіне де ортақ. Қарахан дәуіріндегі әдебиет пен ғылым туындыларын «ұйғыр тілінде жазылған» деу шындыққа жанаспайды».

Ғалымның ойы негізді, пікірі дәлелді. Аталған ескерткіштердің тілі туралы негізді ойын, дәлелді пікірін айта білу де түрколог ғалымның ғылыми көзқарасының саралығын, азаматтық ұстанымының беріктігін көрсетеді.

Рабғузидің «Қиссас-ул анбийа» еңбегін зерттеп оқу, зерделеп түсіну Берікбай Сағындықұлының ғылыми зерттеулерінің өрісін кеңейтті, арнасын тасытты. Теология саласындағы «Ғаламның ғажайып сырлары» атты іргелі еңбегі, Қорқыт атаның өмірі мен шығармашылығы, ойшылдығы туралы ойлары мен толғаныстары ғалымның ғылыми шығармашылығының айрықша айдынды арнасына айналды.

Берікбай Сағындықұлы «Ғаламның ғажайып сырлары» еңбегінде Алла мен адам туралы теологиялық, антропологиялық мәні терең ойлар айтты. Ол ойлардың байыбына бару кісіні ойландырады. Мысалы, ғалымның адам баласының ата-анадан құл болып туатыны және одан ешқашан қашып құтыла алмайтыны туралы ойы кімді де болса ойландырмай қоймайды. Одан ары қарай автор дүние есігін осылай ашқан адам баласының өсе келе я құдайдың, я адамның, я шайтанның, я дүниенің құлына айналатыны туралы келесі ойын ұсынады. Бұл ойды да ойланбай, ойсыз қабылдау қиын. Бұл ойлармен келіспеген жандардың болуы ғажап емес. Олай болғанда да автор сабырлы қалпында: «Жаратылыс заңы сондай», - дейді. Расында, тірі адамның тіршіліктегі ісіне, пиғыл-ниетіне қарап, оның кімнің құлы екендігін ажырату онша қиындыққа түспейді екен.

14

«Өкініштісі, - дейді ғалым, - пенде өзінің кімнің құлы болып жүргенін біле бермейді және білгісі де келмейді».

Рас сөз. «Рас сөз ешуақытта жалған болмас». Бұл да рас. Кімнің құлы болып жүргенін білмеген пенде рас сөздің қадірін біле ме.

Көрнекті түрколог ғалымның әр еңбегі – шығрмашылық туынды. Онда зерттеу нәтижелері ғана емес, автордың ойлау ерекшелігі, талдау мен жинақтау өнері, кісілік келбеті де көрініс тапқан. Автордың ойлауы терең, талдау мен жинақтауы жүйелі, кісілік келбеті кемел.

Берікбай Сағындықұлы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерішісі, диссертациялық кеңестің мүшесі, кеңес төрағасының орынбасары, кеңес төрағасы ретінде ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, онға тарта жаңа және арнаулы оқу пәндерін өндіріске енгізді, халық шаруашылығы үшін қазақ тілі мен әдебиетінің сан буын білікті мамандарын тәрбиелеп, өсірді. Отыздан астам ғылым кандидаттары мен докторларын даярлады. Қазақ тіл білімінің, түркологияның, қазақ филологиясының дамуына зор үлес қосты.

Бүгінде сексенге келген дара тұлға алды-артына сеніммен қарап, ұстаздық және ғылымишығармашылық еңбегін табысты жалғастыруда.

Манкеева Жамал Айтқалиқызы,

ф.ғ.д., профессор. ҚР ҰҒА А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Лексикология бөлімінің меңгерушісі

ПРОФЕССОР Б. САҒЫНДЫҚҰЛЫНЫҢ «ҒЫЛЫМИ ӘЛЕМІ»

Қазіргі замандағы тіл білімінің интегративті сипаты, даму деңгейі мен зерттеу нысанының кеңейгені соншалық, осыған орай «тіл» ұғымына анықтама берудің өзі оңай емес.

Осыған дейін тіл туралы ғылымда істелген сипаттамалы, топтастыру және басқа да түрлі ғылыми жұмыстардың негізінде қоғамдағы тілдің коммуникативтік қызметіне анықтама берілген. Сөз жоқ, соның нәтижесінде тілдің табиғатын, тілдің құбылыс ретіндегі барлық заңдылықтарын ашып, түсінуге көмектесетін немесе соған жақындататын тұжырымдар, жорамалдар жасалды. Осы тұрғыдан әлемдік тіл білімі тәжірибесіндегі негізгі лингвистикалық үрдістерге (концепцияларға) назар аударсақ, мысалы, Ф.де Соссюр тілдің құзіретін әлеуметтік негізде анықтаса, В.фон Гумбольдт пен өзінің генеративтік теориясына сәйкес Н.Хомский тіл қызметінің негізін адамның ойлау құрылымдарындағы үдерістермен байланыстырғаны белгілі.

Тілдік санада астарланып, құрылымдалған тіл құзіреті туралы гумбольдттық тұжырымдамаға жалғасқан қазіргі тіл біліміндегі антропоөзектік бағдарда тілдік құрылымның тек объективті деректеріне ғана емес, тілді тұтыну барысындағы тіл қызметін түсінудің субъективті сипатына да мән беріледі. Бұл жерде тілде о бастан шығармашылық сипат бар деп түсіндірген В.фон Гумбольдт, А.А. Потебняның т.б. ғалымдардың антропоөзектік қағидалары ғылыми-әдіснамалық негіз бола алады.

Қазіргі тіл білімінде өріс алған бұл бағыт өзінің мақсатына орай, лингвистиканы басқа да ғылым салаларымен байланыстырып, кешенді үрдісті қалыптастыруда. Осымен байланысты жалпы тіл білімін былай қойғанда, қазақ тіл білімінде де лингвокогнитивтік бағытқа сай жанжақты зерттеулер жүргізіліп жатқаны да шындық.

Бірақ бұл зерттеулеріміздің дені сипаттамалы деңгейден аса алмай, тіл құдіретін, оның қолданыс барысында айшықты көрініс табатын сөз құдіретінің шынайы болмысын танытатын тілдің терең құрылымдарына бойлай алмай, адам (қазақ) ~ тіл когнитивтік жүйесін тұтастыра алмай отырғанын да мойындауымыз қажет.

Мұның негізгі себебі не? Мүмкін, тіл құбылысының лингвогенезистік табиғатына орай тіл иесімен тығыз байланысты функционалды-семантикалық, динамикалық кешенді жүйеде қарастыратын осы тектес зерттеулерде тек қазақ тілі әлемімен шектеліп, жалпы тіл заңдылығының универсалийлік сипатына жеткілікті назар аудармай, туыс емес тілдердің де даму заңдылығына, ықпалдастығына т.б. байланысты зерттеулерге мән беру жетпей жатыр ма? Әлде тілдің тұлғалық күйіне мән берілетін дәстүрлі, құрылымдық жүйенің шегінен шыға алмай жатырмыз ба?

15

Осымен байланысты тіл құбылысын, оның қызметінің нәтижесі ретіндегі сан алуан тілдік көріністерін толық ашып беретін ішкі заңдылықтарды, тілдік және тілдік емес факторларды түсіндіруге бағытталған өзіндік ізденістер жүргізіп жатқан ғалымдар да бар.

Міне, сондай тілді зерттеудің айқындалған қалыбына сыймайтын, қанағаттанбайтын «тынымсыз» ғалымның бірі де, бірегейі – профессор Берікбай Сағындықұлы ағамыз.

Атап айтқанда, ғалым, мысалы, қазақ тіліндегі түбірлердің ғасырлар бойы өзгеру, бір қалыптан екінші қалыпқа көшу эволюциясын өзге жүйедегі тілдердің деректерімен салыстырып, соның нәтижесінде дыбыстық сәйкестіктердің этимологиясын, үнемдеу заңдылығының тілдегі көрінісін, флекция құбылысының қалдықтарын анықтап, архетипті тұбірлердің реконструкциясын жасаудағы тиімді тәсіл ретінде ұсынады [1].

Ғалым еңбектерінің зерттеушілік-шығармашылық мазмұнымен, өзіндік түйінтұжырымдарымен таныса отырып, тіл құбылысының шексіз әлеуетіне ғана емес, оны зерттеушінің тілтанымдық әлеуетіне де таң қаласың. Осы арада профессор Б.Сағындықұлын ерекшелейтін, біздің ойымызша, зерттеушінің антропоөзектік болмысы, содан туындайтын өзгеше тіл-тұлғалық, ғалымдық танымы.

Біз бұл арада ғалымның барлық еңбектерін тұтастыратын арқау ретіндегі өзіндік қазық ойлары дәйектелген негізгі мәселелері мен зерттеу барысындағы нақты тұжырымдары мен ғылыми жаңалықтарын атап көрсетумен ғана шектелеміз. Себебі, 2009 жылы ғалымның 70-жылдығына орай жарық көрген «Таңдамалы туындыларының» алғы сөзінде профессор Б.Момынова Б.Сағындықұлының еңбектеріне тұтас ғылыми–талдамалық шолу жасап, шынайы бағасын берген.

Сонымен, терең тіл білімпазы, өзіндік мектеп қалыптастырған ұлағатты ұстаз, түркітанушығалым, профессор Б.Сағындықұлының ғылыми әлемін, тілтанымдық кеңістігін айқындайтын өзіндік тұжырымдарын, көтерген тың мәселелерін төмендегідей атап көрсетуге болады:

- Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері және

байырғы түбірлердің архетиптік құрылымы.

Бұл сабақтастықтың негізінде гомогенді түбірлер мен түбір-негіздердің тұлғасын олардың ішкі мазмұнымен, яғни, архитұлға мен архисеманың лингвогенездік негізін сипаттайтын онтологиялық қалпы мен бейнесінің біртұтастығы айқындалады. Бұл проблема бойынша алтаистика мен түркітануда моносиллабтық және дисиллабтық екі бағыт қалыптасқаны белгілі. Осы орайда қазіргі түркітануда түркі тілдерінің деректері негізінде морфемалық, компоненттік, семантикалық, модельдеу жүйесі т.б. әдістер арқылы дисиллабтар мен полисиллабтардың құрамындағы алғашқы буынды бастапқы тұлға ретінде қарауға теориялық-әдіснамалық негіз бар.

Соның ішінде ежелгі түбірлер мен қосымшаларды байырғы қалпына келтіруді мақсат еткен профессор Б.Сағындықұлының «Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері» (Алматы, 2005) атты монографиясы реконструкцияланатын деректердің сандық көлемі мен сапасын былай қойғанда, зерттеу әдіс-тәсілдерімен де ерекшеленеді. Мысалы, компоненттік әдіс барысында қолданылған математикалық әдістің нәтижесінде ғалым түркі тілдері дамуының тарихында жалғамалылыққа дейін флексиялық құрылым дәуірін бастан кешкенін дәлелдейді. Ішкі флексия қалдықтарының бірбуынды түбірлер көлемінде қазіргі тілде де кейбір көріністері бар екенін Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, М.Томанов т.б. ғалымдардың да көрсеткені белгілі. Ал, профессор Б.Сағындықұлы қазақ тілі аясы мен түркі тілдері континуумындағы нақты тілдік салыстырулар мен талдаулар негізінде флексиялық құрылымның басты ерекшелігі ретінде түбірлердің бір ғана дауысты мен бір ғана дауыссыздан жасалған силлабофонемалардан тұратынын дәлелдеуге тырысады. Соның нәтижесінде: «Бірнеше силлабофонема өзара омонимдес болғандықтан, силлабофонеманың құрамындағы дауысты да, дауыссыз да қытай тіліндегідей әртүрлі сапада айтылған. Белгілі бір дауысты дыбыстың дауыссыз дыбыстың алдында, яки, соңында келуі, түсіріліп айтылуы тағы басқа комбинациялық өзгерістері ұғым, түсінікті жеткізуде шешуші рөл атқарған. Қай дыбысқа қаншалықты акцент берілуін ішкі флексия реттеп отырған», - деген тұжырымға келеді [1].

-Түбіртек теориясы, силлабофонемалар

Ғалымның жоғарыда көрсетілген монографиялық зерттеуінің жалғасы ретінде жариялаған ғылыми мақалалар циклі түбіртек теориясын сипаттап, автор силлабофонемаларды түбіртек деп атауды ұсынады және кез келген сөзде қанша дауыссыз дыбыс болса, сонша түбіртек болатынын атап көрсетеді.

Сонымен, үнемі даму үстінде болатын тілдік жүйенің өзгермелі, икемді табиғатына сәйкес оның тіл тұтынушының рухани-функционалдық арқауын құрайтын моносиллабтық

16

құрылымының даму бағыты оның құрамындағы фонокорреляттардың өзара сәйкестік түзу мүмкіндігі мен таралым аясымен, фономорфологиялық, фоносемантикалық, идеофондық, идеосегменттік қырларымен сипатталады. Олай болса, зерттеуші келтірген мысалдардағындай i/ a at˂ad-as-ac˂az**az-*aj˂ag˂ay сияқты гомогенді моносиллабтар тізбегінде топтасуы мүмкін. Яғни, профессор Б.Сағындықұлы «жылқы» және «есім» мәнін беретін at моносиллабын да it/at етістіктерімен сабақтастыра қарастырып, at етістігінің қозғалысқа, қозғалыстың ырықсыздығына, қозғалыстың барынша жылдам, шалт өтуіне, қозғалыс нәтижесінде ажырауға, бөлінуге әкелуіне байланысты т.б. семаларын көрсетуі at/it етістіктерінің жалпы мазмұнына (архисемасына) негізделеді.

Сол сияқты ғалымның пікірінше, қазақ тіліндегі ös, ön, ör ˂ өрле, өрбі, өнім, өрші, өркенде сияқты етістіктердің ортақ мазмұны мен тұрпатындағы ұқсастықтарын кездейсоқ құбылыс деуге келмейді. Осы арада ортақ мазмұнды арқалап тұрған ö дауыстысы деп жорамалдап, «даму», «жетілу», «көбею», «пайда болу» идеясы ur (ұрпақ, ру, ұрғашы т.б.) сақталған ör-*ur тұлғаларын гомогенді моносиллабтар ретінде қарастырады. Себебі, *ur тұлғасының жалпы мазмұны xür (үрім-

бұтақ, үрпі), *ay/uy ˂oyul, um (Ұмай), *ul (ұлы, ұлғаю, ұласу), *ül (үлкен) жалғасады.

Демек, зерттеу барысында қолданылатын «силлабофонема» ұғымы түбір және аффикстік морфемалардың байырғы қалпын анықтауда тиімді тәсіл ретінде сипатталады. Мысалы, шығу төркіні бір дыбыстық сәйкестіктер (жайпақ-тайпақ; жалпақ-талпақ; сірес-тірес; сетіне-шетіне т.б.); түбірлердің құрылымындағы бірде тілалды, бірде тіларты, бірде ашық, бірде қысаң дауыстылар (балбыра-былбыра; тарби-тырби; арси-ырси; баттый-быттый; аңыра-еңіре т.б.); дыбыстардың түсіп қалуы (балбыра-албыра; бадырай-адырай; бақыр-ақыр; сарқыра-арқыра т.б.)

т.б. осы сияқты қазақ тілінің өз ішіндегі деректері де түбір-негіздер құрылымының даму динамикасының фоно-морфо-семантикалық әлеуетін көрсетеді. Ғалымның осы идеясын жалғастырған шәкірті профессор А.Салқынбай «Тарихи сөзжасам, семантикалық аспект» атты монографиясында кез келген туынды сөздің түбірінде сақталып, мағыналық және тұлғалық жіктеліске түсіп, өзгерген, дамыған түбірлерді этимон түбірлер деп атайды [2, 104].

Дауыссыз дыбыстардың генеологиялық тектестігі мен туыстығын профессор Б.Сағындықұлы

тектес сәйкестіктер (т-д, с-з-ш-ж, т.б), әр тектес сәйкестіктер (л-ш, р-з, т.б.) деп жіктейді.

Ғалымның зерттеулеріндегі мына тұжырым да атап өтерлік: «Ежелгі түркі дәуірінде қазіргі тілдердегі жіңішке айтылатын сөздердің мүлде болмағандығын, олардың жуан варианты ғана қолданылғандығын біздің заманымызға келіп жеткен тарихи ескерткіштер қалтқысыз дәлелдейді» [1, 95]. Бұл идея ғалымның шәкірті Г.Раеваның «Түркі тілдеріндегі сингармониялық варианттар мен параллельдер. (Жуан түбірлердің жіңішке түбірлерге айналуы)» атты кандидаттық диссертациясында жалғасын тапты [3].

-Ортағасыр ескерткіштер тілі

Бұл мәселенің зерттелуінің маңызы тек тіл тарихының дәйегі ретінде ғана емес. Осы мұралардың тілін зерттеу негізінде қалпына келтірілетін лексикалық бірліктер тек табиғигенеологиялық сабақтастықты ғана көрсетіп қоймай, жалпытүркілік биік рухтың, түркілік тілдік сананың ортақтығы мен беріктігін дәлелдейді. Түркілік мәдени болмыстың тарихи-әлеуметтік сипатын танытуға қызмет ететін өзек ретіндегі асыл мұралардың тілін зерттеу қазіргі таңдағы «рухани жаңғыру» бағдарына сәйкес жалпытүркілік танымды дәйектейтін дереккөз және түркі жұрты арасындағы рухани үйлесімділік пен тарихи тұтастықты сақтаудың тамыры ретінде танылады.

Жоғарыда көрсетілген түбіртек теориясына сай ғалым тілдің даму, құрылымдықсемантикалық, функционалдық өзгеру сипатын дәйектейтін дереккөз ретіндегі тарихи мұралардың тілін түбегейлі зерттеу нәтижесінде Н.А.Аристов, П.М.Мелиоранский, Э.Наджип, Ә.Құрышжанов сияқты ғалымдардың ісін жалғастырса, ал өзінің шәкірттері М.Сабыр, Р.Баялиева, Б.Сүйерқұл бұл үрдісті жаңа деңгей мен лингвокогнитивтік кеңістікте дамытуда.

-Лексикология мәселесі.

Ғалым қазақ тіл білімінде лексикология мәселесін сана ~ ұғым ~ тіл сабақтастығында қарап, парадигмалық және синтагмалық мағына ұғымдарын кіргізген

жаңаша оқулық жазды [4]. Бұл мәселенің қазақ тіл білімінде кеңінен қарастырылып, жаңа бағыттарға сай зерттелуі ғалымның шәкірті Ғ.Хасановтың еңбегінен көрінеді [5]. Монографияда ұстазы Б.Сағындықұлы көтерген лексикалық синтагматика мәселесі одан әрі кеңейіп, когнитивтік семантикадағы, концептілердегі лексикалық синтагматика және мәтін семантикасындағы

17

синтагматика, айнымалы синтагматика, оның нормаға қатысы, лингвоэкология т.б. мәселелерімен сабақтасып, жетіле түседі.

-Теология саласындағы еңбектері

Автордың өзі «Аллатану ғылымының әліппесі» деп атаған «Ғаламның ғажайып сырлары» атты кітабынан бастау алған еңбектерінің өзегін құрап, арқауын ұстап тұрған, біздің ойымызша, ғалымның имандылық қағидасымен өмір сүру болмысы, рухани-танымдық, зиялы-зерделі тұлғасы, Рабғузидің «Қиссас-ул анбийа» сынды еңбектерді зерттеп, терең игерген діни теологиялық әдебиеттерді жан-жақты танып білген біліктілігі. Б.Сағындықұлының бір қарағанда ғылыми көпшілік стилінде жазылған сияқты еңбектерінде дүниенің жаратылысы туралы діни әңгімелері, діни сенім мен пікірлердің түпкі сырлары жүйеленіп беріліп, қазіргі қазақ қоғамындағы имандылыққа ұмтылған әлеуметтің мүддесіне сай дүниені танудың бір көзі ретінде діни танымды дәйектейді.

Жоғарыда көрсетілген ұстаз бен шәкірттерінің зерттеулеріндегі тығыз байланысты ғылымдағы жалғастық пен сабақтастықтың заманауи деңгейдегі даму үлгісі деп

бағаласақ, профессор Б.Сағындықұлының зерттеушілік-шығармашылық ерекшелігі – өз сөзімен айтқанда «дәстүрлі сүрлеуге ұқсамайтын» тың ойлары мен ұстанымдарының нәтижесінде туындайтын ғалымның шын мәніндегі «ғылыми әлемі».

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1.Б.Сағындықұлы. Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері (Монография). – Алматы: Санат, 1994. – 168 б.

2.А.Салқынбай. «Тарихи сөзжасам, семантикалық аспект». Алматы: Қазақ университеті, 1999. – 309 б.

3.Г.Раева. «Түркі тілдеріндегі сингармониялық варианттар мен параллельдер. (Жуан түбірлердің жіңішке түбірлерге айналуы)». Алматы: Эверо, 2004. – 167 б.

4.Б.Сағындықұлы. Қазіргі қазақ тілі. Лексикология. Алматы: Қазақ университеті, 2008. – 101б.

5.Ғ.Хасанов. Қазақ тілінің лексикалық синтагматикасы. Алматы: Үш қиян. – 2009. – 488 б.

Бердібай Шалабай,

ф.ғ.д., профессор. ҚР Педагогика ғылымдары академиясының академигі.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті

ҒҰЛАМА ҒАЛЫМ, АБЗАЛ АЗАМАТ

Әдетте, оқу-тоқуды, ғылым-білім игеруді халық «инемен құдық қазғандай» деген теңеумен береді. Шынында, бүкіл өмір жолын ғылым шыңына қарай асықпай, бірақ аса ыждағаттылықпен, табанды еңбегімен арнап келе жатқан ғалым аға, ол – филология ғылымдарының докторы, профессор Берікбай Сағындықұлы.

Берікбай Сағындықұлының ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітіргеннен кейінгі алғашқы еңбек жолы жорналшы болудан басталды. Соңғы курста өндірістік практика өткізген Республиканың бас газеті Социалистік Қазақстанда корректор, одан кейін әдеби қызметкер болып жұмыс істеді. Осында шыңдала жүре редакция бөлімдеріне түскен материалдарды әдеби-стильдік жағынан өндейтін нағыз стилист болып қалыптасты. Бұл Бекеңнің мінезіне тән бойына қанмен сіңген қасиет – өте мұқияттылығы мен еңбекқорлығының арқасында еді. Бұл кез ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітіргеннен кейінгі 1962-1972 жылдар болатын.

1972 жылы Берікбай Сағындықұлы Қазақ ССР-і Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аспирантурасына қабылданғаннан соң, Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Э.М.Наджиптың жетекшілігімен ғылыми жұмысын бастайды. Аспирантурада ерінбей тер төккен ізденістерінің нәтижесінде филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін «ХІV ғасырдағы түркі жазба ескерткіштерінің салыстырмалы лексикасы» атты тақырыпта диссертация қорғайды. Бұл ғалымның орта ғасыр ескерткіштері тілін зерттеуінің бастамасы болды. Ал 1994 жылы қазақ тілі лексикасының дамуын ұзақ жылдар зерттеулерінің нәтижесінде «Қазақ тілі лексикасының дамуының фонологиялық заңдылықтары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Оны Берікбай Сағындықұлы қорғаған ғылыми кеңестің төрағасы, атақты түрколог ғалым Әбдуали Қайдар «түркологиядағы үлкен белес» деп бағалады. Осы диссертацияның негізінде жазылып, екі рет баспа жүзін көрген

18

(1994, 2005) «Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері» деп аталатын монографиялық еңбегін ғылыми жұртшылық жылы қабылдады.

Енді Берікбай Сағындықұлының ғылымдағы өзіндік дара соқпағына келетін болсақ, алдымен, ол – тіл тарихының қазіргі заманғы ірі маманы. Бұл салада ғалым ашқан жаңалықтар жеткілікті. Ғалымның тіл тарихына жазған еңбектері жинақталып, бірнеше рет баспадан шыққан «Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері» (1994, 2005), «Фонологические закономерности развития лексики тюркских языков» (2005) және «Қазақ тілінің тарихы» (2011) монографияларында жарық көрді.

Тілдің пайда болуы жөнінде тіл ғылымы тарихында көптеген теориялар бар екендігі белгілі. Адамзат тілі алғаш бірден сөз түрінде пайда болғандығын зерттеушілер айтып келеді. Көбінің пікірі ойысатын жері: алғашында «қол» тілі, яғни ым-ишарат тілі пайда болып, одан талай жылдар өте келе табиғаттан шығатын әртүрлі дыбыстарға еліктеу жолымен бірден сөздің пайда болғандығы. Әрине, бұл теорияға қарсы шығатындар да бар. Мысалы, осы тақырыпқа көптен ізденіп, қалам тартып жүрген тілші ғалым Шанжархан Бекмағамбетов тілдің саналы түрде бірден пайда болғандығын айтады.

Қалай да тілдің әуелден сөз түрінде пайда болғандығы ақиқатқа жақын. Тек кейінгі замандарда тіл ғылымының пайда болуымен тілші ғалымдар сөзді дыбыстарға, дыбыстардың қосындысынан тұратын бөлшектерге (морфема, сөз) жіктеп, бөліп алып талдап келеді. Б.Сағындықұлы ұзақ жылдарғы көздің майын тауысқан зерттеулерінің арқасында алғашқы сөздердің бірден көп дыбысты болмағанын, оның тек: дауысты+дауыссыз екі дыбыстан ғана құралғанын дәлелдейді. Оны өзінің «түбіртек» теориясында нақты мысалдармен нанымды етіп береді. Яғни дауысты, дауыссыз дыбыстардың түпкі тектерін көне түркі жазба ескерткіштері, қазіргі түркі тілдері, олардың диалектілері мен говорлары негізінде анықтап ашып айқындайды. Ол түбіртектердің (архесиллабтар) о баста адамзат тіліне бәріне ортақ екенін әртүрлі тілдердің (қазақ, орыс, ағылшын) мысалдарымен салыстырып көрсетеді. Б.Сағындықұлының бұл теориясы бойынша:

-бір ғана дауысты мен бір ғана дауыссыздан тұратын, лексикалық немесе грамматикалық мағына беретін тілдік бөлшектер – архесиллабтар кез келген тілде бар құбылыс;

-адамзат баласының жабайы дәуірлерінде қолданылған сөздер, басқаша айтқанда, алғашқы базалық лексиканың сарқыншақтары бүкіл дүниежүзі тілдерінде ұшырасады;

-дүниежүзі тілдерінің ортақтастығы, сабақтастығы фонема, морфема, сөз, сөз тіркесі сипатында емес, тек архесиллаб дәрежесінде ғана көрініс табады;

-сөз құрамында бір ғана дауыссыз дыбысы айнымай сәйкесетін, мағыналық мазмұны жақын, жуық сөздер, жүйесі бөлек болса да, барлық тілдерге ортақ болып келеді;

-сөз құрамында екі немесе одан көп дауыссыз дыбысы айнымай сәйкесетін, мағыналық мазмұны жақын, жуық сөздер, сан жағынан аз болса да, жүйесі бөлек тілдерге ортақ болып келеді;

-архесиллабтардың түпкі тегі, дамуы, өзгеруі, қазіргі заманғы қалпы толық есепке алынып, бұрынғы пішін-бітімі, мән-мазмұны анықталғанда, әлем тілдеріне ортақ фактілердің саны едәуір дәрежеде артады.

Осы архесиллаб теориясын түптеп зерттеу арқылы Б.Сағындықұлы түркология іліміне біраз жаңалықтар қосты. Олардың бастылары: дауысты, дауыссыз дыбыстардың арғы, түпкі тегін анықтау; түркі тілдерінде тарихқа белгісіз аса ежелгі дәуірлерде жіңішке дауыстылар мен ұяң дауыссыздардың болмағандығы; фонема, морфема, сөз, сөйлем дәрежелес түбіртек (архесиллаб) тілдік бөлшекті анықтап, тіл ғылымы айналымына енгізуі және оларды ажыратып айқындаудың тәсілдерін көрсетуі; сөз басындағы, сөз ортасындағы, сөз соңындағы дауыссыз дыбыс сәйкестіктерінің ашылуы; ішкі флексия құбылысының түркі тілдерінде де болғандығы; түркі тілдерінде ығысу құбылысы бар екендігі және сөз ортасынан, соңынан қосылатын сына дауыссыздардың бар екендігі.

Б.Сағындықұлының қолға алған екінші бір ірі ғылыми саласы – орта ғасыр ескерткіштерінің транскрипциясын, аудармасын, түсіндірмелі, алфавитті, кері алфавитті жиілік сөздіктерін шығарып, олардың ғылыми айналымға қосылуына атсалысуы. Ескерткіштерді түпнұсқадан оқып, олардың лингвисткалық тұрғыдан дәлме-дәл аудармасын жасау, әрбір сөздің мағынасын ашып, сөздік құрастыру кез келген тілшінің қолынан келе бермейді және оған көз майын тауысып, тапжылмай еңбек ететін ерік-жігер қажет. Көне ескерткіштерді түпнұсқадан оқу сол саланы жетік меңгеруімен бірге, теориялық дайындықты, мәтін теориясы мен мәтінтанушылық біліктілікті, тағы да басқа сапаларды қажет етеді. Ғалымның бұл салада шығарған еңбектерінің қатарында: «Алтын Орда» ескерткіштерінің (XIV) тілі (1983); «Һибат-ул

19

Хақайиқ» 12 ғасыр ескерткіші (2002); «Мухаббат-наме» ескерткішінің (XIV) мәтіні (2007); «Һибат-ул Хақайиқ» нұсқаларының (XIIғ.) қолданбалы мәтіні. Ескерткіштің лингвостатистикасы. 1, 2 томдары (2018) сияқты құнды жәдігерлер бар.

Профессор Б.Сағындықұлының ғылымда маңдай терін төгіп, талмай еңбек етіп келе жатқан келесі саласы – қазақ тілінің лексикологиясы. Ол 1979 жылы ҚазМУ-ға аға оқытушы қызметіне келгеннен-ақ қазіргі қазақ тілі курсының ірі саласы – лексикология пәнінен студенттерге дәріс оқып, семинар және тәжірибе сабақтарын жүргізеді. Осы пәннен жинақтаған көп жылдық ұстаздық тәжірибесіне сүйеніп және жоғарғы оқу орындарының үш сатылы білім беру жүйесіне көшуіне орай, оқытудың жаңа құрылымдық, мазмұндық ерекшеліктеріне сәйкес, лексикологияның жаңа бағдарламасын жасады. Бағдарламаға сәйкес 2003 жылы «Қазіргі қазақ тілі. Лексикология» деген оқу құралын жазып шығады. Ол толықтырылып, өңделіп 2008 жылы екінші рет, 2018 жылы жұбайы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Б.Құлжановамен бірлікте үшінші рет баспадан шығады. Оқу құралы «сөз», «сөздік құрам» деп аталатын екі бөлімнен тұрады. Еңбекте қиын да күрделі адам логикасымен астасып жатқан сана, ұғым, тіл категорияларының байланысын аша отырып, ұғымның логикалық категориядан тілдік категорияға қалай ауысатынын ғылыми тұрғыдан негіздеп береді. Сөз мағынасы, оның ішінде, лексикалық мағына, лексика-грамматикалық мағына, тілдік мағына ұғымдары туралы ғалымның ойлары бұл тілдік құбылыстардың ара-жігін құрылымдық және мағыналық тұрғыдан ашуға негізделуімен айрықшаланады. Бұрын-соңды оқулықтарда қозғала қоймаған парадигмалық және синтагмалық мағына мәселесіне тоқталу ғалым еңбегінің басқаларға ұқсамайтын өзгеше бағытын көрсетеді.

Сырттай қарағанда лексика сөздердің жүйесіз жай жиынтығы сияқты болып көрінеді, ал шын мәнінде оның өзара байланысты қатынастардан тұратын күрделі жүйе екендігі сөзсіз. Міне, ғалымның бұл жаңа идеясын, яғни лексикалық семантика аясындағы лексикалық жүйедегі қатынастар, лексикалық мағынаның құрылымдық жүйесі, лексикалық жүйедегі мағыналардың өзара қарым-қатынасқа түсу мәселесі, жалпы алғанда, түпкі негізі тіл мен ойлаудан басталып, логика, философия, семантика, синтаксис, стилистика, когнитивті лингвистика тағы басқа ғылымдарға қатысты болып келетін лексикалық синтагматика мәселесін оның шәкірті Ғ.Хасанов докторлық диссертациясында («Қазақ тілі синтагматикасы») (2009) одан әрі тереңдетіп дамытты.

Ғалымның жемісті еңбек етіп келе жатқан келесі бағыты теология саласындағы еңбектерге байланысты қалыптасқан. Бойына қанмен сіңген, тәрбиемен келген имандылық тарихи еңбектермен танысу барысында жаңа ғылыми негіздермен байи түскен. Әсіресе, ғалымның жандүниесіне Рабғузидің «Қиссас-ул-анбийа» еңбегі көп ой салғаны байқалады. Рабғузидің аталған еңбегін оқып, өз тарапынан зерттеп, жан-тәнімен түсініп болып жазған «Ғаламның ғажайып сырлары» атты діни-танымдық кітабы – оқырмандар өте жылы қабылдаған, көпшіліктің аузында жүрген еңбек. Осы кітапта Рабғузи еңбегіндегі идеялар, діни сенім мен пікірлердің түпкі сыры жан-жақты ашылған. Тілдің тарихын жете білуі ғалымға осы бағытта да жемісті еңбек етуге көмектескені байқалады. Автордың өз сөзімен айтқанда, бұл еңбекті Аллатану ғылымының әліппесі деп атауға болады. Себебі, кітапта фәни ғаламның жаратылуынан бастап, аяқталуына дейінгі діни әңгімелер белгілі бір жүйеге түсірілген. Алла тағала жайында, Жаратылыс жайында әлмисақтан адамзат баласын толғандырып келе жатқан ірі-ірі мәселелер жөнінде біршама толық мағлұмат алуға болады.

Б.Сағындықұлының бұдан да басқа діни-танымдық мақсатта жазылған, баспасөз бетінде жарияланған көптеген мақалалары, сондай-ақ «Отбасы оқулығы» (2003) деп аталатын еңбегі бар.

Профессор Б.Сағындықұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінде ұзақ жылдар бойы «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы», «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» сияқты іргелі курстардан дәріс оқиды. Магистратура бөлімінде «Түбіртек теориясы» арнаулы курсын жүргізеді. Ғалым-ұстаздың бұдан басқа да студенттердің ынтасын тудыратын түркология мен тіл теориясына арналған бірнеше арнаулы курстары бар.

2005 жылы Қызылорда облысы Қармақшы аудандық мәслихаты сессиясының шешімімен «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. 2007 жылы Қызылорда облысына – 70 жыл» медалімен, 2009 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми кеңесінің шешімімен «ҚазҰУ-ға – 75 жыл» құрмет белгісімен, 2011 жылы ҚР Білім мен ғылым министрлігінің Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі елеулі еңбегі үшін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. 2011 жылы ҚР БжҒМ Инновациялық Еуразия унтверситетінің құрметті профессоры академиялық атағы берілді. 2014 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми

20

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]